Бір кісінің кітабы жарық көрсе, міндетті түрде алғысөзін әкімдер «жазады»

Бір кісінің кітабы жарық көрсе, міндетті түрде алғысөзін  әкімдер «жазады»

Құлбек ЕРГӨБЕК, Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің вице-президенті, филология ғылымдарының докторы, профессор:

– Құлбек аға, қазақтың бүкіл зиялысы шоғырланған Алматыны тастап Түркістанға кетуіңізге не себеп? Осы ісіңізге кейде өкініп қалып жүрмейсіз бе?
– Өкінбейтін секілдімін. Алматы маған берер рухани уызын  беріп болды. Алматыға менің не берерім маған байланысты. Жалпы, қазақ оқырманына  тың сөз айта алсам, Алматының менен алары да сол болар. Зиялылардың оңтүстік астанада шоғырланғаны рас. Бірақ Алматы зиялыларының басына іс түссе, ынтымақтасып, өзара бірлесіп, бір-біріне болысарлық, елдік кейбір мәселелерді ортаға салып талдап, талқылап, билікке ықпал етіп, оң шешерлік күш-қуаты жоқ, олар өз ойын өзі сауған жай шоғыр деп ойлаймын. Олардан  халыққа да, халықтың бір перзенті – маған да  не пайда?
– Қазіргі әдебиетте жауыр болған сұрақтардың бірі – бүгінгі өмірді, бүгінгі тақырыпты қаузайтын жазушы жоқ дегенге саяды. Әдебиет саласының маманы ретінде айтыңызшы, шынымен де бүгінгі өмірді жазатын жазушы жоқ па, әлде соны ізденіп, жарытып оқитын оқырман табылмай отыр ма? Мүмкін қаламгерлер жазған шығармаларын жарыққа шығара алмай отырған шығар? Бұған не дейсіз?
– Бүгінгі заманды жазатын жазушы бар. Бірен-саран. Олардың өзі кешегі кеңестік кезеңнің құлдық санасынан арылып болмаған жандар. Сондықтан да олардың дауысы жалпы жамиғат естірлік деңгейде шықпайды. Арқа қысынан аяздап сырт ауып  кеткен арқарымыз Мұхтар Мағауин бүгінгі күннің тақырыбын жаза алып жүр. Жәлел Кеттебеков есімді әдебиетке адал азамат бар еді. Гогольдік стильде жазатын. Замана шындығын сол азамат айта алатын еді. Жақында көз жұмды. Оның жазғандарын оқыған пенде болмады-ау. Әйтпесе билік шамырқанып, бұхара халық риза болысса керек еді.
Бүгінгі жазушы оқырманы жоқ – пақыр жазушы. Бұрын жазушы әлдебір шығарма жазса – оны  Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің  бірінші хатшысы
Д.А. Қонаевтан бастап оқитын. Реакциясын білдіретін. Ж.Молдағалиевтің «Хатшыға хат» өлеңі кезінде Д.А.Қонаевтың шымбайына қатты батқан. Оны көнекөздер біледі. Бүгін біріншіден, биліктің шымбайына батырып жазатын қазақ жазушысы қалмады. Жаза қалған күнде билік оқымайды. Оқымаған соң оған реакция жасамайды. Оқымаған соң айтқаның адыра, жазғаның жерде қалады. Бүгінгі күні оқырман деп сөйлеуге ауыз бармайды. Өйткені кітап оқитын адам қалмай барады. Демек, оқырманы жоқ заманда өмір сүріп отырмыз. Бүгінгі студенттің  өзінің «студенттік кітапханасы» жоқ. Бүгінгі ұстаздардың «жеке кітапханасы» жоқ. Сонда не болды? Кейде «қоғамды қараңғылық тұмшалап келе жатқан жоқ па» деп қорқамын. Қазақ қоғамы үшін қорқамын.
– Бүгінгі таңда кітап оқитын жастар жоқ. Есесіне, көк жәшікке телміріп, интернетті пайдаланатын жастар көбейді. Бір жағынан, жаңа қоғамға бейімделуге ұмтылып отырған жастардың бұл әрекеті дұрыс та шығар... Осы ретте «әдеби кітаптардан мынаны оқы, ананы оқы, мына кітапта мынадай қызықты дүниелер бар» деп жастарға бағыт-бағдар беретін, жақсы жазушыларды жарнамалайтын әдеби менеджерлер орталығын құру керек шығар. Бұған қалай қарайсыз? Оның үстіне екінің бірі жазушы болып кеткен сияқты...
– Иә, бүгін оқырман жоқ. Жағдай солай! Бұл – қоғамдық дағдарыс. Өйткені «Адам – қоғамның басты байлығы». Ол сауатсыз болса, қоғам дағдармағанда не болады? Осыған бір мысал келтірейін. Атақты өнерпазымыз Асанәлі Әшімов Алматы айналасындағы бір мектепке кездесуге барыпты. Оқушылар жапа-тармағай қол шапалақтап қарсы алады. Бар назар – өзінде. Бірге ерте келген әріптесі, өнертанушы Әшірбек Сығай бұл құрметтен шет қалады. Ойынпаз Асекеңнің есіне бір «трюк» түссе керек. Оқушылармен диалогқа барады.
– Балалар, сабақ қалай?
– Жақсы. Өте жақсы.
– Әдеби шығарма оқисыңдар ма?
– Оқимыз.
– М.Әуезовтің шығармаларын оқисыңдар ма?
– Оқимыз.
– «Абай жолын» оқыдыңдар ма?
– Оқыдық.
– Қайдан оқыдыңдар?
– Оқулықтан.
– Ол кісінің өзімен кездескілерің келмей ме?
– Кездескіміз келеді.
– Ендеше мен сендерге Мұхтар Әуезовті ертіп келіп тұрмын.
– Қайда ол кісі?
– Әне. Асекең Әшірбек Сығайды нұсқайды.
Оқушы балалар қолдарындағы дәптерлерін алып, қолтаңба алу үшін Әшірбек Сығайға қарай қозғалады...
Жылайсың ба? Күлесің бе? Бүгінгі оқушының жағдайы осындай болғанда, оқырман қайдан болсын?! Оқушы  оқырманды қалыптастыратын жас өркен емес пе? Демек, бүгін оқырман жоқ. Ертең де қазақ қоғамында оқырман болмайды деген сөз.
Есесіне қазір екінің бірі – жазушы. Сол екінің біріне облыс, аудан, қала әкімдері кіреді. Олар басқаратын аудан, аумақта бір кісінің кітабы жарық көрсе, міндетті түрде алғысөзін әлгі әкімдер «жазады». «Жазады» деген сөзді тырнақшаға әдейі алып отырмын. Өзге кісі жазып береді. Бұл (әкім) табақтай суретін бірінші бетіне жапсырып, авторын соңғы бетке қуып, ысырып тастайды, алғысөзге қол қояды. Біреу жазып берген «Алғысөзде» не бәтуа болсын? Әкім тапсырмасынан құтылудың амалымен жазылған «Алғысөз» әлдебір кітаптан ұрланған, әйтпесе талғамнан жұрдай бәлдір-батпақ болып шығады. Дәлел керек болса, «Шежірелі Отырар» энциклопедиясына, ақын Қаныбек Сарыбаевтың жыр жинағына жазылған әкімдердің «Алғысөздерін» оқыңыз. Ұяттан екі бетің өртене жаздайды. Жазу мәдениетінен бейхабар. Бұл не? Бұл – атақ шығару. Осындай жағдайда «оқырман жоқ» деп аузымызды қу шөппен сүртуге, «оқырман кітап оқымайды» деп налуға да болмайтын секілді.
– Сіз Қазақстанның деңгейінде ғана емес, бүкіл түркі дүниесінде кесек-кесек ой айтатын тұлғасыз. Қазіргі түркі дүниесінің әдебиеті, мәдениеті жөнінде не айтасыз? Осы біздің бір тамырдан тараған түркі халықтарымен әдеби байланысымыз қай деңгейде, үзіліп кеткен жоқ па?
– Келісіп алайық, «түркі» емес, «түрік» деп сөйлеген дұрыс. «Түркі» бізді кемсітіп айтылған сөз. Оның үстіне шын түрік – қазақ!
Түрік дүниесінің руханиятын ортақ бақылап отыратыным рас. Бұл Бейсенбай Кенжебайұлы бауырында өскендіктің  ықпалы болар.
Түрік дүниесінде әдебиет пен өнер, идеология қалыптастыратын қызметінен айырылып қалғалы қай заман? Руханият құлдырау үстінде. Шын жақсы кітаптың  оқырманын тауып, бизнес қатарлы пайда беру – алпыс миллионнан астам халқы бар Түркиеде ғана бар. Батыстың үрдісіне енген. Түрік халықтарынан тұңғыш Нобель сыйлығын қанжығаға бөктерген де Түркие жазушысы – Орхон Памук.
Түрік халықтарымен рухани байланысымыз әлсіз. «ТҮРІКСОЙ» ЮНЕСКО міндетін атқара алмай отыр. Түрік халықтарының көбі оған немқұрайды қарайды.
Әр жер-әр жерден «Түркологиялық орталықтар» ұйымдастырылған. Соның бірі – Түркістанда. Түркістандағы Қ.А.Яссауи атындағы (атындағы деген сөзіміздің өзі орысша ырғақ. Дұрысы Қ.А.Яссауидің университеті  болуы керек. Қ.Е.) Халықаралық қазақ-түрік университетінде 32 түрік ұлт-ұлыстарының балалары оқиды. Келешек үміт көзі – осыларда! Университет жанында «Түркологиялық институт» жұмыс істейді. Түркологиялық конгресс Түркістанда екі жылда бір рет өткізіліп келеді. Оған көптеген шетелдерден түрколог ғалымдар келіп пікір жарыстырады. Алайда осының бәрі де әлі түрік халықтарының өзара қойындаса ықпалдасып, мидай араласып кетуіне ықпал ете алмай отыр. Қазіргі таңдағы түрік халықтарының өзара ықпалы, байланысы, тілектестігі ХХ ғасыр басындағы деңгейге әлі жете алмай отыр. Екі сәтке назар аударыңыз: ХХ ғасыр басында Түркістанға Түркиеден түрікшілдіктің атасы – Зия Гөкалып келген. ХХ ғасыр басында – орыс-түрік соғысы кезінде түркістандық Садық Өтегенов оңтүстік өңірінен алтын сынықтарын (құймаларын) жинап, Мұстафа Шоқайға бастатып, Санкт Петербургке барып Түркиенің Ресейдегі елшісіне әлгі елден жиналған алтын құймаларын бауырлас елге жәрдем ретінде тапсырған. Таңғаларлық бауырмалдық  емес пе?! Міне, түрік халықтарының бір-біріне деген бауырмалдығы!
– Сіз Түркістанда тұрып жатырсыз. Мағжан ақынның: «Түркістанда тумақ түгілі, аяқ басудың өзі үлкен бақыт» деген өлең жолдары бар. Осы ретте қасиетті Түркістанның түлеуіне сіз қандай үлес қосып отырсыз? Сізді бүкіл түркі әлемінің кітапханасы мен ұстазыңыз Бейсенбай Кенжебаевтың мұражайын ашты деп естідік. Осы турасындағы әңгімені тарқата айтсаңыз...
– Бұл сұрағың жоғарыдағы сұрақтың жалғасы дерлік екен. Иә, Түркістанда қазақ түріктануы басында тұрған, уақытында сол үшін көрмеген зәбір-жапасы қалмаған «Бейсембай Кенжебайұлының түріктану музейін» ашуға мұрындық болғаным рас. Ол үш-төрт жыл дайындық кезеңінен өтіп, биыл (2009 ж.) 18 мамыр – Халықаралық музей (мұражай емес. Қ.Е.) күніне ашылды. Халықаралық ІІІ Түркологиялық конгреске әлемнің әр шалғайынан келген оқымыстылар музейдің ашылу салтанатын рәсімдеді. Сіздерге бір қызық айтайын:  әлемнің ешбір елінде мұндай түріктану музейі жоқ екен: түрлі шетелден келген түріктанушылар (түркологтар) қатты қызықты.
Олар ашылу салтанатына қатысқан, мейлінше қызыққан екінші бір Түркістан атына жарасқан мәдени мекеме – «Түрік халықтары кітапханасы». Кітапхананың құрылымы да қызық. 
Аталған музей мен кітапхана Елбасымыздың Түркістанда Түрік халықтарына ортақ етіп  ашпақ Академиясына алдын ала жасалып жатқан алғышарт – база деп ойлаймын.
– Газетіміздің өткен сандарында «Жәдігер қала жезөкшелер үйіне айналды» деген тақырыпта сыни мақала шықты. Онда киелі жерде жезөкшелер үйлерінің қаптап кеткендігі жөнінде айтылған. Түркістанның жанашыр азаматы ретінде айтыңызшы, қасиетті мекенде қасиетсіздіктердің көбейіп кеткендігі неден?
– «Түркістанда жезөкшелер көбейіп кетті» дегенді естігенде жағамды ұстадым. «Айналамнан аулақ» деп екі жағама кезек-кезек түкіргіштедім... Бірақ көзіммен көргенім жоқ, зерттегенім жоқ. Жалпы, бұл  – қоғамдық кесел. С.Шарипов есімді ұлты татар, өзі қазақ жазушысы болған. ХХ ғасырдың  жиырмасыншы жылдары Иранда Сауда Палатасы бойынша Кеңес өкіметінің  өкілі болып барып, біраз жыл сонда тұрған. Сол кісінің «Рузи-Иран» повесі мен публицистикалық шығармаларын оқысаңыз, ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарында Иранда да тәнін сатушылық, жезөкшелік етек алған екен. Иран да иман ұялаған мұсылман елі. Олар да шықты ғой тығырықтан. Түркістан да тиылар жезөкшеліктен... Әшкерелеп жазып тұрған орынды. Өз кемшілігімізді өзіміз көрмесек, көрмегенсісек, не болғаны? Онда кемшіліктен қалай арыламыз? Баспасөзде айтып келемін: Түркістан білім беру саласында да сыбайластық, жемқорлық етек алып кеткен. Оны өзің де жаздың емес пе?
– Бүкіл әлем жазушыларының, олардың қандай мықты шығармалары барын елімізде сізден жақсы білетін жазушы жоқ десек, өтірік емес. Осы ретте айтыңызшы, бүгінгі оқырман шетел әдебиетінен болсын немесе қазақ жазушыларынан болсын, қазір кімді оқуы керек? Қайсысының шығармасы оқ бойы озық тұр деп айта аласыз?
– Бүгінгі таңда жапон әдебиеті қоғам, адам тазалығын жырлаудан, испан әдебиеті  философиялық ой айтудан, неміс әдебиеті адам, қоғамды қосып талдаудан алда тұр деп ойлаймын. Қазақта да шын жазушылар бар. Өз басым жақында  Ә.Нұрпейісов, М.Мағауин, Ә.Кекілбайұлы, Д.Исабеков, Т.Әбдіков, С.Елубаев, А.Смайыл, Ж.Кеттебеков (марқұм), Ж. Әлмешұлы прозасын, Е.Раушанов, Ұ.Есдәулетов, Б.Серікбаев Қошым-Ноғай, Жәркен Бөдешов, Маралтай поэзиясын қайталап оқып шықтым.
– Соңғы сұрақ. Қазір немен айналысып жүрсіз, не жазып жүрсіз?
– Қарағым, мен қапияда Сәбит есімді сүйкімді ұлымнан айырылып қайғыдан қан жұтып, көп уақытымды   жоғалтып алып, өзім де жоғалып кете жаздап жүрген адаммын. Мұң, қайғы, депрессия... Дегенмен Түркістанда «Б.Кенжебайұлының түріктану музейі» мен «Түрік халықтары кітапханасын» ашуға мұрындық болғаныма тәуба деймін. Түсінген азаматтарға  рахмет айтамын. Б.Кенжебайұлының бес томдық, Ә.Тәжібайұлының үш томдық шығармалар жинағын дайындау үстіндемін. С.Мұқанов лабораториясы туралы «Жазушы шеберханасы» аталатын зерттеу аяқтағанмын. Бастапқы жоспарлануы бойынша енді «Ғалым шеберханасы» (Б.Кенжебайұлы лабораториясы), «Ақын шеберханасы» (Ә.Тәжібайұлы лабораториясы) секілді  лабораториялық зерттеу еңбектерімді аяқтауым керек. Сонда әуелгі жоспарлағандай үштік зерттеу туады. Ақын. Ғалым. Жазушы. Үш тұлға! Үшеуінің шығармашылық лабораториясын ашу арқылы, кеңестік кезеңдегі қазақ әдебиетінің бары мен жоғын, жетістігі мен кемшілігін, адасуы мен халқымен қайта табысуын... бәрі-бәрін ашамын, айтамын ғой деген ойдамын. Иә, сәт!
– Тәңірім деніңізге саулық, көңіліңізге медет берсін. Іске сәт, аға!

Алашқа айтар Датым...
«Айқын» газеті бетінде Әріпхан Садықов есімді азаматтың «Білім мен ғылымды басқаруды түбірімен өзгерту керек» деген сұхбаты шықты. Расында, білім ұлттық табиғаттан айнып кетті, ғылым ұлттық топыраққа дендеп  еніп келе жатып, топырақ  қапты ғой деп ойлаймын. Қазақ халқы үшін керегі Білім, Білім, Білім... Білім жүйесінің өзін білімсіздер басқаратын халге жетіппіз. Саланың мамандарының айтуына қарағанда, қазір білім жүйесін спортшылар билейтін көрінеді. Былтыр Тамыз конференциясында тап осы мәселе келеңсіз көрініс (тенденция) ретінде бірнеше өңірде аталды. Бұл не деген сөз? Бұл – Қазақстанның Білім саласы  рухани жетелілердің қолынан сусып, қаракүш иелері – «рэкетерлердің» қолына көшіп барады деген сөз... Онымен айналысуға тиісті білім бөлімі көп ауданда әкімнің пара жинаушысы ғана... Мектептегі, жоғары мектептегі білімді жөндемей, парақор министрлер тасқыны толастамайды. Бірі ұсталса, орнына соның жолын ұстанған екінші бір парақор келеді. Бұдан білім қалай дамысын?

Eкінші Датым...
Ана тілін білмейтін, Парламентте тілін шайнап тұратын жаңа буын жас шенеуніктер билік басына өрмелеп келеді. (Ә.Кекілбайұлы сондай  бұралқы жас қазаққа жақсы жекіді). Бұл – қатер. Ана тілін арындай қадірлеген ұлымыздың бірі Ғабит Мүсірепов: «Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен  де, болашағынан да қол үзеді», – дегені бар. Өз ана тілін білмейтіндіктен, бәрінен қол үзгенімен, биліктен қол үзбеген, мансапқа өлермендікпен ұмтылатын жас шенеуніктерден қорқамын. Олар не «мәңгүрт» не «көзқаман» болуы мүмкін. Онда құрыдық. Жапонияда мейлі қандай мамандық иесі болсын, жапон филологиясы мамандығын (екінші мамандық ретінде болса да) игермеген адамды жоғары қызметке тағайындамайды екен. Жапон филологиясы дегеніміз – жапон тілі мен әдебиеті. Жапон тілі мен әдебиеті – жапон халқының ары мен жаны. Жапон халқының жанына кіріп жұмыс істейтін, жапон жанын терең түсінетін адам ғана жапондықтардың арына айналатынын пайымдау. Бізде алдымен қазақ тілін білмейтін азамат өседі. Бізде атасы жемқорлықпен аты шыққан (кейбірі сотты болған, баспасөзге масқараланып жазылған) адамның балалары  фольклордағыдай мемлекеттік қызметте өте жедел өседі. Елбасы айналасына солардың ғарыштық жылдамдықпен қалай жетіп қалатынын көріп елім үшін, жерім үшін уайым жеймін...

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста