Гүлнас АХМЕТОВА, Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық кадрлары біліктілігін арттыратын республикалық институттың директоры, педагогика ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
–Мемлекет басшысы Қазақстанды әлемдік деңгейдегі білім орталығына айналдыру туралы биік мақсат қойды. Осының негізінде білім берудің 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Аталмыш бағдарлама еліміздегі білім беруді дамытудың берік іргетасын қалайды деп толық айта аласыз ба?
–Қазақ елінің Тәуелсіздік алғанына өткен жылы ғана 20 жыл толды. Бұл – бір қарағанда тым азғантай мерзім. Алайда осы уақыт орайында Қазақстан аяғынан қаз тұрып қана қоймай, әлемдік өркениетте орны бар әлеуетті мемлекет ретінде қалыптасты. Қысқа мерзім ішінде мемлекет негізін қалаушы Елбасымыздың көрегенді басшылығының арқасында қазіргі заманғы бәсекеге қабілетті, ауқымды саяси, экономикалық және әлеуметтік реформаларды сәтті жүзеге асырған, өзіндік қазақстандық даму жолын таңдаған қуатты мемлекеттердің біріне айналып отыр.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының білім беру саласы да өркениетті әлемнен өзіне лайық орын алу үшін адамзат тәжірибесіндегі озық үлгі, тиімді үрдістерді өз білім беру жүйесіне енгізе отырып, дамудың жаңа сатыларына көтеріліп келеді.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты биылғы Жолдауында: «Білім беру жүйесін жаңғырту барысында біз үшін келесі іс-шараларды жүзеге асырудың маңызы зор. Біріншіден, оқыту үдерісіне қазіргі заманғы әдістемелер мен технологияларды енгізу. Бүгінде халықаралық стандарттар негізінде Назарбаев университеті мен Зияткерлік мектептер табысты жұмыс істеуде. Кәсіптік-техникалық білім берудің озық мекемелерінің желісі дамып келеді. Олардың тәжірибесін бүкіл қазақстандық білім беру жүйесіне таратып, барлық білім беру мекемелерін солардың деңгейіне тарту қажет. Екіншіден, педагогтер құрамының сапасын арттырудың маңызы зор,» – деп атап көрсетіп, Қазақстанды әлемдік деңгейдегі білім орталығына айналдыру туралы биік мақсат қойып отыр.
Осыған орай Қазақстан Республикасында Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында көрсетілген міндеттер мен талаптарды насихаттау, іске асыру және білім беру жүйесінде педагогикалық қызметкерлердің кәсіби құзырлылығын арттыру бүгінгі күннің басты талабы болып отыр. Бағдарламаның басты міндеттерінің бірі – 12 жылдық білім беру моделіне көшудегі қазақстандық білім беруді реформалаудың стратегиялық мақсаттарын айқындайды: білім берудің ойлы, шығармашыл тұлғаны қалыптастыруға бағдарланған жаңа ұлттық үлгісін дамытуға, «баршаға білім беру» үлгісінен әрбір адамға «өмір бойында білім беру» үлгісіне өтуге мүмкіндік береді және әлемдік білім беру кеңістігіне жедел енуді қамтамасыз етеді. Бұл бағдарламада сапалы білімнің қолжетімділігімен бірге, адами капиталды дамытуға ерекше ден қойылуы балаға, адамға деген көзқарастың түбегейлі өзгергенін көрсетіп отыр. Бұл құжат білім беру жүйесінің барлық жақтарын толық қамтиды. Сондықтан осы бағдарлама білім беруді дамытудың іргетасын берік қалайды деп толық сенемін.
–Соңғы қабылданған Білім беру бағдарламасында педагогтерге қойылатын талаптарды күшейту шаралары қарастырылған. 2015 жылдан бастап педагогикалық мамандықтар бойынша жоғарғы оқу орындарына түсу кезінде талапкердің педагогикалық қызметке икемділігін анықтауға арналған шығармашылық емтихан енгізілмек. Егер шығармашылық емтихан тек педагогикалық мамандықтарға енгізілсе, онда педагогикалық мамандыққа келетін талапкерлер саны күрт азайып кетпей ме?
2005-2010 жылғы бағдарлама негізінде білім саласына аз қаражат бөлінді деп айта алмаймыз. Бірақ соған қарамастан, білім сапасының артып кеткендігі байқалмайды. Мұның бірден-бір дәлелі – 2009 жылғы PISA халықаралық зерттеулерінің нәтижесі. Қазақстан оқушылары халықаралық зерттеулерге қатынасқан 65 елдің ішінде математикалық сауаттылығы бойынша 53-інші, оқу сауаттылығы бойынша 58-інші орындарға ие болған. Сондықтан да білім сапасын арттырудың кепілін тек қаражаттан ғана емес, мұғалімнің рухани жан дүниесінен іздеу де керек болар деп ойлаймын. Ұлы Абайдың отыз сегізінші сөзінде «надандық – білім-ғылымның жоқтығы, еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны, залымдық – адам баласының дұшпаны» деп, адамның рухани азуының үш факторын атап өтеді. Жасөспірімдерді осындай жақтардан аулақ болуға тәрбиелейтін болашақ ұстаздарымыздың бойында рухани байлық қалыптастыру – педагогикалық мамандар дайындайтын оқу орындарының басты міндеті. Сондықтан да талапкердің адам тәрбиелеудегі болмысын анықтауға арналған шығармашылық емтиханның енгізілуін өте орынды деп санаймын. Қазақстан республикасы Білім және ғылым министрлігінің осы мәселе төңірегінде жүргізіп жатқан ауқымды жұмысын толық қолдаймын.
Педагогикалық мамандыққа келетін талапкерлер саны күрт азайып кетеді деген күдікті сейілту үшін әлем оқып-түйген Сингапур, Қытай елдерінің жүйесіне назар аударайық. Бұл елдердегі білім құндылығын жоғары бағалай білу мәдениеті мен мұғалімге деген дәстүрлі конфуциялық сый-құрмет білім сапасының, адам сапасының табыстылығын айқындап отыр. Сондықтан да ұстаз мамандығына таңдау барысында қойылатын талапты әркімнің қолы жете бермейтін жағдайға жеткізіп, күшейтетін және соған сәйкес табысы жоғарылайтын болса, біздің күдіктеріміз сейілетін болады. Англия мұғалімдікке мықты кандидаттарды тарту барысында бизнес саласындағы маркентингтік және рекрутингтік тәсілдерін ендіру арқылы мұғалім мамандығының мәртебесін арттырып отыр. Сингапур мен Финляндияда мұғалімді, қазақша айтқанда, шекесінен шертіп отырып таңдап алады, оларда таңдау процедуралары жолға қойылған. Соған сәйкес, халықаралық зерттеулер бойынша бұл елдегі білім сапасы соңғы он жылда алдыңғы қатардан түспей келеді.
–Бүгінге дейін сіздердің институттарыңызда неше мұғалім дайындық курсынан өтіп, сертификат алды? Жалпы, мұғалімдер сіздерде дайындық курсынан өтуі үшін не істеу керек? Осы жайлы толығырақ айтып беріңізші. Егер емтиханнан нашар баға алса, сертификат ала алмай қалып, әуреге түспей ме?
–Тәуелсіздігіміздің 20 жылында Республикалық біліктілік арттыру институтында мыңдаған педагогтер курстардан өткен. «Білім туралы» Заңға сәйкес, бес жылда бір рет курстан өту міндетті деген талаптарға сай, олардың біразы біліктілігін арттыруға бірнеше реттен келген. Біздің курстардан білім беру ұйымдарының басшы кадрлары, колледж, мектеп директорлары, олардың орынбасарлары, методикалық кабинеттердің методистері өтеді. Ал облыстық, Астана және Алматы қалаларының Біліктілік арттыру институттарында пәндік мұғалімдер дәріс алады. Республикадағы барлық біліктілік арттыру институттарының курстарының ұзақтығы екі апталық, яғни 72 сағаттық бағдарламамен болған. Курс соңында барлық мұғалімдерге сертификат берілген. Бірақ көптеген ұстаздар осы курстардың қысқалығын, яғни екі жұмада толық және сапалы біліктілік арттыру болмайтындығын үнемі айтып және хат арқылы министрлікке, біздің институтқа көптеген сұраулар жіберген.
Осыған байланысты биылғы жылдан бастап, екі апталық курстан басқа, үш айлық курстарды ұйымдастыруды жоспарланып отыр. Бұл – жалпы біліктілік арттыру жүйесінде министрліктің басшылығымен жүргізіліп жатқан өзгерістің бір жолы.
Елбасының биылғы Жолдауында белгіленген оқыту үдерісіне қазіргі заманғы әдістемелер мен технологияларды енгізу міндеттерін жүзеге асыруда біздің институттың 30 оқытушысы Назарбаев зияткерлік мектебі жанындағы педагогикалық шеберлік орталығында ұлыбританиялық Кембридж университетінің мамандарынан білім алуда. Республикамыздағы ұстаздардың біліктілік арттыру жүйесінің жұмысының сапасын көтеріп, жаңғырту мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің осы жылдың ақпанындағы № 232 қаулысы бойынша «Өрлеу» біліктілік арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы құрылады. Оған барлық облыстардағы, Астана және Алматы қалаларының біліктілік арттыру институттары енеді. «Өрлеу» біліктілік арттыру ұлттық орталығында 2012-2016 жылдар арасында бағдарламаға сәйкес, 83 мыңнан астам мұғалімдер 2-мен 3-деңгейден өту жоспарланып отыр. Бұл курстардың басты мақсаты – мұғалімді заманауи әдістемелер мен технологиялармен жаңаша жұмыс жасауға бейімдеу.
Аталмыш курстардың тағы бір ерекшелігі, тыңдаушы тек сабақты тыңдап, қатысып қана қоймады, белсенділік таныта отырып, практикалық жұмысты мектепте өтіп, барлық тапсырмаларды орындап, нормативтік-үлгілік қалыптан шыға білуі қажет. Яғни өз-өзіне деген сенімі, ойлау мүміндіктері жеткілікті болса, «сертификат ала алмай қаламын» деген сенімсіздіктің ауылы алыстай түседі дегім келеді.
–Ал мұғалімдердің үш айлық курстан өту жағы қалай ұйымдастырылады?
–Үстіміздегі жылдың сәуір айынын бастап үш айлық курстарды ұйымдастыру үш деңгейде жүргізіледі. Жоғары санатты (категориялы) мұғалімдер – Назарбаев зияткерлік мектебінен, 1 және 2- санатты (категориялы) ұстаздар – Ұлттық біліктілік арттыру орталығынан, 2-санатты (категориялы) ұстаздар Ұлттық біліктілік арттыру орталығының әр облыстардағы, Астана және Алматы қалаларындағы филиалдарында өтеді. Министрліктің мәліметі бойынша ең көп санды оқытушылар – 2-санатты. Сондықтан олар көбінесе жергілікті аймақтарда өтеді. Үш айлық курстың біздің алдымызға қойып отырған аса зор міндеті – ұстаздардың шеберлік деңгейі мен белсенділік, табыстылық нәтижелерін шыңдап, мектептегі оқу-тәрбие жұмысын жоғары деңгейге көтеру .
–Бағдарламада педагогтердің беделін көтеру үшін мұғалімдер БАҚ құралдарына шығуы тиіс делінген. Осы артық іс емес пе? Себебі мұғалімдер газетке шығуға міндетті болғаннан кейін ертеңгі күні олар редакция жағалап кетпей ме? Қазірдің өзінде кейбір мұғалімдер «мені газетке шығар, менің атымнан газетке материал жазшы» деп өтініштер айтатын болып жүр. Бұған не дейсіз?
–Біріншіден, педагогтердің беделін көтеру үшін бұқаралық ақпарат құралдарына шығуы тиіс деген міндет бағдарламада көрсетілмеген. Бағдарламада бұқаралық ақпарат құралдарымен мұғалімдердің имиджін көтеретін ортақ жобалар ұйымдастырудың қажеттігі жөнінде сөз қозғалған. Расында да, өз ісіне берілген, шебер ұстаздар жөнінде, олардың еңбегін елге таратып, неге бұқаралық ақпаратқа жазбасқа? Ұстаз мамандығының қиындықтары мен жақсылықтарын неге ашып көрсетпейміз? Қазіргі уақытта көптеген жастар банкир, юрист, экономист болғысы келеді. Бұл жай емес, себебі олар туралы ақпарат бетінде көп жазылып, әртүрлі жақсы мәліметтер жиі таратылып тұрады. Сондықтан ұстаз мамандығының мәртебесін көтерудің бір жолы сіздерге, яғни бұқаралық ақпарат қызметкерлеріне байланысты. Республикамызда мақтан ететін, жан-тәнімен еңбек етіп, Отанымыздың өркендеуіне зор үлесін қосқан ұстаздар аз емес.
Бірақ «бес саусақ бірдей еместігі» секілді, 300 мыңға жуық ұстаздардың ішінен өзінің кәсіби әрекеті емес, танысы арқылы мүмкіндікті пайдалана отырып көрініп қалайын дейтін ұстаздар да бар шығар. Оған тыйым салыну керек. Мысалы, біздің институттың «Білім берудегі менеджмент» журналынында мұндай өрескелдіктерге жол берілмейді, себебі тек ғылыми зерттеушілік, ізденіс жолындағы ұстаздар туралы мақалалар жазылады. Бізге келіп түсетін мақалалар бірнеше сатыдағы талдаулардан өтіп барып қабылданады.
–Сіз бір сұхбатыңызда: «Биыл Астана мен Алматы және Қарағанды облыстарынан бастап, жалпы 12 облыста 8 мың маман электронды оқыту жүйесі бойынша біліктілігін арттырады», – депсіз. Кейбір мамандар мектептерде компьютерлер ескі, интернетпен жұмыс істеу қиын деп жатады. Осындай жағдайда электронды жүйемен мұғалімдердің біліктілігін арттыру қиындық туғызбай ма?
–Өзіңіз айтпақшы, кейбір мамандардың пікірі дұрыс. Бұндай жағдай, әрине, біраз қиындықтар туғызады. Қазақстан мектептері бірте-бірте электрондық оқытуды дамытуға көшуде. Республикамызда қазіргі уақытта электрондық оқытуды жүзеге асыратын ұстаздардың біліктілігін арттыру мәселелеріне көп көңіл бөлінуде. Ал ескі компьютерлер мен жылдамдығы төмен Интернет желісіне қосылған жағдайда педагогтердің біліктілігін арттыруға күмәнмен қарайтындарға айтатын мәселе мынадай: бүгінгі таңда республика мектептері толығымен компьютерлендіріліп, Интернет желісіне қосылған. Өткен жылы республикамызда 8 мың педагогтер e-learning курстарын өтті. Бұл жобаны республикалық біліктілік арттыру институты жүзеге асырды.
Сонымен бірге, 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама бойынша Астана, Алматы қалалары мен Қарағанды облысының 44 білім беру ұйымы электрондық оқыту жүйесіне байланысты техникалармен қамтамасыз етілсе, ал биылғы жылы 537 білім беру ұйымы қамтамасыз етілгелі отыр. Біз жоспарлаған курстарға білікті мамандар жібереміз. Бірақ барлық мектептерде техникалық және мамандар проблемалары кездеспейді деп айтуға болмайды, өмір болғаннан кейін анда-санда проблемалар да болып тұрады. Бұл мәселе министрліктің қадағалауында, сол себепті, бұл бағытта алаңдауға негіз жоқ деп ойлаймын.
– Сенатор, академик Ғарифолла Есім ағамыз мұғалімдердің беделін көтеру үшін қалалардағы педагогикалық институттардың мәртебесін көтеруді ұсынып отыр. «Арқалық, Семей, Тараз, Қостанай, Павлодар, Ақтөбе педагогикалық институттарына университет мәртебесін беру арқылы мұғалімдердің білімін жетілдіру керек», – деді. Бұған сіз қосыласыз ба?
– Иә, сенатор, академик Ғарифолла Есімнің ойына толық қосыламын. Бұл ретте бір бағыттағы педагогикалық салаға мамандандырылған жоғары оқу орындарының мүмкіндігі зор деп білемін. Ең алдыменен «университет» деген атаққа барлық жағынан сай болуы тиіс. Сондықтан, мұғалім дайындайтын жоғары оқу орындарының дәрежесін көтеру, қаражат көзін шешудің тиімді жолдарын әлі де қарастырып, іздестіріп көрген жөн деп ойлаймын.
– Өткенде Алматыдағы бір мұғалім таңертең жұмысқа кешігіп, оқу жоспарын дайындап үлгермеген соң, «мектепке бомба қойылды» деп құзырлы органдарға хабарлаған. Алайда мәлімет жалған болып шығып, мұғалімнің ісі әшкере болды. Осыған байланысты білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов: «Енді мектеп мұғалімдерінің барлығын психологиялық тестіден өткізу қажет», – деді. Бір мұғалімнің қателігі үшін бүкіл ұстаздар қауымын психологиялық тестіден өткізу қаншалықты негізді?
–Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың осы пікірі көптен бері талай адамның көкейінде айта алмай жүрген мәселесі еді. Қазіргі қоғам мүлдем өзгерді, айналадағы қауырт тірлік жер бетіндегі адамзат баласының санасына салмақ түсіріп, көп жағдайда олар көмек сұрап психолог мамандарға жүгініп жатады. Бұл жағдай барлық өркениетті елдерде бар. Бұл мәселені біздің алдымызға уақыттың өзі көлденең тартып отыр деп ойлаймын. Ұстаздар жұмысқа кірер алдында және жылына белгілі тәртіппен бір рет жаңа оқу жылында дәрігерлік сараптамадан өткен кезде дәрігер психиатор маманның қарауынан өткендері дұрыс болар еді деп ойлаймын.
Алашқа айтар датым...
– Қазір кейбір мамандар: «ЖОО-ларды бітіргендер бес жыл мамандығы бойынша жұмыс істемесе, дипломның күшін жою керек», – деп мәселе көтеріп жүр. Мен бұл пікірмен келіспеймін. Өйткені бұл өте қатты айтылған секілді. Бұндай пікірге келу үшін жас маманның не себепті өз мамандығы бойынша жұмыс істемей отырғанын жан-жақты анықтаған жөн. Ұлтымыздың санын арттырып отырған жас келіншекке, сөз жоқ, мұндай заң жүрмейді. Мысалы, бесінші курста балалы болған студенттің үш жыл демалыста болу құқы бар, «ал егер ол келесі баланы дүниеге әкеліп, демалысты ұзартатын болса, онда бұл пікір заңға қайшы келмей ме?» деген сұрақ туындайды. Оның бер жағында өз мамандығы бойынша жұмыс таппай жүргендер де болуы мүмкін. Сондықтан мұндай мәселеге әлеуметтік зерттеу қажет болатын сияқты.