Білім – әлемдік, тәрбие ұлттық болуы керек
«Алаш айнасы» газетi мен Қазақ радиосының бiрлескен жобасы
«Айтөбел» хабарының жазбаша нұсқасы
Авторы: Едiл Анықбай
Хабардың тiкелей толқындағы уақыты: 101 ҒМ, сәрсенбі күні сағат 14:05-15:00
Әбдімәлік Нысанбаев, Саясаттану және философия институтының директоры, философия ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі
– Әбдімәлік аға, қош келіпсіз! Әңгімемізді әріден тартып, астарламай-ақ бірден бастасақ... Диаспора танушы ретінде еліміздегі ассамблеяның бергені мен бермегі туралы айтыңызшы.
– Қазақ халқы бірлікті, ынтымақты жақсы көреді. Бірлік бар жерде тірлік барлығын атам қазақ бекер айтпаған. Құшағы кең, көңілі дарқан қазақ халқының төңірегіне топтасқан басқа қазақстандықтар, қазақ халқына құрметпен қарауы тиіс. Оларға да тыныштық керек. Көріп отырмыз, көршілес жатқан шетелдерде қандай жағдайлардың болып жатқанын. Араздықтан, дүмпуден, көтерілістен әлеуметтік жаманшылыққа ұшырағанын дәлелдеп жатудың қажеті жоқ. Бүгінгі таңда қазақтың татулығы, ұлттар мен ұлыстардың ынтымағы, діндердің бірлігі керек. Еліміздегі негізгі дін – ислам мен православтық христиандар. Осы екеуінің арасындағы рухани келісім ауадай қажет. Дінаралық кикілжің, соғыс, қақтығыстар жақсылыққа апармайды, апарған да емес.
Біздің елімізде жүз отыздан астам этнос бар екен. Оның кейбіреуінің саны көп емес. Мәселен, он мың. Бірақ этнос ретінде есептеледі. Олардың санының көптігі мен аздығында тұрған ештеңе жоқ. Өзгелер де, өзіміз де шешуші халық, осы жердің иесі, осы мемлекетті құраушы қазақ халқы екенін мойындауға тиіспіз. Аллаға шүкір, қазіргі кезде қазақ 65 пайызға жетіп отыр. Бұл тұрғыдан келгенде, қазақ ұлты Қазақстан қоғамында шешуші «доминант» деп есептеледі. Солай бола тұра, қазақтар «Мен осы елдің егесімін» деп, өзге ұлттарға қысымшылық жасамауының өзі қазақ халқының тектілігін көрсетеді. Қай заманда, қандай қиыншылық болмасын нанының жартысын бөліп беріп отырған қазақ соғыс кезінде, соғыстан кейін, бейбіт замандағы дағдарыстар, елең-алаң өліара шақтарда да өзінің адамгершілік, гуманистік көзқарасынан айныған емес. Келешекте де осылай болады. Өйткені бұл әдет қазақтың болмысында, қанында бар. Қазақ негізгі ұлт болғандықтан, басқа ұлттар қазақ халқының түпкі мүддесін қолдап, құрметпен қарауы қажет. Ең бастысы, қазақ Тәуелсіздіктен айрылмауы тиіс. Тәуелсіздігімізді қастерлеп, құрметтеп жиырма жылдағы жеткен жетістіктерімізді насихаттап, халыққа түсіндіруіміз керек. Этностар арасын зерттеу, реттеу бұл – бір мәселе. Бізде шетелдерден келіп жатқан миссионерлер көп. Оларға сіз, «келме» деп айта алмайсыз. Біз ашық және демократиялық қоғам қалыптастырып жатырмыз. Сондықтан да олар келеді. Бірақ олар жай келмейді. Өздерінің идеологиялық платформасымен келеді. «Заманына қарай амалы» дейді қазақ. Бір кездері босып келген этностарға қазақтар көмек қолын созған. Өйткені олар көмекке зәру еді. Ал бүгінгі келіс басқа... Оларды біз бақылауға алуымыз керек. Олардың пиғылын анықтамасақ болмайды. Олар көмек сұрап келіп жатқан жоқ. Олардың мақсаты – іштен іріту, бірлікті бұзу болса қайтпекпіз?
– 1991 жылы елімізде алғаш рет қазақ философиясы бөлімін аштыңыз. Соның нәтижесінде халқымыздың сан ғасырлық даналығын жүйелеуге бізде мүмкіндіктер туды. Одан бері де міне, жиырма жыл өткенін көзіңізбен көріп отырсыз. Еліміздегі бір үйдің баласындай ғұмыр кешкен өзге ұлт өкілдері, қазақ философиясын қаншалықты таныды?
– Біз «Совет» дәуірі кезінде оқыдық қой. Сонда бізге айтатын: «қазақта, төрт-ақ философ бар. Олар: әл-Фараби, Абай, Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уәлиханов. Болды. Басқа жоқ» дейтін. Тәуелсіздіктің арқасында біз өзіміздің қайдан шыққанымызды біліп, тарихи бастауымызға мән беріп, даналар мен ойшылдарымызды таныдық. Президентіміз ұсынған «Мәдени мұра» бағдарламасы 2004 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы бағдарлама бойынша елу томдық «қазақтың философиялық мұрасын» шығардық. Оның жиырма томы көне заманнан бастап, сақтар және бүгінгі күнгі қазақ халқының философиялық мұрасын қамтыды. Біз ашық қоғам құрып жатқан соң Шығыс пен Батыстың, Азия мен Еуропадағы ойшылдардың елімізге көмектесетін, рухани қажетіне жарайтын ілімдерін алып, төл тілімізге аударуымыз керек. Баяғы Платон, Аристотель, Кант, Гегельдің еңбектері мен ойлары қазіргі қазақ жастарының ойын дамыту үшін аса қажет. Жастардың өміріне тигізер пайдасы мол.
«Совет» дәуірінің ілімі бізді шатастырды. Тіпті адастырды да. Қазақта да талай ойшылдар, данышпан-данагөйлер бар екен. Мәселен, әл-Фараби ғылым мен философия бойынша жүз алпыс төрт трактат жазған. Бірақ біз соның көп болса, елу-алпысын ғана білеміз. Ал оның жартысынан көбі әлі игерілмей жатыр. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша бірталай қаражат бөлініп, экспедицияларға шығып, үлкен-үлкен шетелдегі Батыс пен Шығыстағы кітапханалардың кітап сақтайтын жерінде сол еңбектердің көшірмесін алып, оларды еліміздегі қазақ жастарының рухани игілігіне жарату мақсатында он томды әл-Фарабиге арнадық. Ал үшінші жиырма том әлемдік философиялық мұраға бағытталды. «Шығыс және Батыс философиясы» деп екі оқулықпен айналысып жатқан жайымыз тағы бар. Құдай қаласа, «Қазақ философиясы» шығады. Бұлардың бүгінгі ұрпақтың, студент жастардың өресін кеңейтіп, санасын қалыптастыруда маңызы зор боларына сенімім кәміл.
Қазақ философиясы – Тәуелсіздіктің рухани формасы. Тәуелсіз ел болғаннан кейін біз де өзіміздің философиямызбен, энциклопедия, ұлттық кітапханамызбен ерекшеленуіміз керек емес пе?! Қазақ философиясын мойындамайтындар бар. Алматыдағы кейбір ғалымдар, мұғалімдер «қазақта философия болған жоқ», – деген пікір білдірген. Ал мен айтар едім: кез келген ауылдағы ақсақалмен шәй ішіп отырып сөйлессеңіз, мейлі өмір туралы, мейлі өлім туралы айтсын, керемет философиялық ойларға тұнып тұр. Қазақтың философиясы – адамның өмір сүру философиясы. Бір сөзбен айтқанда, қазақ – ойшыл, философ халық.
– Егемендіктен кейін біз белгілі бір елді үлгі еттік, жолдар таңдадық. «Өркениетті елдер бүйтеді, дамыған елдер сөйткен» деген сияқты. Тарихымызды айтып таңданғанда, тамсанғанда, мәдениетті, жалпы адамзатқа қажетті құндылықтарды өзімізден тауып жатамыз. Осыларды негізге алуға мүмкіндіктер жоқ па? «Батыс философиясы», «Шығыс философиясы» деп бөлеміз. Жаһандану заманында қазақ философиясы тасада қалып, ұлттық ерекшеліктер басылып, жаншылып кетпей ме?
– Жоқ. Ондай болмайды. Бізде философиялық жоба бар. Ол – еуразиялық өзара түсіністік. Елбасымыз Н. Ә.Назарбаевтың ұсынған идеясы және ұстанған принципі. Осы ойдың іске асудағы нәтижелері де бар. Мәселен, Беларуссия, Ресей, Қазақстан арасындағы үштік Кеден одағы құрылды. Еуразиялық экономикалық біртұтас қауымдастық және бар. ХХІ ғасыр өзіңмен-өзің, жеке-дара өмір сүретін заман емес. Жаһанданудың осындай жағы бар. Мемлекеттер бірігуі тиіс. Әрине, біріккенде ұлттық стратегияға сай келіп, өзінің ұлттық мүддесін сақтау мақсатында бірігуі керек.Ұлттық құндылықтар көздің қарашығындай сақталмаса, біріккеніңізден келер пайда жоқ. Сол кезде бізді қазақ болғанымыз үшін барлық халық құрметтейді. Біз қанша жыл «орыс боламын» деп тырысып едік, одан ештеңе шықпады. Орыс бола алмадық. Болудың қажеті де жоқ. Тек, ұлттық рух, ұлттық мүдде, ұлттық мәдениет, ұлттық болмыс, ұлттық құндылықтармен ғана біз бәсекеге қабілетті елдер қатарында мәңгі қаламыз. Одан басқа жол жоқ!
– Мысалы, жапондардың «Тoyota» автокөлігін алайық. «Тoyota» десе жапон, жапон десе «Тoyota» еске түседі. «Брэнд» деп жүрміз ғой. Қазақтың «брэнді» не болуы керек?
– Қазақтың «брэнді» – мәдени мұрасы. Бізде мұнай көп. Бірақ мұнай жалғыз бізде ғана емес, барлық жерде бар. Алтын, күміс, газ, уран, т.с.с. толып жатқан бағалы дүниелерді атай беруге болады. Бұлар да қазаққа «брэнд» бола алмайды. Қазақты әлемге паш ететін тек – мәдени мұрасы. Біз көп нәрседен ажырап қалдық. Сондықтан осы мәдени мұраны игеру бізге ауадай қажет. Мәдени мұраны игеру арқылы санамызды өзгертеміз. Кеңейген сана тарихқа дұрыс қарай алады. Бодан замандардан ары өтіп, баяғы тәуелсіз болған, Ресейге қосылмай тұрғандағы хандығы, мемлекеті болған заманмен сана үйлескен жағдайда біз дамимыз, тәуелсіздігіміз мығымдана түседі. Ал бодан болған санадан аз уақытта айығып кету мүмкін емес. Құлдық психологияда қалып қояды. Оны бірден жоя алмайсыз. Пышақпен сылып тастап немесе операциялық жолмен ала салатын нәрсе емес. Адамның санасы – консервативті. Сондықтан бірте-бірте білім-ғылымды өрістету арқылы, тәрбие жұмысын жандандырып жүргізумен халықтың санасын тәрбиелеу қажет. Мен ылғи айтамын, тағы қайталағым келіп отыр: «білім – әлемдік, ал тәрбие ұлттық болуы керек». Сонда ғана біз елдігімізді, қазақылығымызды сақтаймыз. Жаңағы Жапон елін дұрыс мысал етіп отырсыз. Бірақ біз ине де шығармаймыз ғой. Бізде ондай техника да жоқ. Бірақ шығарғымыз келмегеннен емес. Ол – отар мен боданның кесірі. Кеңес өкіметі кезінде қулығына құрық бойламайтын адамдар болған-ау шамасы: «осы қазақ тәуелсіздік алған күнде де жүз жыл тәуелді болып жүре берсін» деген сияқты. Мысалы, Павлодарда трактор зауыты болғанымен, моторы Челябинскіде жасалады екен. Расында моторсыз қандай трактор жүреді. Оның бәрі саясатқа келіп тіреледі.
Қазіргі XXI ғасырда мылтықтың күшімен, найзаның ұшымен біреуді жеңу мүмкін емес. Атом бомбасы болсын-болмасын. Ендігі жерде тек ұлттық рухы мықты елдер ғана күшті өмір сүретін болады.
– Тәуелсіздікті сақтап қалу үшін қазіргі мектептегі жас балаларды ұлттық рухта тәрбиелеу керектігі белгілі. Бүгінгі мектепке көңіліңіз тола ма? Философ ретінде қандай идеология ұсынатын едіңіз?
– Өте орынды сұрақ. Мектептегі оқу процесі екі бөліктен тұрады. Бірінші –тәрбие, екінші – білім. Біз көбіне білім беру жағына мән беріп, бір шелектен екінші шелекке құятын су сияқты түсінеміз. Ол дұрыс емес. Тәрбиеге өте қатты мән беруіміз керек. Әл-Фарабидің: «дүниеде тәрбиесіз берілген білімнен қауіпті нәрсе жоқ» дегені бар. Сондықтан да білім мен тәрбиені бір процестің екі жағы деп қарау қажет. Мектепте математика, физика, биология, химия пәндері арқылы да тәрбие жұмысын жүргізуге болады. Балаларды қызықтыратын неше түрлі курстар ашу жолдарын қарастырған жөн.
– Ендігі әңгімені дін тақырыбына қарай бұрсақ. Дін мен ғылым – бірін-бірі толықтыратын егіз ұғым. «Дінсіз ғылым — ақсақ, ғылымсыз дін — соқыр» дейді. Пайғамбарымыз с.ғ.с. бір хадисінде «маһшар күні соғыста ағызылған шейіт қаны мен ғылымға жұмсалған ғалымдардың сиясы таразыға тартылған сәтте ғалымдардың сиясы басым түседі» деген екен. Бізде дін мен ғылым қаншалықты қабысқан?
– Қазіргі заманда бір әділетсіздік бар. Бір жерде қопарылыс, жарылыс, төңкеріс болып жатса, міндетті түрде «ислам» дейді. Ислам дінін теріс көрсетеді. Негізі, ислам дегеніміз – керемет дін. Ол – демократиялық дін. Бейбітшілікті қолдайтын дін. Сондықтан мынау Батыстың ойыншылары «игрок» дейді ғой, исламды саяси ойынға айналдырып, қасиетті діннің беделін түсірумен айналысып жүр. Қазір христиандар мен мұсылмандар арасындағы рухани тепе-теңдік бұзылды. Егер екеуінің арасындағы тепе-теңдік қалпына келмесе, қырғиқабақ, өзара соғыстар жалғаса бермек. Бұл мәселелерді шешетін елдер арасында келісім болуы керек. Тиімді бір сұхбат формаларын ұйымдастырған дұрыс. Ендігі жерде бізге тек бейбіт жолмен ғана жүргеніміз абзал. Революциялық емес эволюциялық жолмен дамуымыз керек. Халықтың тұтастығын сақтап, мемлекеттің ішінде тату болып, басқа этностар, әртүрлі диаспоралар, діндер, мәдениеттерді ұйыстыруға тиіспіз. Ол оңай емес. Мысалы, өзіңіз білесіз қазіргі кезде төрт-бес адамнан тұратын отбасы быт-шыт болып жатыр. Әйелі күйеуімен төбелесіп, бала-шағасын өлтіріп, үйге, дүниеге таласып әлектенуде. Дүние де керек шығар, дегенмен менің ойымша, XXI ғасырда шексіз байлық – рухани байлық. Рухани бай адам ол елін, халқын, жұртын сатпайды. Ешқандай байлыққа қызықпайды да. Рухани жұтаған адамдар халықты бүлдіретіндер. Ондайлар қазіргі таңда біздің қоғамда өкініше қарай, азайып емес, көбейіп жатыр. Міне, осының алдын алуымыз керек.
Жасыратыны жоқ, біздің елде қалыс қалған мәселе ол – дін жағы. Кеңес дәуірі кезінде «дін — апиын» деп бәрімізді діннен алшақтатып жіберді. Қазақ халқының ұлт ретінде қалыптасуына ислам дінінің рөлі кезінде өте зор болды. Сондықтан біз өзіміздің исламды, ислам болғанда да арабтың я болмаса иранның исламы емес, Қожа Ахмет Ясауидің хикметтері, Шәкәрімнің философиясын, қазақтың исламын, Абайдың отыз сегізінші сөзіндегі исламды бойымызға сіңіруіміз керек. Осы тұрғыдан келгенде әлі де істелетін шаруалар аз еместігін байқауға болады.
– Қазіргі уақытта ғылымның жалпы зерттелуінен, зерделенуінен еліміздегі ғылымның дамып келе жатқандығын, белгілі бір жолға түскендігін көреміз. Сол ғылым қарапайым халықтың қолданысына түсіп, сол ғылымның жемісін татып, пайдасын көру деңгейі қаншалықты? Қазақ ғылымы белгілі бір орталарда, тек ғалымдардың арасында ғана айтылып жүрген жоқ па?
– Мысалы, Иранға барсаң кішкентай кітапшаларын алып, саған қарай жүгіреді. Қалтаңа салады. Біз де Құранның керемет аяттарын жастарға «ұрлық жасама, жаманшылық істеме, сен жақсы азамат бол!» деп жаттатсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Соның бәрін іске асыру үшін бізге Құранды насихаттау, жалпы исламды насихаттауды алға қоюымыз керек. Құран кітапшаларын далада ойнап жүрген кішкентай балаларға беріп, олар сол Құранның ішіндегі барлық тәлім-тәрбиені алып, жадына сақтап, жаттап өссе, саналы ұрпақ дүниеге келер еді. Міне, жеміс, осы — нәтиже. Әрине, мұндай әрекеттер аздап болса да бар.
– Қазақ философиясы қазақтың өз дара жолын салып беруге ықпалы бар ма?
– Мен бұл жерде Президенттің сөзіне жүгінейін. Оның «Қазақстандық жол» деген кітабы бар. Қазақстанның рухани жағынан да, мәдени жағынан да өзіне тән жолы бар. Ол – тұрақтылық реформаға көшу жолы. Тұрақтылық бірлік болмаған жерде сіздің ешқандай реформаңыз жүзеге аспайды, бәрі нөл болады. Ал тұрақтылық әлеуметтік-саяси болуы тиіс. Қазақ философиясы үш сатыдан өтті. Біріншісі – ежелгі түркілік дәуір, екіншісі – халықтық дәуір, үшінші — кәсіби дәуір. Қазір біз кәсіби дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Кәсіби дәуіріміз бар, ол жөнінде кітаптар шығарып, мақалалар жазып, диссертациялар қорғап, лекциялар оқып, айлығын алып жатырмыз. Қазақ философиясы сіз айтқандай, бізге үлкен жол салып бере қойған жоқ шығар, бірақ рухани мүмкіндігіміз бар. Қазақтың діни философиясы дамыған. Шәкәрімнің өзі не тұрады!? Оның діни философиясы керемет қой. «Білімділерге қойылған бес сауал», «Үш анық» т.с.с. Біздің елде имансыз адамдар азайып, имандылардың саны көбейе түссе екен.
– Айтқаныңыз келсін! Сіздің өміріңіз бен шығармашылығыңыздан байқағанымыз, қиын заманды бастан кешірген екенсіз. Жас кезіңізде әкеңіздің қудалануы, кейін ол кісінің ақталуына жасаған әрекеттеріңіз табандылықты, қажырлылықты көрсетеді. Бірақ ол қолдан жасалған қиын заман еді. Бейбіт заманда табандылықты немен көрсетуге болады?
– Бір қарағанда, ешқандай қақтығыс, бәле-жала жоқ сияқты болып көрінуі мүмкін. Жоғарыда айттық қой «қазір қарумен ештеңе шешілмейді» деп. Бірақ бүгінде күліп отырып, күйзелтіп кететін амалдар бар. Сондықтан табанымыз нық, рухани жағымыз мықты болмаса, біз қаңбақ сияқты өз бағыт-бағдарымызды білмей, жел қайдан тұрса солай қарай ұшып жүре бермекпіз. Біздегі әрбір адамның бағыт-бағдары – ол адам болу, артынан ұрпақ қалдыру, халқына қолдан келгенше көмек көрсетіп, сол арқылы іргелі елге, айбынды мемлекетке айналу. Он жеті миллионға жуық Қазақ мемлекетінің әрбір азаматы өз еліне елеулі үлес қосса, игі істер жасаса еліміздің ертеңі көрікті болар еді. «Сауатты халық – салауатты» дейді. Заманауи технологияларды игеру және соны өзіміздің елде жасап шығару, пайдалану, зейнетін тату – біздің негізгі міндетіміз. Алла қаласа, келесі онжылдықта біздің еліміз алып державаға айналатындығына сенгім келеді. Және соны көргім келеді.
– Ниетіңізге жетіңіз! Сұхбатыңызға рақмет!!