Бедеулік дертінің көбеюіне ең басты себеп – экология
Ерлан МҰСАБЕКОВ, Б.ЖАРБОСЫНОВ атындағы Урология ғылыми орталығының бас дәрігері:
– Ерлан Базарбайұлы, елімізде бедеулік, белсіздік мәселесі қатты белең алып барады. Бұл туралы БАҚ құралдары аз жазып жатқан жоқ. Бұрынғы ата-бабаларымыз белсіздік дегенді білмей өткен. Ал қазір неге бұл дерт осынша дендеп кетті? Жалпы, бұл экологияның әсерінен бе, әлде басқа себептері бар ма?
– Бедеулік дертінің көбеюіне ең басты себеп – экология. Адам қиындықты қолдан жасайды. Қазір – ғылыми-техникалық үдерістердің дамып жатқан кезі. Ал одан бөлініп жатқан химиялық заттарды ауамен бірге жұтамыз. Екінші себеп – тамақ сапасының төмендеуі. Күнделікті тағамда да химиялық заттар толы. Осының салдарынан адам ағзасындағы гендер өзгеріске ұшырайды. Үшіншісі – қазіргі сексуалды революция. Яғни жыныстық қарым-қатынас төңірегіндегі білімсіздіктер себеп болады. Ерте жыныстық қатынас, кездейсоқ адаммен жыныстық қатынастар да аталмыш дерттің көбеюіне әкеп соқтырады. Солардың себебінен болатын қабыну процестері әйелде де, еркекте де кездесіп жатыр. Осының салдарынан екеуінде де ұрық азаяды. Оның сапасы төмендейді. Бұл жерде бәріне әйел, не еркек кінәлі деп орынсыз соқтығудың керегі жоқ. Бедеулік екі жаққа да бірдей тараған. Қазақстанда бедеулік әйелдер тарапынан 50 пайыз болса, еркектер жағынан да – 50 пайыз. Сондай-ақ жастардың салауатты өмір салтын ұстанбай, арақ, сыра, темекіге әуестенуінің салдары да – бедеулікке бастар бірден-бір жол. Онымен қоса адам жүйкесінің зақымдануы да, дәрі-дәрмекті шектен тыс пайдалану да ағзаға кері әсер етеді. Мына дағдарыс кезінде жұмыстан қысқарып қалу секілді фактілердің көбейгендігі де ер-азаматтардың көңіл күйіне ғана емес, денсаулығына да аса зиян келтіруде. Әйел адам қанша дегенмен жұмыстан босап қалса, үйдің күнделікті тіршілігімен айналысып жүре береді. Ал ер адамдарға бұл қатты тиюде. Жүйкесіне салмақ түскен жігіттердің гармондары төмендеп кетеді. Физиологиялық жағдайда 45-55 жастан кейін еркектердің гармондары азая бастайды. Ал күйзелістік жағдайында бұл үдеріс тым жылдамдап кетеді. Гармондар азайғаннан кейін ағзадағы басқа мүшелердің қызметі де бұзыла бастайды. Өкініштісі, қазір бұл дертпен ауыратындар күн өткен сайын көбейіп барады. Әсіресе жасарып бара жатқаны жақсылықтың нышаны емес. Сондықтан бұған үкіметтік деңгейде қарап, билік тарапынан үлкен қолдаулар қажет болып тұр.
– Дәл қазіргі уақытта сіздердің орталықтарыңызға қай өңірден науқастар көп келіп жатыр? Орталықта қанша адам емделуде?
– Біздің орталықта емделіп жатқан науқастар өте көп. Бұрын бізге Семей өңірінен ғана адамдар көп келетін. Ядролық полигонға байланысты. Ал қазір Қазақстанның барлық аймақтарынан келеді. Ақтау, Атырау, Шымкент, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау – тізе берсек, көп. Оның үстіне бұрын 50-60 жастан асқан кісілер келсе, қазір 30 бен 40-тың арасындағылар да шағымданып келуде.
– Кейбір ер-азаматтардың ұрығы өліп қалып жатады немесе мүлдем азайып кетеді. Бұл аурудан айығудың қандай жолдары бар, емделсе, толық жазылады деп сеніммен айта аласыз ба?
– 100 пайыз деп айту қиын. Бұл ретте мен мынаны баса айтар едім. Өткен жылы біздің ғылыми орталықтың басшысы, Қазақстан Республикасының бас урологы, белгілі ғалым, профессор Мырзакерім Кәрімұлы Алшынбаев ағамыз Қазақстандағы адамдардың репродуктивті денсаулығының қанағаттанарлық жағдайда еместігіне алаңдаушылық білдіріп, осы проблеманы шешу мақсатында «Ерлер және репродуктивті денсаулық» бағдарламасын әзірлеп, оны өзіміздің ғылыми кеңесте талқылады. Одан кейін бұл бағдарлама ҚР Президенті жанындағы Отбасы істері және гендерлік саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысында қаралып, бірауыздан қабылданды. Енді бағдарламаны жүзеге асыру үшін Үкіметтен тиісінше қаржы бөлінуін күтіп отырмыз.
Еркектердің репродуктивті денсаулығының мәселелері осы заманғы медицинаның бірден-бір негізгі шешімі табылмаған саласы болып саналады. Өкінішке қарай, осы уақытқа дейін бұл салаға жете көңіл бөлінбей келгендігі рас. Ал керісінше, халықтың репродуктивті денсаулығын зерттегенде, негізінен, тек әйелдер ғана қамтылып отырған. Ал ерлердің репродуктивті қызметі және өмірге дені сау ұрпақ әкелудегі орны әйелдермен салыстырғанда дұрыс бағаланбаған. Сондықтан бұл мәселені шешу үшін ең алдымен үлкен материалдық-техникалық шығын және кешенді жұмыс қажет. Егер аталмыш бағдарлама ойдағыдай іске асса, еркектерге байланысты бедеу некелер саны төмендеп, демографиялық жағдай жақсарып, республика азаматтарының сексуалдық және репродуктивті мәдениеті жоғарылайтын болады. Мұның барлығы қаражатқа келіп тірелетіндіктен, Үкіметтен қолдау күтеміз.
– Қазір елімізде қолдан ұрықтандыру әдісі қолға алына бастады. Мұны дәрігерлер қолдағанымен, исламтанушыларымыз құп көре бермейді. Олардың пәтуасы: донорлық тек ерлі-зайыптыларға ғана қолданылуы керек. Маман ретінде айтыңызшы, адамзат ұрпағы үшін қолдан ұрықтандыру тәсілі елімізге тиімді ме?
– Біріншіден, бұл біздің медицинаның алға жылжып, дамуының жемісі деп қарауымыз керек. Жасанды ұрықтандыру, яғни экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКО) арқылы еркектер мен әйел бедеулігі, донор сақтау ісінде қуанарлық нәтижелерге қол жеткіздік. Оны мойындауымыз керек. Бірақ осы ЭКО-ның 99 пайызы – қазір жекеменшіктің қолында. Онымен қоса бағасы да тым қымбат. Бұл ауылдағы бір перзентке зар болып отырған ерлі-зайыптыларға өте ауыр тиеді. Сондықтан еліміздегі еркектік бедеулікті толыққанды тексеріп, оларды емдеу үшін УҒО-да экстракорпоралды ұрықтандыру зертханасын мүмкіндігінше тезірек ашу қажеттігі туындап отыр.
Ал енді исламтанушылардың бұған басқаша көзқарас танытуы негізсіз. Себебі мұнда ешқандай қоспа қосылмайды. Тек өзінің күйеуінің ұрығы ғана жатырға орналасады. Ал басқа біреудікін қосу үшін көптеген қағаздар толтырып, әуре болады. Сонымен қатар онда басқа ұрықты сала салатындай ондағылардың да басы екеу емес.
– Ғылыми орталықтың материалдық базасы қаншалықты жабдықталған? Аппараттардың барлығы шетелден әкелінген бе? Маман дәрігерлеріңіздің кәсіби деңгейі төңірегінде не айтасыз?
– Бізде аппараттардың барлығы бар, оны қажетінше қолданып келеміз. Өйткені ұрық шығатын жолдарға репродуктивті пластикалық операция жасаймыз. Ол аппараттарды қолданатын білікті мамандарымыз да жеткілікті. Бас ұстазымыз Мырзакерім Кәрімұлы жас, талабы бар кадрларды шетелдерге білімін жетілдіруге арнайы жіберіп тұрады. Испания, Италия, Еуропаға барып, білімін жетілдірген мамандарымыз бар. Қазір олардың барлығы осында жұмыс істеп, алған білімдерін осында сарқып отыр. Енді профессор ұстазымыздың мамандардан қазіргі талап етіп отырғаны – ол ағылшын тілін меңгеру. Осы ретте орталықта арнайы курстар ашылды. Күнде мұғалімдер келіп, дәріс өтіп тұрады. Егер ағылшын тілін жақсы біліп, компьютерді жақсы меңгерген кадр болса, ол міндетті түрде шетелде білімін жетілдіреді. Осындай дәстүр қалыптастырған.
– Бізде қазір кереғар жағдай қалыптасқан сияқты. Аналар мен балалардың денсаулығын қорғауға мемлекетіміз үлкен назар аударып, қаражат бөліп, арнаулы бағдарламалар жасап отыр. Тіпті босанар алдында әйелдерге кеңес беретін мекемелер де ашылған. Дұрыс-ақ делік. Бірақ ер-азаматтар ақыл-кеңес алып, емделетін орталықтар неге жоқ?
– Өте дұрыс. Бұл сұрақ мені де ойландырады. Барлық аймақ-ауылдарда әйелдердің кеңес алатын орталықтары бар. Бірақ ер-азаматтарға кеңес алатын арнайы бөлімшелер жоқ. Бұл – үлкен проблема. Қазір ауылдық жерде жеті түрлі мамандандырылған дәрігер штаты қарастырылған, соның ішінде уролог атымен жоқ. Ал науқастардың 74,3 пайызын ер адамдар құрайды. Яғни елдегі ерлердің жағдайы мәз емес. Қалаға келсек, ақысыз да, ақылы да қабылдайтын урологтардың кабинеттері жеткілікті. Ауылдық жерде тұратын ағайындарымыз урологқа көріну үшін қалаға келеді. Көпшілік урологты тек зәр жүрмегенде ғана керек маман деп түсінеді. Ауылдық жерде ер-азаматтардың андрологиялық (аурушаңдық) деңгейі, эректильді (жыныстық) және репродуктивті (балалы болу қабілеті) функциясының бұзылу проблемасы көп жағдайда қаралмай қалатыны рас. Меніңше, қаланың ер-азаматтары дәрігерге уақтылы көрініп, ауруларынан айығып, қалыпты сексуалды өмір кешеді. Ауылдық жерде жағдай күрделі болғандықтан, белсіздік белең алған ер-азаматтардың мұндай мүмкіншіліктері жоқ. Сондықтан бұл мәселеге атүсті қарауға болмайды. Әр ауылда урологтарға қосымша штат ашу керек. Сонымен қатар қазіргі таңда Қазақстанның барлық аймақтарында андрологиялық аурулардың деңгейі өте жоғары. Андрология дегеніміз – еркектің несептік-жыныстық ағзалар ауруын зерттейтін урологияның бір саласы. Біздер еркектердің репродуктивті денсаулығының қаншалықты деңгейде екенін білу мақсатында УҒО Қазақстанның барлық облысында тұратын 20 мыңнан аса ер адамға сауалнама бойынша зерттеу жүргіздік. Тексеру нәтижесінде 56,3 пайыз еркекте – түрлі кезеңдегі эректильді дисфункция белгілері, 30,4 пайызында – шәуеттің өзгерістері (ұрықтың болмауына дейін), 42,4 пайызында жыныс жолымен берілетін аурулар бар екені анықталды. Оның үстіне осындай көрсеткішке қарамастан, халықтың сұранысы андролог-дәрігерлермен толық қамтамасыз етілмей отыр. Мысалы, Қазақстандағы 580 урологтың жетеуі ғана – андролог-дәрігер. Олардың 0,5 пайызы – Қарағанды, 0,25-і – Шығыс Қазақстан облыстарында, 0,5-і – Астана, 1,75-і – Алматы қалаларында. Бұл дегеніңіз – республикада еркектер андрологиялық көмекпен толық қамтылмай отыр деген сөз. Бұл өз кезегінде еркектер арасында белсіздіктің өсуіне әкеліп отыр. Ал аталмыш бағдарламада осылардың барлығын ретке келтірудің нақты жолдары қарастырылған.
– Қазақстанның ЖОО-ларын бітіріп келген жас мамандардың біліктілігі қалай? Олардың ауылға барып еңбек етуіне ықпал ету үшін не істеуіміз керек?
– Қазір урология саласына көптеген жас мамандар келіп жатыр. Арасында білімді мамандар көп. Олар Алматыда жақсы урологиялық техникаларды көріп, тәжірибе жинақтауда. Бірақ ертең олар ауылдық жерлерге жұмысқа баратын болса, онда жаңа технологиялы аппараттарға қол жеткізе алмай, тауы шағылатыны сөзсіз. Жастар оны біледі. Сондықтан олар үлкен қаладан кеткісі келмейді. Бұл ретте ең бірінші жастарды баспанамен қамтамасыз етуіміз керек.
– Қазіргі кезде дәрігерлердің нақты диагноз қоймай, анаған-мынаған сілтеуі неліктен?
– Бұл жерде біржақты жауап беру қиын. Бұған түрлі себептер болуы мүмкін. Бірақ жасырмауымыз керек, кейде дәрігерлердің біліксіздігі де себеп болуы мүмкін. Дегенмен нақты диагнозды дәрігер қоймайды, оған қажетті аппараттардың барлығы сай болуы керек. Дәрігер сол аппараттарды қолдану арқылы науқастың нақты қандай аурумен ауыратынын анықтайды. Енді техника болғандықтан, кейде олар істен шығып қалып жатады немесе аппараттарға қажетті май уақытында құйылмағандықтан, оның нақты ауруды дәлелдейтін тетіктері көрсетпей қалуы мүмкін. Сондықтан дәрігерлердің диагнозды нақты қоя алмай, анаған-мынаған сілтеуі осыдан шығар. Бірақ мұндай мәселе бізде орын алған емес. Біздің орталықтағы аппараттардың барлығы жаңа.
– «Ең бірінші дәрігер науқасты сөзбен емдеуі керек» дегенге қалай қарайсыз? Осы ретте кейбір біліксіз дәрігерлердің науқастың айығуына септігін тигізу үшін жылы сөз айтудың орнына бірден «болды, сен жазылмайсың, өлуге дайындала бер» деп, ал ауылдық урологтардың «сенде ұрық жоқ, емделіп, ақша шашқанша, одан да бала асырап ал» деп үмітті сөндіріп, «ақыл» айтуына қалай қарайсыз?
– Науқас адам дәрігерге еріккеннен келмейді. Ол ауруына ем болса екен деп үміттеніп келеді. Осындай кезде ең бірінші науқасты сөзбен емдеуіміз – ең басты парыз. Сөзбен емдегенде қалай, оны жылы қарсы алып, жазылып кете алатынына сендіріп, іштей науқастың өзіне үміт артқызу керек. Сосын барып тексеріп, болмаған жағдайда пышаққа салып, операция жасау қажет. Онымен қоса соңғы кездері белсіздіктің түрлері көбейді. Ондай азаматтар артында өзінен ұрпақ қалмайтынын ойласа, қандай қиын жағдайға ұшырайды! Артында бала қалмағаннан кейін адамның өмірге деген құлшынысы да сөне бастайды, яғни өмірге қызығушылығы жоғалады. Жұмыста да көңілі болмай, барлық нәрсеге селқос қараушылық орын алады. Шынында да, артыңда ізің қалар ұрпақ болмаса, өмірдің мәні не? Бұл әрі-беріден соң, медициналық мәселе емес, бұл — әлеуметтік мәселе. Біздің еліміз бай, жеріміз кең. Бірақ туу көрсеткішіміз әлі де қуантарлық емес. Сондықтан қолдан ұрықтандыру тәсілі – қазіргі кезде медицинадағы үлкен жетістік.
– Аурудың алдын алу үшін денсаулыққа ерте көңіл бөлген дұрыс дейміз. Түрлі дертке тап болмас үшін ер баланың гигиенасына қалай көңіл бөлген жөн? Бізде осы тұрғыда ақпараттық кітаптар табыла бермейді. Жалпы, балаларды неше жасынан урологқа қарату керек?
– Негізі, ұл дүниеге келісімен жыл сайын дәрігерге көрсетіп тұрған жақсы. Бала кезінде педиатр мамандар бар, балалар хирургы бар, толық қаратып алған жөн. Одан ешқандай зиян жоқ. Сосын кәмелеттік жасқа жетіп, мектеп бітірер кезде жастар әскер қатарына өту үшін арнайы медициналық сараптамадан өтеді. Нақ осы кезде жастарға қашудың керегі жоқ. Қайта толық қаралып, өзіне ем алып алған жақсы. Негізі, сол комиссиялық тексеру кезінде көптеген балаларымыздың еркектік ауруларға шалдыққаны байқалып жатады. Сондықтан уақытында емделіп алған өздеріне жақсы.
Ал енді урология саласындағы кітаптарға келетін болсақ, бұл ретте біздің ғылыми орталықта қазақша да, орысша да кітаптар шығады. Шығып та жатыр. Енді олардың барлығы – медицинаға керекті кітаптар. Енді халыққа түсінікті, ұғынықты тілмен жазылған кітаптар шығару жоспарымызда бар. Директорымыздың жасаған бағдарламасының ішінде дәрігерлердің ғылыми кітаптарын шығару да жолға қойылған.