Басқалар, бәлкім, маймылдан шыққан шығар, ал қазақ Тұлпардан жаратылған

Басқалар, бәлкім, маймылдан шыққан шығар, ал қазақ Тұлпардан жаратылған

Нәбидолла Кикебаев, «Қазақ тұлпары» жылқы зауытының директоры:

 – Нәбидолла Ақанұлы, жақында ғана «Мыңнан тұлпар-2009» атты ат спортынан бірінші республикалық чемпионат өтті. Қостанайда басталып, мәреге жеткен осы жарыс қандай ой қалдырды, нендей түйін түйдіңіз?

– Бұл ұзақ жылдар бойы жанымызды тербеткен жоба болатын. Соны жүзеге асырудың сәті биыл түсті. Бірінші рет өткендіктен, кемшін түскен жері, олқы соққан тұсы болмады деу артық. Бәйге – біздің ата-бабамыздан мирас болған байырғы ұлттық спорт түрі. Дегенмен «заманың түлкі болса тазы боп шал» демекші, дәуір ауаны өзгеріп, замана талабы өңделгенін ескерсек, бәйгенің  де бүгінгі уақыт үдесінен шығатындай жандануы керек. Ресми түрде ат спорты чемпионаты болғандықтан, оның  өзге спорт түрлері секілді регламенттік талаптары болуы шарт.

Мұның ауылдағы ағайынның асы мен тойында немесе бұған дейінгі өтіп келген бәйгелерден өзіндік өзгешелігі, яғни біріншілікке лайық қолтаңбасы болуы керек. Бұл ретте біз алты аймақтың атшабарында өткен кезеңдер сайын керме керіп, келген жүйріктерге ақтық жарысқа ресми жолдама бердік, әрбір аттың міндетті түрде чипі болуын қадағаладық, әрбір шабандоздың денсаулығы мен салмағын тексердік, қысқасы, бірізді ереже енгіздік. Осының негізінде, еліміздегі ең жүйрік деген аттардың санын анықтап, сапасын сараптауға  бір қадам жақындадық. Және жеті «Қазақ елінің тұлпарын», «Ең үздік атбегісін», «Ең үздік бапкерін», «Ең үздік шабандозын» анықтадық. Оған қоса 1-2 орын алған 14 шабандоз ат спортынан спорт шебері атағын қорғады. Бұл, бүгін басталып, ертең аяқталар шаруа емес, болашаққа бағыт алған үлкен бастаманың басталуы ғана. Себебі біз қазір жылқыны ұлттық спорт брэндіне айналдырудың жолында әрекеттеніп жатырмыз.

Демек, «мінсең – көлік, жесең – ас» деген көне көзқарасты түп-тамырымен өзгертіп, ауыл абыройы мен ағайын беделі үшін отбасы, ошақ қасында өтетұғын өрісі тар жарыстарды қысқартып, бағымызға біткен «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарларды» әлемдік аренадағы ұлт намысын қорғайтын жарыстарға қатысатын деңгейге жеткізуіміз күн тәртібіне көтеріліп отыр. Әрине, бұл «той өтпесін, ат шаппасын» дегендік емес, негізгі ой ел ішінде «бәленбай жерде той өтеді, жүлдесі «Джип» екен» дегенді естіп, делебесі қозып, тынығып үлгірмеген жүйрігін бір бәйгеден екінші бәйгеге сүйреп, әлектеніп, тіпті дәрі егіп, пендешілік пиғылмен тұлпарының тағдырына өз қолымен балта шапқан азаматтар аз емес. Осындай орны толмас қателіктерге жол бермей, опындырар олқылықтардың алдын алсақ деген ниет біздікі.

Жалпы, қазақты жылқыдан бөлек алып еш қарауға болмайды. Жазушы-драматург Асқар Сүлейменовтің «Басқа халықтар маймылдан жаралса, жаралған шығар, ал дәл біздің қазақ – Тұлпардан, Қазанаттан жаралған» дегеніндей, біз расында да жылқы мінез халықпыз. Ойға келгенде ұшқырлығы, сөзге келгендігі шешендігі мен қандай қиындық болса да сыр бермейтін төзімділігі халқымыздың басты қасиеті десек, осы үш байламның бәрі де қазақтың қанаты – Қазанатқа тән қасиет. Ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр даласын найзаның ұшы, білектің күшімен қорғаған батыр бабалардың сенімді серігі сүмбіл жал сүйрік те жүйрік тұлпар болғаны жақсы мәлім. Тек, біз сол тұлпарлардың тұяғын ХХІ ғасыр бәйгесіне лайық дамытуымыз керек.

– Сіз жылқы зауытында басшысыз, оның сыртында осы сала мәселесін «майшаммен» қараған ғалымсыз. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген «Голощекиндік геноцид», тіпті күні кешегі қолда бар байлық «ұстағанның қолы мен тістегеннің аузында кеткен» қайта құру кезінде қыруар құйма тұяқты құрып кетті. Сіз айтқан игі мақсаттарға жететін жүйріктерді шығару үшін қазір қолда бар жылқы қаншалықты жеткілікті, сапасы талапқа сай келе ме?

– Қолға түскен статистикалық мәліметтерге жүгінер болсақ, елімізде жылқы саны – 1916 жылы 4 млн 640 мың, кейіннен тәуелсіздік алған 1990 жылы 1 млн 700 мың шамасында болған. Бүгінгі таңда Қазақстанда шамамен 1млн 300 мың жылқы болса, оның 85 пайызы жекешенің үлесіне тиесілі екен. Сол қолымыздағы 1 мллион-ға тарта жылқының бар болғаны 1 пайызы, яғни 10 000-ы ғана асыл тұқымды екен. Осы малдың өзін қазір ұтымды пайдаланып ұстап қалмасақ, күні ертең ондаған жылдар мен қыруар қаржы жұмсап орнын толтыра алмайтын өкінішке ұрыну қаупі бар. Бүгінде республикада жалпы 32 асыл тұқымды шаруашылық болса, соның 11-і жылқы зауыты. Ал шын мәнісінде, жылқы шаруашылығын замана ағымына лайық ғылыми негізде дамытып, уақыт талабына жауап бере алатындай етіп өркендетуді тек Қостанайдағы Ауыл шаруашылығы министрлігінің“Қазақ тұлпары” жылқы зауыты жүргізіп келеді.

Сауалыңызға қарай айтарым, ХХ ғасырда дүниеге келген жылқы тұқымдары негізінен, мініс пен жегуге арналғандықтан, қазіргі күннің талабына сай келе алмасы анық. Өйткені өзіңіз де жақсы білесіз, қазіргі уақытта жылқыны көліктен гөрі спорттық мақсатта пайдалану үрдісі басым. Еліміз дамыған озық әрі бәсекеге қабілетті ерен «елулік» қатарына кіргелі отырғанда дүниежүзілік деңгейге жету үшін біздің де көштен қалмауымыз шарт. Ол үшін алыс-жақын шетелдегі танымал  тұқымды айғырлардан ұрпақ өрбіту жағын шешу бүгінгі күннің бірінші мәселесі.

Ол шешіліп те жатыр. Мысалы, 2000 жылдардың басына дейін Қостанай жылқы зауытында айғыр ауыспаған. Қазақы тілмен айтқанда, өз қазанында өзі қайнап жүре берген. Алға қойылған басты мақсатқа қол жеткізу үшін 2002 жылы үш жасында Ресейдің ең үздік жылқысы атанған ағылшын тұқымды Тотенхем және Скиф деген айғырларын сатып алып келдік. Бұлар кезіндегі жұмыр жердегі атбегі атаулының көз құртына айналған америкалық Трипл Бак пен ресейлік Флагман сынды атақты айғырлардың тұқымдары. Бұдан кейін Ұлыбританиядан кезінде әкесі Депьюти Министр 1981 жылы АҚШ пен Канадада екі жастағы тұлпарлар арасында чемпион атанған, жалпы  қоры 1 200 мың доллар сыйлық ұтқан атағынан атан үріккен  Ривер Бэй, Норсангер Эбби және Масси Сераф сияқты асыл тұқымды ағылшын және РФ жылқы зауытынан Виниту және Беспокойный сынды асыл тұқымды араб айғырлары әкелінді. Қазіргі уақытта біздер асыл тұқымды айғырларды ұтымды да тиімді пайдалану мақсатында олардың ұрықтарын қатырумен айналысып жатырмыз. Күні бүгіннің өзінде 3 мың дозадай алынды.

Мұның ең бір тиімділігі: асыл тұқымды айғырларды шаршатпаймыз әрі сонау алыс облыстардан биені алып келіп не болмаса айғырды алып барып, ұрықтандырып жатудың еш қажеті жоқ. Жасанды жолмен-ақ биені тоқтатуға болады. Оның сыртында қатырылған ұрыққа арнайы жұмыртқаның сарысы, т.б. қосу арқылы бір дозамен төрт биені тоқтатуға болатыны анықталып отыр. Бұл осы уақытқа дейін өкіндіріп келген біраз олқылықтың орнын толтыратын болады. Мысалы, атақты Құлагер, Абсент, осы біздің зауытта сүйегі жатқан Неон мен Билитер сынды қаншама асыл тұқымды айғырларымыздан бүгінде бірде-бір доза ұрық жоқ. Осы тұрғыдан  келгенде келешекте ондай олқылықтарға жол берілмек емес.

– Ғалымдар қазір, қолда бар малдың нақты саны мен сапасы туралы бірізді ақпарат жоқтығын жиі айтып жүр. Асыл тұқымды жылқы шаруашылығын дамытуға ғылыми тұрғыдан ден қойған зауыт бұл бағытта не тындырып жатыр?

– Мақтанды демессіз, «Қазақ тұлпары» Қазақстанда бірінші болып жылқыларға чип енгізу шарасын айналымға енгізді. Еліміз Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруге қызу дайындалып жатқанда, «Қазақ тұлпары» қатардан қалмақ емес. Соның жарқын айғағы зауытта жылқының генетикалық тегін анықтаумен қатар, биелердің күйін және жатырда пайда болған құлынның түр-тұлғасы, дене бітімі, жетілуін кәдімгі монитор арқылы бақылауға мүмкіндік беретін шетелдік озық ультра-дыбысты құрылғы және әрбір жылқыға жеке идентификациялық нөмір енгізетін ерекше құрал іске қосылды. Халықаралық ISO 11785 және 11784 стандарттарына сай келетін осынау құрылғы арқылы енгізілген жеке код жылқының ғұмырына жетеді, ол шекарадан өтерде немесе даулы мәселе туғанда айрықша рөл атқарады. 

Жалпы, мұндай құрылғылар озық елдерде бар, әлдеқашан іске қосылған. Кәдімгі бытыра сияқты чиптің ішінде арнайы жазылып қойған нөмірі болады. Соны өзінің шприц сияқты құрылғысы арқылы жылқының денесіне кіргіземіз. Кейін керек кезде малды шетелге өткізіп бара жатсақ не қайтарып жатсақ, өзге де даулы жағдайлар туындаған уақытта өзінің сканер секілді прибор көмегімен жылқы денесіндегі чипті оқимыз да, идентификациялық нөмірдің негізінде компьютерден қажетті ақпараттарды аламыз. Ең бастысы, ол чип жылқы денесінен ешқашан жоғалмайды және ешкім де өзгерте алмайды. Мұны басқа да малдарға қолдануға болады. Бұл осыдан 20-25 жыл бұрын бірінші рет Жезқазғанда жылқыға азот арқылы белгі салудың уақыт сұранысына лайық жаңарған түрі.

УЗИ, яғни ультра-дыбыстық зерттеу. Бұны көбіміз адамға қатысты деп қана қабылдаймыз. Оның жылқы шаруашылығында да маңызы зор. Қарапайым ғана мысал, біздер биенің нақты күйлеген уақытын тап басып тани алмайды екенбіз. Апталап оған айғыр саламыз. Жаңа құрылғының арқасында қазір әрбір биенің нақты ұрық қабылдайтын  дәл уақытын білуге болады. Арнайы құрылғы  арқылы  биенің  жатырынан    алынған мәліметті мамандар монитордан оқып, айғырды дер кезінде жіберу уақытын анықтайды. Бұл қазіргідей көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан ақпараттық әрі технологиялық кезеңде біз үшін өте қажет дүние.

– Сөзіңізді бөлейін, ат баптау дегеннен шығады, сіздерде жүйрік жаратудың шетелдік озық технологиясы енгізілді деп естідік, соны тарқатып берсеңіз?

– Бүгінде алыс-жақын шетелдегі ат баптаудың тиімді үлгісі – автоматты құрылғыны қолданысқа енгіздік. Мен оны алғаш Англияда көргем, біздер Ресейде жасатып алдық. Арнайы пультпен жұмыс істейтін ол арқылы біздер, біріншіден, атты баптауға қажетті талаптарды қатаң сақтаймыз. Екі сағаттың ішінде белгіленген бағдарлама жылдамдықты өзі қосып отырады. Екіншіден, бұл адам күшін азайтады. Айталық, алты атты құрылғы арқылы қазір бір-ақ адам баптайды. Бұрын бұған алты адам қажет болатын. Ал бізде күніне 36 атты баптау қажет. Суық не жауынды күндері осынша атты баптау таза адами факторға қиын соғатыны айтпаса да түсінікті.

Жасыратыны жоқ, кейбіреулер шықпай қалады, «баптадым» деп өтірік айта салуы мүмкін. Ол да ескерілген, арнайы маман автоматқа кірген әрбір аттың нөмірі мен уақытын жазып отырады. Келешекте, кіре беріс есікке сканер қоймақпыз. Сонда әрбір жылқы қай уақытта кіріп, қай уақытта шықты деген мәліметтер тіке компьютер арқылы бақыланады. Бұл – обьективті баптау әдісі. Сосын биелер құлындайтын жерге бейнекамера қою жоспарлануда. Біздегі жұмыс ережесіне сәйкес, жауапты қызметкер әрбір 10-15 минут сайын қораның ішін аралауы керек. Кейде шаршап немесе «не болар дейсің» деп уақытында қарамауы мүмкін. Ал камераға бәрі жазылады, оны ешкім де өзгерте алмайды. Бұл обьективті бақылау әрі басқару әдісі.

– Дәл бүгінгі күні Қытайдан озған ел шамалы. Себебі ішер тамақ пен киер киімнің бәрі де «Маде ин шина» деген жазуларға толып кетті. Алайда солардың өзі жылқы шаруашылығын дамытуға келгенде, біздің алдымызда дәрменсіздік танытып отыр. Тіпті бізден дәріс алды деп естідік.

– Өткен жылы, Пекинде Мәскеудің «Қызыл алаңы» секілді Цинь династиясы мұражайы, Мао Цзедун мавзолейі, Қорғаныс министрлігі сияқты маңызды   кешендер орналасқан үкіметтік ордадағы Съездер Сарайында төрткүл әлемнің 17 мемлекетінен 600-700 адам қатысқан жиын болды. Сол жиынға ТМД-дан мен жалғыз қатыстым және ең бірінші  баяндама жасадым. «Бұларыңыз қалай?» деп таңғалдым. «Біз бәрін сараптай келе, осылай деп шештік. Сіз 300 асылтұқымды жылқы зауытының директоры екенсіз әрі жылқы шаруашылығын зерттеп жүрген ғылым докторы екенсіз, ендеше бірінші сөз де сізге тиесілі» деді. Содан баяндамамның «біссімілләсінда» «Ассалаумағалейкум, ұлы Қытай атбегілері» дегенімде, алдын ала дайындалған аудармашылар сол сөзді мәтіннен таба алмай састы да қалды.

Ары қарай бекітілген текст бойынша сөйледім, сауалдар қойды, жауап бердім. Содан үзіліске шыққанымда, Малайзия және басқа да елдерден келген бір топ қонақтар жақындап, «сіз мұсылман екенсіз ғой» деп қолымды алды, танысып, біздегі жылқы шаруашылығын  дамытудың жай-жапсарымен жақынырақ танысуға уағдаласты. Солардың ішінде қытайлықтар да бар. Жалпы, Қытай жылқы саны бойынша дүниежүзінде  үшінші орын алады. Бұрынғы 9 миллион бас жылқысы былтырғы жылы 7 миллионға дейін азайғанын көрген қытайлықтар «енді қайтеміз» деп жалпақ жұртқа жар салып, осындай іргелі шара өткізіп жатқанда, жылқысын «Жеті қазынаның бірі» деп дәріптей алмай отырған бізге ұят екені анық. Мен мүмкіндігім жеткенінше, жылқы шаруашылықтарын аралап шықтым.

– Асылтұқымды жылқымен айналысатын зауытта жаңа жылқы тұқымын жасап шығару жолында жұмыс көптен жүріп жатқанынан хабардармыз. Тұрқы бөлек тұлпарды қашан көреміз және оның басты қасиеттері қандай болмақ?

– Жұмыр жерде жылқының 300 түрі болса, соның 10 пайызы біздің елдің үлесінде. Бүгінде жаңа ғасыр үдесінен шығатын жаңа тұқым жасап шығару жолында еңбек етіп жатқанымыз рас. Ол кешегі «Қазанаттың» ізін жалғайтұғын, көркі көзтартар келісті, аузымен құс тістеген жүйрік, таңнан кешке шапса да шашасын шаң қаппас «қазақ тұлпары» болуы керек. Ол жоба 20-25 жылдың ішінде қолға тиіп қалуы мүмкін. Жалпы, жаңа жылқы тұқымының қасиеті үш жылқының басты қасиетінен құралады. Араб жылқысының өзіне тән әдемі жүрістері бар. Оған қосымша ол өте төзімді, біз сол негізін алуымыз керек. Сосын ағылшынның 300 жыл бойы селекция жүргізген ағылшын таза қанды жылқысы, олар енді сөз жоқ жүйрік, бірақ ұшқыр, ұзаққа шаппайды. Қостанай жылқысы  бойында көп нәрсе   бар. Бойшаңдығы, сүйегінің мықтылығы, біздің ауа райына бейімділігі, сол үшеуінен шыққан жылқы керемет, нағыз қазанаттың ізін басатын қазақ тұлпары боп шығады деп ойлаймын.

 – Жылқы шаруашылығын дамытуда бүгін қаржыдан басқа қандай қиыншылықтар бар. Жіліктеп шағып, тайға таңба басқандай етіп айтып бере аласыз ба?

– Қазақстанда жылқы шаруашылығын кеңінен дамытуға мүмкіндік болғанмен, (мал жайылмай бос жатқан жерлерді алсақ та), жылқышылардың өсірген жылқыларының өнімдерін, яғни қазы-қарта, жал-жая, қымыздарын, қыл аяғы асылтұқымды жылқыларын сата алмай отырған жағдайы бар. Бізде бүгінге дейін жылқының өнімін шетелдерге шығарумен айналысатын мамандандырылған әрі орталықтандырылған мекеме жоқ, ал барларының жұмысы жүйесіз, шашыраңқы, нәтижесіз. Бұл жердегі үлкен мәселенің бірі – шетелдерге тірі жылқыларды және оның өнімдерін өткізуге өріс ашатын мемлекетаралық келісімшарттардың болмауы, болған күннің өзінде мемлекеттер арасындағы ветеринариялық кұжаттар сәйкестендірілмеген. Осы айтылған мәселелердің бәрі де қыруар іске  қолбайлау болып отыр.

АЛАШҚА АЙТАР ДАТЫМ...
Бізде ат спортын насихаттау, атап айтсақ, жүйріктерімізге жарнама жасау жолға қойылмаған. Бұл өз кезегінде тотализатордың дамуына кедергі келтіріп отыр деу орынды. Біз тұлпарымыз болғанмен, соны қазіргі нарықтық заманның талабына сай кәдемізге жарата алмай отырмыз. Ана жылдары Шерхан Мұртаза басқарып тұрғанда «Қазақстан» ұлттық арнасынан «Тайбурыл» тотализаторын ұйымдастырды. Жұрттың жылқыға, жүйрікке деген қызығушылығы сонда қайта оянды. Өкінішке орай, ол бастама кейін аяқсыз қалды. Бізге осыны жандандыру керек. Мысалы, Астанадағы «Қазанат» атшабары тотализатор ұйымдастыруға өте лайықты орын. Ол үшін атшабардың қазіргі 40 жылқыға арналған қорасын кемінде 200 бастық қылып кеңейту керек. Астанада адам да, ақшалылар да жеткілікті. Бай бизнесмендерді тартып, бір жыл инвестиция салып, орта есеппен айына 10-12 жеңіл көлік тіксе, бір жылдан кейін атшабар ол шығынды артығымен өтеп шығары сөзсіз, мен оған бәс тіге аламын. Астана атшабары қазір ащы да болса, ақиқаты мұражай болып қалды.

Шіркін...
– Ауылшаруашылық министрлігіне қарасты біздің зауытта республикалық жылқы институтын ашуға толық негіз бар. Жаңадан зауыт салу – бүгінгі күннің басты талабы. Өйткені ерте ме, кеш пе, елімізде жылқы институты ашылуы қажет. Біздің бүгінгі күнге дейін жүзеге асырған жұмыстарымыз, үш зертхана, ат баптау мен жылқы күтіміне қатысты соңғы енгізілген жаңа әдістердің бәрі де елімізде тұңғыш рет істелуде. Сондықтан да осы мүмкіндіктерді ескеріп, Қостанайда жаңа институт ашуға министрлік те қарсы емес. Қай нәрсеге болса қаржы қолбайлау болатыны белгілі ғой. Менің жеке болжауымда ол «Ұлттық ат спортын дамытатын республикалық орталық» болуы керек. Егер, сәтін салып жаңа зауыт салынатын болса, ол бірнеше нысандардан тұратын тұтастай үлкен кешен болатыны сөзсіз. Оның ішінде біздің зертханалармен қатар, көрме-жәрмеңке өткізетін халықаралық талаптарға сай орындар, ғылыми-зерттеу орталықтары, жиын өтетін залдары болады. Сонда біз шетелдегі үздік деген атбегілер мен атқұмар ағайындарды ұялмай елімізге шақыра алар едік.

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста