Басқа елдің компаниясымен жай ғана біріге салу жарамайды
Әнуар Шелекбай, экономика ғылымының докторы, профессор:
– Әнуар аға, бізде өңдеуші саланың кенжелеп қалғаны ешкімге құпия емес. Дегенмен соңғы жылдары бұл бағытта біраз серпіліс байқалады. Сіздіңше қалай, қазір өңдеу өнеркәсібі аяғынан тік тұрып келеді деп ауыз толтырып айта аламыз ба?
– Біз шикізатқа бай ел болғандықтан сырттан инвестиция көп келеді, өзіміз де қаржы тартып жатырмыз. Ал инвестиция құрамына қарасақ, бұрындары, негізінен, шикізат саласына, әсіресе мұнай, тау-кен саласына көбірек салынатын. Соңғы төрт жылдан бері өңдеу өндірісіне бет ала бастадық. Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламада (ҮИИБ) өңдеуші кәсіпорындарды көптеп іске қосу межеленген. Айталық, облыс орталықтарында бидайдан макарон шығару, оңтүстікте мақтадан түрлі тоқыма өнімдерін өндіру, жүн өңдеу саласы ақырындап қолға алына бастады. Семейде тері өңдеп, бәтеңке, тон шығаратын кәсіпорын ашпақшы. Осылайша өңдеу өндірістері біртіндеп көбейіп келеді. Бізге ең керегі – көлік. Халықтың, өндіріс орындарының көлікке деген сұранысы жоғары. Сондықтан бұл бағытта да біраз шаруа қолға алынды. Өскемендегі «АзияАвто» көлік құрастыру зауыты шығаратын «Шевроле» автокөлігі техникалық регламентке сәйкес келсе, бастапқыда 60 мың данасын шығару жоспарланған. Кейін өндіріс көлемі одан да ұлғая бермек. Жапонның әлемге әйгілі Тойота корпорациясы Қостанайда «Фортунер» көлігін шығаруды көздеп отыр. Қарағандыда Ресейдің «Россельмашы» «Вектор» комбайнын, «Роскос» деген жаңа комбайн түрін, сонымен қатар түрлі ауылшаруашылық мәшинелерін шығаруда. Егер осындай құрастыру зауыттары дұрыс жолға қойылса, біздің халықтың мамандануы өсе бастайды. Ал отандық мамандардың кәсіби біліктілігі артса, кейін ол зауыттар өзімізге басыбайлы тиеді деген үміттеміз. Басқа да облыстарда өңдейтін өнеркәсіп жолға қойылуда. Павлодарда «Қазақстан электролиз зауыты» жұмыс істейді. Соның төңірегінде көптеген шағын кәсіпорындар құрылып жатыр. Мәселен, жеңіл автокөлікке арналған дискі жасайтын, кабель жасайтын шағын зауыттар құрылуда. Қарағандыдағы «Арселор Миттал Теміртау» зауыты жанындағы кішігірім кәсіпорындар радиатор, арматура сияқты өнімдерді шығарып жатыр. Елдің ЖІӨ-нің өсуі, міне, осылардың есебінен көтерілді. Айта кеткен жөн, дағдарыстың әсерінен ел экономикасы қарқынын біраз төмендеткенімен, қазір қайта көтеріле бастады. Дағдарысқа дейін еліміздің жалпы ішкі өнімі – 7-8, тіпті 9 пайызға дейін барған еді. Дағдарыс басталғанда бір пайызға төмендеді. Қазір ЖІӨ – 5 пайыздың төңірегінде. Бүкіл қалаларда өндіріс орындары жоспарын біртіндеп орындап, еңсесін тіктеп келеді. Дағдарысқа дейінгі қарқын жоқ болса да, келешекте біздегі өңдеуші кәсіпорындар құлашын кең жаяды деген сенімдеміз.
– Кеден одағы күшіне енгелі отандық өндірушінің жағдайы мүшкілденді дейтін пікірмен келісесіз бе?
– Расында да, соңғы бір-екі жылдан бері ең көп талқыланатын мәселе – Кеден одағы, Бірыңғай экономикалық кеңістік, Еуразия экономикалық келісімі. Кеден одағына кіріп те қойдық. Ресейдің тарифтерін алдық. Шекара ашық болған соң Ресей мен Беларусьтің тауарлары қаптады. Сапасы Қытайдікінен артық емес. Кей тауардың бағасы удай. Қайта Қытайдың тауары баға жағынан халыққа тиімді еді. Біз де біршама жеңілдіктерді алдық. Мәселен, Кубадан әкелінетін қант құрағына. Дегенмен Кеден одағы мен БЭК-ке кіргеннен кейін біздегі шағын және орта кәсіпорындар тұралай бастады. Бір ғана мысал, біздің қант шығаратын зауыттар өзінің өндірістік қуатын толық қолдана алмай қалды. Өйткені Ресейдің өнімі қаптады. «Бизнестің жол картасында» ынталандыру жағы аз болғандықтан ба, Жамбыл мен Алматы облысында қант қызылшасын өсіру онша қолға алынбай жатыр. Негізі, қант қызылшасынан жасалған қант құрақтан өндірілген түріне қарағанда сапалы әрі өнімді. Қант қызылшасын өсіру көп еңбекті керек етеді. Ал еңбек ететін жастар қалада, базар жағалап жүр.
– Оның үстіне қант қызылшасын өсіру сонау Кубадан қант құрағын жеткізгеннен қымбатқа түседі деген желеу де айтылады ғой. Осы орайда мынадай бір сауал туындайды: бүйте берсе, өзге де өнімдерді өндіруді тоқтатып, тек импорт тауарларды тұтынуға көшу қаупі төнбей ме?
– Кеден одағына кіргенге дейін экспорт импорттан басым түсуші еді. Бұл –заңды құбылыс. Экспорттан түскен қаржы басқа шығындардың бәрін жабады. Өйткені шетелдік инвестициядан түскен табыс сыртқа кетеді. Сырттан келген жұмыс күші теңгемен тапқан еңбекақысын долларға айырбастап сыртқа алып кетеді. Одан кейін өндірісті жандандыру үшін құрал-жабдық әкелу керек пе, керек. Міне, осындай шығынның бәрін экспорт жабатын. Ал қазір импорттың үлесі басым. Сонда әлгіндей шығындарды немен жабамыз? Әрине, бюджеттің есебінен. Сондықтан экспортты ұлғайту үшін отандық өндірісті көтеру керек.
Байқасаңыз, соңғы кезде тауарлардың бағасы қымбаттап жатыр. Оған себеп – жанар-жағармайдың бағасы. Жанар-жағармай қымбаттаса, тауарлар қымбаттай бастайды. Ал біздегі үш зауыт ішкі сұранысты қанағаттандыра алмай отыр. Оның үстіне жанармай Евро-3, Евро-4 стандартына сай болсын деген талап бар. Ол үшін мұнай өңдейтін зауыттарды жаңғырту керек. Павлодар мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жобасы жасалып, біраз шетелдік компания кіріспекші еді. Ол қымбатқа түсті. Ақырында Румыния қолға алып, Павлодар МӨЗ-ін жаңғыртуға кіріспекші. Атыраудағы МӨЗ-ді Қытайдың «Синопек инжиниринг» компаниясы жаңғыртуда. Бірақ ол шаруа да тым ұзаққа созылып кетті. Содан кейін Қарабатан кен орнында газ-химия кешенін салу жоспарланған. Келешекте ол кешен Атырау зауытының газы мен мұнайын пайдаланып, бензол, ксилол, параксиололды бөліп алып, полиэтилен, полипропилен, полихлорид алмақшы. Бұлар өте керек. Олардан жіп талшықтарын шығаруға болады. Бізге Қытайдан, Түркиядан костюмдер, киім-кешектер әкеп сатады емес пе. Олардың 70 пайызы – мақта да, қалғаны –пластикаттан алынған талшықтар. Соны өзімізде де алуға болар еді, бірақ кешеуілдеп жатыр. Қытаймен қарым-қатынас жандана бастады. Енді қайтадан қолға алатын шығар. Шымкенттегі МӨЗ – қытайлардың қолында, олар жаңғыртуға асығар емес. Павлодар зауыты әу бастан Сібірдің мұнайына бейімделген. Жаңғыртылғаннан кейін өз мұнайымызды өңдеуге болады. Бірақ соны жеткізу қиын болып тұр. Атырау – Атасу–Алашаңқай желісі бар десек, Атасудан 2000 шақырым жерге құбыр салу қажет.
– Әнуар аға, бүгінде бүкіл әлем интеграцияға бет бұрды. Кеден одағы да интеграцияға жасалған бір қадам десек, ортақ валюта енгізу мәселесіне қалай қарайсыз?
– Иә, интеграция – жаһанданудың бір бөлігі. Еуропа, Америка, Азиядағы мемлекеттер интеграцияға бағыт алды. Бұл мемлекеттердің бір-біріне инвестиция тартуына, сауда айналымы мен өндірісті арттыру үшін қажет-ақ. Бірақ оны да дұрыс жүргізу керек. Еуроодақта сәл-пәл мүлт кетіп еді, дағдарысқа ұшырады. Әлі күнге дейін тығырықтан шыға алмай отыр. Маастрихт келісімі бойынша Еуроаймаққа кіретін мемлекеттердің сыртқы қарызы ЖІӨ-нің 60 пайызынан аспауы тиіс. Бюджет тапшылығы 3 пайыз болуы керек. Грекия, Португалия, Испания және Италияда бұл көрсеткіштер тым жоғары. Ортақ валюта болса, интеграциялық үрдісті басқару қиынға соғады. Көп мемлекеттер біріккен кезде ақша-несие, салық, бюджет саясатын жүргізу қиындайды. Осыған көз жеткізгеннен кейбір еуропалық елдер ортақ валютадан бас тартуға дайын. Бірақ оған Германия көнбей, ортақ валютаны сақтап қалуға тырысуда.
Кеден одағын басқа одақтармен салыстыратын болсақ, Солтүстік Америкадағы NAFTA одағын айтуға болады. Кеден одағында да – үш мемлекет, NAFTA-да – үш мемлекет: АҚШ, Мексика және Канада. Қарап отырсақ, екі одақ та ірі мемлекеттің төңірегінде топтасқан. АҚШ та, Ресей де – алпауыт елдер. АҚШ-тың ЖІӨ-сі – 15 трлн доллар. Канаданың ЖІӨ-сі – 1,7 трлн доллар, ал Мексиканікі –1,1 трлн доллар. Сонда АҚШ-тың ЖІӨ-сі – Мексикадан 15 есе, Канададан 9 есе жоғары. Ресейдің ЖІӨ-сі – 1,8 трлн, Қазақстандікі – 186-185 млрд доллар, Беларусьтікі – 55 млрд доллар. NAFTA-ға кіргеннен кейін Мексика тәуелсіздігінен айырылды десе де болады. Өйткені АҚШ пен Канада – индустриалды мемлекеттер, ал Мексика даму жағынан кенжелеп қалған. Енді индустрияландыруды қолға алайын десе, Американың трансұлттық компаниялары басып алған. АҚШ-тың «Форд», «Дженерал моторс» сияқты трансұлттық компаниялары бұл елде өз бөлімшелерін ашып, өндірісін жүргізіп келеді. Ұтқаны – шекара жақын, яғни адамдардың Америкаға барып жұмыс істеуіне мүмкіндік бар. Бізде Беларусь пен Ресейге қарағанда индустриаландыру енді ғана қолға алына бастады. Енді оның қарқынын жылдамдатпасақ, екі мемлекеттің индустрияландыру деңгейіне жете алмай қаламыз. ҮИИД бағдарламасына сәйкес, ел ішінде әсіресе өңдеуші саланы алға бастырсақ, бәсекеге қабілетті 30 мемлекеттің қатарына қосылуға мүмкіндік бар.
Айтпақшы, NAFTA да ортақ валюта енгізбекші еді. Бірақ оған Мексика көнбей тұрып алды. Қазір Ресей ортақ валюта енгізгісі келеді. Бірақ ортақ валюта енгізу – қиын шаруа. Жан-жақты талдап, реттеуді керек етеді. Оның үстіне төл валюта – тәуелсіздіктің белгісі. Оған тіл мәселесін қосыңыз. Ресей компаниялары елімізге ендеп, өзінің еншілес кәсіпорындарын, бөлімшелерін ашса, өндіріс орындары түгелдей орыс тілінде болатыны сөзсіз. Онда қазақ тілі тоқырайды. Кеден одағында қазір 177 функцияны Ресейге бердік. Теміржол тарифтерін, электр қуаты тарифтерін солар белгілейді. Шығарған өнімдер техникалық регламентке сәйкес келуі керек. Әу баста Еуразия экономикалық комиссиясында біздің тарап өз талабын қойып, өзімізге жетіспей жатқан нәрсенің бәрі ескерілуі тиіс еді.
– Одақ аясында бірлескен кәсіпорындар жайында не айтар едіңіз? Қажеті бар ма, жоқ па?
– Елімізде трансқұрлықтық компаниялар құрылуда. Айталық, Ақтөбеде Ресейдің мыс компаниясымен біріккен өңдеуші кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Мұны шекара маңындағы интеграциялану деуге болады. Бірақ пайданың басым бөлігі – ресейлік компанияның еншісінде. Трансаймақтық инновациялық кластер дегеніміз – екі елдің кәсіпорындары бірігіп, өңдеп, ақырғы өнім шығару. Өскеменде титан-магний комбинаты бар. Титан аэроғарыш саласына аса қажет. Қазір Өскеменнің титан-магний комбинаты Францияның бір кәсіпорнымен бірігіп, титанды өңдеп шығарып жатыр. Мұны да инновациялық-өндірістік кластер деуге әбден болады. Кластер болмаса, интеграцияның өзі дамымайды. Еуропада әртүрлі салада кластерлер жұмыс істейді. Өйткені дайын өнімді шығаруда инновация қолданылады. Мәселен, титан өңдеу өндірісінде руданы электр сәулесімен балқыту қолға алынған. Қанша дегенмен Франция инновацияны біледі. Құр әншейін интеграция дегенмен, ол алға баспайды. Басқа елдің компаниясымен жай ғана біріге салу жарамайды. Міндетті түрде инновациялық кластерге бірігіп, өнім шығаруға ұмтылғанымыз абзал. Ол үшін бізде өңдейтін өндіріс болуы керек. Бәрін тек Ресей иемденбей, жекелеген саласы өзімізге тиесілі болса. Міне, осы жағына басымдық берілсе. Ресей де Петербор жағында Балтық жағалауы елдерімен, Финляндиямен энергия пайдалану кластерін құруға кірісті. Бұл – шекара маңындағы инновациялық кластер. Осындай кластер жолға қойылса, ұтатынымыз белгілі. Әйтпесе, қараңыз, бізде тоқыма саласында дайын өнім шығару деген жоқ. Неге? Синтетикалық жіп те, жүн де жеткілікті. Бірақ киім-кешек сырттан әкелінеді. Оны өзімізде де ұйымдастыруға болады. Бірақ оған құрал-жабдық пен технология жетіспейді.
– Айтпақшы, көршілес Қырғыз елі де Кеден одағына кіруге дайын отыр ғой. Кейбір ресейлік ақпарат құралдары Украина да одаққа кіруге мүдделі дейді. Осы сөздің қаншалықты жаны бар? Жаңа мүшелер керек пе осы одаққа?
– Қырғызстан ДСҰ-ға мүше болғаннан кейін мұнда кеден тарифі өте төмен, яғни импорт тауардың бағасы арзан. Бірақ өндіріс онша жоқ. Жұмыссыз жүргендіктен халық қайта-қайта бас көтереді. Ресей қырғыздарға қарызды көп берді. АҚШ Манас үшін 2 млрд доллар берді. Шағын елдің қарызы шаш етектен. Енді осы елді Кеден одағына аламыз дейді. Ал оның қарызын кім өзіне жүктейді? Украина, керісінше, бас тартты. Өткенде украиннің «Рошен» фабрикасының кәмпиттері кенеттен «зиянды» болып шыққаны да содан. Ресейдің бас тазалық дәрігері Онищенконың грузин шарабы мен минералды суына тыйым салғаны секілді қысым жасамақшы болды. Сондықтан Кеден одағына жаңа мүшелердің тартылуы – әзірге басы ашық мәселе.
– Біз түптің түбінде әне-міне ДСҰ-ға кіреміз дейміз. Басқасын былай қойғанда, сол кезде ауыл шаруашылығының бәсекеге төтеп беруге қауқары жете ме?
– Ауыл шаруашылығы – өте күрделі сала. Жиырма жылдың ішінде асылтұқымды алатау, қазақтың ақбас сиырларының тұқымын жоғалтып алдық. Енді асылтұқымды малды сырттан әкелуге мәжбүрміз. Олар бізге бейімді емес. Егер де сырттан әкелген малды жергілікті малмен шағылыстырып, тұқымды асылдандыруға пайдалану үшін ғана әкелсе, онда жарайды. Қой шаруашылығына келсек, Еуропа Аустралиядан биязы жүнді сатып алады. Бізде де биязы жүнді қой өсіруге болар еді. Қазір табынның ішінде асылтұқымның үлесі он пайыздан аспайды. Енді оны кем дегенде 30-40 пайызға жеткізу керек. Сонда ет те, сүт те болады. Жоспар бойынша 2017 жылы Ресейге 350 мың тонна ет жібереміз дейміз. Оның да халықаралық стандарты бар. Өнім сол стандартқа сай болуы қажет. Малдың тұқымын асылдандырсақ, халықаралық стандартқа сәйкес өнім шығара аламыз. Өйткені жай мал мен асылтұқымды малдың етін салыстырсақ, алдыңғысының еті қатты, асылтұқымдынікі жұмсақ болады. «Бизнестің жол картасында» осы орайда біршама жеңілдік қарастырылған. Шаруа несие алса, оның жартысын мемлекет өз мойнына алады. Қажетті инфрақұрылымдарды салу жағы да – Үкіметтің құзырында. Бүгінде бордақылау алаңдары салынып жатыр. Мал шаруашылығын алға бастыру үшін ветеринария саласы мен жемшөпті де жақсарту керек. Суармалы жерлерде жүгері, соя сияқты өсімдіктерді өсіру керек. Ал бордақылау алаңдарын суармалы жерге жақын орналастырған дұрыс. Қарап отырсаңыз, бәрі де бір-біріне байланысты, тізбектеліп кете береді. Елдегі жайылымның азып-тозғаны – өз алдына бөлек тақырып.
– Түнеугүні жайылымдық жерлерді жақсартуға арналған бағдарлама қабылданды емес пе?
– Бағдарлама қабылданғанымен, оның орындалуы кейде ұзаққа созылады ғой. Ал қазіргі жағдайда жұмысты шапшаң, қарқынды жүргізу – уақыт талабы. Бәсекеге төтеп беру үшін біздің өндіріске қарқын қажет. Жаһандану кезіндегі негізі міндет – өзге елдердің өнімдеріне дес бермей, төтеп беру. Әлемдік нарықта біздің өз орнымыз болуы тиіс. Дайын өнімнің түр-түрін шығару керек. Осы арада ұлттық бренд мәселесі де – өзекті.
– Біз өндіріс дейміз де, ірі өндіріске ғана мән беретін сияқтымыз. Мәселен, күнделікті тұрмысқа қажетті шырпының өзін сырттан әкелеміз. Ұят та болса айтпасқа амалымыз жоқ, ішкиім, шұлық екеш шұлыққа дейін Үндістан, Түркия, мына тұрған Өзбекстаннан сатып аламыз. Бұрынғы аяқкиім, баскиім шығаратын фабрикалар құрыды. Шынымен де, халық тұтынатын тауарларды шығару біздің маңдайымызға жазылмаған ба?
– Оның себебі – сол баяғы маман тапшылығы. Технология жоқ. Мәселен, тері илеу үшін де оның технологиясын біліп, түрлі құрал-жабдық сатып алу керек. Сол себепті де қазір дайын өнімді сырттан әкеле салған оңайырақ болып тұр. Өндірісті ұйымдастыру үшін көп күш керек. Дегенмен келешекке оптимизммен қарайық. Еліміздегі өңдеуші саланың бірте-бірте көтеріліп келе жатқанын ескерсек, өзімізді-өзіміз қамтитын күнге де жетіп қалармыз. Өйткені даму дегеніміз – кедергілерді жеңу. Біз кедергінің бәрін жеңіп, өркендеп келе жатқан егемен елміз.