Исраил САПАРБАЙ, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты, ақын, сазгер, драматург:
«Алаш айнасы» газетi мен Қазақ радиосының бiрлескен жобасы
«Айтөбел» хабарының жазбаша нұсқасы
Авторы: Едiл Анықбай
Хабардың тiкелей толқындағы уақыты: 101 ҒМ, сәрсенбі күні сағат 14:05-15:00
– Осы уақытқа дейін өзіңіз секілді ақындар, азаматтар, қайраткерлер, ғалымдар, тұлғалар, «Айтөбелдің» микрофонына отырып, ел болашағы, бүгініміз, кешеміз деген тақырыпта сүбелі сөз, ойлы ұсыныстарын айтқан-ды. Сізді де сол үдеден, сол лектен көреміз. Елдің болашағы сізді де ойлантады деген ойдамын.
– Мен саясаткер емеспін, қайраткер де болмауым мүмкін. Мен ақынмын. Осыдан екі-үш жыл бұрын жазып едім: «Менің өз әлемім бар!» деп. «Менің әлемім Алла жаратқан жарық дүниеден кем емес» дегендей. Меніңше, әр азамат өзінің әлемін жасап алуы керек. Әсіресе бұл – ақынға тән, өнер адамдарына ортақ мәселе. Өзінің әлемін жасай алмағанды, шын мәнінде, ақын деп айта алмаймын, бірақ өзіндік әлем жасау үшін маңдайдың тері, еңбек және аумалы-төкпелі өмірдің сан қырын басыңнан кешіруің қажет. Мысалы, Қазақ мемлекетінің 20 жылдығын осы Отанның, елдің, жердің азаматымын деген әрбір адам өз жүрегінен өткізіп, санасына сіңіруі керек. «Мемлекеттің қамын, біздің жағдайымызды ойлап жатқан жоғарғы жақта адамдар бар ғой» деп сілтеп қойып, немқұрайды қарауға болмайды. Бәріміз жақсылық-жамандыққа, кемшілік-жетістікке, жеміске жауаптымыз. Әрбір азамат өзінің міндетін, парызын жүрегінен өткізіп, көңіл таразысына сала білсе, мықты мемлекет, еңселі ел боламыз, нақты тұжырымға келеміз. Әйтпесе әңгіме жалпы күйінше қала береді. Әртүрлі әңгімелер естіп жатамыз, газет-журналдарда жазылып та жүр: «Ой, әлі біз бозбаламыз ғой. Бесіктен белді енді ғана шештік қой. Әлі қайда?» деп. Өмір еш уақытта кідіріп, мүдіріп, тоқтап қалған емес. Өмір – кезеңімен келіп-кетіп жатқан дүние. Сағат тоқтауы мүмкін, бірақ уақыт, өмір тоқтамайды. 20 жыл – тарихи масштабтан қарасақ, шынымен, балаң, бірақ бұған дейін де Қазақ елі болған ғой. Сонау сақтардың, ғұндардың тарихына үңілсек, Еділ патшадан бастап, одан берідегі Шыңғыс хан, кешегі Әмір-Темір «жерім кең болса, халқым танылса, түркі болып біріксек» деп, ел-жер үшін күрескен. Міне, сол таным, ұлттық мақсат 20 жылдың ішінде қалай көрінді дегенге келсек, 20 жыл өтті де кетті. Қай жолды таңдадық? Жабық саясатты ма? Ашық саясатты ма? Әрине, ашық саясатты таңдадық. Тәуелсіздіктің, егемендіктің алғашқы күнінен біз қандай бағытты ұстандық? Әңгіме осында.
Өмір – ұлы керуен көш. Бір формациядан екіншісіне ауысу – дүниенің қиыны. Біз сондай кезеңге тап келдік. Кем дегенде он- жылымыз осы екі формацияның арасында жүрді. Бұл – өте қиын кезең. Ал қалған онжылдықта біз есімізді жинадық. Алғашқы он жыл тек сан болса, екінші онжылдықта сапалық жаққа бет бұрдық деп есептеймін. Кеше қандай едік? Бүгін қандаймыз? Мінекей, реформа дегеніміз – осы. Ұлттық-мемлекеттік тұрғыдан, басқа мемлекеттердегідей, мысалы, түріктің Тұрғыт Өзалы секілді үлкен реформалар жасай алдық па? Меніңше, осы мәселе сұрақ күйінде қалып тұр. Өйткені ол – ашық емес. Жоғарғы билік әр жылда халыққа есеп беріп отырса... Мақтанатындай жағдайымыз бар шығар, бірақ тым бөрікті аспанға атуға болмайды.
– Ауыл әкімдерінен бастап, аудан, облыс әкімдері жыл сайын халық алдында есеп беріп жүр ғой.
– Ол есеп – қыздың мойнына тағылған алқаны үзіп алмаудың қамы ғой. Ол толыққанды, аналитикалық жан-жақты есеп емес. Мысалы, әкімдердің жиі ауысуы. Мәселен, бір облыстың әкімі келді делік. Оны Президент жіберді, сайлады, отырғызды. Ол әкім ең кемінде бес жыл отырса... Бүгін келген әкім ертең қайда барарын білмейді. Сондықтан ол реформаға қарай алмайды. Облыстың аумағында мыңдаған халық бар. Біздің облыстардың масштабын білесің, кейбірі батыс елдерінің көлемінен үлкен. Барған әкім сол жермен танысуы керек, бұған дейін қандай жұмыс істелді, ары қарай қалай дамытамын деп жүрген кезде, бір-екі жылдан кейін ол ауысып кетпеуі керек. Бізде осындай келеңсіздіктер бар. Барды ма, отырды ма, сол облыстың бүкіл тағдыры барған әкімнің мойнында болғандықтан, бес жыл отырсын. Неге әкімдерді біресе атқа отырғызып, біресе түсіреміз? Халық қайсысынан есеп аларын білмейді. Ауыл, аудан – барлық әкімдер таңдалып қойылуы керек. Елдің жайын, шаруашылығын білетін адам өзінің абыройы үшін, халыққа жағу үшін, халыққа бірдеңе беру үшін шындап кіріседі. Ал ол енді кірісе берген кезде ауысып кетеді. Міне, біздің реформаларымыздың күйреп қалатын себебі содан. Әуелі елдің, жердің жағдайын, қандай азаматтары барын білмек керек. Ол үшін халықтан сұрап, халықпен санасу керек деп ойлаймын. Құдайға шүкір, мен халықтың қас-қабағына, мұң-мұқтажына қарайтын адаммын. Төлеген айтқандай: «Ақын болып өмір кешу оңай емес». Өлеңімді жазып, күркеме жата беруіме болады, бірақ ол маған жараспайды. Қазіргі уақытта мынадай мәселе бар: Халықтың рухани өсу деңгейі қандай? Осы жерде кеңестік кезең мен бүгінгі күнді салыстыруға тура келеді. Руханилық – мемлекеттің, адамның бойында бар нәрсе. Ол еш уақытта жоғалып, күйреп қалмайды. Ол – тұрғызылған үй емес. Бұл – сіздің азамат ретіндегі қалыптасқан санаңыздағы жағдай. Мысалы, кеңес кезіндегі кітап шығару, тарату, шығармашылық ұжымдар құру т.с.с. өнер мәселесі бір өркениеттен екіншісіне ауысқан кезде аса қиын жағдайға ұшырамаса керек еді. Өйткені адам бар ғой. Сіздің рухани дүниеңіз бойыңызда, сол арқылы қоғамда сақталып қалуы тиіс. Формациядан формацияға өткен кезде руханилық тараптан мәселе тумау керек еді. Мысалы, ашығын айтқанда, қазіргі қазақ халқы кітап оқымауға айналып барады. Әңгіме барысында айттым: «Оқу орындарында, мектептерде, балабақшаларда көп боламын» деп. Шақырған соң, барасың. Ол жерде тек өлең оқумен шектелмейсің ғой. Танымыңды, біліміңді, көзқарасыңды білдіресің. Сол кезде байқайтыным, студенттер, оқушылар мені танымайды. Исраил Сапарбай деген атым бар, 70-ке келіп отырмын, 20-дан аса кітап жаздым, ақын, сазгер, драматург бола тұрып, оқулықтарда жоқпыз. Неге оқулықтарда жоқ болуымыз керек? Осы, мәселен, білім саласында реформаның жоқтығынан. Министрліктің басы-қасында жүрген азаматтардың парызы – оқулықтарды жаңарту, тиімді жолын табу. Ертеден кешке дейін, жыл сайын «Қалың малды» оқыта берудің не қажеті бар? Өмірдің кезеңі сияқты неге әдебиетті, мәдениетті, жалпы руханиятты кезең-кезеңге бөлмейміз? Сол «Қалың мал», С.Мұқановтың «Ботагөзінен» бастап, неге бүгінгі әдебиет өкілдерін оқулыққа қоспасқа? Барамыз мектептерге, мен өлең оқимын, ал оқушылар менің кітабымды тапса, содан қарап сол кезде ғана оқуы мүмкін. Егер кітап бар болса... Ал жоқ болса, менің аузыма қарап отырады: «Ағамыз не айтар екен?» деп. Шақырған мектептің кітапханасында кітаптарым тізіліп тұрса, онда оқушылар маған басқаша қарайды, мені танып, біліп, шақырар еді ғой. Міне, осының өзі мысал. Мен кітап шығарар болсам, өзімнің қалтама қараймын. Жыл бойы жинағаныма бір кітап шығарам ба, шығармаймын ба, ол да – екіталай. Ал менің біреудің алдына барып, «маған демеуші бол» деуге ұятым, намысым жетпейді және ондай ақшасы барлар өздігінен келмейді. Міне, осыдан барып, «кітап неге оқылмайды?» дегеннің жауабын тапқандай боламыз. Өйткені кітап жетпейді. Менің қалтамнан шығарған 500-1000 дана кітабым кімге жетеді? Ол – өзіме ғана жұбаныш. Міне, біз осы жүйені қырықтық, құрттық. Кеңес өкіметі кезіндегі кітап шығару, тарату, оқырманға жеткізу мәселесін неге біз көшірмедік? Мұны кім қолға алуы керек? Билік пе, Білім және ғылым министрлігі ме? Бұл Жазушылар одағының қолынан келмейді. Себебі оған мүмкіндігі жоқ. Менің қыжылым, ішкі күйінішім – осы және бір сұрақтың сан түрлі жауабы болады. Алла тағала мені ақын етіп жаратып, аузыма сөз салып отыр ма, демек, мен әділін, ақиқатын айтуым керек. Егер сөзің елге, халыққа жетпесе, ішке қыжыл пайда болады ғой және одан кейін мені кім таниды? Мұны мен өзімнен көрмеймін. Құдайға шүкір, әнімді шығарып, өлеңімді жазып, пьесамды қойып жатырмын, дегенмен ел-жұртқа толыққанды жетпей жатса, кімге ренжуім керек? Халыққа, қоғамға ренжи алмаймын. Өйткені халық қоғамды құрады, қоғам халықпен қалыптасады. Мен осыларды ұйымдастыра алмай отырған жоғарғы жаққа ренжуім мүмкін. Бұл рухани ақсау ма? Рухани тоқырау ма? Өзіңіз пайымдап, өзіңіз таразылаңыз. Құдайға шүкір, қазақ халқы аман болса, ұлы да, талант та бар, бірақ соны тану, көру, бағалау жетпей жатыр. Аллаға тәубе, бізде Жазушылар одағы және оның ғимараты бар. Ғабит Мүсірепов, Төлеген, Мұқағалилар арамызда тірі жүр. Мысалы, мен ішкі ренішімді әнмен, өлеңмен жеткіземін. Ал жазушы роман, повесть жазады. Ол жазғаны халыққа жете ме, жетпей ме? Осыдан барып, ішкі қыжыл, қоғамға өкпесін, амал жоқ, бір-біріне айтады. Ақын-жазушылардың бір-бірімен айтысын солай деп ұққан жөн. Оны екі ақынның немесе екі жазушының ғана өзара айтысы деп ұқпау керек. Оны басқа тұрғыдан қарап, төркінінің қайда жатқанын білу керек.
– Қарапайым оқушы әр шығарманың төркінін түсіне беруі мүмкін бе? Мәселен, 92 жылдар тарихи кітаптың төңірегінде белгілі жазушылар қалам сілтесті, кейіннен Шыңғыс ханның айналасында айрық жолдар пайда болды. Дұрысы мен жөн емесін табуда оқушы шатасып қалмай ма?
– Ол үшін халықтың өз көңіл таразысы болуы керек. Болмайтын нәрседен айтыс-тартыс туғызуға болмайды. Мәселен, Шыңғыс хан туралы шындықты айтамын деп отырып, жеке-жеке айтысып, пендешілік жасап кеткендер де болды. Мұның барлығын ел-жұрт көрмей қалған жоқ. Осының әділ таразысын ел, халық беруі керек еді. Елдің ішінде данышпан ақсақалдар бар. Халық дана. Бұл әдеби, мәдени, рухани дүниемізге немкетті қарауымыздан шығып жатыр. Еділ патша, Шыңғыс хан, Әмір-Темір, Абылай хан т.б. тарихи тұлғалар туралы халық өте сауатты, таным-білім дәрежесі биік болуы керек.
– Таным-білімге үлкен үлес қосатын зиялы қауым ғой. Зиялы қауымның ірі өкілдерінің жеке-жеке айтысы рухани деңгейдің өсуіне әсер етпей ме?
– Меніңше, әңгіме айтыста емес, объектіде. Айттым ғой: «Халықтың арасында дана да, данышпан да, кемеңгер, ақылды ақсақалдар, қариялар бар» деп. «Айналайындар, сендер дау-дамайды қойыңдар! Аруақты қозғауға болмайды! Олар ұлы рухтар ғой! Мың жылда бір-ақ рет келетін тұлғалар ғой! Бұл мәселені шешіп тастау қиын» деген сияқты басу, тоқтам немесе ақыл халықтың ішінен айтылу керек еді. Демек, халықтың қалыптасту жағы, таным-білім дәрежесі қандай? Қазір өмір сүру дәрежеміздің қай деңгейде екенін қайдам, шындығында, біз тұрмыстық жағына көп кетіп қалдық. Ортағасырлық әл-Фарадж деген ғұлама айтқан: «Кімде-кім қай елде, қай мемлекетте саясатты сағызша шайнап, қай жер болса, сол жерде, аттың, тақтың айналасында айта берсе, сол елдің болашағы жоқ» деп. Яғни саясатпен саясаткерлер айналысуы керек. Жаппай саясатты сапыруға болмайды. Мені осы мәселе көп ойландырады. Көлікке міне қалсаң, әртүрлі жағдайларды шетінен сынап-мінеп жатамыз. «Саясаттың сарыезуі болып кеткен жоқпыз ба?» деген күдік келеді кейде маған. Елдің, ұлттың, мемлекеттің рухы биік болуы керек. Құдайға шүкір, Туымыз көкте желбіреп тұр, Әнұранымыз аузымызда, ал халықтың рухы, көкірегі қалай? Жаладдин Рум айтады, мен оны зерттеп жүрмін: «Шындықты іздеп, бармаған жерім жоқ. Үнді тауларына, Қағбаға, Қапқа бардым. Аңқа деген құс болады дейді, самұрық болар, сол құстан да сұрадым. Дүниенің төрт бұрышын шарлап, шындықты таба алмай, шаршап, шалдығып, болдырып өзімнің үйіме келіп, таңдайымды жібітейін деп су іше бергенімде жүрегім бүлк ете қалды. Жүрегіме тіл бітіп, маған күбірледі: «Жүректі тыңдау керек...» деп. Сөйтсем, жер дүниеден іздеп жүрген шындығым өзімнің жүрегімде екен» дейді. Демек, шындықты әркім өз жүрегінен іздесін. Барлығымыз шындыққа қызмет етіп, ақиқатты, әділдікті айта білуіміз керек.
– Әдебиет саласында Мемлекеттік сыйлыққа лайық шығарма жоқ деп танылғаны белгілі. Бұл қаншалықты шындық?
– Мемлекеттік көлемде және оның ішіндегі сыйлықтар жөнінде, Құдай қаласа, көктемнің ішінде ел-жұртқа мәселе қойып, мақала жазсам деген ниетім бар. Оның ішіне Мемлекеттік сыйлық, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы және өзіміз қатысып, болып жүрген мүшәйра кіреді. Осы үш мәселе жөнінде толыққанды түйген ой-пікірімді ортаға салсам деймін. Мүшәйра – қасиетті ұғым. Музшаира – шайырлардың салтанаты деген мағынадағы дүние. Бұрындары шығыс, араб елдерінде сен тұр, мен атайын дейтін 10-15 ақын жиналады екен. Олар өзара өлеңдер оқиды екен. Ішіміздегі мынау мықты деп өздері бағалайды екен. Сол адамның Қағбаға есімі жазылады екен. Ең жоғарғы сыйлық – осы. Міне, мүшәйраның осындай киесі, қасиеті бар. Ал біз оны қандай күйге түсірдік? Осыдан-ақ пайымдай беріңіз. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы, Мемлекеттік сыйлықты мемлекет өз қолына алып, жүйелі түрде беріп отыруы керек. Бұлай етуге мемлекеттің шамасы жетпей ме? Мен үшін Мемлекеттік сыйлық, басқа да мықты сыйлық алу мақсат емес. Ең бастысы – ақындығымды ақтап шығуым. Мына жарық дүниеден теперіш көрсем, мен өзімнің әлеміме енемін. Сол әлем мені құтқарып қалады. Сондықтан әр өнер адамы ең құрығанда өзінің микроәлемін жасап алуы керек. Бұл, бірақ, Қожа Ахмет Ясауи сияқты қылуетке түсіп кету емес. Сол әлемнен мына жарық дүниеге қарау, қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін... Қазақ өте талантты, тумысынан қанымыз бұзылмаған халықпыз. Кезінде батырлар алға шықты. Өйткені жаугершілік заман еді. Елді, жерді қорғау керек болды. Ал қазір ойдың заманы. Мұхаммед пайғамбар айтты ғой: «Менен кейін ақындар туады» деп. Ақындар туып жатыр. Кейінгі жас буынның ішінде керемет ақындар бар, бірақ олардың тұрмыстық, әлеуметтік жағдайы жоққа тән. Мен оларды аяймын. Баспанаң да жоқ. Алланың берген қасиеті, қабілеті, рухы, амал жоқ, материалдық жағдайға құл болады. Рух құл болды деген сөз – мемлекеттің болашағы бұлыңғыр. Мемлекет, ең бірінші, рухымен танылуы керек. Мысалы, Габриель Гарсиа Маркес арқылы бүкіл әлем Латын Америкасын танып отыр. Мұхтар Әуезов қазақты, Шыңғыс Айтматов қырғызды танытты. Ел барда, ана барда, халық барда ұлылар туады. Әңгіме соларды көре білу, тани білу, бағалай білуде. Ал бізде пендешілігіміз көп: көре алмайтынымыз, қызғанатынымыз. Міне, осындайлар іштен тындырады, тіпті ішімізден өлеміз. Орыс жұртын бүкіл әлемге танытып жатқан Пушкин емес пе?! Пушкин: «Мен өз елімді, ұлтымды жерден алып, жерге салуым мүмкін, бірақ өзге ұлттың даттауына келісе алмаймын», – дейді. Демек, бізді кім болса сол басынбау керек. Ұлт болу үшін ұлық болуымыз керек. Ол – бізге парыз, міндет. Кез келгені бізді басынса, кім болдық? Ұяң, үркек, можан-топай ел боламыз, Құдай сақтасын. Ең бірінші рухты ойлау керек. Ғарыштағы рух Тудан да, Әнұраннан да биік. Біз сонда ғана есімізді жинаймыз. ХХІ ғасырдағы Тәуелсіз 21-жылда біз ұлттық рухты биіктетуіміз керек. Ұлттық рух биік болғанда халықтың танымы, табиғаты өзгереді, жаңарады, жақсарады.
– Жаңа таныммен жаңа биіктерден көрінейік. Ақыннан өлең сұрамау әбестік болар, сұхбатымыздың түйіні өлең болсын.
– Сыйың сый ма
Қарызға сұрап алған?
Күйің күй ме
Жоқ, бардан құрап алған?
Қарынбайдың қолындай қалтылдайды,
Жақұт болып бір тамшы мына жалған,
Жақұт болып жанарда тұна қалған.
Жарық күнде біткен бе, сірә, да арман?
Мезгілімнен кеш туған, кеще ме едім?
Кешігем де жүремін сыбағамнан.
«Айналаңа сынай бақ, азырақ сәл,
Түлкі болса заманың, тазы боп шал.
Қарағым-ау, қасыңда кім қалады,
Ақ боранын ақпанның азынатсаң?»
– Деді маған ақылға жомарт аға,
Сипай қамшы салғандай жон арқама.
Олжа келер онсыз да аз дей ме екен,
Аюдайын ашқарақ омартаңа.
Олжаңды қой, сол мезет тиесілмін,
Түлкі түгіл, білмеймін түйе сырын.
Қалтаулардың емес-ау, атап жүр,
Аңқаулардың ішінен жиі есімін.
Ақын аңғал.
Аңғалдықтың өзі балакөңіл тазалық.
– Аман болыңыз, адал болайық, рақмет сізге!