Азық-түлік қауіпсіздігін ойлаған жұрт отандық ауыл шаруашылығын климаттың өзгеруіне бейімдеуі тиіс
Ақылбек КҮРІШБАЕВ, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры, профессор:
– Ақылбек Қажығұлұлы, жаһандық климаттық өзгерістерге қатысты әлемдік ғалымдар пайымына тоқталып өтсеңіз?
– Жалпы, климаттың жаһандық өзгеруіне қатысты ғалымдардың ортақ көзқарасы қалыптасты. Бұл мәселеде зерттеушілер еш дауласпайды, яғни ендігі күні «жаһандық климат өзгерді ме, жоқ па?» деген мәселе ғылыми пікірталас тудырудан қалды. Бұған жауап та айқын. Дегенмен бүгінгі күні дәл осы климаттың өзгеру мәселесі – бұл әлем назарын өзіне аударған күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Ғалымдардың зерттеуі көрсеткендей 1880 жылдан бастап ғаламшардағы орташа температура 0,8°С көтерілген. Соның ішінде, мәселені мұқият зерделіп қарар болсақ, климаттағы 20 өзгерістің 19-ы 1980 жылдан кейінгі уақытқа тұспа-тұс келеді екен. Ендеше өнеркәсіптің өркендеуі жаһандық жағдайға өз әсерін тигізіп, өзгерістерге қатысты бар өрнегін салып келетіні анық.
Ғалымдар арасында климаттың өзгеру барысы туралы ортақ пікірлер жоқтығына қарамастан, сарапшылардың жалпылама климаттық өзгерістің салдары жағымсыз болуы әбден мүмкін деген пікірлерінде бірдей ұстаным бар. Мысалы, 1980 жылдан 2011 жылға дейін Еуроодақ елдерінің экономикасына тигізген тасқынның жалпы шығынын саралаған сарапшылар келген зиянды 90 миллиард еуроға тең деп бағамдады. Осыған байланысты әлемдік ғылымда зерттеудің басымдылық бағыты қоршаған орта климатына бейімделуге назар аудару болып отыр. Ең бастысы, бұл басқа салаларға қарағанда табиғи-климаттық жағдайларға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуші ауыл шаруашылығына тікелей байланысты.
– Ал жаһандық жағдай осындай болғанда, Орталық Азиядағы біздің ахуалымыз нешік?
– Халықаралық зерттеулер көрсеткіші бойынша, әлемнің кейбір аймақтары, сонымен қоса Орталық Азия, басқаларға қарағанда климаттық өзгерістерге ұшырауы әбден ықтимал. Оның ішінде, Қазақстанның климатына әсер етіп, онсыз да толыққанды қолдауды қажет етіп отырған ауыл шаруашылығын күнкөріске айналдырған аймақтарға мұндай өзгерістер үлкен зиян келтіруі әбден ықтимал. Аймақтардағы 70%-дық қауіп ауа райының өзгерістеріне тікелей байланысты екені дәлелденіп отыр. Сондықтан да әр жылдары 50-70%-ға дейін өнімді пайдалану мүмкіндігі шектелуде.
БҰҰ Даму Бағдарламасының мәліметі бойынша, Қазақстанда соңғы 50 жылда орташа ауа температурасы 1,5°С-қа жоғарылаған. Ауа температурасындағы өзгерістердің дені ерте көктем маусымындағы жер асты ылғалдылығымен байланысты болып отырған тәрізді. Үрдіс төңірегінде атмосфера шөгуін жылдың жылымық кезеңінде қысқарту, суық кезеңінде ұлғайту, сол арқылы топырақ дымқылының көктемгі қорларының мерзімінен бұрын таусылуына және жазғы жауын-шашынның түсіңкі салымына алып келеді. Бұл көбіне суарылмайтын егін шаруашылығы аудандарындағы өнімдерге тікелей әсер етеді. Бұдан бөлек, вегетация кезеңінде гидротермиялық жағдайлардың өзгеруі егіншілік пен азық-түлік сапасын төмендететін жаңа зияндатқыш ошақтар мен ауыл шаруашылық саласындағы әртүрлі аурулардың тууына әсер етеді.
– Жалпы, осы климаттық өзгерістердің басты жағымсыз салдарына қатысты не айтар едіңіз? Оның еліміз үшін залалы нешік?
– Климаттық өзгерістің басты жағымсыз салдары – ол жерлердің шөлге айналуы. Ендеше біздің еліміз үшін де оның зардаптары аз болмайтынға ұқсайды. Мәселен, ғалымдардың мәліметі бойынша, қазірдің өзінде Қазақстандағы шөлге айналу үдерісіне ұшыраған жерлер 66% болып отыр. Жердің құлдырау зардабы 960 млн доллармен бағаланып, егіндіктің мүжілу салдарынан болатын кіріс шығыны – 779 млн теңгені құрайды. Егістіктегі өнім сапасына тікелей әсер ететін қарашірікті жоғалтудың жалпы шығынын сарапшылар 2,5 млрд доллармен бағалапты. Жалпы, айта кетелік, климаттық өзгерістер ауыл шаруашылық жерлерінің азып-тозуына алып келуші негізгі факторлар болып қарастырылмағанымен, олар осы үдерістің негізінен туындайтынын қаперде ұстаған абзал.
– Ендеше мұндай жағымсыз құбылыстармен күрестің жай-жапсарына тоқталсаңыз?
– Әлбетте, мұндай үдерістерге қарсы әлемдік деңгейдегі ғалымдар қол қусырып отырған емес. Сондықтан да, бүгінгі таңда жаһандық климаттың өзгеруіне аграрлық саланы бейімдеу мәселесін әлемдегі барлық жетекші ауыл шаруашылығын зерттеу жүйелері мен зерттеу университеттері айналысып жатыр деуге келеді. Мысалы, Дэуистегі Калифорния университетінде – ауыл шаруашылығын, экология жүйесін зерттеу бойынша әлемдік үздіктердің бірі, орнықты ауыл шаруашылық жүйесін дамыту жөнінде екі ауқымды бағдарлама іске асырылады. Австралияда жетекші университеттер осы бағыттағы салалы жұмысты жүзеге асырса, Гриффит Университеті негізінде тәртіп аралық зерттеу бағдарламасы, яғни климатты өзгерту үдерісі бойынша Ұлттық зерттеулер орталығын құрды. Ғылыми қамтамасыз етудегі осыған ұқсас жүйелер көбіне Еуропалық елдерде құрылуда. Ең өкініштісі, бұл өзекті тақырыптарды бағамдауда қазақстандық ғалымдар өздерінің зерттеу бағдарламаларымен қажетті әрекеттер көрсете алмай отыр. Көбінесе халықаралық гранттар мен жобалар шеңберінде ғана жүргізілетін әр түрлі жеке-жеке жобалар ұйымдастырылған. Бірақ олар мұндай ауқымды технологиялық мәселелерді түп-тамырымен шеше алады деуге әсте болмайды.
– Білікті ғалым ретінде сіздің ұсынысыңыз бар ма?
– Бірінші кезекте біз селекция жұмысына деген көзқарасты өзгертуіміз қажет. Бұл жерде басты назарды өнімділіктің көптігіне емес, қоршаған ортаның қолайсыз жағдайларына төзімді сұрыптар даярлауға бөлуіміз керек. Әлбетте, бүгінде отандық селекцияда негізгі болып табылатын жыныстық будандастыру тәсілімен ғана стресске төзімді селекцияны қоршаған ортаның қолайсыз жағдайларына бейімдеу қажет.
Селекциялық жұмыста шаруашылық-бағалы белгіні көрсетуде, оның әсерінің генотипті және заңдылықты зерттеуге негізделген кешенді тәсілдеме қажет. Бұған сәйкес, бірегей бағдарламаның іргелі және қолданбалы түрін, жаңа ғылыми құзыреті мен инфрақұрылымды дамыту шеңберінде байланыстыруда биотехнология және генетика тәсілін меңгерген тәжірибе қажет.
Өсімдік шаруашылығын өндіруде диверсификацияны, яғни әртараптандыруды белсенді орындау қажет. Бұл жөнінде бұған дейін де аз айтылған жоқ, бірақ тәжірибеге келсек, нарықтағы бәсекелестікке қабілетті климаттық жағдайға бейімделген сорттың жоқтығы кедергі болып отыр.
Ең бастысы, ауыл шаруашылық аймақтарындағы егіншілік жүйесінде туындаған бірқатар өзгерістерге орай түбегейлі түзетулер енгізудің уақыты жетті. Өйткені климаттық өзгерістер вегетация кезеңіндегі гидротермиялық жағдайдың айтарлықтай өзгеруіне алып келеді. Осының салдарынан агротехникалық шараларды жүргізу барысында шектеулі уақыттарда нәтижеге қол жеткізу, дәнді дақылдарды қорғау және әртүрлі залалдардан сақтау мүмкіндігі артады.
Біз жарты ғасырдан астам уақыт бойы белгілі ғалым А.И.Бараевтың жетекшілігімен жүзеге асқан жер игеру жүйесін басшылыққа алып жұмыс істеудеміз. Бұл жүйе отандық ауыл шаруашылығын дамытуда үлкен рөл атқарды және заманауи технологияларды игеруде негізгі базалардың бірі болып қала береді десек артық айтқандық емес. Бірақ ауа райының «құбылуы» салдарынан өзгеріске ұшыраған жерлердегі топырақтың өзгерісін зерттей отырып, оның жұмысына жаңа серпін беру керек. Сонымен қатар Қазақстандағы ауыл шаруашылығы жерлерінің сапа жағынан «құлдырау» жылдамдығын есептей келе және экологиялық жағдайларды күшейтуде отандық ауыл шаруашылығының даму жолын іздеу мақсатында ауқымды агроэкологиялық жобалар керектігі де айқын аңғарылады. Бір сөзбен айтқанда, ауыл шаруашылық бағытындағы жерлерді орналастыруға агроландшафтық егіншілік жүйесі сияқты тиімді жүйе керек, сонда ғана нақты табиғи көріністерге бейімдей аламыз. Бұл ретте әсіресе, мұндай жүйе Қазақстанның Батыс және Орталық аймақтарындағы тәуекелді егіншілік үшін ерекше өзекті екенін айтар едім.
– Дегенмен ондай проблемалардың шешімі үшін ғылымның, я болмаса зерттеу институттарының қарекеті қандай болғанын құптайсыз?
– Әлбетте, жоғарыда көрсетілген өзекті мәселелерді шешу үшін тек қана бір ғылыми мектептің құзыреттілігі жеткіліксіз, климаттық өзгерістерге бейімделуіне әсер ете алатын жан-жақты зерттеуден туындаған зерттеулер де аса маңызды.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ауыл шаруашылығын, экономика, биология және қоршаған орта саласының ғылымдары бағытындағы аграрлық мәселелерді зерттеу ауыл шаруашылығы зерттеулерін дамытудағы әлемдік үрдіске айналды. Бірақ оны сәтті қолдану үшін бірнеше міндеттер мен ережелерді сақтауымыз керек. Ең бірінші кезекте, жаңа ғылыми құзыреттілік жинап, оны қолданбалы технологиялық міндеттерді орындауға қолдануға болатын әртүрлі ғылым салаларының өкілдерінің өзара тиімді әрекеттесуіне мүмкіндік беретін тиісті ұйымдық құрылым қажет. Мұндай жүйе ғылыми ұжымдарды нақты және маңызды нәтижелерге бағыттап, әлемдік ғылыми жүйеге белсенді бірігуіне ынталандырады. Екінші жағынан, халықаралық тәжірибе көрсеткендей, климаттық өзгерістерге ауыл шаруашылығын бейімдеу үшін тек қана ғылыми зерттеуді кеңейтудің өзі жеткіліксіз. Маңызды тәжірибелік нәтиже алу үшін ғылыми зерттеумен қоса, мамандардың кәсіби құзыреттілігін дамыту да басты мәселе. Яғни өзекті мәселелерді түпкілікті түсініп, алынған білімді шынайы өндірісте іске асыра алатын мамандардың жаңа формациясын даярлау керек. Қазіргі таңдағы жаңа технологиялық мәселелерді шешуге қабілетті ғылыми зерттеулер мен мамандар даярлау үрдістерінің бірігуіне қажеттілік зерттеу университеттері сияқты аграрлық ғылымның жаңа ұжымдық формасының дамуымен байланысты. Бұндай үдеріс әлемдік озық елдерде шапшаң жүріп жатқанын да естен шығармауымыз керек. Мысалы, Аустралияда осындай университеттер ауыл шаруашылық зерттеулерін іске асыратын негізгі атқарушы ұйым болып табылады. Ал АҚШ-та соңғы бес жылда жетекші университеттерде ауыл шаруашылығын зерттеуге бөлінетін мемлекеттік қаржының көлемі 3 есеге артып, әлемдегі аграрлық ғылымның жетекші ұлттық жүйесі болып табылатын Ауыл шаруашылық зерттеу қызметінің бюджетін асып өтті. Бүгінгі таңда зерттеу университеттерін дамыту жобаларына көптеген елдер қатысуда. Әрине, Қазақстанда бұл беталыстан сырт қалмауы тиіс және осы зерттеу университеті отандық ауыл шаруашылығы алдында тұрған үлкен көлемді технологиялық мәселерді шешу үшін өзекті институционалдық жүйе болып табылады. Сондықтан С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің базасында әлемдік деңгейдегі ауылшаруашылық зерттеу университетін құру туралы Елбасының тапсырмасы дер кезінде айтылған өзекті тақырып болуымен құнды.
Түптеп келгенде, ең үздік отандық және шетелдік тәжірибені біріктіріп, орталық және қолданбалы ғылымның әдістеріне негізделген, трансферт пен әлемдік жетістіктерге бейімделген мамандар даярлайтын аграрлық ғылымды ұйымдастыру кезек күттірмейтін мәселе. Сол үшін қазірдің өзінде осындай жаңа жүйенің жобалық модулін калыптастыра алсақ игі еді. Біздің қоғамда орын алған тағы бір өзекті мәселе бар – бұл жоғары білікті ғалым мамандардың қартаюы. Ендеше осынау зиялы ақылман қауыммен байланысты сабақтастыратын зерттеу университетінде заманауи озық әдіснаманы меңгерген және ауыл шаруашылығындағы басты инновациялық тетіктерден хабары бар магистранттар мен докторлар дайындау да баса қажет.
Түйіндей келгенде айтарым, отандық ауыл шаруашылығын климаттың өзгеруіне бейімделуді қамтамасыз ету өзінің күн тәртібіндегі өзектілігімен және ауқымдылығымен бүгінгі күннің басты талабына айналып келеді. Бұл азық-түлік қауіпсіздігін ойлаған жұрт үшін баса қажетті дүние деп ойлаймын. Ал мұндай дүниелер арқылы аграрлық университеттегі зерттеу базасын қалыптастыруымыз керек деп білемін.
Бұл бағыттағы жұмысты біз қаншалықты тезірек қолға аламыз, соншалықты қажетті шараларды ұйымдастырып, алдымыздан туындаған технологиялық сұрақтарға шапшаң жауапты бере аламыз. Басқа жағдайда Қазақстанның ауыл шаруашылығына деген климаттық өзгерістердің қысымы арта түседі.
Әңгімеңізге рахмет!