Астанамен бірге солтүстігімізге қазақтың тәуелсіз рухы да келді
Алдан Смайыл, Мәжіліс депутаты, жазушы:
– Алдан Зейноллаұлы! Сізбен әңгіме Астананың ұлтқа берген тағылымы жайында өрбитіндіктен, ең әуелгі сауалды осы төңіректе қойсақ... Астананың мемлекет тарихындағы рөлі қандай деп ойлайсыз?
– Жалпы, әлемде «астаналар тәлімі» деп аталатын зор философиялық ұғым бар. Бұл – тек түркі дүниесіне ғана емес, Азияға да, Еуропаға да – бүкіл адамзат баласына тән ортақ ұғым ретінде қалыптасқан құбылыс. Өйткені «Сенің астанаң географиялық жағынан қай жерге орналасады? Сол астана ұлтты, мемлекеттің тәуелсіздігін қалай қамтамасыз етеді? Астананы қалай салу керек, астанаға қандай мұрат, міндеттер жүктелуі керек?» деген мәселені сонау перғауындар дәуірінен бері қарай зерттеуге болады. Бәлкім, кәрі тарихты қаузайтындар одан да арыға үңгіп кете берер. Сонда әлемдік тәжірибені зерделеп қарасаңыз, астанаға өркениеттер дамуы барысында, негізінен, үш талап қойылып отырғанын анық байқайсыз. Бірінші талап – астана қарапайым болуы керек. Кезіндегі перғауындар қолымен салынған пирамиданы көптеген ғалым зерттеп жатыр. Солар тәпсірлеген қолжазбаларды тарқатып көрсек, астаналарға қойылатын талаптың алғашқысын содан табамыз. Яғни талаптың біріншісі астананың қарапайымдылығы болды. Бұл «астана бүкіл халыққа тән болуы шарт» дегенмен қабысады. Астананы халық жатсынбағаны ләзім. Өзінің орда-шаһарын қалың жамағат елінің алтын бесігі ретінде сезінуі, бас қаланы, ең алдымен, «халыққа қызмет ететін қала» деген ұғыммен қалыптастырғаны абзалырақ болды. Перғауындар дәуірінде астанаға осылайша алғашқы талап қойылып, соның аясында көне египеттіктердің пирамиданы тегіннен-тегін салмағанын білеміз. Пирамида, бір жағынан, халық талабының үдесінен туған құбылыс. Халықтың өз құдайына сыйынатын рухани талабын перғауындар ескерді. Сөйтіп, сол дін арқылы астана мен халықты жақындастыру үшін пирамидаларды салды. Осылайша египеттік астанадағы пирамидалар жұртты құдайға шығаратын заңғар жол ретінде саналды. Жергілікті халық осындай сеніммен пирамидаларды қасиет тұтып, ондай нысаны бар қалаларды киелі деп санады. Ал одан кейін, беріректе пайда болған екінші талап «астана халыққа қызмет етуі керек» деген ұғыммен үндеседі. Бұл – орта ғасырда пайда болған талап. Астана «халыққа қалай қызмет етеді?» Астанадағы бүкіл саясат, қабылданатын, жүзеге асатын іс-шаралар тұтастай халық үшін болуы тиіс. Ендеше, бас шаһардағы саясат қара халықтың мақсатымен, мүддесімен қабысуы шарт. Қазіргі тілмен айтсақ, астана – ұлттық идеяның ордасы болуы керек. Ұлттық идея дегеніміздің өзі – ұлт тәуелсіздігін сақтау, оны нығайту, халықты көркейту мен дамытудан тұрады. Қалың жұртшылықты бір бағытқа ұйытып, басын біріктіріп, астананы дамыту арқылы бұқараны, бүкіл елді дамытуды жүзеге асыру. «Халыққа қызмет ететін қала» дегеніміз – осы. Үшінші талап – кейіннен пайда болған еуропалық үрдіс. Еуропа елдерінде ілгеріде «Қалалар форумы» деген конференция дәстүрі болған еді. Бертінге дейін осы форум үш жыл сайын жиылып тұрды. Сондай мәжілістерде «Еуропаның астаналары қандай болуы керек?» деген сұрақ ортаға тасталып, соған Еуропа жұрты жұмыла жауап іздеуші еді. Ақыр аяғында сол форумның тоқайласқан соңғы ұйғарымы бойынша, ХХ-ХХІ ғасырлардың астаналары «халықтың өміріне аса жайлы болуы керек» деген ұғымды ұстандырады. «Жайлының» ауқымы кең. Үңілсек: мұнда жұртқа жұмыс ұдайы болуынан бастап, астаналықтардың үрейсіз, қамсыз, алаңсыз өмір сүруі қамтылады. Мәселен, қарапайым мысал, көшеде түннің жарымында келе жатқан астаналықтың ойында «біреу ұрып кетпесін» деген секілді үрей мүлдем болмауы шарт. Көше тәртібінен бастап, жүріс-тұрыс, мінез-құлықты қалыптастыруға назар аударылды. Астанаға сырттан келген қонақтар да солай алаңсыз әрі емін-еркін жүріп-тұруы қажет. Сосын астанада тұрмыстық қызметтің ең жоғары деңгейі қалыптасуы керек. Оның тұрғындары тұрмыстық-коммуналдық шаруашылықтан ешқандай кемдік көрмеуі керек. Әлемдік тәжірибе астаналарға қатысты осы үш мәселені алдымен тартатыны тарихтан белгілі.
– Ендеше, осындай ежелден қалыптасқан бас қала туралы тәлімдерді есепке ала отырып, Тәуелсіз Қазақстанның астанасына қойылған талаптар қандай болды деп ойлайсыз?
– Әрине, біздің астанаға қояр талабымыз да, оның орнын таңдауымыз да мүлдем басқаша, бірақ жүзеге асырудағы тарихи маңызы аса жоғары болды. Соншама жылдар бойы бодандықта болып келген Қазақ елі ХХ ғасырдың соңына таман егемендікке қол жеткізіп, Тәуелсіздік алды. Сол Тәуелсіздіктің арқасында қазақ халқының жаңа, дербес астанасы туралы мәселені Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев көтерді. Елбасының идеясы бойынша жаңа астана Тәуелсіздіктің тұғыры болуы керек еді. Бұл – ең бірінші талап. Ал Президент ойлаған екінші талап одан кем емес. Қазақ елі – ұзақ жылдар бойы бодандықтың салдарынан жасыған халық. Ұлтымыз бабадан жалғасып келген дәстүрінен ғана емес, рухани құдіреттілігінен қол үзіп бара жатқандай еді. Ендеше, тәуелсіз жұрттың еңсесін тіктеу, намысын қайрау, өз алдымызға ел болып, әлеммен тереземіздің тең екенін сыртқа ғана емес, ең алдымен, өзімізге де таныту керек болды. Яғни астана арқылы халықтың рухын жанып, баяғыдай өрлігін өсіру талап етілді. Өйткені өзінің мұқалған рухын қайта жани алмаған халықтың Тәуелсіздікке ие бола алмай қалуы да ғажап емес еді. Сондықтан да, Елбасының ойынша, жаңа астана халықтың ұлттық сенімін қайтарып беретін қала болуы шарт еді. Президенттің астананы таңдаудағы үшінші талабы – ұлттық қауіпсіздігімізге тікелей қатысты болды. Осы ұлттық қауіпсіздіктің өзі – бір-бірімен салалас-сабақтас болып табылатын үш талаптың ішіндегі ең маңыздысы.
– Сонда ұлттық қауіпсіздігімізге қатер қай жақтан төнді?
– Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі жағдайды жұрт терең түсіне бермейді. Әсіресе осы орталық Қазақстандағы, солтүстіктегі Ресеймен шектес аудандардағы саяси шиеленістер туралы әлі де кем айтылып жүр. Сол кезде өңірде көптеген солшыл күштер пайда болды. Бұрыннан үстемдікпен жұртты билеп келген топ, бір жағынан, Одақтың ыдырауына қарсы болса, екінші жағынан, Қазақстанға һәм қазақ халқына жасап келген билігінен еш айырылғысы келмеді. Қазақтарға «Тәуелсіздік сендерге қол емес» дегенді алға тартып қалатындар да болды. Тәуелсіздік жарияланғанынан бөлек, оны ұстап тұрудың өзі де қыруар шараны талап етті. Сол кездері Қазақстанды Ресейдің уысынан шығарғысы келмеген Солженицынның сойылын соғатындар тың игерушілердің бас қаласы болып келген Целиноградта да, елдің солтүстік облыстарында да аз емес еді. Міне, дәл осы кезде астана рухы сол кездегідей оңтүстіктегі Алматыда қала беретін болса, солтүстік шытынап кетуі де мүмкін еді. Астана ауыспаса, елдің бүтіндігі туралы дау-дамай ешуақытта тоқтамайтын еді. Ол жайында Президенттің: «Мыңдаған жылдар бойы ата-бабаларымыз мекен еткен қасиетті қазақ жерінің бір бөлігін – аяулы Сарыарқаны саяси саудаға салып, дархан даланы дау-дамайға айналдырғысы келетіндер бар кезде, солтүстіктегі шұрайлы өңірге көзінің сұғын қадайтындар бар кезде, біз мына жерде, әсем қала Алматыда тыныш отыра алмас едік» дегені бар емес пе? Шынымен-ақ сұқ көздердің сұғанақтығына қарсы Алматыдан бас қаланы ауыстыру арқылы қазақтың тәуелсіз рухы әкелінді. Елбасы айтпақшы, дархан далада дау-дамай қай кезде тоқтайды? Хрущевтің кезінде бес облысымыздың басы тыңды игеру идеясымен бірігіп кетті де, тың өлкесінің бас қаласы Целиноград болды. Ендеше, осы Целиноградты құлатып, оны Тәуелсіз Қазақ елінің астанасы ету ғана дау-дамайға тосқауыл болатын еді.
– Дегенмен қазақтың ұлан-ғайыр даласында көптеген астананың бой көтергені анық қой. Бұлар жайында не айтасыз?
– Шыңғыс ханға дейін де, одан кейін де қазақ даласы астанадан кенде болған емес. Дегенмен қазақ асылдарының қай-қайсысы да астаналық рухты ұлттық рухтың байрағы ете білген. Күлтегін үшін Өтүкен бүкіл түркі ұлысының темірқазығы болды. Қыпшақ билеушілері Сығанақты қасиет тұтты. Ақ орда хандары Сауранның қақпасынан енерде аттан түсіп, тізе бүккен деседі. Сарай Беркенің даңқы өткенін құрметтей білетіндердің жүрегін әлі күнге жылытады. Ал Әз Тәуке ордасын ел кіндігі деп Арқаға, Ақмоланың іргесіне, Есіл мен Нұраның қос арнасы бұрылып келіп тірелетін тұсқа тікті. Яғни бұл қалалардың барлығы өз дәуірінің алтын шаңырағы болды. Тарихты тереңірек қазып отыратын болсақ, бір әулеттің, бір хандар династиясының қайсысы үстемдікке ие болса, солар өз астанасын жасады. Аттарын шығару үшін қалаға көп мән берілді. Сондықтан да қай ханның қандай астанасы болғандығы тарихтан белгілі. Дегенмен ашығын айтатын болсақ, аталған астаналардың ешқайсысы да сол кездері бүкіл түркі жұртының басын қосып, ұлттық деңгейде түбі бір жұрттың басын біріктірген астана бола алған жоқ. Біз мұны ашық айтуымыз керек. Алайда Ұлы даладағы бір ғана астана қазақ халқына һәм бүкіл түркі жұртына қызмет етті, әлі де етіп келе жатыр, келешек тұғыры да берік. Ол – түркі жұртының киелісі Түркістан. «Ер түріктің бесігі болған Түркістан» біздің рухани астанамыз болды. Оның мәні жойылған жоқ. Дегенмен біз әлі күнге қазақ халқын біріктірудегі Түркістан шаһарының рөлін толық айтып та, жазып та біткен емеспіз. Қазақтың ұлттығын сақтап қалудағы Түркістанның маңызы ерекше. «Ат айналып қазығын табады» демекші, Алаш жұрты алмағайып заманда өзінің рухани астанасына қайта-қайта оралып отырды. Түркістанда Ту көтерді, бас біріктірді. Тағдырдың тәлкекті тұсында Түркістанда тізе бүгіп, Алаш баласы пәтуаласа алды. Қазақтың маңдайына біткен зиялылары, текті тұлғалары, асылзадаларының көпшілігінің сүйегі қасиетті Түркістанда жерленуі де соған біршама айғақ болса керек. Сондықтан да ұлы даладағы астаналардың ішінде Түркістан шаһарының алар орны ерекше демекшімін.
Ал кешегі Кеңес Одағы тұсындағы астаналар тарихы белгілі ғой. Алғашқы астана – Орынбор, одан кейін Ақмешіт, сосын Алматы. Бірақ бұл үшеуі де астана болып қала беруге географиялық тұрғыдан лайық емес еді. Мәселен, Орынбор қазақ даласының бір шетінде орналасқан. Кейін Ресейге жұтылып кетті. Қызылорда да, Алматы да шекарадан қашық емес. Жоғарыдағы талаптармен ұштастырсақ, елдің орталығында тұрған астана ғана ұлттық астана бола алатындығын тарих талай дәлелдеген. Өйткені елдің жүрек тұсында орналасқан астанада Тәуелсіздік рухы еш сөнбейді, еркіндік сезімі берік болып, шаһарға сырттан келіп шаңырағын шайқалту мүмкін болмайтын еді. Сондықтан да ылғи да ылдиға орналасқан астаналардың жолы болмай келді. Тек қана Тәуелсіздік жылында қазақ өз астанасын таңдап, орда тігуге бекінді. Ал сонау Алаш қайраткерлері тұсында да ұлттық Тәуелсіздікке ұмтылыс болғаны белгілі. Онда да бас шаһарға қатысты мәселелер болды. Сондағы ұлттық қайраткерлеріміздің мұраларын зерттесеңіз, астананың орталықта болуын олар да қатты құптаған. Тіпті ол кезде астанаға лайықты екі қаланың аты аталатын, оның біреуі Семей болса, екіншісі – Ақмола қаласы. Яғни Алаш зиялыларына Тәуелсіздік бұйырып, астананы таңдау мүмкіндігі туса, осы екі қаланың бірі астана болатыны сөзсіз еді. Өйткені екеуі де географиялық орталықта тұр әрі бұған дейінгі талаптарға сай келеді. Осылардың бәрін ойлай келе, астананың Ақмолаға ауысуын, шын мәнінде, тарихи маңызы аса зор оқиға деп бағалағанымыз жөн. Расында да, Астана арқылы қазақ халқы, шын мәнінде, кез келген елмен терезесі теңескенін сезінді. Тәуелсіз ел ретінде тізгінді өзіміз қолға ала отырып, еш қиындыққа қарамастан, астанамызды, оның ішінде сырттағы жат жұрт қызыға қарайтын Астананы сала алатынымызды әлемге паш етіп, он жылдың жүзінде-ақ дәлелдедік. Астана қазақ халқының, әлсіреп қалған, жұтаңданған, сөнуге тақаған рухын қайта тірілтіп, өзіне деген ұлттық сенімін қайтарып берді. Президенттің «Ұлттың беделін қалпына келтірдік. Қазақ баласы жердің иесі, сайын даладағы ұлы тарихтың мұрагері екенін, осы елдегі жақсыға да, жаманға да жауапкер екендігін енді сезінетін болады. Біз ұлттық рухты қастер тұтатын халықтық қалпымызға қайта оралдық» деуі – соның айғағы. Біз қазіргі күні Астанамен мақтанатын деңгейге жеттік қой, әлі талай толқын мұның маңызын айтып мақтанып отыратын болады.
– Сіз Астананың байырғы тұрғынысыз. астананы ауыстыратын мәселе көтерілген тұста өңірдегі жағдай қандай еді?
– Бұл Ақмола жұрты үшін ғана емес, бүкіл қазақ үшін маңызды оқиға екенін еске салғым келеді. Әйтсе де 1994 жылы 6 шілдеде Елбасы Жоғарғы Кеңесте мәселе қойғаннан бастап, астаналық талаптарға қазақ зиялыларының өзі кең ауқымда қарай алмады. Сол кездегі баспасөзді ақтаратын болсаңыз, Алматыдан астананы ауыстыруға үлкен қарсылықты көруге болады. Оның материалдық-экономикалық шығынға әкелетіні, әлеуметтік көтерем халге түскен халыққа соққы жасалатыны туралы мәлімдемелер дүркін-дүркін болды. Ақмоланы астанаға айналдыру үшін қаржылық қана емес, зор рухани, мәдени шаралар алдымен керек деген сылтаулар айтылды. Бас шаһарды көшіру біраз уақытты қажет ететінін алға тартып, сондықтан оны «ХХ ғасырдың табалдырығында емес, Қазақстан экономикасын дамытып алып, содан кейінгі ХХІ ғасырдың ішінде ойлану керек» деген мақалалар да шықты. Тіпті арзанқолдылыққа салып, өз өңіріне тартқылағандар да болды. Біреу Ұлытау деп ұрандады, екіншілері Бурабайға бұра тартқысы келді. Осының бәрі сол кезде-ақ «Неге біз ұлттық деңгейде ойлауға дайын емеспіз? Бастан көп қиындық өтті, бодандықтың бұғауы әлі санадан өшкен жоқ. Біреуге отар болудың зардабын жүрекпен де, ақылмен де сездік. Осындай халықтың зиялы қауымы бір жерден ұстауы керек еді ғой. Неге астанаға бола айтысып-тартысып жатырмыз?» деген қынжылыс болды. Ал орталық Қазақстан мен елдің теріскейіндегі жағдай да, мұндағы зиялы қауымның әңгімесі де ерекше еді. Мен 1971 жылдан Ақмола тұрғынымын. Орталық Қазақстандағы, шығыс пен солтүстік Қазақстандағы қазақ зиялылары Президенттің астананы Ақмолаға ауыстырудағы түпкі астарын, ең алдымен, сезіндік. Өйткені 90-жылдары Қазақстанның Тәуелсіздігіне, елінің, жерінің тұтастығына қатысты мәселе өте өткір болып тұр еді. Астыртын шаралардың көпшілігі теріскейдегі көршілердің Қазақ елін уыстан шығармау, ең құрығанда, «тыңы игерілген» жерлерді алып қалу туралы солженицындық пікірмен ұштасатын қозғалыстар қаптап кетті. Ресеймен одақта болуды құптайтын сондай бір топ «Қалалар одағы» деген ұйымды құрды. Ал оның жарғысын сол кездегі Целиноград облыстық кеңесі өз мәжілісінде бекітіп жіберді. «Қалалар одағының» қойып отырған талабы аса қауіпті еді! Біріншіден, олар былай дейді: «Жалпы, Қазақстан – өндірісті, индустриялық-техникалық дамуды игеретін ел емес. Сондықтан да Қазақстанның Теміртау, Өскемен, Қарағанды, Павлодар секілді өнеркәсіптік қалалары өзін-өзі басқара алмайды! Оларда жұмыс істеп тұрған зауыттардың барлығы жойылмас үшін, Қазақстанды экономикалық жағынан құтқарып қалу үшін тоғыз индустриялық қаланы Екатеринбург қаласындағы «Қалалар одағының» құрамына беру керек». Ал ұйымның шарты бойынша, Қазақстан олармен тек келісім ғана жасайды. Яғни «Қалалар одағы» ұйымы әлгі қалаларды басқарады, байланыстардың барлығын ұйым шешеді. Мінеки, бұл – қазақтың ұлттық Тәуелсіздігін көргісі келмейтіндердің жасаған айла-шарғылары ғана. Тәуелсіздігі енді ғана қолына тиген, ұлттық бюджеті қауқарсыз, құлдырауға жақын елді одан сайын құлатып, Тәуелсіздіктен айыру үшін бастағы қиындықты сылтауратып Қазақстанның өнеркәсіптік қалаларын Ресейге мәжбүрлеп қосу астары болды. Бірақ Целиноград облыстық кеңесінің мәжілісінде қабылданып кеткен осы қаулы аяғына жете алмай тынды. Мен сол кездегі «Егеменді Қазақстан» газетіне «Қазақтың сыртынан тон пішіп..» деген атпен үлкен мақала жаздым, мәселенің бәрін ашық айттым. Ұйымды дер кезінде тоқтатпасақ, зардабы қалай болатынын ашық жеткіздім. Кейін ұйым мені сол үшін сотқа берді. Екі жарым ай соттастық. Рухани қыспақтар да болды. Бірақ, ең бастысы, мемлекеттік органдардың назарын осыған аудара алдық. Ақыр аяғында Облыстық кеңестің «Қалалар одағын» тіркегені, олардың жарғысын мақұлдағанының баршасы қайта күшін жойды.
«Қалалар одағының» сыртында көптеген қоғамдық ұйым бірінен соң бірі құрылып, олардың біршамасы этникалық ұлтшылдық сипатта болды. Кейбіреулері астананың Ақмолаға ауысуына қарсы болып, «қазақтар Ақмоланы астана етіп үлгергенше, біз оларды автономиялық аудан етіп, соның астанасы жасаймыз» деп ұрандады. Облыстағы тұрғындар арасында қарсылығын білдіру үшін референдум өткізуге ұмтылғандары қаншама. Одан кейінгі кезеңде бес облыстың тың игерушілері: «Ақмоланы тыңгерлер түлетті, сондықтан да оның тағдырын тек қана тың игерушілер шешуі керек» деп қисайды. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» дегеннің керімен Ақмола іргесіндегі Степногор қаласының, қазіргі тілмен айтқанда, мәслихатшылары, яғни қаланың бетке ұстарлары дүрмекке қосыла кетті. Қалалық кеңестің депутаттары Степногордың Кеңес Одағы кезінен бері тікелей Мәскеуге бағынғандығын, сондықтан әлі де Мәскеуге бағынуды қалайтынын алға тартты. «Қазақстанның жарлығы да, үкімі де бізге жүрмейді, Степногор өзін-өзі билейтін қала болады» деп шіренді. Мінеки, мұның бәрі нені білдіреді? Тәуелсіздік қолға тигеннен бастап, орталық Қазақстанда, әсіресе Ақмоланың айналасында үлкен саяси шайқастар жүріп жатты. Қазіргі елдің біразы мұны білмеуі де мүмкін. Астананың Ақмолаға ауысуының мәнін толық түсіну үшін біз сол кезде осы өңірде іштей бұлқынып жатқан барлық оқиғаны терең танып, сараптап, зерделеуіміз керек еді. Сонда ғана біздің ұлттың зиялылары бұған бірауыздық танытар еді. Сол кездегі көпшілігі айтылмай, жарияланбай қалған саяси сілкіністерді түгел тәптіштеп шықсаңыз, астананы Ақмолаға ауыстырудың астарына толық баға бере алар едіңіз. Бізде осыны жете түсінбейтіндер сол кезде көп болған еді, әзір де толық жойылды деп айта алмаймыз.
Сондықтан да Мемлекет басшысы ел Тәуелсіздігін сақтап қалудың бірден-бір жолы астананы ауыстыру екендігіне толық көз жеткізді деп білемін. Екіншіден, ел ордасын ауыстыру Елбасыға үлкен сын болды. Өйткені егер астананы көшіру өзі ойлағандай болмай шығып, дұрыс жүзеге аспай қалса, оның зардабы тіпті де жаман болатын еді. Президент осыны түсіне отырып, тәуекелге барды. Мен Президенттің бұл қадамын саяси қайраткерлік батылдығы деп те, азаматтық тұлға ретіндегі батылдығы деп те есептеймін.
– Дегенмен мәселе көтерілген тұста Ақмола-Қараөткелдегі қазақ жұрты мұндай жаңалықты қалай қабылдады?
– «Ақмоланы Астанаға ауыстыру керек» деп Елбасы мәселе қойған кезде қалаға қарап тұрып ойланатынбыз. Әбден жүдеген, ешқандай да болашағы жоқ секілді еді. Іліп аларлық архитектуралық ғимараты болмады. Бұл қалай астана болмақ? Бір жағынан, қаланың 17 пайызы ғана қазақтар. Осы ат төбеліндей 17 пайыздың өзінде әртүрлі түсінік болды. Сол 17-нің біреуі кеше ыдыраған одақты жақтап «айқайласа», енді бірі «қарын тоқтығын ғана ойлап тыныш отырайық» дейді. Үшіншісі жүрекпен болса да Президенттің идеясын түсініп жүрген қазақ еді. Жалпы жұрт жүдеу тартып тұрған. Сауда-саттық құрып, өндіріс тоқтаған кез. Соған қарап тағы да ойланатынбыз: «Президент қалайша мынадай тың игерушілерден қалған ескі-құсқы қаланы астана етем дейді? Қолдан келе ме?» Дегенмен тәуекелді жақтадық. Президент идеясын терең түсінген қауым Құдайдан Н.Назарбаевтың тек осы ойынан айнып қалмауын тіледік. Тәуекелге барғанын қаладық. Қарсылықтардың ортасында жүрген өзге ұлттың қозғалыстары қарсы шықты, казак ұйымдары жұрт арасында үрейге толы парақшалар да таратты. Бұған қарсы шығып, біз де қатерге бас тіккендей едік. Осындай аласапыран кезінде Президенттің айтқаны болып, тілегеніміз келді. Астана Ақмолаға ауысатын болды. Бірақ жұртшылық бұған да жығыла сенбейтін тәрізді күйде жүрді. Ең ақыры 1996 жылғы күзде Президенттің штандарттары ресми түрде Астанаға әкелінді. Қазіргі қалалық әкімдіктің алдында соған орай үлкен жиын болып, штандарттардың Астанаға әкелуін жұрт мерекеледі. Мінеки, дәл сол күнге дейін Ақмола тұрғындары қаланың астана болғандығына шын көңілмен сенбей келгендей еді. Содан кейін барып толық сенім орнады. Мен сол жылдары облыстық телерадиокомпания төрағасының орынбасары қызметінде болатынмын. Кейіннен астана ауысқан соң, облыстық телевизия тарқап, біз Қазақстан телерадиокомпаниясының құрамына ендік. Соның Астанадағы бас директоры едім. Президент штандарттарының әкелінуіне орай ұйымдастырылған мерекеге операторымызды, журналисті жіберіп, жедел хабар әзірлейтін болып жатқанбыз. Алаңнан әкелінген бейнематериалдарды қарап отырып тебіреніп кеттім: бір ақсақал ағыл-тегіл жылайды. Сақалы жасқа шыланған оған қасындағы кейуана да қосылып еңкілдейді. Күннің суығына екеуі де қарамайды. Сосын журналисіміз сұхбаттаспақ болып: «Ақсақал, әже, неге жылап тұрсыздар?» деп сұрайды. Сөйтсек, әлгі ақсақал: «Мен осы күнге дейін астананың Алматыдан осы жерге келетініне сенбеп едім. Құдайдың көзі түзу екен, Астана орталыққа орнықты, арманым жоқ. Қазақтың мұңын Құдай естіпті. Менің елімнің бірлігі артатын болды, енді азаттыққа сызат түсірілмейді», – деп сұхбат беріп тұр. Осыны көрген адамның толқымай шыдап тұра алмасы тағы анық. Мінеки, Астана халқы елорданың оңтүстіктен Арқаға ауысуын осындай үлкен сезіммен, ыстық жүрекпен қабылдап, жылы шыраймен қарсы алды.
Алашқа айтар датым...
Қазақ халқының маңдайына біткен зор бақыт – Тәуелсіздік. Екіншіден, менің халқым – өте иманды, адамгершілігі жоғары ұлт. Елдің осындай пейілінің арқасында дамып келеміз. Үшіншіден, ұлан-ғайыр жеріміздің асты-үсті – байлық. Мұндай дәулет еш елде жоқ. Осындай ұлы бақытты біз дұрыс пайдаланып, бұдан әрі дұрыс дамытуға тиіспіз. Сол үш байлықты да ұлтқа қызмет ететін деңгейде бейімдеуіміз керек. Ол үшін мықты ұлттық идея керек. Бір кездері Астана да ұлттық идеяға айналды, тыныштық сақтау да ұлттық идея болды. Астананы салдық, тұрақтылық орнықты. Елдің ауқаты да жоғары. Ендеше, Тәуелсіздік ұсынған осындай жер байлығын, тұрақтылық байлығын, ең алдымен, қазақ ұлты терең сезінуіне жағдай жасау керек. Қазақ халқы осыны жақсы сезінбейінше, еліміздегі басқа ұлттар да көркейе алмайды. Біз ендігәрі өзіміздің жеткен жетістігіміздің барлығын қазақ халқының дәулетімен, қазақ халқының білімімен, қазақ халқының әл-ауқатымен өлшеуіміз керек. Алаштың кез келген азаматы осы мақсатқа жұмылса игі.