Әкімқаралар өнерге деген көзқарасын өзгертпейінше, іс алға баспайды

Әкімқаралар өнерге деген көзқарасын өзгертпейінше, іс алға баспайды

Аман ҚҰЛБАЕВ, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының проректоры, профессор, академик:

– Соңғы жылдардағы ұлттық мәде­ниет­тің даму даңғылы, бетбұрысы қа­лай?
– Қазақ өнерінің деңгей-дәрежесі қа­шан­­­нан биік, салмағы да саф алтындай. Оны жеткілікті дәрежеде көрсете алмай жүр­ген бар кінә өзімізде екені де рас. Тәуел­сіздіктің алғашқы жылдары ашық ақ­па­рат­тық кеңіс­тіктің әсерінен ұлттық тәлім-тәрбиеден қол үзіп қалдық. Сол кезде ше­тел­дердің небір зорлық-зомбылыққа толы фильмдері эфир­­лерді толтырып жатты. Әл-Фараби ба­бамыз «Тәрбиесіз берілген білім – адам­зат­тың қас жауы» деп бекер айтпаса керек. Рухани тәр­бие­нің дұрыс ұйым­дас­ты­рыл­ма­ғаны сал­да­рынан небір кесір-кесапатқа жол берілді. Баланың әкеге қарсы шығуы, келіннің енені соққыға жы­ғуы, түрлі зор­лық-қорлықтар үйреншікті жайтқа ай­нал­ды. Осының бәріне қарсы тұратын қазақтың ұлттық өнері мен ұлттық тәлім-тәрбиесі, салт-дәстүрі екені мәлім. Өнер мен тәрбие бар жерде тазалық бо­лады. Өнер-білім арқылы халық та сапа­ланады. Орыс пен ағыл­шынға еліктеп-солықтап жүрген қазақ­тың мәдениетін кім қорғайды? Жаһан­дануды желеулеткен ше­тел­дердің барлық жат қылықты кеселі мемлекетімізге батпандап кірді. Мәдениет пен әдебиеттің орнын лас дүниелер басты. Алып­сат­ар­лар­дың дәурені туды. Енді-енді эфирлерімізден қазақтың салт-дәстүрлері, ұлттық спорт­ы, дәстүрлі музыкасы беріле бастады. Қа­зір де ұлттық танымынан айы­рыл­ған жас­тар­ды тек шетелдің арзан, жыл­ты­рақ дүние­лері қызықтырады. Өзінің түп-тамыр діңгегінен ажыраған адам Отанын сатқан сатқынмен тең. «Ел іші – өнер кеніші» дейді. Небір мықты өнерпаздарымыздың шыққан жері – ауыл. Алтын бесік – ауылдың әлеу­мет­тік-материалдық ахуалы мен мә­де­ниетін көтеру басты назарда болғаны жөн. Қа­ра­ңыз­шы, қаланың 17-19 жастағы жас­өс­­пі­рім­дері қымбат көлік мініп жүреді. Ол қай­дан келген ақша? Қиыншылық көріп, маң­дай терімен табылмаған қаржының қадірі болмайды. Ондай адам басқалардың да мұқтаждығын сезінбейді. Тіпті үлкенге құр­мет, кішіге ізетті білмейді. Жемқорлық жазаланбай, билік тазаланбайды, яғни шек­пенділер ортасы да тазаланбасы ақи­қат. Ақша билеген заманда рухани аз­ғын­дық орын алады.
– Жас өнерпаздар қашан да қам­қор­лыққа, қолдауға зәру. Бізде мұндай та­ланттар қаншалықты қамқорлыққа алын­ған?
– Жас таланттарға неге қолдау жоқ? Шенеу­ніктердің театрға барғанын немесе жаңа жарық көрген көркем шығарманы талқылап пікір білдірген біреуін көріп пе едің? Рухани азық барлық адамға бірдей қажет. Театрларға бармаған тоғышар ақжа­ға­лылар өнер адамын өзінің той-тома­ла­ғы­на қызмет көрсетуші ретінде ғана қа­был­дай­ды. Әсіресе облыстық өнер қыз­­­мет­керлерінің мардымсыз қаржысы бала-шағасының айлық-шайлығына жет­пеген соң, той-томалақ жағалайтыны да жа­сырын емес. Сосын да болар, ірі басты аға буын азаматтарымыз «әртіс қандай об­раз сомдап жатыр?», «қандай өзекті мәселе көтерілуде?» деген сауалға бас қатырмайды. Эфирден түспейтін «жылтырақтарды» ар­тық балайды. Шын көркемөнерді көзбен кө­ріп, іштей сезінгенге не жетсін?.. Театрдың қай­да екенін білмейтін шенділер той-тома­лағы болғанда билігін пайдаланып, барлық әртістерді жинап алады. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген. Биікке көтерілгендер өзі шық­қан жерін ұмытпаса екен деймін. Бүгінгі күні жастардың әлеуметтік проб­ле­ма­лары қазақ өнеріне де тұсау болып тұр­ғаны анық.
– Тәлім-тәрбие мен білім – егіз ұғым. Елі­мізде өнер мен мәдениет ма­ман­­дық­тарына оқытудың, жалпы білім бе­­рудің сапасына көңіліңіз тола ма?
– Басқа ғылымдардың оқуы бөлек те, өнер­дің оқу әдіс-тәсілі бір бөлек. Қазір руха­ни ілім құрдымға кетіп барады. Жас тол­қын интернеттен дайын курстық жұ­мыс­тар мен дипломдық жұмыстарды көшіріп ала салады. Білікті оқытушылардың тап­шы­лы­ғы бір мәселе болса, жалақы жетіс­пеу­шілігі сылтауымен олардың бірнеше жерде жұмыс істеуі ғылым-білімнің ілгерлеуіне ке­дергі болып отыр. Олардың зерделі білім мен жүйелі зерттеулерге уақыты тапшы. Біздің студенттер адамның жан дүниесінің ішкі-сыртқы көрінісін бере білуі қажет. Ол үшін әртістік қабілеттен басқа, рухани білік-білімнің жоғары болуы міндет. Әрбір аза­мат­тың кәсіби шеберлігі жоғары болса, мем­лекет те дамиды. Қазір не көп, ғылым док­торы көп. Әкімдердің бәрі ғылым док­торы болып кетті. Олар шын ғалым болса, неге ғылым мен білімді қолдап-қор­ға­май­ды? Жемқорлық пен сыбайластық шынайы та­ланттарды алдыға бастырмайды. Ала­қан­дай ғана Люксембург мемлекеті қалай­ша жедел дамыды? Өйткені ондағы жұрт тек ақиқатты айтып үйренген екен. Өсіп-өр­кендеудің кілті адалдықта жатса керек. Жа­сырып-жасқау мен жағымпаздық жақ­сылыққа апармайды. 1,5 миллиард хал­қы бар қытайлар неге ұрлық-қарлықтан ада? Онда әрбір азамат тәртіпке жүгінеді, ол жүйе дүмді-дөкейлерге де ортақ...
– Қай өнер ордасына бара қалсаңыз да, алдымыздан Жүргенов акаде­мия­сының оқытушылары немесе сту­дент­те­рі шығады. Бұл да болса оқу орынның ұлт өнеріне үлкен үлес қосып отыр­ған­дығын білдірмей ме?
– Иә, бұған Аллаға шүкір дейміз. Деген­мен де оқу мен тәрбие жұмысында күрделі мәселелердің болуы – барлық оқу орынға ортақ жағдай. Бұрын бізде магистратура, док­торантура жоқ еді. Академияның рек­то­ры Арыстанбек Мұхамедиұлы өнердің әртүрлі саласы бойынша магистратура ашты. Шетел оқу орындарымен тұрақты бай­ланыс орнап, тәжірибе алмасу үрдісі бір ізге түсті. Әлемнің үздік уни­вер­си­тет­те­рі­нен профессорлар келіп, дәріс оқи бас­тады. Байланыс нығайып, талғамымыз өсу үстінде. Корея, Израиль, Ресей, Италия, Ұлы­британия, Түркия тағы басқа елдермен келі­сімшартқа отырған жайымыз бар. Оның бәрі, әлбетте, егемендігіміздің ар­қасы, болашақ өнер саңлағының өсуіне жан-жақты жол ашу дейміз...
– Қазақ өнері өзінің ұлттық нақышы мен өрнегін сақтап отыр ма? Кеңестік жүйе тұсындағы ұғым-түсініктерден арыла алдық па?
– Әр заманның өз бет-бейнесі, келбеті болады. Ол қандай болса да – тарих. Оны бір-ақ күнде өзгерте салу мүмкін емес. Кеңес өкіметінің тұсында қазақ үшін үлкен еңбек сіңірген тұлғалар бар. Оларды қалай ұмытамыз? Өнер туындысын анау замандікі, мынау замандікі деп алалауға болмайды. Сол туынды арқылы тарих көрініс табады. Бірақ біз ұлттық құндылықтарымызды толассыз насихаттай беруіміз қажет. Қазақы тәрбие отбасыдан, балабақшадан бас­тал­ғаны жөн. Әртіс өзінің бойында не бар, соны халыққа ұсынады. 1970 жылдары Лон­донда Шекспирдің «Асауға тұсауында» басты кейіпкерлерді сомдаған Шәкен Ай­манов пен Хадиша Бөкеева сияқты керемет тұлғалар қазақ өнерінің дәрежесі биік еке­нін дәлелдеп кетті. Ағылшын шығармасына қазақы ой-өріс, бояу, таным қосылып, ғаламат дүниеге айналды. Міне, осы үрдісті жалғастырып, өткен жылы ректорымыз Арыс­танбек Мұхамадиұлының бастауымен белгілі режиссер Оразхан Кенебайдың курсының студенттері Шекспирдің «Мак­бет» қойылымын сәтті қойып қайтты. Спек­такль көрермендер тарапынан жоғары ба­ғасын алды. Саф сұлу өнер ешбір ұлт пен ұлысты жатсынбайды.
– Тәлімгерлердің бойына ұлттық құн­ды­лықтардың дәнін егу жұмысын қа­лай жүзеге асырып жатырсыздар?
– Әр халықтың мәдениеті, салт-дәстүрі, тілі, мінез-құлқы, жүріс-тұрыс ерекшелігі бар. Театр өнеріндегі қазақтың сүбелі дү­ние­лерді тәлімгерлеріміздің бойына сіңі­рудеміз. Жақсы қасиеттер адамның бойына мысқылдап беріледі. Әртіс ән айту, күй тарту, би билеу, дұрыс сөйлей білу, адам психологиясын игеріп, иліктіру тәрізді сан алуан саладан жетік болуы шарт. Сахнада қысылып-қымтырылып өзін-өзі дұрыс ұстай білмесе, есте сақтау қабілеті нашар болса, ол да өнерпазды орға жығады. Біз­дің дайындайтынымыз – көзге көрінбейтін мамандық емес, олар үнемі халықтың ал­дын­да жүреді. Сондықтан таныс-тамырдың көмегімен оқуға түсушілер көп ұзамай өздері-ақ қаша жөнеледі. Себебі қызы­ғу­шы­лық бір бөлек те, өнерді жан-тәнімен жақ­сы көру бір бөлек. Өнер базар емес, онда шынайы бәсекелестік бар. Бір басты рөлге екі-үш адам таласып жатады. Кімнің шеберлігі артық, сол жеңіске жетеді. Есе­сіне, бәсекелестіктен өнер өркендейді. Қым-қуыт тартыс әртістерді де шыңдайды. Тек рухы мықты күрескерлер ғана өнер ала­ңындағы аламан шайқаста аман қал­мақ. Бір қойылымды қанша режиссер бол­са, сонша түрлентіп қоя береді. Ал әртіс со­ның бәрінен өзіне керек рухани нәрді өз бойына жинап отырады. Студенттеріміз бен оқытушыларымыз таңның атысымен білім ошағына келіп, күн батырып барып бір-ақ кетеді. Біздің тәлімгерлер жақын маңда Анкара, Лондон, Мәскеу сияқты әлем­нің алпауыт қалаларында болып, қойылым қойып қайтты. Кейбір бала­ла­ры­мыз шетелдерде оқып келіп жатыр. Басқа елдер өнерге келгенде ішкен асын жерге қояды. Қаржыдан қысылып жатқан бірін бай­қамадым. Оларға жан-жақты көмек көрсетіледі. Ондағылар бүгінгі студент жастардың ертеңгі өнер тұлғалары екенін жақсы түсінеді. Бір реттік концерт емес, үлкен жобалар мен нәтижелі істерге арқау болып жатады. Ал бізде болса, «тыныс-тіршіліктерін қалай, қандай мәселелерің бар?» деп, өнер ордаларына бас сұғатын атқамінерлер жоққа тән. Академияда Асанәлі Әшімов, Бибігүл Төлегенова, Рама­зан Бапов, Ескен Сергебаев, Маман Бай­сер­кеұлы, Есмұқан Обаев, Нұрғали Нүсіп­жан, Тұңғышбай Жаманқұлов, Әшірбек Сы­ғай, Гүлдана Сапарғалиева, Болат Ата­баев, Нұрқанат Жақыпбай сынды көптеген қазақ­тың біртума перзенті дәріс береді. Мі­не, осындай білім ордасынан шала сауат­­ты, біліктілігі мен білімі төмен маман шы­ғуы мүмкін емес. «Ұстазы мықтының ұс­тамы мық­ты» деп бекер айтылмаса керек.
– Ресейде театрға деген құштар­лық­тың шексіздігі сонша – театр билеті ең құнды сыйлыққа баланатын көрі­не­ді. Ел-жұрты бір-бірінен «жаңа қойы­лым­­ды көрдің бе?» деп емес, бірден «көр­­кем­дік дәрежесі қандай екен?» деп сұрап жатады екен...
– Рас, ондағы қарапайым көрер­мен­дер­дің талғамы театр сыншысынан кем соқ­пайды. Әр театрдың өз көрермені қа­лып­­тасқан. Мәскеу сияқты алып ша­һар­лар­да тек орыс тіліндегі отыздан астам үлкен театр болса, соның қай-қайсысында да адам лық толып, билет жетпей қалып жа­татыны аян. Қойылымды әрбір көрген сайын образ­дар­дың жан түкпіріне үңіле түсеміз, терең бой­лап, жаңа қырынан тани бастаймыз ғой. Алдыңғы қатарларда әр әртісті бүге-шіге­сі­не дейін жатқа білетін театр жанашырлары отырады. Бізде театр­дан бір көрген адамды келесі жолы кез­дес­тіре бермейміз. Ондай дәрежеге кө­те­рі­луі­міз үшін көп жұмыс жасалуы тиіс. Театрдың жан-жақты наси­хат­талуын ұйым­дас­ты­р­ға­ны­мыз абзал. Театр ұлтты тәрбиелейді. Өйт­кені сөздің мәнері мен мазмұнын, қазақы сарыны мен бояуын театрдан ғана та­ба­мыз.
– Аймақтардағы театр ахуалының төмендігін айтып қалдыңыз...
– Шыны керек, облыстық театрлардың қызметкерлері ең төменгі жалақы алады. Театр сыншысы деген атымен жоқ. Режис­сер­лер жетіспеушілігі әу бастан орын алған. Әлі күнге дейін екі-үш адамға қойылым қойып беріп отыратындары да бар. Ай­ты­ңыз­шы, мұндай сүреңсіз жағдайда өнер қай­тіп дамиды?
– Оған кімдер кінәлі?
– Облыстағы театрлар сол аймақтағы әкім­дерге қарайды. Ең бірінші, әкімқаралар өнерге деген көзқарасын оң бағытта өзгертпей, іс алға баспайды. Ал Мәдениет министрлігі облыстың театрлар мен өнер ошақтары бізге тиесілі емес деп енжарлық танытады. Мәдениет деген – үлкен ұғым, бүтін кәсіби сала деп қарасақ, облыстағы театрларға «жетім баланың» күйін кештіру жөн бе?
– Кейде ұлтымыздың шынайы да­рын­ды тұлғаларын елеп-ескермей, көз­ге жиі түсетіндерін ғана қолпаштап кететін тәріздіміз...
– Талантты адамдарды танып, оларды халыққа көрсете білудің өзі –үлкен өнер. Мәселен, Асқар Сүлейменов қандай біл­ім­ді, талантты адам еді. Бірақ оны көзі ті­рі­сін­де кім жазды? Сол сияқты Нұрмұқан Жан­тө­ринді, Ыдырыс Ноғайбаевты қазіргі жас­тар біле ме? Әлі күнге дейін олардың толық бейне-болмысын аша алған жоқпыз. Асқар Тоқпановтың жан-жақтылығы, ой ұшқырлығы ғажап болатын. Тіпті Сәкен Сей­фуллиннің тұлғасын сахнада бере алдық па? Тек оның «Қызыл сұңқарлар», «Тар жол, тайғақ кешу» сияқты жазған шы­ғар­малары ғана сахналанып жүр. Ахмет Бай­тұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіровтер ше? Олардың бізге шығармалары қажет те, өздерінің ке­регі жоқ па? Шындап қолға алынса, алын­байтын қамал бар ма? Жазушы-дра­ма­тург­тер мен режиссерлерге жақсы ақша тө­леніп, мемлекеттен қомақты қаражат бөлінсе, қанеки? Елімізде осы мәселелермен айналысатын арнайы мекеме бар ма?
– Оқу орындарыңызда ұлттық ән-күй кафедралары ашылған екен. Төл өне­рі­мізге деген құлшыныс артқандай ма, қалай?
– Кезінде бет әрлеушілердің жоғары бі­лім­ді кәсіби маманын тек Мәскеу мен Ял­тада ғана әзірлейтін. Небір ұлылардың гри­мін Виктор Щербаков деген кісіні ша­қырып, бет әрлеушілердің арнайы кур­сын өмірге әкелдік. Ұлттық музыкамыздың өкіл­дерінің көбінде жоғары білімі болмады. Жү­сіпбек Елебеков атындағы Эстрада және цирк колледжін, Чайковский атындағы Ал­маты музыкалық колледжін бітіргендердің бәрі консерваторияға түсуге мүмкіндік ала бермейді. Ұлттық өнеріміз өркендеп, қана­тын кеңге жайса деген ниеттен ұлттық ән мен күйдің кафедрасы дүниеге келді. Сол сияқты университет басшыларының баста­масымен эстрададан, жеке ән салудан да кафедралар іске қосылды. Кино мен теле­дидар, цирк режиссерлері де елімізде қат мамандықтар қатарында болатын. Бізде қуыршақ театрының мамандары мен әртіс­тері әлі де жетіспейді. Жүргенов академиясы осындай олқылықтардың орнын толтыруға қадам жасап, өнердің сан тарауынан кәсіби қызметкерлер әзірлеуде. Ал қабылдау грант­тары өте аз.
– Театрдың жас әртістері қазақ тілінің әуезін дұрыс игермеген дегенге қалай қарайсыз?
– Мәдени әлемнің қайнаған қазанына енді қосылып жатқан жас буын қай кезеңде дүниеге келді? Жоғарыда айтып өткенімдей, олар – егемендіктің алғашқы қиын-қыстау тұсының, яғни халықтың ұрпақ тәрбиесін ой­лаудан бұрын қара бастың қамын ойла­ған шақтың жемісі. Қазақтың әдемі әуезді дыбысына, көркем сөзіне мән беретін мұр­шамыз болмады. Небір асыл қасиет­терімізден қол үзіп қалдық. Дұрыс сөйлей білу, жағымды мінез-құлық әуелі отба­сы­дан, балабақша мен мектептен, өскен ор­та­сынан басталады, сосын барып оқу орын­дар әрмен қарай жетілдіреді. Бұрын балалардың құлағына ата-әжелеріміз ор­фоэпиялық заңдылықтарды неше түрлі аңыздар мен ертегілер, жыр-дастандар, жа­ңыл­т­паш сияқты ауыз әдебиетінің фоль­к­лорымен-ақ сіңіріп тастайтын. Отар­шыл­дар кесірінен одан да айырылып қалдық. Қазақша әріптерді бұрап сөйлеуде театр әртістерін эстрада әншілері мен теле­жүр­гі­зушілер жолда қалдырады. Бұрын жүргізуші бірнеше көркемдік кеңестің сынынан өтіп барып эфирге шығуға мүмкіндік алатын. Қазір дұрыс сөйлеу былай тұрсын, эсте­ти­калық талғамы төмен, киінуі, боянуы ба­тыс­қа еліктеген, тіпті басын тақырлап алған қыздарымыз бағдарлама жүргізеді. Құй­рық-жалы күзелген, кім екеніміз белгісіз халге жеттік. Бұрын Шерхан Мұртаза ақса­қал басқарған басты телеарнамыз «Қазақ­станның» қазақылығы мықты еді. Тізгін­ші­лердің қазақша оюланған киімі, өзін-өзі ұстауы, сөйлеу мәнері ұлттығымыздан хабар беретін.
– Жекеменшік театрлар бәсеке­лес­тік­ті арттыратыны даусыз. Алайда ұлт­тық театрларымыздың өзі қалт-құлт етіп отыр­ған біздің қоғамымызда же­ке­­мен­шік театрлардың болашағы бар деп ойлайсыз ба?
– Жекеменшік театрлардың неғұрлым көп болғаны жақсы. Содан әртүрлі өнердің бағыттары, мектептері қалыптасады. Жас әртістер өз шығармашылықтарын шыңдап, жемісті еңбек етуге жол ашылады. Болат Атабаев тұңғыш болып «Ақ сарай» жеке­меншік театрын ашты. Бұл эксприменттік театр­дың бастапқы қарқыны бәрімізді қуантты. Халықты жаңа сападағы қойы­лым­дармен қауыштырды. Алайда кейін қолдау болмаған соң, құлдырай бастады. Енді қайтеді? Не арнайы ғимараты жоқ, не тұрақты әртістерге жалақы жоқ. Қаз-қаз басқан жобаларды дер кезінде қолдауға келгенде сараңдық танытатынымыз өкініш­ті-ақ. Бұл – «мұсылмандық кімде жоқ, тілде бар да, ділде жоқтың» дәл өзі...

Алашқа айтар датым...
Ел-жұртымыздың болашағы жарқын болуы үшін салт-дәстүр мен ұлттық тәрбие басты орында тұруы керек. Сосын тынымсыз ізденіс пен еңбексіз ешқандай нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Әлбетте, денсаулық пен әлеуметтік ахуалдың оқу-білімге әсірі мол. Ой тәрбиесі мен дене тәрбиесін қатар жүргізген абзал. Әрине, келеңсіздіктер де көп. Әйткенмен, оқимын деген жастарға жағдай да жасалуда. Оған Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жастарға деген қамқорлығы – осы сөздерімнің айғағы.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста