Асылы Осман, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі, филология ғылымының кандидаты:
– «Гендерлік саясат» деген бізге қайдан келді? Сонда бізде осы уақытқа дейін әйел теңдігі болмаған ба? Сіздің әйел ретінде осы саясатқа көзқарасыңыз қандай?
– Батыстан құлағы көрінген нәрсенің бәрін зерделемей, ұлттық болмысымызға, ұлттық менталитетімізге, ұлттық мүддемізге сай ма – оның анық-қанығына бармай, көшіріп ала береміз. Біз қай нәрсені алсақ та, ең басты мақсатымыз қоғамдық, ұлттық мүдде болуы керек. Батыстан келгеннің бәрі бақ болмайды. Гендерлік саясат бұл әйел теңдігі емес, аты айтып тұрғандай, бұл – саясат. Ал кез келген саясаттың артында қандай да бір мүдде болатыны анық. Бұл – өзінің билікқұмарлығын саясаттың көлеңкесіне жасырғысы келетін әйелдердің саясаты. Өкінішке қарай, кейбір әйелдеріміз бұл саясаттың төркінін түсінбей жүр. Олардың түсінігінде гендерлік саясат – билікке, саясатқа араласу. Гендерлік саясаттың қазақ әйелдеріне, ұлтқа берері жоқ. Әйел теңдігін биік ұстаған, әйелді ұлықтаған, аялап алақанына салған қазақтай ұлт болған емес және болмайды да. Қазақ – қызға төрден орын берген халық. Жан-тәнімен, бүкіл болмысымен, рухымен, тілімен қазақ, ұлттың салт-дәстүрін, тарихын білетін, ұлттық тәрбие алған қазақ әйеліне мұндай саясаттың қажеті жоқ. Бұл саясатты қолдап жүргендер – ұлтын сыйламайтын орыстанғандар. Ең бірінші, әйел отбасында саясаткер болуы керек.
– «Әйелдің отбасындағы саясаткерлігі» дегенде, нені жіктеп айтар едіңіз? Сонда қазақ әйелдері мемлекеттік саясатқа, билікке араласпауы керек пе?
– Жүгірген аң да, ұшқан құс та тіршілік үшін күреседі. Адам баласы да солай. Әйел басты міндеті – бала тәрбиесінен артылып жатса, саясатпен де, ғылыммен де айналыссын, билікке де аралассын. Бірақ оның бала тәрбиесін екінші кезекке қоюына қарсымын. Әйелдің отбасындағы саясаткерлігінің рөлі шексіз. Саясат – бұл тетік. Ал әйел отбасылық саясаттың тетігін дұрыс басқаруы керек. «Еркекті ер қылатын да, ез қылатын да – әйел» деп қазақ текке айтпаған. Әр кезде де хан да, қара да әйелімен кеңескен. Қазақ әйелі сырт көзбен қарап, азаматының кемшілігін байыппен айтып жеткізе білген. Балаға әкесінің әрбір игі ісін дәріптеп, «әкеңе айтамын» деген бір ауыз сөзбен баланы тәртіпке шақырып, әкенің бала тәрбиесіндегі, отбасындағы орнын биікке көтерген. Ал бүгінгі әйелдер азаматының кемшілігін жаймен айтып жеткізбейді, оның бетіне басады. «Бұл – азаматын сыйламау, отбасындағы саяси сауатсыздық» дер едім. Егер де қазақ әйелдері отбасындағы саясатты дұрыс жүргізсе, жетім балалар да, үйлене сала ажырасу да болмас еді. Әйелдің міндеті тірлік қуу, билік қуу емес, әйелдің міндеті – бала тәрбиелеу. Ананың дұрыс тәрбиесін алған қыз ар-намысын аяққа таптап, өмірге некесіз сәби әкелмейді. Кейбір аналар жаңа үйленген отбасының ажырасуына себепкер болып жататыны – ащы шындық. Жастарды сабырға шақырудың орнына «менің қызымдікі дұрыс, менің ұлымдікі дұрыс» деп ортаға от салады. Отбасындағы саясаткерлігі мықты аналар өзгенің кемшілігін іздемей, өз перзентінің кемшілігін айтып түсіндіріп, ақылға шақырады. Құда-құдағимен жауласпайды, елдеседі. Туған-туыстың ортасына дәнекер болатын да – әйел. «Сенің туысың ондай, менің туысым мұндай» деп туысқанның ортасына жік салатын әйелдер аз емес. Отбасындағы мұндай саясатты көріп өскен қыз да, келін де ертеңгі күні өз отбасында осындай саясатты жалғастыруы әбден мүмкін. Сондықтан әрбір қазақ әйелі мінез-құлқымен, іс-әрекетімен келешек ұрпаққа үлгі болуы керек.
– Қазіргі кезде отбасындағы бала тәрбиесі ақсап тұр, мұның себебі неде деп ойлайсыз? Гендерлік саясаттың бала тәрбиесіне кері ықпалы бар ма?
– Қазақ отбасындағы ұлттық тәрбиенің жоғалуы – сонау 1860 жылдардан басталған Ресейдің орыстандыру саясатының салдары. Орыстандыру саясаты ұлттық болмысымызды күйретті. Ал гендерлік саясат – соның жаңарған формадағы жалғасы. Тәуелсіздік алғанымызға 17 жылдан асса да, ұлт болып ұйымай отырмыз. Ұлттығымызды тіктемей, ұлттық тәрбиемізді тіктей алмаймыз. Гендерлік саясат бала тәрбиесіне де, демографиялық ахуалға да тікелей кері әсерін тигізеді. Қазіргі кезде қыздарымыз «карьера» қуып, тұрмысқа шықпайды немесе тұрмысқа шыққан күннің өзінде «бала – аяққа тұсау» деп бала таппайды. Кейбір қыздарымыз отбасы құрғысы келмей, құпия жолмен бала тауып алып, жалғызбасты аналардың санын көбейтуде. Әкенің қатаң мінезін көрмей, отбасында жеке өскен бала тәрбиесінде олқылықтың орны көрініп-ақ тұрады. Ал отбасын құрып, бала тапқан кейбір аналар бала тәрбиесін бөгде адамдарға тапсырып қойып отыр. Баланы өз анасындай түсініп, сезініп жақсы көретін жан жоқ. Жай ғана қарапайым мысал, екі сәби ойнап жүріп құлап қалса, бөтен балаға жанашырлық білдіресіз, ал өз балаңыз үшін жаныңыз ауырады. Бұл – табиғат заңы. Өйткені ана мен бала – бір бүтін. Баланы анадан туылғанда кіндігін кесіп ажыратып алады, бірақ бұл ажырасу сол сәтте-ақ ана сүті арқылы қайта жалғасады. Өкінішке қарай, ана мен баланың қайта жалғасуы кейінгі кезде жиі үзіліп кетіп жатыр. Осыдан келіп бала мен ана арасында мейір болмай барады.
– Гендерлік саясатты кейбір әйелдер отбасында «ыдыс-аяқты бір күн сен, бір күн мен жууым керек» деп түсінеді. Ерлеріне «менің табысым сенің табысыңнан көп» дегенді алға тартатын әйелдер жоқ емес. Осы саясат еркек пен әйелдің отбасындағы кикілжіңінің басты себебінің бірі болып жүрген жоқ па?
– Әйелдер тек ерлеріне ғана емес, табиғатқа да, жаратушыға да қарсы шығып жатыр. Қатты айтсам, кешірсін. Бірақ шындық – осы. Шынында да, «күйеуім ыдыс-аяқты кезектесіп жумады» деп ажырасуға арызданып жатқандар да бар. «Бала туылғаннан кейін әйелдерге берілетін декреттік демалыс еркектерге де берілсін» деп ұсыныс көтеріп жүргендерді көзіміз көріп жүр. Бұған не айтуға болады? Айналайындар-ау, ал еркек декреттік демалыс алып отырсын, ол қалай емізеді? Мұны түсіну үшін көп ақылдың да керегі жоқ қой, осыған ақылы жетпеген әйелден не күтуге болады? Өз мүддесін құрсағынан шыққан баласынан артық көрген анадан не үміт, не қайыр? Бүгінде «еркектер декреттік демалыс алып отырсын» деушілер ертең «бір баланы әйел тапса, бір баланы еркек тапсын» деуден де тайынбайды. Ең болмағанда, Құдайдан қорықсашы. Ал табысқа келер болсақ, әйелдің «күйеуімнен артық табамын» деуі – әйелдің ақылсыздығы. Ақылды әйел ер-азаматтың тапқанын ұқсатып, отбасын ұйытып отырады.
– Әйелдердің гендерлік саясатты қолдап құлшынуына мемлекеттік саясат ықпал жасап отырған жоқ па?
– Саясаттың бәрі де бір-бірімен ұштасып жатқан дүние ғой. Әрине, мемлекеттік саясаттың да ықпалы бар. Бірақ Үкімет әйелдерге «отбасымен, бала тәрбиесімен айналыспа, билікке, саясатқа аралас» деп зорлап отырған жоқ қой. «Ана мен баланы қорғау туралы» заңда ананың басты міндеті бала тәрбиесі екендігі анық жазылып қойған. Балаларыңды кәмелет жасқа жеткізіп, бала тәрбиесіне алаңдамайтын кезден бастап саясатқа аралассаң да, көштен қалмайсың.
– Қазіргі кезде спирттік ішімдік ішетін, темекі тартатын қыз-келіншектердің қатары өсіп келеді. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?
– Қыз-келіншектердің арақ ішіп, темекі тартуы – бұл қасірет. Өйткені мұның бәрі балаға беріледі, соның салдарынан ұрпақ уланады. Бұл індет бұрын ерлерді, енді қыз-келіншектерді баурап алды. Бұдан құтылудың бір жолы – имандылық. Кейінгі уақытта байқап жүргенім – ер-азаматтардың қатарында имандылыққа бет бұрып, арақ ішуден бой тасалағандардың көбейгендігі. Өкінішке қарай, қыз-келіншектер Батыстан ескен желдің ығынан шыға алмай жүр. Тіпті мешітке шалбармен, кіндігі көрініп тұратын ашық-шашық киіммен барады. Бірінің басында орамалы болса, бірінің шашы желбіреп мешітке кіре береді. Тек мешітке бару имандылық емес. Имандылықты жүрекке ұялату керек. Кейбір қысқа ойлы қыз-келіншектер «еркектерден қаламыз ба, біздің еркектерден қай жеріміз кем» деп, індетке ұрынып жүр. Қанша тыраштанғанмен, еркек бола алмайсың. Әйел болудың, ана болудың Алла сыйлаған бақыт екенін қыз-келіншектеріміз қашан ұғынар екен? Ақылмен ойлаған адамға «жәннат – ананың табанының астында» деген бір ауыз сөз анадан ұлы жан жоқ екендігін ұқтырмай ма?!
– Бүгінгі қыздардың киім киісіне, жүріс-тұрысына көңіліңіз тола ма?
– Е, күрсінбеске амал жоқ, қолдан келер шара жоқ. Шіркін, бұрынғы өз орнын, жөн-жосықты білетін, қайсарлығы шыңдалған қазақ қыздары қандай болды! Әріге бармай-ақ, кешегі Ұлы Отан соғысында екі бірдей қазақ қызының Кеңес Одағының батыры атағын алуы – бұл қазақ қыздарының үлгісі. Бүгінгі қыздардың киім киісіне де, жүріс-тұрысына да көңілім толмайды. Біреуі кіндігін жалаңаштап алса, екіншісі тылтитып қысқа юбка киіп алады. Оларға қарап отырып, «ата-аналары мынадай киім киюіне неге тыйым салмайды екен» деп ойлаймын. Шынында да, ата-аналар қайда қарап отыр? Жандарым-ау, ертең бұл қыздардың денсаулығы қалай болады? Бүгін тәрбиені қолға алмасақ, ертең кеш қаламыз. Бұлай киім киюдің, жүріс-тұрыстың дұрыс емес екендігін жастардың санасына сіңіруіміз керек. Бала қанша дарынды, қанша білімді болғанмен, санасыз болса, ол – қайғы. Қазақ «қора тола мал бер, бесік тола бала бер, ол балаға сана бер, сана бермесең, ала бер» дейді. Көрдіңіз бе, «санасыз бала керек емес» деп отыр. Тілегім – Алла жастарымызға сана берсе екен.
– Бүгінгі Батыстың беріп отырған алдыңғы қатарлы технологиясын, сапалы білімін жоққа шығара алмаймыз. Сіздің ойыңызша, батыстық тәрбие қазақ жастарына қажет пе?
– Қазақ жастарына батыстық тәрбиенің керегі жоқ. Иә, біз Батыстың үздік, алдыңғы қатарлы технологиясын, сапалы білімін өз мүддемізге пайдалануымыз керек, бірақ тәрбиесінің қажеті жоқ. Керек болса, тәрбиені бізден үйренсін. Қазір солай болып та жатыр. Ұлттық тәрбиенің қадіріне жете алмай отырған – өзіміз. Сол Батысыңыз да, Америкаңыз да қазақтың тегін зерттеп жатыр. Бұл тектен-тек емес.
ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап перзентханада босанған әйелдің баласын үш күнге дейін бауырына бермейтін. Бұл ана мен баланың арасындағы табиғи байланысты үзді. Бүгінгі күні америкалық ғалымдар «бала туылысымен ананың уызымен ауыздануы керек» деп «жаңалық ашыпты». Бұл ешқандай да жаңалық емес, мұны олар қазақтан біліп, үйреніп жүр. Қазақ қазақ болғалы бері жаңа туған баланы анасының бауырына салып, ананың уызымен ауыздандырған. Қазақтың әлсіз баланы «туғанда уызға жарымаған» деуі де осыдан қалған. Біз өзіміздің жақсылығымызды уағыздамай, өзгенің былығын уағыздаймыз. «Үстіңе екі шелек суық су құй» дегенше, қымыздың, шұбаттың қасиетін неге уағыздамаймыз? Қолда бардың қадіріне жете алмай отырғанымыз өкінішті.
– Асылы апай, әңгімеңізден байқап отырғанымыз, гендерлік саясатты мүлде жақтамайды екенсіз. «Әйелдердің құқығын шектеп отырмын-ау» деп ойламайсыз ба?
– Жоқ. Мен әйелдердің құқығын шектеп отырған жоқпын, керісінше, әйелдердің құқығын жақтап отырмын. Біздің әйелдерімізге неше түрлі саясатты, идеяны, идеологияны тыққылап, Алла нәсіп еткен әйел бақытын, ана бақытын сезінуден мақұрым етіп жүр. Әйел бойындағы аналық инстинкті әйелге қамқорлық жасаушы болып көрініп, тұншықтырып келеді. Мені әйелдер 100 пайыз қолдайтын шығар деп ойлаймын. Әрбір әйел ана болғысы келеді, ал әрбір ана баласының бақытты болғанын қалайды және осы арқылы өзі бақыт құшады. Ал мына саясат оған кереғар.
«Үш тұғырлы тіл» демей, қазақ тілінің мәртебесін көтерсек. Тіл ұлттың тұғыры екенін бір сәтке де ұмытуға болмайды. Тіл құрыған күні ұлт құриды.
Ұмытылмас оқиға
Ең алғаш еліміздің тәуелсіздігі жарияланған күні Алматыда Республика алаңында трибунада бірнеше адам тұрғанбыз. «Қазақстан тәуелсіз ел болды» дегенде, дәл қасымда тұрған түрік жігітінің егіл-тегіл жылағанына куә болдым. Түбі бір түркі халқы үшін қуаныштан жылағанын ұқтым. Көктен жауып тұрған жаңбырмен қоса, менің де көзімнен жас төгілді. Жауып тұрған жаңбырды «Алланың нұры» деп қабылдап, «тәуелсіздігімізді көкте – Құдай, жерде халық қолдап тұр» деп жаратқанға шүкіршілік еттім. Ата түріктің айтқан сөзі бар: «Дүниедегі ең қымбаты – еркіндік, теңдік. Халыққа қызмет етуге болады, қожалық етуге болмайды». Тілегім – тәуелсіздігімізді қастерлейік.