Адам парасатын – отырған креслосымен, беделін байлығымен өлшейтін халге жеттік

Адам парасатын – отырған креслосымен, беделін байлығымен өлшейтін халге жеттік

Алтай ТАЙЖАНОВ, философия ғылымының докторы, профессор, ҚР Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі:

– Алтай Тайжанұлы, қалай ойлайсыз біз Тәуелсіздіктің шынайы мәнін қалай түсініп жүрміз? Сіздіңше, тарихи санасы қалыптасқан тәуелсіз ел азаматтарының басты ерекшеліктері неде?
– Қазақ халқының ұлттық санасы мен жан дүниесін мазалаған түйткілді ойы ұлттық, һәм мемлекеттік тәуелсіздік еді. Дүниежүзінде халқының саны жөнінен бізден бірнеше есе көп ұлттар мен ұлыстар бар, бірақ олардың егемен, тәуелсіз мемлекеттері жоқ. Бұл тұрғыдан алғанда тәуелсіздікке балама жоқ, ендігі мақсат – Қазақстан – 2050» страте­гия­сында айтылғандай, Тәуелсіздігімізді баянды ету. Қазіргі жаһандану заманында өзінің ұлттық бірегейлігін терең ұғынған, соған орай қимылдайтын халық қана алпауыт мемлекет­тердің жемсауында кетпей, тарих сахнасында сақталып қала алады. Алайда біз әлі де болса көптеген салаларда үйренуші, өзгелердің істегендерін қайталаушы жағдайында жүрміз. Енді бізге белгілі орыс тарихшысы Карамзин­нің «өзгенің ақылымен ақылды бола алмай­сың, өзгенің даңқымен даңқты бола алмай­сың» деген жанды сөзін ескере отырып, ал­­дағы уақыттарда өз ақылымыз, өз даң­қымыз өзімізге жететінін де шамалап, өз межемізге өзіміз ұмтылғанымыз жөн. Тәуелсіздіктің ұлттық болмысты қалыптаудың, ұлттық рухты көтерудің, ұлттың тарихи санасын қалыптастырудың маңызды факторы ретінде насихатталуы әлі де болса қажетті деңгейге көтерілмей келеді. Осы орайда Мұстафа Шоқайдың «ұлттық рухсыз, ұлттық намыссыз ұлт тәуелсіздігі болмайды» деген өсиетін еске сала кетсек артық болмас.
Ұлттың тарихи санасы дегеніміз – күрделі феномен. Оның қалыптасуында, дамып жетілуінде мемлекеттің рөлі ерекше. Жеке адам да, ұлт та ұзақ уақыт тәрбиеден өту арқылы өз бойына ұлтжандылық, ізгілік, басқа ұлттармен бейбіт қатынаста өмір сүруге бейімделу секілді қасиеттерді жинақтайды, ұрпақтарының бойына дарытады. Не бол­маса, ұлтсыздану үдерісіне жол беріліп, кеңестік интернационализм кезіндегідей ұлт­ты ұйыстыратын ұйытқыларды жоғалту мақ­сатын көздеген саясат жүргізіледі. Ашар­шылық, соғыс, індет, қуғын-сүргін секілді зұл­маттар қоғамның кемел тұлға­ларының түбіне жетті, аман қалғандардың өздерінің рухани дүниесін жұтатты, қандай да жол­дармен, әртүрлі сорақы әдістермен өзін-өзі қорғау, жан сақтау инстинктін дамытты, сөйтіп, оларды «өз ұлтым», «өзге ұлт» дегенге үйрететін дербес ұлттық санасынан ажы­ратып, өзіндік өмір сүру әліппесінен айырды, мәңгүрттену үдерісі жалпыхалықтық сипат алды. Құлдық психология – қазақтарға ұзаққа созылған отарлық саясат, кейін ке­ңестік дәуір дарытқан ең сорақы, ең зұлым, ең қасіретті құбылыс. Бұл ұлт санасының терең дағдарысқа ұшырауына, ұлттық на­мыстан жұрдай болуға алып келді. Осыдан келіп, ұлттық тарихи санасы тұтаспаған ұрпақ пенделіктің небір түрлеріне барып ұлт беделін түсірді, мазақ бола жүріп мақтан қуды, дақпыртқа, даңғазаға қосылды. Өз дамуында алға кеткен халықтың озық жетістіктерінен саналы түрде үйренудің ор­нына, Абайша айтсақ, «өзгеге жатып жастық, жайылып төсек болып, жалпақ­шешейлік танытты», билік басындағылардың алдында табынды. Сөйтіп, саналы адами, рухты, ұлттық болмысы бар азаматтар сиреді. Бұл үдеріс әлі тоқтар емес. Тәуелсіз ел азаматтары ретінде біз санадағы құлдық психологияны жоюымыз керек, жас ұрпақтың тарихи санасын қалып­тап, ұлттық рухы мен намысын тіктегеніміз абзал.
– Бұл күндері баспасөздер мен ғылыми әдебиеттерде ұлттық мүдде мәселесі жан-жақты талқылануда. Ұлт мүддесін қорғау, ұлт парасаты – ұлт дамуының кепілі деген ойға көз­қарасыңыз қандай?
– Ұлттық идеологияның маңызды ком­поненттерінің бірі – ұлт мүддесін қорғау. Ұлт мүддесін ұлттық намысы барлар қорғайды. Бұл жерде бізге ешқандай да босаңсуға болмайды. Қазіргі қоғам – идеологиялық күрестің қоғамы. Сондықтан біздің мем­лекеттік тіліміздің, ортақ дініміз бен наным-сенімдеріміздің және Қазақстанның мем­лекеттілігі идеясының төңірегінде топ­та­суымыз маңызды. Кезінде айтулы Алаш азаматы М.Шоқай «Мемлекетте мәңгілік дос та, мәңгілік жау да жоқ. Онда тек мәңгілік мемлекеттік мүдделер ғана бар» деген еді.
Ұлттық санасы қалыптасқан адам кез келген мәселеден сырт қала алмайды, сөйтіп, бүкіл халық болып ел қамын, ел мүддесін ойлайды. Алайда ұлттық сана халық мәсе­лесін көтеруге ғана қауқарлы болғанмен, оны шешуге келгенде дәрменсіз, ол үшін сапа керек. Ол сапа — азаматтықты іс жүзіне асы­руға бірден-бір қауқарлы да жігерлі ұлттық парасат. Ұлттық парасат болмайынша, ешбір асу алынбайды. Ендеше, парасаттыларға деген құрметтің кемшіндігін, сыйлаудың тапшылығын біліктілік нышаны деуге болмас.
Ұлттық мүдделеріміздің іске асуы оның тарихи кеңістікте ұзақ өмір сүруін қамтамасыз етеді. Ал сол мүддені іске асыратындар білікті, білімді, ұлттық рухы мен санасы барлар. Міне, осындай адамдар, егемен елдің жастарына үлгі болар тұлғалар. Тәуелсіз елімізде шетқақпайлық көрмей, бойындағы бар қасиеттері мен қабілеттерін жастарға беріп кетулеріне мемлекет тарапынан жағдайлар жасалуы керек.
– Бүгінгі тәуелсіз ел жастарының бұ­рынғы жастардан өзгешелігі бар ма?
– Кеңес дәуіріндегі жастарға кедей болу жақсы, кедей еңбекқор, ақылды деп оқытты, тәрбиеледі. Бұған Ыбырай шығармаларынан алынған Асан мен Үсен бейнелерін еске түсірсек те жеткілікті. Осыдан келіп, «кедейдің бәрі жақсы, байдың бәрі жаман» деген пси­хологиямыз қалыптасты. «Байларды қойдай қу қамшымен» деп өлең жаттадық. Бай «жаман, надан, ештеңеден хабарсыз, кебеже қарын, қуыс кеуде болса, қалай байыған?» деген ой санамызға кірмеді. Кеңестік идеологияның бізге кедейді дәріптеткені сон­ша, әкем, ата-бабам түгел кедейден шыққан деп өмірбаян толтыруды ар көрмедік, керісінше, жетістік санадық. Қазақта «тексіз» деген өте ауыр сөз бар, біз сол тексіздігімізді өз қолымызбен жазып, мақтанышқа айнал­дырдық. Бұрын балаларымызды тегімізді айтып тәрбиелесек, енді «тексізден шығып адам болдық» деп мақтандық.
Бүгінгі жастар – тәуелсіз ел жастары, олар баяғы біздер сияқты санасы мен өмір салтындағы елес қуудан арылған жастар. Адам факторының бар мәні де, маңызы да, құндылығы да – осында. Жаңа адам – тек жас адам емес, болмысын, санасын жаңартқан адам. Қазақта «үмітсіз шайтан» деген сөз бар. Біздің тұстастарымыз социалистік идеяға көп үміт артты, Еуропаны кезіп жүрген «ком­му­низм елесі» бізге де келер деген үмітпен жастық шақтарын өткізді. Бірақ елес жет­кізбеді, коммунизм келмеді. Сонан соң ол қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуын «дамыған», «кемелденген» социализм деп жұмсартқан болдық. Кейін «қайта құру» идеологиясы келді, бірақ ол да алдыңғы сенім-нанымды, арман-елесті жоққа шығар­май, соның бір белесі болып тарих қойнауына енді. Сөйтіп жүргенде, қоғам дамуының объек­тивті жағдайы алып империяның құлауына әкелді. Біздің бұларды термелеп айтып жатқанымыздың басты себебі, кеңес дәуірінде құлдық психологиямен қоса, ұлт­тың дәрменсіздігі, кіріптарлығы да қалып­тасқан еді. Соның салдарынан осындай өзгерістерге қазақ қоғамы да, ұлтымыздың қоғамдық санасы да даяр болмай шықты. Ал бүгінгі жастардың басты ерекшелігі – оларда үрей жоқ. Бұл жақсы. Алайда оларда тарихи сана мен намыстың ұлттық деңгейде болмауы бізді ойландыруы керек.
– Біздің жас кадрларымыз бүгінгі күннің талаптарына сай ма, оларда ұлттық намыс бар ма?
– Көбі сай дей алмаймыз. Оның басты себебі, кейбір жастарымыздың әкесінің не­месе көкесінің ақылымен өзі қаламаған мамандықтарға ақылы оқуға түсіп, білімі мен білігін де басқаның көмегімен «меңгеріп» жүргендігінен болса керек. Кейін ондайлар­дың жұмысқа орналасуы да, жұмыс бабымен сатылап көтерілуі де осы бағытпен жүреді. Бұл күнде мекеме бастығын «жұмыс беруші» деп атаймыз, олар өтірік болса да, қазіргі талапты басшылыққа алған болып, бос орындарға орналасуға қатысты баспасөзде хабарландырулар, конкурстар жариялайды. Біз бұл жерде кадр таңдаудың әділетті, әді­летсіздігі туралы әңгімені жұмыс берушінің «ары төреші» деп әңгіме етпей-ақ қоялық. Ал жаңағы жарнаманы оқысаңыз, «тек компью­термен жұмыс істей білу, ағылшын тілін меңгеру деңгейі» сияқты талаптар тұрады. Бұл – заман талабы, оған дау жоқ. Бірақ бұ­лар қызметтік талаптар. Ал оның патриоттығы, парасаты, ділі, мемлекеттік тілді білуі, ұлттық намысы сияқты тағы да басқа адами сапа­ларына бас ауыртып жатқан ешкім жоқ. Бұл орайда ұлттық мүддені айтып жатудың өзі артық. Сонда бізге 10 тілді білетін, қызыл дипломды, шетелде оқыған, бизнесті шыр айналдыратын, бірақ нигилист, парасатсыз, өмірлік ұстанымы жоқ, ұлттық намыстан жұрдай, ұлттық болмысы қалыптаспаған, «космополит» робот керек пе, әлде еліміздің болашағына жаны ашитын, бүгінгі игі істерді алға апаратын азамат керек пе?! Бір нәрсе айқын – біз «тәрбиесіз білімдіні» де, «көке­сінің көмегімен жүргендерді» де үкілегеннен ештеңе таппаймыз. Біздіңше, сыбайлас жемқорлықтың да, шетел асуға қиналмайтын сатқындықтың да тамыры осы ұлттық намыссыздықпен, рухсыздықпен сабақтасып жатса керек. Сондықтан кадрларды даярлау, іріктеу, таңдау мәселесі ұлт мүддесімен, ел болашағымен тығыз байланыста болып, тарих сабақтары да ескерілуі тиіс.
– Біз кеңестік кезеңде көптеген ұлттық мұрамыз бен рухани құндылық­тарымыздан көз жазып қалған халықпыз. Жастарымыздың ұлттық құндылықтарға көзқарастарын қалай қалыптастырамыз?
– Өркениетті елдерде тарихи ескерткіш­терді қорғау, тарихи жадын сақтау ісі әрбір адам мен бүкіл қоғамның жеке ісіне айналған. Әркім оған ұлт символы ретінде қарайды, надандық жайлаған, осыны ұғынбаған елдерде олай емес. Біздің азаматтарымыз үшін тарихи құнды дүниелерді қирата салу, оның орнына жаңа сауда-саттық үйлерін, іс-әрекеті қажетсіз клубтар салу ештеңе емес. Алматы және басқа да қалалардағы мұндай жағдайлар туралы кезінде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы айтылды да, жазылды да. Бұл тарихи мұрағаттарымызды бағаламау – асылымыз бен қымбатымызды ажырата алмау және бағалай білмеу.
Өркениет – мәдениет дамуының қозғау­шы күші. Мәдениет барлық уақытта өркениет­тің даму деңгейіне сәйкестенуге ұмтылады. Кезінде Канттың Еуропа мәдениетін «біз шамадан тыс өркендеп кеттік, бірақ жеткілікті дәрежеде мәдениетті емеспіз» деп бағалауы да содан болса керек. Біз мәдениетіміз бен рухани дүниелерімізге өркениетті адам тұрғысынан қарай алмай жатырмыз, яғни мәдениетті дамыту үшін мәдениетке мәдени көзқарас қалыптаспай жатыр.
Қандай қоғам болса да жастар арқылы биологиялық және рухани жаңарады. Бүгінгі күні жаңа замандағы адамды тәрбиелеу қазіргі білім ордаларының алдына үлкен міндеттер қояды. Әр заманның өз қаһарман­дары болған. Мұндай дәуір мойындайтын тұлғалар, бүгінгі біздің қоғамға да ауадай қажет. Әзірше мұндай еліктеуге тұрарлық өнегелі тұлғалар аз болып тұр. Посткеңестік дәуірде бұрынғының бәрін мансұқ ету жастардың бойында нигилизмді, күдікшілдік сезімдерді бекіте түсті. Оларды мұндай сезімнен арылту – бүкіл қоғамның міндеті.
Жақсыға еліктеп, өміршеңді өнеге тұтып, оны өз табиғатына жерсіндіру үшін де білім мен білік, тағылымды тәрбие керек. Ал ондай болмаған жағдайда әркімнің жетегіне ілесіп, айтағына жүріп, тура жолды таба алмай әуре-сарсаңға түсуіміз әбден мүмкін. Білімсіздіктің, надандықтың тек ел ішінде әлеуметтік келең­сіздікке әкелмей, жалпы еларалық қаты­настарда да ұлттың есесін жіберіп алуына соқтыратынын терең түсінгеніміз жөн.
– Қазақстан Республикасы Прези­дентінің «Қазақстан – 2050» стратегиясы Қазақстан халқына Жолдауында пат­риоттық тәрбиеге, оның ішінде қазақ­стандық патриотизмге ерекше көңіл бөлді. Оқу орындарында бұл мәселе қалай жүзеге асырылуда?
– Қазіргі кезеңде патриотизм тақырыбы, оның ішінде қазақстандық патриотизм мәселесі барлық қоғамдық, мемлекеттік, саяси, мәдени-рухани тақырыптардың өзе­гіне айналуда. ҚР Президенті Қазақстан халқына Жолдауында «оқыту үдерісінің тәрбиелік құрамдасын күшейту қажеттілігін» ерекше ескерткен және олардың ең басты­ларының қатарында «патриотизм, мораль мен парасаттылық нормалары, ұлтаралық келісім мен толеранттылық, тәннің де, жан­ның да дамуы, заңға мойын­сынушылық» аталып өткен, сонымен қатар, «бұл құнды­лықтар меншіктің қандай түріне жататынына қарамастан барлық оқу орындарында да сіңірілуге тиіс» делінген. Ендеше, патриотизм идеясы жастарға білім мен тәрбие берудің барлық бағдарламаларынан көрініс табуы керек, жалпы, көпшіліктің де одан хабардар болғаны жөн.
Республика көлемінде де, жекелеген оқу-тәрбие мекемелерін алсақ та патриоттық тақырыпқа байланысты іс-шаралар қазақ­стандық патриотизмнің заманауи болашағын кешенді түрде қарастыруды талап етеді. Студент жастарды азаматтылық, патриотизм, еліміздің қарқынды сатылап дамуы идея­лары­ның рухында тәрбиелеуге бет бұрған оқу орындарының ішінде үлкен оқу-тәрбиелік потенциалы бар, Қазақстанның жетекші оқу орындарының бірі болып табылатын Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан Мем­ле­кеттік медицина университетін атауға болады. Университеттегі тәрбие жұмыстары нақты жоспарларды, мақсаттарды, жүйе­ленген міндеттерді негізге ала отырып жүргізіледі. Олар өзінің оң нәтижелерін беруде.
– Дін – өте күрделі әлеуметтік құ­былыс, ұстанымдарына қарай оны әркім әр қилы түсіндіреді, сан-алуан анықтама­лары да бар. Дін тануда, оның мән-мазмұнын анықтауда жаңа түсінік қалыптасты ма?
– Дін – адам баласымен бірге жасасып келе жатқан, әлеумет үшін үлкен мәні бар, рухани дүниеміздің үлкен бір бөлігі, мәдение­тіміздің басты діңгектерінің бірі, бұған қоса ол тарихи қалыптасқан көзқарастар жүйесінің бірі болып есептеледі.
Адам діннің мәнін терең білмесе де, имандылық пен имансыздық оның іс-әрекетінен, ішкі дүниетанымы арқылы көрініс табуы қажет. Көшеде жүріп «дін білгендер» мен «дін танығандардың» мәселенің байы­бына бармайтындардың көбеюі қоғамға қауіпті. Сондықтан қоғамдағы кез келген әлеуметтік құбылыстарға назар аударылуы керек. Оларға уақытша, кездейсоқ, әлсіз, бо­лашағы жоқ деп қарауға мүлде болмайды. Мысалы, бұрындары әрбір ауылда шағын мешіт болды, онда шәкірттер алғашқы білім­дер алды, ол жерде аузынан Алласы түс­пейтін, имани адамдар жүрді. Енді бүгін де мешіттер көптеп салынуда, олардың көпшілігі қазіргі заман архитектурасының жетістіктерін ескере отырып, салынған. Бірақ олардың мақсаты қандай, кімдер қызмет етуде? Қазақ­та «Өзің диуанасың, кімге пір боласың» деген сөз бар. Олардың бәрі бірдей елімізде мұсыл­маншылықтың дәнін сеуіп, имандылыққа үйретіп жатыр ма, әлде қожайындары атасы­ның атын немесе өз аттарын шығару үшін еңбектеніп жатыр ма, гәп сонда. Мешіттен келдім деп садақада төрде отыратын көп молдалардың мәдениетсіздігі, білімсіздігі, біліксіздігі көзге ұрып тұрады. Ал ондайларда инабат болмайтыны былай тұрсын, ондай­лардан иман қашады. Ендеше, жас ұрпақ тәрбиесінде, бізге сауат пен салауат, білім мен білік бірдей қажет екендігін ұмытпалық. Қазақ «Дүмше молда ел бұзады» десе, Абай: «Намазды молда теріс оқыр, дағарадай болып сәлдесі» дейді...
– Ал елімізде болып жатқан әлеу­меттік реформа, әсіресе соңғы уақытта қызу талқыға түскен зейнетақы мәселесі туралы не айтар едіңіз?
– Еліміздің егемен, Тәуелсіз дамуы кезеңінде көптеген әлеуметтік реформалар қабылданды. Бұл – қоғамның даму заң­дылығы, өйткені қоғам мен әлеумет ажы­рамас бірліктегі нәрсе және өз әлеуметінің жағдайы мемлекетті алаңдатпай қоймайды. Алайда кез келген қабылданған заң, қаулы-қарарлар, олардан туындайтын салдарлар, сол мем­лекеттің азаматтарының әлеуметтік жағдайын әлсіретпеуі, бұрынғыдан да төмендетпеуі керек. Ондай жағдай орын алса, сол заңды қабылдаған Парламент халыққа қарсы әрекет жасаған болып есептеледі.
Осыған байланысты Ұлттық банк бас­та­машы болған, соңғы уақыттарда қызу тал­қыға түскен Қазақстан Республикасында әйел­дердің зейнетке шығу жасы жайлы мәселелерді ой елегінен өткізіп көрелік. Қазіргі уақытта Батыс пен Еуропаның кейбір елдеріндегідей ерлер мен әйелдердің зейнет жасын теңестіру мәселесі өзекті тақырыпқа айналды, оны жақтаушылар да, қарсылық білдірушілер де бар. Жаһандық үрдіске құлақ ассақ, ерте ме, кеш пе бізге зейнетақы заң­намасына өзгерістер енгізу керек екені анық. Ендеше, Үкімет және осы мәселеге ынта білдіруші Ұлттық банк респуб­лика­мыздың болашағы үшін, оның тұрақты дамуы үшін реформаның қажеттігін жан-жақты түсіндіруі қажет еді. Мысалы, әйелдердің зейнет жасын арттырудың басты себебі – зейнетақы төлеу­дегі қаражаттың болжамды дефициті. Елі­міздегі зейнеткерлердің 70%-ын әйелдер құрайды, олардың зейнет жасын арттыр­масақ, 2014-2024 жылдар аралығында зейнетақы төлеуге жұмсалатын бюджет шығыстары 3 трлн теңгеге өседі де, мемлекетті зейнетақы тө­леуге қауқарсыз етіп, болашақ зейнеткерлер үшін үлкен проблемаға айналады. Сондықтан бұл мәселелерге қазірден бастап назар аударып, шешуге тиіспіз.
Ал Ұлттық банк төрағасы Г.Марченконың бұл мәселе туралы еркін актуарийлер де­регіне сүйеніп айтқан болжамдары халыққа аса түсінікті бола қойған жоқ. Бұған дер кезінде көңіл аударған Президент Қазақстан халқына зейнетақы реформасы мәселелері жөніндегі Үндеуінде «оның басты себебі Үкімет пен Ұлттық банк іс-әрекетінің олқы­лығынан, оны халыққа насихаттау ісі дұрыс жүргізілмеген, оған немқұрайды қараған халықтың көбі бұл реформаның түпкі мәнін түсінбеген» деп заңнаманы халыққа түсіндіру жағына оң баға бере алмайтынын айтты.
Осыған сәйкес, Президент өзінің Конс­титуция берген өкілеттілігін пайдалана отырып, әйелдердің зейнет жасын өсіру туралы норманы қайта талқылау үшін Парламентке қайтарды және зейнет жасын кезең-кезеңмен ұзартуды 2014 жылдың 1 қаңтарынан емес, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастауды ұсынды. Үкіметке халыққа қажет заң мәселелерін одан әрі пысықтап, дамы­туды тапсырды.
Президенттің бұл шешімі ақпарат құрал­дарындағы хабарлардан көріп, естіп жат­қанымыздай, көпшілік қазақстандық­тардан қолдау табуда. Оның да өз жөні бар, шын мәнінде, әйелдердің зейнетақы жасын олардың әлеуметтік орнына, жағдайына қарай реттеген дұрыс болар еді. Мәселен, біреу ауыр жұмыста, біреу жеңіл жұмыста, біреулер ғылым мен өнер саласында, енді бірі – көпбалалы аналар, ал енді бірі ауылда, екіншілері қалада, тағы да басқа. Бұл мәселе­лерді есепке алмай, әлеуметтің бәрі тең деп қараудың өзі еш қисынға келмейді. Сондық­тан да Президент Үкіметке 2030 жылға дейін зейнеткерлікпен қамтамасыз ету жүйесін жаңғыртуды одан әрі жалғастыру жөнінде кешенді іс-шаралар әзірлеуді тапсырды. Бұл дұрыс шешім деп ойлаймын.
– Қазіргі әлемдік жаһандану кезінде қандай қадір-қасиеттер қажет деп ойлайсыз?
– Бүкіләлемдік жаһандану кезінде түп тегімізде бар бейімделе, үйрене білу, сыйласа және сыйлата білу қасиеттерімізді ұмытпағанымыз жөн. Алдыңғы буын өкіл­дерінде мұндай дәстүрді ұстану бар еді. Рулар арасындағы Ата баласы, Аға баласы, Қара шаңырақ иесі деп орын ұсыну, қала берді, тектілерді құрметтеу, жақсылар мен жайсаң­дарды сыйлау алғы қазақтардың моральдық ұстанымдарының бірі болған.
ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялылары Шоқанды, Абайды тағы да басқаларды зор құрметтеген. Мәселен, Ахмет Байтұрсынов Абайды «қазақтың бас ақыны» десе, Мағжан Жұмабаев «алтын хакім» деп дәріптейді. Қазақ зиялылары бір-бірін де өзара аса құр­меттеген. Сондағы өлшемдері жеке тұлғаның ел, халық алдындағы беделі мен қажыр-қайратын жұмсап атқарған игі істері болған.
– Әңгімеңізге көп рақмет, аға.

Алашқа айтар датым...
Бүгінгі күні біз тұлғаны шенеуніктің дәрежесімен, адам парасатын отырған креслосымен, беделін байлығымен өлшейтін халге жеттік. Мұндай көріністердің жастар санасын уламауына ешкім де кепілдік бере алмайды. Ондай келеңсіздіктердің ұлт намысын жасытпаса, ұлт рухын түсірмесе, көтеруге қызмет етпесі айқын. Мұндай ортада елдіктің тұғыры – жоғары мәдениет те қалыптаспасы хақ. Мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ұлы күш – рухани қуат-жігер, елдік парасат, таным, патриоттық сезім де болмайды. Бұларсыз жаһандану тұсында егемендігімізді, елдігімізді де көрсете алмаймыз. Олай болса, қажетіне қарай ежелгі дәуірдегі қадір-қасиетімізді бүгінгі күнге үлгі етсек артық болмас.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста