Тәуелсіздік туындысы
Бейбітшілік және Келісім сарайы
Тәуелсіздік тарихының 20 жылдық мерейтойы қарсаңында жаңа Қазақстанның жарқын құндылығына айналған тағы бір теңдессіз ғимаратпен таныстырмақшымыз. Бейбітшілік және келісім сарайы – әлемдік дәстүрлі діндер көшбасшыларының басқосуын өткізуге арналған кешен, еліміздегі ұлтаралық, конфессияаралық жарасымның, халықтар бірлігінің басты нышаны. Пирамида авторы – ағылшын сәулетшісі Норман Фостер. 2006 жылы пайдалануға берілген ғимараттың ені мен биіктігі – 61,8 метр. Ауданы – 28 мың шаршы метр. Мұнда қазіргі заманғы жабдықтармен жарақтандырылған мәжіліс және концерт залдары, көрме алаңдары және көркем галереялар бар. «Хеопс Атриум» залы – 1000, ал концерт-опера залы 1350 орынға арналған. Сарайдағы панорамалы жеделсаты барлық ниет білдірушілерге жасыл террассалар мен пирамида төбесінен құйылып тұрған жарық ойынына сүйсіне қарауға мүмкіндік береді. «Астананың аспалы бақтары» деп аталатын толқынды баспалдақтар арқылы шыңға шығуға болады. Фостердің кез келген адамға рухани ләззат пен жан тыныштығын сыйлайтын тамаша туындысы Есілдің екі жағалауынан да анық көрінеді.