Соңғы кездері жолдасым мені алдап жүрген секілді. Кейде өзім күдікшіл болып алдым ба деп те қорқамын. Алайда оның істеген істері еріксіз көңілге күдік ұялатып жүр. Көңілдегі күдік бәрібір өз дегенін істетеді екен. Қазір тығылып телефондарын тексеретін болдым. Кейде намыстанып қанша ұстамды болуға тырыссам да түн ортасында тұрып барып қалтасын ақтаратын болдым. Не іздеп жүргенімді өзім де білмеймін. Әйтеуір далбасалап бір тексеріп шығамын.
Ең алғаш көңіліме күдік кіргені, жұмыстан соң бір күні «қасымдағы жігіттермен аздап жұмыстан соң көңіл көтереміз» деп звандады. Балаларды жатқызып, өзім де ұйықтап қаппын. Таңғы 5-ке таяу оянсам әлі келмепті. Дереу қоғырау соғып ем, телефонын көтермеді. Азанда келіп, «ішпесем де жігіттерді тастап кете алмадым, билярд ойнап, артынан моншаға бардық» деп ақталды. Артынан сіңілімнен естідім, 4-5 ай бұрын мен босанып жатқанда да екі күн қатарынан үйге қонбапты. Ал маған үйде болған секілді әңгіме айтқан еді. «Жарайды қыдырып жүре берсін өзіне жақсы болса» дейін десем, намысыма да тиіп барады.
Өзім ше орыстар да «доверяй, но, проверяй» дейді ғой деп өзімді жұбатамын. Іздеген адам табады ма, әлде оның қылықтары көңіліме күдік ұялатқан соң осындай болып алдым ба білмеймін. Бірақ әр нәрсені ойлаған сайын күдігім күшейіп барады. Мәселен бұрын қасымда отырып телефонмен сөйлесе беретін. Қазір міндетті түрде кешкі уақытта біреу звандаса, сыртқа шығып кетіп сөйлеседі. Артынша звандаған нөмірін өшіріп тастайды. Әпкем ер адамның әйелден жасыратын бірдеңесі болады да, нең бар араласып» деп ұрысады. Алайда екеуміздің арамызда жасырын не болуы керек? Соны түсінбеймін. Сонша сөйлескен нөміріне шейін өшіріп тастайтын не болды? Үйге де кеш келетінді шығарды. Жұмыс уақыты кешкі 5-6 ларда аяқталса да үйге тым кеш келеді. Ренжи бастасам «жұмысының көптігін» айтып шыға келеді. Жолдас жігіттерімен билярд, рыбалкасы да көбейіп кетті. Бұрынғыдай емес үстіне де жақсы қарайтын болды. Сен баламен отырсың ғой шыға алмайсың деп ала салдым деп, өткенде шапка сатып әкелген одан кейін шалбар сатып алыпты. Бұрын қолына ілінгенін иығына іліп жүре беретін. Жасырып қайтем төсекке де бұрынғыдай құштарлығы жоқ. Дастархан басында не газет оқып отырады, не теледидар қарайды. Менімен шаруасы жоқ. Жарайды біреуі болғанда қайтем. Мен енді не істеуім керек? Осы сұрақтар мазалайды. Менің отбасымды бұзғым келмейді. Қай уақытта, қай қылығымнан суытып алғанымды да білмеймін. Не істесем болады? Әлде өз өзімді басайын ба? Бірақ тыныштала алар емеспін.
Айша, Алматы қаласы.