Жеңгем – ұры...
«Алаш айнасы» интернет газетінің «Отбасы – ошақ қасы» айдарын өте қызыға оқимын. Бірінен жиренсем, енді бірінен үйреніп, сабақ алуға болады. Ішіңе түйіншек боп түйілген сырыңды сыртқа шашып, ортаға тастасаң жеңілдеп қаласың дейді ғой. Мен де көптен бері көкейімде жүрген жәйды оқырман талқысына салуды жөн деп таптым. Сонымен...
Кішкене күнімде екі жағымызда іргелес тұратын көрші ағаларымның үйлену тойы өшпестей болып санамда жатталып қалыпты. «Келін түсті» деген хабарды естіген ауылдастар шақыру күтуші ме еді, бірінен кейін бірі келіп, бірі самауырға жармасып, бірі отын жарып, жиынның көркін қыздырып жатты. Біз сияқты бала біткен ары шауып, бері шауып улап-шулап жүрміз. Беташар басталғанда ақ орамал жамылған келіннен көз алмай алдыңғы жаққа жайғастық. Домбыра ұстаған жыршы ақсақалды қарттан бастап, бесіктегі балаға дейін сәлем салдырды. Ақыры беташар рәсімі аяқталып, келіннің де беті ашылды-ау. Дөңгелек жүзді, көздері ботадай, жүзі аппақ әдемі аруды көргенде «келін біткен осындай болуы керек екен-ау» деген ой санамда өшпестей болып жатталып қалыпты. Қасымда тұрған құрбым «Менің жеңгем әдемі...» деп танауы шелектей болды. Бірінші рет ішім қыз-қыз қайнап «менің жеңгем бұдан да әдемі болады» дедім. Бірақ Жаратқан ием менің бұл періште тілегімді қабыл алмапты. Ажар-көріктен де, жан сұлулығынан да жұрдай біреу келді үйге... Келіншектің аты –Болсынай екен. Бұрын-соңды мұндай есімді есітпеген біз үшін келіннің аты де, заты да жарасқан бір періште көрінді. Сыртқы сұлулығының іште де бір дүмпуі бар екен, Болсынай жеңгеміз көп өтпей-ақ ауыл аймаққа ибалылығымен, кішіпейілдігімен танылды. Енесі өле-өлгенше қызындай көріп, «Болсынайым, Болсынайым...» деумен кетті. Ене сыйлаудың, үлкен кіші сыйлаудың эталонындай болған асыл жеңешем сол... Екінші жағымызда іргелес отырған көрші ағамыздың үйленуі де қызық, тап бір ертегідегі перизатты алып келгендей болды. Көркіне көз тойғысыз әппақ періште келіншек те көп өтпей жақсы жағынан танылды. Ойын баласымыз ғой шақырусыз-ақ келінді болған үйге жетіп барамыз. Екі жеңгеміз де бірде нан жауып, бірде күбі пісіп қолдары тимей жатады. Біздің жұмысымыз жеңгелеріміздің әр қимылын бақылау. Олардың қаздай қалқып жүргені де, басымыздан сипап күлімсіргені де біз үшін қызық. Топырлай отырып алып жюрилер құсап солардың басқан ізін аңдимыз. Қып-қызыл боп піскен нанды шетінен кертіп бізге үзіп бергені де біз үшін той. Ажар-көріктері де, соған сай мінездері де үйлескен екі жеңгем қазақ келіндері осындай болуы керек екен ғой деген қағиданы мықтап санама сіңіріп тастағандай-тын. Алайда, жүре берсең көре береді екенсің ғой, келе-келе «келін деген аттан садаға кеткір» деп айтуға мәжбүрлейтін келіңдерді де көрдік. Солардың бірі өз жеңгем.
Көп қыздың ортасында өскен ағам жалғыз, жалғыз бала болған соң бар тәтті-дәмді соның аузында болатын. Әке-шешем де, ата-анам да бір сол деп басынан құс ұшырмай өсірді. Ағам да көріктен кенде емес, бұйра шашты, ұзын бойлы, қыз біткеннің арманы болатын. Ұйықтағанда көзін жартылай жұмып ұйықтайтын. Әжем «келіншегі сұлу болады» деп отыратын. Алайда... Бәрі керісінше болды... Менің жеңгем мынадай болады, ол ондай болады деген бала қиялымның быт шыты шықты. Ауылымызда Зеберхан деген атақты ұры кісі болатын. Көршісімен шәй ішіп отырып, «қазір үйге барып келейін» деп зып етіп шығып, қорадағы қойын ұрлап кетіп, қайтып келіп шәй ішуді жалғастыра беретін нағыз атағы жер жарған қарақшы болатын. Соның жиен қызымен көңіл жарастырып жүр дегенді есітіп әжем бір күні үйде айқай шығарды: «Қарақшыдан қарақшы туады, ұрпағың азады ертең. Құда болмақ түгілі мен олармен бір дастархан басында отыруға намыстанамын. Аулақ. Алғызбаймын ұрының ұрпағын» деп азар да безер болды. «Ұнатқаны сол ғой енді ...» деп біз әжемізге ренжідік. Бұрынғының адамы ғой көпті көрген әжеміз бәрін біледі екен ғой. Рас айтыпты. Ағам соны алмасам болмайды деп жата жастана келгенде әкем жоқ деп қайтарып жіберген болатын. Алайда... Соңынан жүгірген небір әйбат қыздардың бәрін менсінбей ағам ақыры сол қызды келін қып түсірді бір күні. Кескен томардай, бетінде қан сөлі жоқ көгеріп қалған біреу. Ағам екеуі бір-біріне мүлдем үйлеспейтіндей қарама қайшы болып шықты. «Қоя берші өз қалауы ғой. Бәлкім мінезіне ғашық болған шығар» деп өз-өзімізді жұбаттық. Мінез демекші мінез деген жатыр екен. Арада ай өтпей-ақ кесірлігін көрсете бастады. Алғашқы соқтыққаны әжем болды. Әлгі сөз құлағына жетсе керек. Әрдемені сылтау етіп, әжеме қол жұмсауға дейін барды. Әпкем араға түсіп жеңгемнің өзін ұрамын дегенде әзер тоқтаттық. Содан біздің үйде күнде «концерт» болатын болды.Тып тыныш отбасы едік, енді айқай шудан арылмайтын болдық. Көрсетері алда екен. Әпкем тұрмысқа шықса артынан апарамыз деп анам көйлек көншек жинап жүрген сандыққа. Соларды ұрлап кигені аздай, енді төркініне таситын болды. Әжем жылап «тексіздің ұрпағы ғой, қайтеміз енді...» деп налитын болды.
Үйден түрлі заттар, ақша жоғалатын болды. Тіпті кеше сойған қойдың етін ертесіне таппай қалатын болдық. Оның кімнің қазанында қайнап жатқанын да ішіміз сезетін. Ағам екеуі ұрсып қалмасын деп ешқайсын да айтпаймыз. Ал шешемді енем екен демейді, беттен алып төске шауып тұрғаны қашанда. Жас түскен келін ғой деп есік көрсетуге шақырған үйлерге барғанда тапса ақшаларын, таппаса әйтеуір бір қолына ілінген затты қақшып кетеді. Артынан желдің қайдан соғып жатқанын ішіміз сезіп отырады. Үйге келген қонақтардың да қалтасын тазалап қоятын әдеті бар. Әбден аузы күйген әпке-жезделерім үйге келгенде дәретханаға барғанның өзінде қолтығына сөмкесін қыстырып баратын болған. Болмаса қасына біреуді қарауылдатып қояды. Үйде той жиын болса әлбетте бірдеңе жоғалады. Бір жолы аз ғана ақша емес бір қонағымыз «Шымкентте арзаншылық қой кетерімде біраз зат ала кетейін»деп алып келген 500 мыңын жоғалтты. Бәріміз әрине жеңгемнен көрдік «нан ұрсын алғам жоқ» деп ант су ішті. Ас атасы нанның киесін қорықпағасын бәріміз жағамызды ұстадық. Үлкен кішіні сыйлау былай тұрсын, ата енесін сыйламайды, бізді қоя берші. Әке-шешеме барқ-барқ ұрсумен болады, «алдына келтірсін, Алла» дейміз. Төркіндеп барсақ біз алып кететін болды деп айран сүтті тығып, күйеулерімізге қымызды сатып береді. Әжем айтпақшы расында «тексіз қарақшының ұрпағы» екендігін сәт сайын дәлелдеп жүр. Той жиынға барса әдейі аяғына жаман аяқ киім іліп барады да біреудің аяқ киімін киіп қайтады. Ол үшін біз ұяламыз. Жүрген жерінің бәрі ылаң болды. Ағама жаным ашиды. Амал не? Енді оған қосымша туған балаларының бәрінің де қолының сұғанағы бар. Көзіңді ала бере бір затыңды іліп кетеді. Қанша айтқанмен, ескерткенмен амал жоқ екен. Енді бәрімізді тонап келді ғой, ең сұмдығы жуырда төркініне келген туған сіңлісінің қалтасына түсіп қомақты қаржысын қақшып кетіпті. Сіңлісі келіп бетін жұлып кетті. Осылай масқара болса да айылын жимайды. Бірдеңе ұрламаса ауырып қалатын дерті бар ма,белгісіз. Әке-шешеме көрсеткен қорлықтарын айтпай-ақ қояйын... Тек алдына келсін деп тілеймін... Сіздердің жеңгелеріңіз қандай, оқырман?..
Әйгерім, Талғар