Жеңгем ағамды өз-өзіне қол жұмсауға жеткізді
Редакцияға келіп түскен мына хат бізді бей-жай қалдырмады. Сөз соңында «Айтуға оңай» бағдарламасының, әділдікке жету үшін көмек сұрау мақсатында бағдарламаның жүргізушісі Бейсен Құранбек ағаның телефон нөмірін де сұрапты. Қолымыздан келгенінше көмектесіп, керекті телефон нөмірін тауып беруге тырыстық. Хатты да қаз қалпында бергенді жөн санадық.
Сіздердің көмектеріңізге өте мұқтажбын. Осыдан бір ай бұрын ағам өмірден өтті. Өз өзіне қол жұмсады. Оған мәжбүрлеген жеңгем. Жеңгем ағамның екінші некедегі әйелі. Ортақ бір бала бар. Ал өз-өзіне қол жұмсауы әрине ағамның әлсіздігі. Ол жеңгемді өте қатты жақсы көрді. Әдепкіде әп-әдемі өмір сүріп жатты. Жеңгем аудандық оқу бөліміне 0,5 ставкаға бухгалтер болып жұмысқа тұрды. Бәленің барлығы содан кейін басталды. Ағам әркімнің үйін салып ақша тауып жүрді. Қолынан келмейтіні жоқ. Өздеріне де жақсылап үй салып алды. Азаннан кешке дейін ағам үй салуға кетеді, кешке келіп түннің бір уағына дейін өзіне арнап салып жатқан үйін соғады. Марқұм болып кеткеннен кейін көршілерінің барлығы оның еңбекқорлығын, кішіпейілдігі мен өте қарапайымдылығын айтып тауыса алмады. Ал, жеңгеміз болса өзінің бас бухгалтеріне еріп (ол келіншектің күйеуі жоқ) әбден жеңіл жүріске салынды. Кешке жұмыстан кейін әйел заты болып үйге келмейді да екен. Бас бухгалтердің жалға алған кафесі бар. Өздері сияқты бес-алты келіншек сонда түннің бір уағына дейін көңіл көтеріп жүрген. Тіптен ағамды менсінбей кеткен. Ағам 2-3 рет еңсесі түсіп үйге келген. Өзі тұйық болатын. Соңғы кезде өте жүдеп кетті.
Жүрісіне наразылық танытып, ауызын ашса жеңгем милиция шақыртатын. Қысқасы ағамды адам қатарына қоспады. Мен өзім азық-түлік дүкенінде сатушы болып жұмыс істеймін. Дүкенге сатып алушылардың айтып келетін жеңгем туралы жұрттың әңгімесіне қарап ағама ренжитінмін. Сонша неден намыссыз болды деп налитынмын. Кейін білдім аудандық полиция бөлімінде полиция жігітпен жүрген. Ағамның өмірінен өтетін 20 шақты күн бұрын үйді өз атына аударып алыпты. Ағам өлген кезде үйіне ағайын-туыс, әкем барлығымыз барғанда үйінен қуып шықты. Заң орындарына жүгінгенбіз, бірақ еш қолдау таба алмадық. Бір ағамның басын жұтып отырып, таң қалам еш уайымдамастан есіл дерті үй болып отырғанына. Ағамның намазына келген тамыр-таныс, көрші-көлем сол жерде таң қалып жеңгемнің жүріс-тұрысын айтып, түңілгендерімен ешқайсысы заң орындарына барғысы келмейді, өздері куә болған нәрселерін айтқысы келмейді. Немере апам да жеңгемнің аяғынан тұра алмай мас болып, ұзын бойлы жігітпен сүйісіп тұрғанын өз көзімен көрген. Бірақ оны заң органдары дәлелге алмай отыр.
Енді сіздерден сұрарым: Ағам қыршын болып өмірден өтіп кетт. Аңырап кәрі әке-шешем, бауырлары қалдық. Қалайша ол әйел дандайсып жүруі керек. Оныңда сұрауы бар емес пе? Басшылары қайда қарап отыр, қол астындағы қызметкерлеріне тәртіп бере алмай? Жақсылап осы мәселені көтерсеңіздер екен. Екі дүниеде жақсылықтарыңызды ұмытпас едім!!!
Ағасынан ойда-жоқта айырылып ызаға булыққан қарындастарыңыз
Айнагүл. Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы.