Біз демалған санаторияда жасы келсе де, сынын бұзбаған, «сапты аяқтың сыры кетсе де,сыны кетпеген»,үлкендеу апай болды. Арасында амандасып жүріп, жақсы араласып , сөйлесіп кеттік. Одан қала берді, Қазақстан десе іш жылып тұратыны бар. алматылық екен. Өте мәдениетті. Көрген мен түйгені мол жан екені көрініп тұр.Оның айтқан бір әңгімесінен, өте әсерлендім. Ол;"бір ауыз сөз,бүкіл өміріңді өзгертіп, бір ауыз сөз ажал келіп жанталасқанда, ажалдан да алып қала алады екен"- дегені бар бірде.
"Отағасы ерте қайтыс болғасын, ұл-қызым қатардан қалмасын деп,күндіз –түні жұмыс істедім. Әрқайсысына жоғары білім алып бердім. Қиналған шығармын, бірақ балаларыма көз –жасымды көрсетпеуге тырыстым. Анамыз әлсіз екен деп, менен бетер жүнжіп кетпесін деп,тек солар үшін өмір сүріп, өзімді ұмыттым.Келін алдым. Немерелі болдым.
Бір күні болмашы нәрседен ұлымнан;
- Мама, жұмыс істеген болсаңыз өзіңіз үшін істедіңіз! -деген сөзін естідім.
Жас өмірімді осылар деп құрбан етіп, осылар жалтақ бомасын деп, екінші рет тұрмысқа шықпай, тек осылар жесін-ішсін, қатарынан кем болмасын деп, тістелеп жүріп жеткізгенімде, естиін деген сөзім осы ма еді?Қайтарып үн қатпадым.Тістенумен үйден шығып жүре бердім.Не естідім, не қойдым, қаланың екінші шетіндегі қызымның үйіне қалай жеттім, білмеймін.Есіктен кіре бергенімде,қызымның үрейлі жүзбен;
- Мама не болды ?!- дегенін білемін,қалғаны түк есте жоқ.Есіктен кіре құлаппын.Жаным қатты қиналып, бірдеңе бүкіл денемді айналып шыға алмай аласұрып, жанталасып жатқан сияқты. Аппақ ,сағым сияқты бұлттардың арасында қалықтап бара жатқан сияқтымын.Әлгі денемде жанталасқан нәрсе, шығатын жер тапқандай аузыма келіп,әні –міне суырылып шығады –ау деген сәтте;
- Анашым, мені тастап қайда кетіп барасың?!- деп жан ұшырып жылап, аяғымнан тартып қалған ұлымның даусынан ,кенет селк етіп ес жидым.
Қарасам, жан сақтау бөлімінде жатқаныма үш күн болыпты. Дәрігерлер де күдерін үзіп, бар затқа дайын болың дегенін естіген ұлым, жанұшыра жетіп,аяғымнан тартып қалғаны екен.
Әйтпесе жеп-жеңіл болып, аппақ бұлтпен бірге ұшып, қалықтап бара жатқан сияқты едім...
Солай ажалдан аман қалдым.Айтайын дегенім, адам бойындағы реніш-өкпе, қалайда сыртқа шығуы керек екен.Әйтпесе адам ауру болады.Қазір медиктер «адреналин» дейді ғой.Сол адреналинді шығармай, жасымызға шектеу қойып "анау болмайды –мынау болмайды "деген шектеумен өмір сүріп, өзімізге –өзіміз қастандық жасайды екенбіз.
Жоқ, айқайлағың келе ме айқайла, билегің келе ме биле, жаның нені қалайды, соны істе, бойдағы қысылып жатқан адреналиді қалайда шығару керек .Өйтпейінше қан –қысымы, жүрек ауруы деген пәлекеттен құтыла алмайсың.Мен соны түсіндім "-дейді апай.
Шынында да тойларда музыкаға елітіп билеп жүрген үлкен кісіні көрсек, видеоға түсіріп желіге жүктейміз.Содан кетеді"жасы пәленге келсе де ес кірмеген, не жүріс,не би"-деген сияқты коментариялар.Ал шын мәнінде би арқылы, адам өзінің бойындағы стрессті,адреналинді шығарып өмірге жаңа құлшыныспен қадам қояды.Ал бізде бәрі ұят. Бәріне шектеу бар...
Санамыз жаңғырмай, салауатты өмір сүрем деу де бос сөз сияқты...
Айсұлу Кеңесбай