Бұл дүниенің сынақ екенін адам қиын жағдайға түскенде ғана түсінеді екен. Адам баласының басынан не өтпейді десеңізші. Мен бүгін «Алаш айнасындағы» «Отбасы – ошақ қасы» айдарына өзімнің басымнан өткен қиын қыстау күндерім туралы жазып, бір жеңілдеп алсам деймін.
Тіршіліктегі барлық нәрсе адамның емес Алланың қалауымен болатынын рас. Бірақ әр пенде өз тағдырының иесі. Кейбіреулер тағдыр жолында даңғыл жолдан таймайды, ал енді біреулер өмірден өз жолын таба алмай соқпағы мен бұралаңы көп жолда адасып та жатады. Мен де өз тағдырыма өзім қиянат жасап, біраз адастым.
Мен үйдің ең кенжесімін, алдымда ағам мен екі әпкем бар. Мен кішкентай кезімде қасымдағы балалардың жап-жас ата-аналарын көргенде таңғалатынмын. Өйткені менің ата-анам үлкен кісілер еді. Мені анам 44 жасында туыпты. Анам өте жуас, көп сөйлемейтін адам еді. Мен анамды ерекше жақсы көрдім, анам мені бауырына қысып, мейірлене құшақтайтыны әлі есімде. Әкеміз мен мектепте оқып жүргенде қайтыс болған. Анам бізге әкемнің жоқтығын білдірген емес. Ол кісі мен әскерде жүргенде ауырып қайтыс болды. Ауылдан жырақ әскерде онсыз да жабырқап жүргенде анамның қазасы маған өте ауыр тиді. Ол кісіні жер қойнана тапсырғаннан кейін әскерге қайта оралдым. Іштей қатты күйзелгенім соншалық, айналамдағылардың сөзін көтере алмай, қит еткен нәрсеге ашуланып қалатынмын. Әскери борышымды өтеп, ауылға қайтуға 2-3 ай ғана қалғанда менің басым бәлеге қалды. Борышын өтеп жатқан солдаттардың арасында төбелес болып, сол төбелесте қатардағы бір жауынгер қаза болды. Осы шулы жағдайдан кейін ұзақ уақыт тергеу жүрді. Соңында топ болып төбелескеніміз үшін 4 бала істі болдық. Мен 5 жылға темір торға қамалдым. Міне, осылайша, мен өзімнің енді басталған жастық өмірімді қор қылдым. «Басқа түссе баспақшыл» демекші, мен үшін осы 5 жылдың қаншалықты ауыр болғанын айтып жеткізе алмаспын. 5 жыл өтпейтіндей көрінетін. Әйтеуір уақыт шіркін бір орында тұрмайды екен. Еркіндікке шығатын кез де келді. Мен өкпемді қолыма алып, қуаныштан жарылардай болып туған үйіме оралдым. Ата-анамыздан қалған қара шаңырақта ағам өз бала-шағасымен тұрып жатқан болатын. Менің үйге келгеніме ағам қуанғанымен жеңгем жылы қабақ таныта қоймады. Оның ылғи да ағама: «Інің баламызға жоламасын, қандай ауру жұқтырып келгенін кім білсін, адам өлтірген қанішердің баламызға зияны тиеді» дегенін өз құлағыммен естіп қалатынмын. Ағамның мінезі анам секілді өте момын еді. Ол жеңгеме де үндемейді, менің де көңіліме қарап бір ауыз сөз айтпайды. Ал мен болсам өзімнің туған үйімде жүргенмен, бұл үйде өзімнің артық екенімді түсіндім. Ағамның баласы менің мойныма асылып, ағалап, менімен ойнағысы келіп тұрады. Екеуміз жақсы ойнаймыз, бірақ ол анасының айғайынан кейін маған жоламайды, мен де оны маңдайынан иіскей алмаймын. Мен неде болса ағамның отбасына кесірімді тигізбей жеке кетпек болдым. Сөйтіп бас-аяғы бір екі айда жұмысқа тұрып, алғашқы жалақыма пәтер жалдап тұра бастадым. Бірақ түрмеден келген адамда қайбір жақсы жұмыс болсын. Әйтеуір күнкөрістің қамымен құрылыс жасауға да үйрендім.
Бірде жұмыстан үйге қайтып бара жатқанымда алдымнан кішкене бала жетектеген келіншек келе жатты. Мен оны бірден таныдым. Екеуміз оқушы кезімізде жұбымыз жазылмай жүретін Дәмелі деген қыз. Бір-бірімізге қарсы кездесіп қалғанда ол амандасар, амандаспасын білмей ұялып төмен қарады. Ең алғашқы балалық тәтті сезімімді оятқан кешегі сүйкімді қыз Дәмеліні көргенде мен де сасып қалдым. Мен мектеп бітірген жылы ол тоғызыншы сыныпта оқитын. Әлі есімде мені кластастарым, достарым әскерге шығарып салғанда Дәмелі де келіп, мені ұнататынын, күтетінін айтып еді. Мен әскерден келгеннен кейін екеуміз үйленетін болып бір-бірімізбен уәделескенбіз. Одан бері де қанша жыл өтіпті-ау.
Дәмелі екеуміз біраз үнсіздіктен кейін амандасып, бір-бірімізге тіл қатыстық. Мен оны үйіне дейін шығарып салдым. Жол бойы әңгімелесіп бардық. Оны 19 жасында көрші ауылдың жігіті алып қашып кетіпті. Қасында жетектеп жүрген кішкене қыздың әкесімен дәм-тұзы жараспаған Дәмелі күйеуінен ажырасып кеткен екен. Тағдыр бізді қайта қосқан болар деп мен Дәмеліні бақытты етуге, қызын да өзімнің баламдай бауырыма басуға тырыстым. Екеуміз көп ұзамай отбасын құрдық. Алғаш үйленген жылдары әрине, қиын болды, арамызда түсінбестік те болды. Бір сәттерде өмірден баз кешіп, ішкі күйігімді ішімдікпен басқан уақыттар да өтті. Бірақ мен тағдыр қосқан жарыма ризамын. Өзімінің туыстары арамызға түсіп, от салып жатса да төзді. Менің де әлсіздігімді кешіріп, рухатандыруға, өмірге деген құлшынысымды оятуға барын салды. Туған ағаммен араласа алмай, не дұрыс жұмысқа орналасып, табыс таба алмай қиналып жүргенімде өзі жұмыс істеп, күнделікті нанымызды да сол тапты. Аллаға шүкір, сондай қиын кездің бәрі артта қалды. Мен қазір Дәмеліге жұмыс істетпеймін. Қазір өзім өте жақсы компанияда жұмыс істеймін, табысым да жаман емес. Өзімнің ішкі күйзелістерімнің бәрін жеңіп, қазір сабырлылыққа үйрендім, ішімдікті де мүлде аузыма алмаймын. Осы уақытқа дейін әркімге бір ренжіп, өмірімнен түңіліп жүрген болсам, қазір жаман ой ойламауға, тек жақсылыққа ұмтылуға тырысамын. Қазір Дәмелі екеуміздің бір ғана арманымыз бар. Қызымыздың соңынан інісі ерсе екен дейміз. Алладан бір нәресте нәсіп етсе екен деп тілеймін...
Саят, Аягөз