Өмір біз ойлағандай оңай емес екен-ау. Бақытты адамдардың баянды өмірлеріне біріміз қызыға қарасақ, біріміз қызғана қараймыз. Менің де өмірім кішігірім хикая десем де болады.
Жаратушым маған көрік пен сымбатты аямай берген. Аяқ-қолым бүтін, Аллаға шүкір жетім де емеспін. Бірақ, жанымды жегідей жейтін бір қиындығым бар. Өмірім қиындыққа толы демеймін, мүмкін нағыз қиындықты мен әлі көрген де жоқ шығармын.
Оқуды бітіріп, ҰБТ тапсырып, грантқа оқуға түстім. Универдің алғашқы табалдырығын аттаған жылы мен бір жігітпен таныстым. Сымбаты келіскен, ашық-жарқын жігіт көшеде кетіп бара жатқан жерімнен тоқтатып, танысқысы келетінін айтты. Алғашында назданып бас тартқан едім. Ол бара-бара маған жақын бола бастады. Дос болып жүріп жүрегін ұсынды. Осылай біздің бақытты күндеріміз басталып та кетті.
Сөз тиді ме көз тиді ме білмеймін, ол мен үшінші курста оқып жүргенде жігітім түрмеге қамалып қалды. Жағымсыз хабарды естігенде не істерімді білмедім. Кейіннен артынан іздеп баруға және кездесуге мүмкіндік барын естігенде қуанып кеттім. Алып-ұшып сол жерге бардым.
Темір тор деген айтар ауызға да естіген құлаққа да жағымсыз әрі суық естіледі. Кірер есігінен бастап денеңді бір суық сезім басып, аяқ-қолыңды біреу буып тастағандай тыртысып кетеді екен. Айналадағы бар адамда көздерінде мұң, өмірге деген өкініш пен өкпе бар сияқты.
Мені жігітімді күттіріп, қараңғы бір бөлмеге отырғызып қойды. Сақшылардың біреулерге айқалап жатқан дауыстарын естіп, құдды бір мәңгіге шыға алмай қалатындай күйде отырдым. Ол келгенде тоқтаусыз ұзақ жыладым. Оның амандығына тауба дедім. Оны барынша қолдап, жұбатуға тырыстым. Қасында бірнеше сағат отырып, қимай-қимай қоштастым. Ол жігіт мені ата-анасымен таныстырып, үйленетінін де айтқан еді. Енді міне, қарамайсыз ба? Жігітімнің басына ауыр жағдай түскенде тастап кетуге менің дәтім де тәрбием де оған деген ыстық махаббатымда жібермеді. Жігітім де менің іздеп келгеніме риза болып, менен мұндай батылдық күтпегенін де айтып салды. Мен оның махаббатына күмәнім жоқ. Іштей қатты қиналсам да "ер жігіт басқа түскенді көреді, бақытымыз алда" де жұбаттым.
Қазір ол отырғалы бір жарым жыл өтті. Мен оқуымды да бітірдім. Жігітіме осы уақыт аралығында кездесуге үнемі барып тұрдым. Қанша уақыт өтсе де басқа жігітке қараған емеспін, қарағым да келмейді. Жігітімді бір айдан соң босатады деген жақсы хабар алып едік, енді міне сол мерзімді тағы үш айға ұзартыпты. Күтуден жалыққан емеспін, қанша болса да күтуге дайынмын.
Бірақ, мен екі оттың ортасында қалғандайым. Осы жігіттен бас тартсам бүкіл бағымды басымнан тепкендей болатын сияқтымын. Мен шарасыз күйдемін. "Анам тұрмысқа шықпайсың ба?"- деп те айтуын жиілетті. Олар ол жігітім туралы мүлдем хабарсыз. Ертең жігітім шыққан соң, үйленетінімізді айтсақ, олар не дейді. Ақ баталарын бере қояр ма екен, ата-ана батасын алмай бақытты болу да оңай емес қой. Ата-анам жігітімнің түрмеде болып келгенін қалай айтамын, олар қалай қабылдайды? Түрме деген сөзді естіген кез келген адам қорқып, түрмеде жаман адамдар ғана отырады деп ойлайды ғой. Оларға құдды бір адам өлтірген қылмыскердей елестейді ғой. Кім өзінің қызын сотталған адамға бергісі келер дейсіз? Олардың ойынша түрмеден шыққан адам түзелмейді. Ол жігітті мен тастап кетсем, өмір бойы өкініп қалсам ше? Ең бастысы- бұл жерде мен оны сүйемін. Онсыз өмірімді, болашағымды елестете алмаймын. Ұмытып көруге де тырыстым, бірақ ол жағынан мен әлсіз екенмін. Кім ағаттық жасамайды, түрмеге түсуі де қызметіне қатысты еді.
"Отбасы-ошақ қасы" айдарының электрондық поштасына хат жазып өзімнің жағдайымды айтып, оқырманнан ақыл-кеңес алуды жөн санадым. Мені кінәлап, ұрысып табаламай, тығырықтан шығар жол сілтеп, жөн айтсаңыздар екен деймін, аяулы оқырман!
Ажар, Алматы