Туған бауырым мені жау көреді...
«Әйел де, бала да табылады, туған бауыр табылмайды» деген сөз бар ғой. Бірақ мен өзімнің жалғыз ініммен тіл табыса алмай-ақ қойдым. Бір әке, бір шешеден туған екеуміздің етжақын адамдардай емес, жат адамдардай араласпағанымыз, әрине, дұрыс емес. Бірақ мен ініме қанша кешірімді болғым келсе де, оның әс-әрекеттері менің ашуымды келтіреді. Құрметті «Алаш айнасының» оқырмандары, маған ақыл кеңестеріңізді берулеріңізді өтінем.
Сырым екеуміздің арамыз 5 жас. Қазір менің жасым 34-те. Екеуміздің де өз отбасымыз бар. Інім ата-анаммен бірге тұрады. Ал мен бала-шағаммен бөлек тұрамын. Сырым үйленгеннен кейін бірден бөлек шықтық.
Анамның айтуынша мен кішкене кезімнен өте пысық, өжет болыппын. Жөргектегі кезімнен мазасыз болғандықтан ба, анамның тұңғышы болғасын оның бала бағу тәжірибесі болмады ма, мені көбіне ата-әжем, анамның сіңілдері қарасқан көрінеді. Әлі күнге дейін анам менің сондай тыным таппайтын бала болғанымды айтып отырады. «Жалынның мені шаршатқаны соншалық екінші баланы тууға асықпадым» дейді анам. Ал Сырым керісінше, өте момын, жуас бала болыпты. Кішкене кезінде анам қасында жатса болды, ұйықтай береді екен. Әлі есімде мен мектепке барып жүргенде оны жетектеп балабақшаға апаратынмын. Әкем мен анам жұмыс істеді. Мен ес білетін болғасын олар інім екеумізді үйде қалдырып кететін. Сырым 2-3 жасында тез жылап қалатын жасықтау бала болды. Мектепке асығып бара жатқанда балабақшаның есігінен кіргізіп жіберсең, жылаған күйі қырсығып есіктің босағасында тұрып алатын. Мектепке барғанда да сабақты нашарлау оқыды, өзі қатарлас балалардан таяқ жеп, үйге талай жылап келгені есімде. Сырым үшін талай төбелесіп, оны қорғаштаумен жүрдім. Бірақ оның ұл балаға тән мінез көрсетпейтініне мен ыза болатынмын. Оны қайрап, өзіне тиіскен балаларға қарсы тұруды қанша үйретсең де ол сондай жасық болды. Сырымды әкем ұлым да, қызым да осы деп жақсы көретін. Ал анам мені ерекше жақсы көрді және мен атам мен әжеме ауылға жиі барып тұратын болғандықтан, әкемнің туыстарына да жақын болып өстім.
Сырым тұйық жігіт болып ержетті. Ол ешкіммен ашылып сөйлеспейді, туысқандардың кейбірін тіпті танымайды да, араласпайды. Өзімен өзі жүргенді жақсы көретін. Анам Сырымды жоғары оқу орнына түсірді. Бірақ оның оқуға құлқы болмады. Анам әйтеур тамыр-танысын салып жүріп дипломын алып берді.
«Үндемегеннен үйдей пәле шығады», демекші, Сырым кішкене кезінде момақан бала болғанмен, есейге келе оның тұйықтығы, қырсықтығы айналасындағыларға кері әсерін тигізді. Ол біресе құмар ойынға басымен кіріп кетті, енді бірде ата-анамыз әперген екі көлікті де мас болып жүргізіп, жол апатына ұшырады. Әйтеуір өзі аман қалды ғой деп Сырым қағып кеткен адамдардың көлігін төлеп бердік. Басқа да түрлі істері үшін бірнеше рет қылмыстық жазадан алып қалдық. Ең қызығы, Сырым ешқашан өзінің кінәсін мойындамайды, қайта оның істеген қылықтарын жуып-шаюға біз міндетті секілдіміз оның ойынша. Қит етсе ата-анамызға «Сендер мен жақсы көрмейсіңдер, түсінбейсіңдер. Бәрің Жалынды жақсы көресіңдер» деп ішіп алып жылап, әсіресе анамның есін шығаратын.
Ата-анамның көңіліне қарап мен Сырымның барлық сөзіне мән бермеуге тырысатынмын. Осыдан 3-4 жыл бұрын ата-анам Сырым бір пәлеген ұшырап қалмай тұрғанда үйлендірейік деген соң, мен ініммен сөйлесіп, оның ұнатып жүрген қызымен таныстыруын өтіндім. Ол менің сөзіме мән бермегендей болды. Бірде мас болып ішіп алған ол үйге бір қызды жетектеп әкеп тұр. Әлгі қыздың обалына қалмайық деп өзімен сөйлесіп едік, Сырымға тұрмысқа шығуға кетәрі емес екенін айтты. Сөйтіп інімді үйлендірдік. Жұбайым екеуміз құдалыққа барарда қалыңмалын көтеріп алдық, ата-анам шамасы келгенше құдалыққа қамданды. Бірақ Сырым тура құдалық күні достарымен ішіп-ішіп қайынжұртына бізбен еріп бармады да. Құдалармен тойды сәл кейінірек жасайтын болып келісіп, құдаласып қайттық. Тойға дейін де Сырым ата-анамызға «Сендер Жалынға керемет той жасағансыңдар, маған той жасағыларың да келмейді...» деп біраз қиғылықты салды. Сырым үшін не жасасақ та қадірімізді түсінбегеніне ашуланып сол кезде мен ызаға булығып оны қатты ұрдым. Осыдан кейін де екеуміз талай рет ерегесіп арты төбелеске ұласқан жағдайлар да болды. Екеуміз бір-бірімізді көрсек, жаға жыртысатынымыздан ата-анамыз да, әйелдеріміз де әбден мезі болды. Мен тіпті туған бауырымның маған қол ала жүгіретініне жүрегім ауырып, мүлде әке-шешемнің үйіне бармай қойдым. Анда-санда бір-бірімізді кездейсоқ көргеніміз болмаса, онымен кездеспеуге тырысамын. Алайда қанша айтқанмен екеуміз бір-бірімізге туған бауырмыз ғой, ата-анамыздың жүрегін ауыртпайын деп оларға хабарласып қоямын, әйелім де ата-анамды жақсы сыйлайды. Олар да анда-санда біздің үйге келіп немерелерінің маңдайынан иіскеп кетеді. Өйткені Сырымнан әлі бала сүйген жоқ. Меніңше, Сырымға отбасы да, ата-ана да, бала да керегі жоқ сияқты. Ешқашан ештеңеге басын ауыртпайды, сау кезінде үнсіз өзімен өзі жүре береді, ішіп алса, қырық жылғы өткен-кеткенді айтып, өкпе-назын түгел ақтарып, сойқан салуға әзір тұрады. Осыдан біраз уақыт бұрын тағы да ішіп алып біздің үйге келіп біраз шерін тарқатты. Баласының болмай жатқанына бізді кінәлады, біздің оған жанымыз ашымайтын тас жүрек екенбіз. Әйтеуір не керек, есігімізді етпкілеп, аузына келгенін оттай берген соң тағы да аямай жазасын беріп, желкесінен алып үйден қуып шықтым. Шынымды айтсам, туған інімнің осындай қылығынан әбден шаршадым. Кейде ойлаймын, ата-анам бізді бір-бірімізге бауырмал етіп тәрбиелей алмады ма? Сырым секілді мінезі күрделі балаға ерекше назар аударып, оған басқаша тәрбие беріп, одан сүйіспеншілікті барынша аяумаулары керек пе еді. Әбден жұмыс-жұмыс деп айналдырған екеуміздің тәрбиемізге көңіл бөле алмаған секілді әкеммен анам. Әйтпесе Сырым туған ағасына қол жұмсап, қызғанып, іштарлық танытатындай сонша не көрінді? Әлде мен дұрыс аға бола алмағаным ба? Сырымға жаным ашығандықтан да жұмысқа тұруға, кез келген келеңсіз жағдайдардан арашалап алуға тырысып-ақ бақтым. Ешқашан істеген жақсылығымды бұлдаған емеспін. Бірақ інім мені неге өзіне жау көреді. Осыны түсіне алмай-ақ қойдым...
Жалын, Алматы
Құрметті оқырман, егер Сіз де өз басыңыздан өткен тағдырды көпшілік талқысына салып, оқырманмен ой бөліскіңіз келсе мына электронды почтаға материалыңызды жолдай аласыз: info@alashainasy.kz
Редакция телефондары: 8/727/388-80-60; 8/717/2 54 27 30