Құрметті «Алаш айнасы» интернет-газетінің ұжымы. Сіздердің сайттарыңыздағы «Отбасы – ошақ қасы» айдарына басымнан өткен мына бір жайтты жолдап отырмын. Себебі сайттарыңызда суррогат ана болғысы келгендердің жолдаған сауалының көптігі сонша, назарымды бірден аудартты. Егер жазғандарым көңілдеріңізден шығып жатса жарыққа шығарарсыздар.
Cонымен мен қалай суррогат ана болдым? Ендеше сіз бейіл қойыңыз, мен баяндайын...
Ол жылдары мен солай жасауға мәжбүр болдым. 2004 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданында ауруханада медбике болып жұмыс істейтінмін. Медбикенің жалақысын білесіздер, бір жалақыдан екінші жалақыға ептеп-септеп қиналып жетіп жүрдік. Күйеуімде жұмыс жоқ, қолымда кәрі шешем және қызым бар. Бірде өзі жұмыссыз және демікпе дертімен ауыратын күйеуім өз туыстарына барғысы келетінін, туыстарының көмегімен бір кәсіп жасағысы келетінін айтып қалаға жол тартты. Сөйтіп, ол сол кеткеннен мол кетті. Ақыры дәм-тұзымыз жараспай ажырасып тындық. Ал маған жалғыз өзіме кәрі шешемді, қызымды бағу одан әрі қиындай түсті. Осылай қиналып жүргенімде бір күні Алматыдағы құрбымның шақыртуымен, шешем мен қызымды ауылға тастап, алып қалаға «мол ақша табамын» деген үміт жетектеп келе қалдым. Алматыға келіп өз мамандығым бойынша жұмыс істегім келетінін айтып едім, құрбым миығынан күлді де үндемеді. Ертесіне ол маған суррогат аналар қажет екендігі жөнінде жарнаманы алып келді. Өзі де осы бағдарлама бойынша жұмыс істей бастағанынан да құлағдар етіп қоюды ұмытпады. Қомақты қаржыға қол жеткізгім келсе қажетті анықтамаларды жинауым керектігін айтты. Үш күн ойланып ақыры ЭКО орталығына барып көруді жөн көрдім. Құрбыммен бірге арнайы психологиялық-трейнингтерге қатысып жүріп суррогат ана болудың жай-жапсарын ақырындап түсіне бастадым. 15 күндей шамасында уақыт өткен соң мені құрбымның таныстыруымен тапсырыс берушілер таңдай бастады. Осылайша алғашқы қадамым басталды. Міне, сол уақыттан бастап мен суррогат ана болумен қатар төрт мәрте ооцит донор яғни құпия донор бола алдым.
Бірінші био-ананың сеніміне кірген жөн
Өзімнің мамандығым медбике болғандықтан маған бағдарлама барысында пайдаланатын преператтарды қабылдау аса қиындық туындырмады. Себебі олардың атауының көпшілігі маған таныс еді. Сөйтіп, мен бірінші мәрте 2007 жылы осы тәсіл арқылы жүкті болып өмірге ұл әкелдім. Қазір ол ұлдың жасы жетіде.
Жалпы, маған тапсырыс берушілер үшін менімен келісімшарт жасау тиімді. Себебі менің био-аналар мен био-әкелерге қояр өзіндік талабым бар. Мен оларға «сіздермен танысқаныма әрине, қуаныштымын, бірақ менің шартым, мен бала көтерген сәттен бастап сіздің күйеуіңізді көргім келмейді» деп ашып айтамын. Бұған себеп: баласына жүкті кезде суррогат ана мен баланың биологиялық әкесінің арасында жақын қарым-қатынас пайда болып, осының салдарынан қайсыбір отбасылар бұзылып та жатады. Осыны ескергендіктен мен суррогат ана болған кезде мұндай шарт қоя білуім керек екенін жақсы түсіндім. Осылайша құрсағымдағы баланың биологиялық анасының маған деген сенімін туғыздым. Ал бұл жайт көптеген кездерде қадамымды тайсалмай алға басуға жетеледі. Тіпті қазір сол ұлдың био-анасымен телефон арқылы хабарласып, жай-жапсарын біліп тұрамын. Бірақ отбасының ішіне дендеп еніп кету, тым жақын араласу суррогат аналар үшін аса қажетті дүние емес. Себебі мұндай жағдайда бірінші кезекте өзі өмірге бала әкеле алмай қабілеті шектеліп, онсызда жарым көңіл болған био-ананың көңіліне қаяу түсуі мүмкін. Екіншіден, био-әкенің де көңілі алаң бола бастайды. «Басқа әйелдің қолынан келеді, ал біздікінің ше» деген бір ой жылт етсе ер-азаматқа осы ойдың өзі жетіп жатыр. Сондықтан суррогат ана болғаннан кейін алдымен осы жайттарды сауатты шешуге басты назар аудару керек. Былайша айтқанда, бала құрсағыңа біткен бетте «бұл баланың биологиялық әке-шешесі бар» дегенді санаға мықтап сіңіру керек. Олай етпеген суррогат ана кейін сол балаға бауыр басып қалса, қилы-қилы проблемалар алдынан шығады. Суррогат ана болатын әйел бірінші био-ананың сенімін тудыруды ойлауы тиіс. Осы арқылы ол өзінің жолын ашық ете алады.
Интернетке икемім жоқ, бірақ жарнамам жақсы...
Осылайша мен био-ананың сеніміне кіргендігімнен бастапқы клиенттерім менің телефон нөмірімді өзге таныстарына бере бастады. Айта кетейін, мен интернет арқылы өзіне-өзі жарнама беретін сур-аналардың қатарында емеспін. Болашақ тапсырыс берушілер өздері хабарласады. Егер оларға мен өзім көмектесе алмасам да суррогат ана бола алатын басқа да таныстарым бар екенін олар біледі. Менің өзіме және суррогат ана болып жүрген құрбыларыма тапсырыс берушілер сәбидің өмірге сау болып келуі үшін оған қамқор бола алатынымызды біледі. Сондықтан олар да өз сәбиін өмірге әкелетін ананы дұрыс таңдағысы келеді. Бұл салада сенің абыройыңның қандай болғаны аса маңызды. Егер мен көңілінен шықсам басқа аналарға менімен байланысудың тетіктерін көрсетеді. Мен ооцит донор болғандықтан көбіне таныстарым, тіпті алыс туыстарым маған суррогат ана болуға тапсырыс береді. Ал кей кезде құпия донор болуыма да тура келеді.
Суррогат ананың құны қанша?
Әрине, бұл сауалға баршаңыздың қызығып отырғаныңызды мен біліп отырмын. Құрсаққа біткен баланы тоғыз ай көтеріп, баланың өмірге келу күні жақындаған сәтте бала туу процесіне биологиялық ана қоса қатысады. Осы жерде айта кететіні бала туғаннан кейін бірден биологиялық анасының қолына беріледі. Мені бірден келесі басқа бөлмеге ауыстырады. Содан кейін бірден маған нотариалды түрде расталып баладан бас тарту қолхаты жазылады. Бұдан соң келісімшарт бойынша маған сыйақы төленеді. Сыйақының жоғары көлемі 15 мың долларды құрайды. Ал арзан бағасын ұсынып 10 мың доллар сыйақы сұрап жататын әйелдер де жоқ емес. Бұл жерде жыл сайын «бір баланы өмірге әкеліп ақшаны көпіртіп табуға болады» деген түсінік тумауы керек. Шарт бойынша суррогат ана боуға үш мәрте ғана рұқсат беріледі.
Бұған қоса барлық сур-аналарға қатысты айтарым, мен жүкті болған балаларға менде аналық байланыс орнамайды. Мен өзім үшін бұл менің балам емес екенін анықтап аламын. Менің қызым мен анам бар. Қызымды қазірде Жоғары оқу орнына түсіргенмін. Осындай жайттарды ойласам, мен өзімнің басқа да қамқор болатын адамдарым бар екенін жақсы түсінемін. Ендігі кезекте қазір екінші мәрте көтеріп отырған құрсағымдағы баланы аман-есен өмірге әкеліп қосымша тапқан табысым бар соның барлығының басын жиыстырып бір баспана алсам деймін.
Баладан бас тартатындар да бар...
Негізінде, қазіргі құрсағымдағы баланың алдында мен тағы бір мәрте жүкті болдым. Бірақ бойыма бала біткен соң екі айдан кейін жүктілікті үзуге тура келді. Себебі биологиялық ата-ана баладан бас тартты. Міне, тәжірибемде осындай да жайттар кездесті.
Жоғарыда суррогат ана болудың ережесі бойынша бұл бағдарлама бойынша үш рет суррогат ана болуға болатынын айттым ғой. Мен қазір екінші мәрте өмірге бала әкелгелі отырмын. Бұдан соң тағы бір мәрте суррогат ана боламын. Одан кейін тек қана ұрық өткізетін донор болуыма болады.
Жалпы, суррогат ана болғысы келетіндерге айтарым, адам еріккенен мұндай қадамға бармайды. Тіпті жалындап тұрған 23-25 жасында бір баланы өмірге әкеліп алып ақша табу үшін мұндай тірлікке барып жататындар да бар. Ал бұған қатысты айтарым, суррогат ана ретінде 30 жас және одан жоғары жастағы әйелдерді алу керек. Мұндай әйелдер дәрігерлердің айтқанын орындайды, тәртіпті сақтап, сәбиге қамқор болады. Ақымақтықа бармайды, кез келгенмен байланысқа түспейді. Мен өз басым жас қыздардың донорлығында осындай жайттарды да көзіммен көргенмін.
Жатырын алып тастаған қыздар да болды
Негізінен, суррогат ана болатын қадамға барғанда денсаулыққа қатты көңіл бөлінуі тиіс. Физикалық, психологиялық тұрғыдан бөлек репродуктивті қабілетке де баса назар аударылуы керек. Мысалы, мені осы Алматыға шақырып, осы бағдарламаға қатысуыма мұрындық болған жоғарыда мысал етіп отырған құрбымда эмбиорн өткізу өте жақсы өткен еді. Бірақ уақыт өте келе оның жағдайы ауырлай бастады. Сөйтсек, онда жатырдан тыс жүктілік болып шықты. Ол мұны білмей көп уақыт жолғалтқан. Артынша ота жасалып оның жатыры алынып тасталды. Мұндай жағдайда денсаулығына зиян келгені үшін тапсырыс берушілер өтемақы төлеуі тиіс еді. Бірақ олар өтемақыны төлемеді. Тек емделу құнын ғана төлеп, өтемақы төлеуден басын алып қашты. Осындай қайғылы, өкінішті жайттар да кездесіп жатады. Демек, барлық талапқа сай болып, денсаулыққа сенімді болған жағдайда ғана мұндай қадамға баруға болады. Бұл жолдың өте ауыр жол екенін, жпауапкершілігі мол бағдарлама екенін түсінбестен іске кірісудің арты үлкен өкінішке апарып соқтырады. Сондықтан бұл істе сақтық шараларын қарастырып өте абай болған жөн.
Абзалында, суррогат ана болудың шариғатқа қайшы емес екені жайында дін өкілдері «ерлі-зайыптылар табиғи түрде бала сүйе алмаған жайғдайда оларды қолдан ұрықтандыруға шариғат рұқсат етеді. Адамға жасай алатын ең адал, құнсыз, игі іс – ата-аналық бақыт сезімін сезінуге көмектесу» дейді. Ендеше осы бір ата-ана бақытын шексіз сезінуге көмектесіп жүрген бұл іске асқан жауапкершілікпен қарау міндет деп білемін. Мұны бұл қадамда жүрген әрбір суррогат ана салмақпен ойлануы тиіс.
Автор: Жан-Ай Керім