Шешеден боқтап, ананы қорлаған шымкенттіктерге не дауа?
Шымкент қаласынан біздің купемізге иықты келген шомбал жігіт ағасы мінді. Аздап ұрттап алған сияқты. Көңілді. Сірә, тойлап келе жатыр-ау өзі.
– Шешеңді… әбден шаршадым, – деді ол қозы қарнын сипап қойып.
– Неден шаршадыңыз? Аса қатты жұмыс істемегеніңіз көрініп тұр, – дедік біз әзілдеп.
– Қайдағы, шешеңді… Жиенім үйленіп. Соның құда күтуі, қыз ұзатуы, одан қарсы жақтың үлкен тойы, құда күтуі. Әй, шешеңді… әбден шаршатты.
Жолаушы азаматтың «шешеңді деген сөзді төртінші рет «рақаттанып» айтқаны менің қытығыма тиді. Қарындасым, інілерім отыр дегендей. Ол сөзді өзім айтқандай ыңғайсыз халге түстім.
– Сірә, бауырым, қыз ұзатқан сияқтысың ғой. Сондықтан ол үйленбейді, тұрмысқа шығады. Қазақтың бай сөзін қор қылып… – дедім мен әлгі «шешеңді» деген сөзді айтқаны үшін оған бірден шабуылды басқа тұстан бастап. Жап-жаңа ғана көңілді отырған жолаушы серігіміз бұқа сияқты басын оң жаққа шұлғып қалды. Маған үдірейе қарады. Қызарған көздері қитарланып кетіпті. Мен де одан көзімді тайдырмадым. Екеуміз жекпе-жек алдындағы құдды кәсіпқой боксерлер сияқтымыз. Жанымда отырғандар сілтідей тына қалған.
– Ой, шешеңді… бәрібір емес пе? Немене сен бүйректен сирақ шығарып отырсың? Білгішсің бе, немене. Ой, шешеңді…
– Әй, жігітім, біріншіден, сенің жасың менен кіші. Үлкенді сыйлау керек емес пе? Өте анайы сөйлеп отырсың. Екіншіден, «шешеңді» деген сөзді үш-төрт минуттың ішінде бес-алты рет қайталадың. Менен ұялмасаң да, мына отырған қыздардан, аналардан ұялмайсың ба? Шеше, ана деген сөздер қандай асыл сөздер екенін білесің бе, сен? Сен өзі анаңды, шешеңді қадірлейсің бе?
– Қа-дірлеймін! Немене сонда мені дорақ деп отырсың ба? Ой, шешеңді…
Осы сәтте айналадағы адамдар ду етіп күліп жіберді.
– Аға, бұл кісіге дауа жоқ. Жалпы шымкенттіктер бұған еті үйреніп кеткен. Бұл сөз оларға әбден жаргон болып сіңген. Шымкенттіктер сәбилерін бесіктен белі шықпай жатып осылай шешесін боқтатып тәрбиелейді. Үлкені де, кішісі де екі сөзінің бірін «шешеден» бастайды. Оған несіне сөзіңізді шығын қылып отырсыз? – деді қарындасым маған араша түсіп. Шынында да, мен алдымдағы қарсыласымды жағадан бүрейін деп отырғанмын. Мына сөз тоқтау болды.
– Ау, жаргон, паргон деп анамызды боқтатып осылай отыра береміз бе? «Әдет - әдет емес, жөн әдет қой». Шымкенттер дегенің қарақұрым қалың ел емес пе? Неге жөнге келмейді? Ел болып осы теріс те анайы, боқтық сөзбен күреске неге шықпайды?
Ел ішінде небір зиялылар, небір үлкен ақсақалдар, кең қолтық даналар, сөз қадірін білетін ақындар, жазушылар, талай даудың түйінін шешіп тастайтын билер бар емес пе? Қайда солар? – деп мен алдымдағы жігітке деген қысастығымды ұмытып басқа, тың арнаға түсіп кеткендей сөйледім.
Қарсыласым да ежірейгенін қойып, жуасып қалғандай. Мен де өзімізді-өзім сабырға жеңдіріп, онымен әрі қарай тәжікелесуге, жағасынан алып жұлқылауға зауқым соқпай қалды. Өйткені бұл бауырыма да, жалпы Шымкенттіктерге бұл жөнінен, шынында да, әзірге дауа болмай тұрғанына көзім жетті.
Расында да, Оңтүстік өңіріндегілер бұл жаппай айтылып, сүйекке сіңіп кеткен боқтық сөзге тіптен мән бермейді екен. Айтсаң, «Ой, шешеңді! Әншейін бұл әзіл сөз ғой дейді күліп. Оны айтуды тіпті өздеріне мақтаныш көреді. Ол боқтық сөзді айтпаса, «Шымкенттік» болмай қалатындай кейіпке түседі олар. Сырт жұрт бұған таң қалады. «Анасын қадірлемейтін мұндайда ел болады екен-ау» деп ойлайды. «Анасын қадірлеп, құрметтей алмайтын ел». Қандай жаман сөз! Айтуға ұяласың шымкенттіктер бұл сөзді тістерін қайрай отырып айтқанымен, ар жағында олардың зәредей арам ойы жоқтығын олар қайдан білсін?
Мұхаммед пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) бір сахабасы келіп: «Ең бірінші біз кімді құрметтеуіміз керек?» – деп сұрайды. «Анаңды» – дейді Пайғамбарымыз. «Ал екінші кімді құрметтеуіміз керек? – дейді. Пайғамбарымыз тағы да «Анаңды» дейді. «Үшінші кімді» дегенде де осылай жауап беріпті Пайғамбарымыз. Анасын қастерлемейтін, құрметтемейтін бірде-бір халық, бірде-бір адам жоқ десем қателеспейміз. Шымкенттіктердің де қастерлейтіні сөзсіз. Бірақ «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді демекші, оларды зор ұятқа душар етіп отырған осы «Шешеңді…» деген сөз. Және ол оңбаған сөзді еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін айтады. «Ұят болады-ау. Мұны тоқтатайық. Әбестік болыпты» деген уәжді мен осы күнге дейін естімеппін.
Меніңше, шымкенттіктер халық болып осы былапыт сөзді айтуды тоқтатуға белсене кірісіп, күрес жүргізуі қажет. Бұл боқтық сөздің ұрпақ тәрбиесіне орасан зор зияны бар екенін ұғынатын уақыт жетті. Бұл − мақтаныш емес, сорақылық. Осы арқылы балаларымыздың жан дүниесіне өшпес сызат қалдырып, зор күнә жасаймыз. Ең бастысы, аналарымыздың перзент алдындағы беделін түсіріп, оларды құрметтеуге, қастерлеуге деген ілтипатын, махаббатын суыта түсетін боламыз. Сондықтан, қадірлі шымкенттік азаматтар, алдымен бұл сөзді үзілді-кесілді айтпауды өзіңізден бастаңыз. Өзгелерге айтқызбаңыз. Бізге өмір сыйлаған аналарымызды қастерлейікші, ей, адамдар!
Ертай Айғалиұлы, бас редактор
kazakhstanzaman.kz сайтынан алынған