Жас кезде дүниенің бар қызығы осы екен деп ойын-сауыққа, той-думанға құмартып, ертеңгі күнді ойламай, тек бір күнмен ғана өмір сүргеніме өкінем. Жастықтың буымен махаббаттан басым айналып, бір жігітті құлай сүйдім. Бірақ бұл ғашықтық менің басыма бақ емес, сор боларын білмедім ғой. Бүгін мен өзімнің басымнан өткен тағдырдымды «Алаш айнасы» оқырмандарымен бөлісіп, шер тарқатсам деп едім.
Мен 19 жасымда тұрмысқа шықтым. 17 жасымда мектеп бітіріп, әке-шешем мені жоғары оқу орнына түсірген еді. Университетте 1 курсты бітіргеннен кейін өзімше жазғы демалыста жұмыс істемек болдым. Қолымнан көп нәрсе келмесе де, әнді жақсы айтамын. Тойларда аздап ән айтатыным бар еді, сондықтан мейрамханаларда ән шырқап, табыс тауып жүрдім. Өзімнің бірнеше дос қыздарыммен бірлесіп кіші-гірім топ құрдық, мен ән айтамын, олар билейді. Сөйтіп өзімізге жетерліктей жап-жақсы табыс таптық. Осылай тойлатып-думандатып жүрген кештердің бірінде мен өзімнің болашақ күйеуіммен таныстым. Ол алғашында менің әнімді ұнатып, бізге ақша тастап кететін. Ол кезде қалталы жігіттің беретіні біз үшін көп ақша. Әлгі ақшаны қыздар бөлісіп аламыз да қарқ боламыз. Сөйтіп жүргенде бір күні жұмбақ жігіт мені кешкі асқа шақырды. Мен өзім жалғыз баруға қорқып жаныма дос қыздарымды ертіп алдым. Ол бізге мейрамханада дастархан жайып, барынша құрмет көрсетті. Бірақ ол бізге толық атын да айтқан жоқ және ол ешқашан жалғыз жүрмейтін, жанында бір топ жігіттер жүреді. Олардың бір ауыз сөйлегенін көрмейсің. Макс қожайындары болса керек, әлгі жігіттер оның алдында зыр жүгіреді, бір-бірін көзбен түсінеді. Сол кеште Макс бізбен жақынырақ танысқысы келген сыңай білдіріп, әңгімеге тартты. Алайда өзі туралы ештеңе айтпады. Осыдан кейін ол маған құшақ-құшақ гүл, қымбат-қымбат сыйлықтар жіберетін болды. Сыйлық алған қай қызға ұнамайды, біртүрлі ыңғайсыздансам да, іштей қатты қуанатынмын. Осылайша ол менің жүрегімді жаулап алды. Мен оны қалай құлай сүйіп қалғанымды өзім де білмей қалдым. Бір жылдай кездесіп жүріп мен онымен жақын қарым-қатынаста да болдым. Ол маған екеуміздің мәңгі бірге болатынымызды айтып сөз берді. Бірақ ол үйлену туралы тіпті сөз қозғамайтын. Менің Максқа бауыр басып қалғаным соншалық, оның жанынан ешқайда кеткім келмейтін. Үйдегілерді сабаққа барамын, жатақханада қыздардың жанында қона саламын деп алдап, уақытымның көбін жігітімнің жанында өткіземін. Макс үнемі пәтер жалдайды, одан қалса мейрамхана, кафелерде жүреміз. Кейде мені пәтер жалдап отырғызып кетеді де, өзі жұмыстарымен шығып кетеді. Алғашында мен оның қандай жұмыс істейтінін білген жоқпын. Ол маған жұмысының құпия екенін, кейін түсіндіретінін айтты. Бірақ ең басытысы табысы жақсы. Ол кезде мені болашақ күйеуімнің жұмысы, баспанасы қызықтырмапты да ғой. Оның қасында болғанына масаттанып жүре беріппін. Осылай оқуды да оқымай, ата-анамды да алдап жүрген кезімде өзімнің жүкті екенімді білдім. Жағдайымды жігітіме айтқанымда ол біразға дейін үнсіз отырды да, содан кейін ғана онда сен бұдан былай менімен бірге тұрасың, бірақ заңды түрде неке қимаймыз деді. Мен тіпті оған да келістім. Артқа шегінер жол жоқ болған соң мән-жайды ата-анама түсіндіру керек болды. Макс екеуміз бірге барып, менің әке-шешеме үйленетімізді айттық. Байғұс ата-анам, әрине, қарсы болды. Менің жүкті екенімді білген соң тіпті қиналды. Әкем маған сөйлемей теріс айналып кетті, анам қатты ашуланып, аузына келгенін айтып ұрысты. Бірақ болар іс болды ғой. Көп ұзамай Макс өзінің ата-анасын құдалыққа жіберетінін айтты. Сол кезде мен де ата-енеммен алғаш рет таныстым. Ол кісілер Алматы қаласының маңындағы бір ауылда тұратын. Сонымен шағын ғана құдалық өткізіп, той күнін белгіледік. Тойымыз да шағын ғана ортада өтті. Мейрамхананы айнала қаруланған адамдар күзетіп тұрды той біткенше. Мен бұған дейін де Макстың үнемі қарумен жүретінін, айналасындағы жігіттердің де қаруланып жүретінін байқағанмын. Бірақ оның қылмыс әлеміне қатысы бар екеніне тіпті сенген жоқпын. Үйленгеннен кейін отбасылық өміріміз қашып, тығылып өмір сүрумен басталды. Тойымыз өте сала аяқ астынан басқа қалаға кететін болдық. Жолдасым не десе, соның айтқанына көніп, жетегінде жүрдім. Алматыдан не үшін кетіп бара жатқанымызды да түсіндірген жоқ. Мен тұңғышымды ата-анамнан жырақ, ешкімді танымайтын қалада босандым. Сәбиім дүниеге келген соң бала күтімімен әуре болып жүрдім, ал күйеуім болса біздің жанымызда өте сирек болады. Көбіне күндіз-түні үйге келмейді. Өзіміз пәтер жалдап тұрамыз. Анда-санда түнделетіп келіп кетеді. Мен не телефонмен сөйлестірмейді, өзі әр кезде әртүрлі нөмірмен маған хабарласып тұрады. Бұрынғыдай жаным-күнім деп қымбат сыйлық сыйлау былай тұрсын, үйленгеннен кейін жолдасым өз басымен қайғы болып кетті. Әбден тағдырым осы адамға байланған кезде мен Макстың қылмыскер екенін, табысы адал емес екенін білдім. Бірақ оның нақты немен айналысатынын мен білмейтінмін. Харам жолмен бізге нан тауып, басымызды қатерге тігіп жүрген күйеуімнен ажырасқым да келді. Бірақ ол мені ешқайда жібермейтінін, әйтпесе баланы тартып алатынын айтып қорқытты. Кейде онымен қатты сөзге келіп қалған кездерде полицияға хабар беріп, ұстатып жібергім келетін. Бірақ қанша айтқанмен баламның әкесі ғой, ондайға батылым жетпеді. Алайда оның қанша адамның көз жасына қалғанын ойласам, жыным келеді. Біздің мән-мағынасыз отбасылық өміріміз 5 жылға созылды. Осы уақыттан кейін ол бірнеше баппен сотталып, темір тордың ар жағына кете барды. Қазір оның түрмеде отырғанына да біраз уақыт болды. Мен қазір баламды жалғыз тәрбиелеп отырмын, өзімнің ата-анамның қолында тұрамыз. Баламның әкесі темір тордың ар жағында отырса да, кейде банктегі шотымызға ақша салып тұрады. Бірақ мен ол ақшаның бір тиынына да тиіскен емеспін. Өйткені өзімнің осы уақытқа дейін қателесіп келгенім де жетеді. Енді баламның әкесі босап келгеннен кейінгі өмірім не болмақ? Егер оны жолатпай қойсам, ұлым әкесін іздей ме деп те ойлаймын. Не істерімді білмей әбден басым қатты.
Ажар, Алматы
Құрметті оқырман, егер Сіз де өз басыңыздан өткен тағдырды көпшілік талқысына салып, оқырманмен ой бөліскіңіз келсе мына электронды почтаға материалыңызды жолдай аласыз: info@alashainasy.kz
Редакция телефондары: 8/727/388-80-60; 8/717/2 54 27 30