Менің оқиғам ең болмаса басқа аналарға сабақ болса деймін. Қызымнан тірілей айрылып, өкініштен бармағымды шайнап жүргеніме бірнеше жыл болды. Бәрін басынан бастап айтайыншы...
Төрт жыл бұрын қызым тұрмысқа шықты. Олар «Түркияға демалуға барамыз. Онда туыстарымыз бар» деді. Менің қарсылығыма қарамастан қызым мен күйеу балам Түркияға кетті. Одан кейін 2 ай хабарсыз кетті.
Мен қобалжи бастадым. Бір уақытта қызым хабарласты. «Анашым, мен бір пәтердемін. Мұнда әйелдер көп. Біздің телефондарымызды тартып алды. Күйеуім жоғалып кетті. Оның қайда екенін білмеймін. Анашым, мен білмедім. Мен ештеңе білмедім. Өтінемін көмектесші» деді. Мен қайда барып, не істеу керектігін білмедім. Қатты қорықтым. Тек жылай бердім.
Бір аптадан кейін қызым бір әйелден телефон алып, жасырын номермен хабарласты. «Анашым, уайымдама. Барлығы жақсы. Күйеуім қайтып келді» деді. Одан кейін қайта хабарсыз кетті. Кейін белгілі болғандай, олар сол кездері Түркия арқылы Сирияға өтіп кеткен екен. Соңғы рет хабарласқанда менімен қоштасқандай сөйлесті. Екі айдан кейін күйеу бала хабарласып, барлығы жақсы екенін айтты. Бұл олардың соңғы қоңырауы болды ау деп жылап жүргенімде бір жылдан соң қызым қайта хабарласып, өзге біреудің телефонымен байланысқа шықты. Ол күйеуі қайтыс болғанын және үш баласымен жалғыз қалғанын айтты. Қолынан келсе үйге оралатынын жеткізді. Ал қазір қызымның не өлі, не тірі екенін білмеймін. Күн сайын одан хабар күтумен, жылаумен күндер өтіп жатыр. Дүниеде өзің не екенін білмейтін, әйтеуір бірнәрсені, біреуді күту сезімімен күн өткізуден асқан азап жоқ екен.
Негізі қызым тұрмысқа шыққан соң ғана орамал тағып бастады. Қызым колледжде оқып жүргенінде жігітпен танысты. Мен оған намаз оқитын жігітке күйеуге шықпа деп бірнеше рет ескерттім. Себебі, бізде шолақ балақтылар мен сақалдылар көп. Мені тыңдаған жоқ. Артынан ол қыздың аяғы ауыр болғанын сездім. Үйден қашып, жігіттің үйіне барып кіріп алды. Сол жігітке тұрмысқа шықты, бірақ, той ештеңе болған жоқ. Қызым тұрмысқа шыққан кезде 17 жасқа да толмаған еді. Қысқа киіп жүрген қызымның жабық киімге қалай көшіп кеткенін мен түсінбей қалдым. Кейін білдім, жігітпен кездесіп жүрген кезінде үйде жүріп намаз оқуды бастаған. Үйден шалбар киіп шығып, дүкенге барып ұзын юбка киіп алады екен. Дүкенде басына орамал тағып сабаққа барып жүрген. Оны кейін дүкеншілерден естідім. Мен барлық жағдайды ол қыз кеткеннен кейін ғана білдім. Сол уақыттарда ұлымды үйлендіріп, той жасағанмын. Бірақ күйеу балам мен қызым тойға келмеді. Намаз оқып жүрген соң арақ-шарап ішілетін жерге жолағысы келмеген болар деп, бұған да онша мән бермегенмін. Себебі, олар соңғы бір-екі жылдан бері көпшілікпен араласуды азайтқан еді. Сөйтсек, сол кездерде олар Сирияға кетуге дайындалып жүрген екен. Оның бәрін кейін білдім. Ал бүгінгі күні бәрін аз да болса сезе тұра, бейқамдыққа жол бергенім үшін өзімді кінәлаймын. «Қызының өміріне араласты» деп айтпасын деп, құдалардан ыңғайсызданып, үндей алмап едім. Ал шын мәнінде қызым тек өзіме ғана керек екен. Құдаларымыз балаларын «шіріген жұмыртқа» санап, іздемей де отыр. Ал менің іздемей қоя салатын көп балам жоқ. Оның үстіне қызымды тірілей тозақ отына апарып салғаны үшін, күйеу баламды кінәлаймын. Не болса да қызым үшін күресемін деп өзімді қайрағанмен, күн өткен сайын езіліп барамын. Ең болмаса сүйегін көрмеген соң, өлді дегенге сене алмай отырмын. Мен секілді сүйегіне зар болып қалмас үшін қыздарыңызды қадағалаңыздар, іздеңіздер! Адам адасайын десе тез-ақ екен...
Нұрила, Ақтөбе қаласы
Қызымның адасуына күйеу балам кінәлі
Последние статьи автора