"Қызғаншақ күйеу денсаулығымды құртты..."
«Алаш айнасы» порталымен құрбымның айтуымен танысқан едім. Күн сайын түрлі оқиғаларды оқып, жақыныммен сырласқандай күй кешемін. Арасында сабақ аларлық тағдыр иелері өте көп екен.
Кейде іштегі сырыңды ақтарарар жан таппайсың. Менің де іште тұнған сырларым көп-ақ. Басымнан кешкен қиындықтар себеп болып, өзіммен мұңдас достарымды да тапқандаймын. Бүгін «Алаш айнасы» порталы оқырмандарына өз өмірім туралы ғана емес, сол мұңдастарым айтып берген әңгімелерді де ақтармақшымын. Бұл кісілердің орындарында болсаңыздар, сіздер не істер едіңіздер?
Балама үйге келіп екпе жасап жүрген Айымгүл медбике де әңгіме барысында жалғызбасты келіншек екенін айтқан. Кезінде күйеуі әркімнен қызғанып, дамыл бермепті. Арақ ішіп алып, ұрып-соға берген соң ажырасып тынған сыңайлы. «Күйеуім арақ ішкенде дүние-мүлікті шетінен сындыратын. Терезенің шыныларын да сау қалдырмайтын. Ақыры шыдай алмай, кетіп қалдым», - деді ол.
... Қазақта «сырты бүтін, іші түтін» деген сөз бар емес пе. Жылтыраған сырт бейнесіне қарап көптеген адамдардың ішінде не бықсып жатқанын білмейсің ғой. Сол сияқты, менің емдеуші дәрігерімнің көкірегінде қалың мұң бар деп ешқашан ойламаған екем.
- Апай, мен жолдасыммен қайта қосылып жатырмын. Басқа қалаға көшкелі жатырмыз. Қызғаншақтығын, қол жұмсағыштығын енді қайталамаймын деп сөз беріп отыр. Ортада баламыз бар ғой. Түзеліп кетер, - дедім оған, емделу картасын алуға барғанымда.
- Бекер олай істейсің, сіңілім, - деп әңгіме бастады ақ халатты апай. – Өміріңді мен құсап өксікпен өткізгелі жүрсің-ау. Мен кешке үйіме барғанда күйеуім «қайдан келдің, жезөкше» деп қарсы алады. Қызғаншақтық – ешқашан айықпайтын дерт. Жас ұлғая келе ол тіпті асқынып, адам мінезі мен әрекеттері бұзыла түседі екен. Күйеуім екеуіміз елдің көзінше, жиын-тойларда керемет үлгілі отбасы сияқты бола қаламыз. Жұрт көзінше ол маған орындық ұсынып, асты-үстіме түседі. Бірақ онысы – барып тұрған сайқалдық. Екіжүзділік. Кейде тіпті жұмыстан барғанымда «іш киіміңді көрсет, не бүлдіріп келдің» деп лаң салады. Онымен қыздай қосылған жанмын. Өмірімде басқа еркектің бетіне қарап сөйлеген емеспін. Сонда да өмірімді ойран қылумен болды. Қазір бірсыпыра жасқа келсек те, үйге біреу қоңырау соға қалса жүгіріп барып тұтқаны өзі көтереді. Тіпті әйел адамдармен сөйлесіп тұрсам да құлағын тігіп тыңдап тұрады. Өне бойы толған – күдік, күмән. Жас кезімде таяқтан көз ашпағаным былай тұрсын, жасы егде тартып қалса да әлі күнге дейін қол жұмсауын қоймай келеді. Жұмысқа әрдайым білектерімді көгертіп келемін. Тамағымнан қылқындырып, енді жаным шығады-ау дегенде қоя береді. Сонысынан өзі ләззат алатын сияқты. Оның ондай адам екенін кім біліп жатыр. Түзде жүргенде керемет ақылды, сабырлы адамның кейпінде. Өмір бойы басшы қызметінде жүргендіктен де оның маған не істеп жатқанын кім біліп жатыр. Нансаң, менің жатырымды операциямен алып тастаған. Тепкілеп-тепкілеп түк қалдырған жоқ. Денемде тігілген жерлер толып жатыр. Ұлым үйленгелі бері көрші қалада тұрып жатыр ғой. «Мама, әкеммен ажырас. Қартайғанда да таяқ жеп жүрмекшісің бе? Қолыңа құжатыңды ал да, бәрін тастап, кел бізге! Жұмыс та табылады. Анадай қатыгез адамның қолында текке мерт боласың ғой», - деп, күнде безектейді. Бала кезінен көріп келеді ғой таяқтан көз ашпағанымды. «Кетем» деп ашық айтсам, күйеуім одан сайын ерегесіп кетеді. «Ұлың өлігіңді бір-ақ алады. Сүйектеріңді шауып-шауып, табытқа салып жіберемін» деп қорқытады. Бір кездері өзі жүріс те жүрді, бір басы бос келіншектің қолына кіріп алғаны да бар. Бірақ ол келіншек басқа біреуге күйеуге шығып, мұны қуып жіберген көрінеді. Мүмкін сонымен қалар, құлағыма тыныштық орнар деп ойлап едім, олай болмады. Соңғы айларда жұмыс орнынан қысқарып, үйде бос отыр. Оның үстіне, жасы келгендіктен, белсіздікке ұшырады. Соның бәрі жүйкесіне тиіп, бәріне мені кінәлайды. Жастық шақта ажырасып кетпеген соң егде тартқан еркектен құтылудың өзі қиын екен. Белінен айырылғанына қатты қайғырып, «Осындай болғаным – сенің кесірің. Өйткені өмір бойы төсекте мені ләззатқа бөлей алмадың. Сенің ұяңдығыңнан мен басқа әйелдермен ауыз жаласып, енді, міне, соның салдарын тартып жатырмын. Сен дұрыс қатын болсаң, осылай болатын ба еді!» деуін бір қоймайды. Бекер, қызым, бекер барасың...
Дәрігер апайдың сөзі қатты әсер етті. Соған қарамастан, күйеуіме кешірім жасадым.
Жаңа қонысқа орналасқан соң сол жердің емханасына тіркеліп, тамызғы қабылдауға бардым. Есік алдында күйеуім машинада күтіп отырды. «Жылдам таматындай қылып босата салыңызшы. Күйеуім қылқылдап отыр. Қызғаншақ адам еді, бірге келді. Ем алып жарымайтын болдым ғой», - дедім медбикеге.
– А-а-а-а, күйеуіңіз қызғаншақ па еді? Мен сияқты екенсіз ғой. Мен күйеуіммен жиырма жыл отастым. Балаларды өсіріп, қыз ұзаттық. «Әне қояды, міне қоядымен» жиырма жылым өтіпті. Ақыры өзім де қартайып кеттім. Әрбір жүріс-тұрысымнан пәле іздеп отыратын. Жұмыстан үйге қайтқанда уайымдап, «күйеуім бүгін қандай айып тағар екен» деген ойдан арылмайсың. Миың ешқашан демалмайды. Менің күйеуім ұрып-соғып көрген жоқ. Бірақ сөзбен жегідей жеп қоятын. Кейінгі жылдары күйеу балаларымнан қызғануға көшті. Әбден жалығып, шаршап, ажырасып тындым. Есесіне, қазір жаным тыныш. Ештеңеге алаңдамаймын. Ал қол жұмсайтын еркектер тіпті қорқынышты. Менің тәтем өмір бойы күйеуінен таяқ жеді. Басынан тепкілейтіндіктен, құлағының түбіндегі шеміршектері жарылып, орнына пластик салынған. Қазір қартайды. Балаларының қызығын көретін уақытта бұрынғы аурулары сыр беріп, күндері ауруханаларда өтіп жатыр, – деді медбике.
Иә, уақыт маған бұл кісілердің сөздерінің шын екенін дәлелдеумен келеді. Қызғаншақтық жазылмайтын дерт екен. Әсіресе, арақ ішіп миыңды жейтін, қол жұмсайтын адамдар бұл әдеттерінен өмірі тыйылмайды.
Әйел адамдардың арасында да қызғаншақ жандар болады. Бірақ әйелдер нәзік жанды келеді ғой. Және әйелдер ішіп алып, күйеуін ұрмайды ғой. Ары кетсе сөзбен шаршатар. Соның өзінде олардың көңілін табуға болады. Ал ерлердің қызғанышы аса қауіпті. Және көп жағдайда бұл дерт шаңырақтардың шатқаяқтауына соқтырады. Қанмен дарыған дерт болғандықтан, оны жазылады деу қиынның қиыны... Бірақ кім білсін....