«Алаш айнасы» интерент-газетінің «Отбасы – ошақ қасы» айдарында жарияланатын әнгімелерді үзбей оқимын. Өмір болғандықтан әркімнің тағдыры әртүрлі түзіледі екен. Өскелең ұрпаққа менің де тағдырым сабақ болар деген оймен қолыма қалам алып отырмын. Менің жасым биыл отыз жетіге келді. Әлі осы күнге дейін сұр бойдақпын. Үйленгім келеді, бірақ үйленейін десем жақсы қыз таба алмай жүрмін.
Менің осы сөзімді естіген достарым «айналаңа қарасайшы не көп қыз көп қой, соның бірін ала салмайсың ба?» деп айтады. Әрине, оған келісемін. Қазақтың керемет қыздары өте көп. Бірақ, әттең-ай... деген өкініш те жоқ емес. Ал, ата-анам болса «жалғыздық тек Құдайға ғана жарасқан. Қартайған шағымызда сенің балаңның маңдайынан иіскеп кетейік. Бір шүйкебасты алып келсейші» деп құлақ етімді жейді.
Ата-анам да, достарым да менің қамымды ойлап қамығып жүргенін жақсы білемін. Үйленбек ниетпен жақындарым таныстырған қыздардың бәрімен де танысып келемін. Бірінің мінезі, екіншісінің әңгімесі, үшіншісінің түсінігі және түрі тағы тағысы ұнамай қалады. Осы кезге дейін мен ойымдағы, қиялымдағы қызды әлі жолықтыра алмай келемін. Осылай өмірімнің өтіп бара жатқанына қынжыламын.
Мен де адаммын. Сондықтан да, жүрек қалауымен үйленгенді қалаймын. Кейбір, достарым үйлену керек болды деген желеумен бір көрген қызға үйлене салды. Ал, олардың қазіргі күйін мен кешкім келмейді. Себебі, үйінде күнде айқай, күнде жанжал. Соның кесірінен араққа сылқия тойып, мас болып өкінішін ащы сумен басқысы келеді.
Осындай оқиғаның бірі көз алдымда өрбіп келеді. Менің Асхат есімді досым жиырма жасында үйленді. Төрт баланың әкесі. Ата-анасының айтуымен үйлене салды. Қазір, ішімдікке сылқия тойып алып, өзегін өртеген өкінішін айтып жылайды. Кейде маған «Сен дұрыс жасадың. Ата-анам айтты деп үйлене салмадың. Өзіңнің сүйгеніңді алмасаң, мен секілді жылап өтесің бұл өмірден» деп айтты. Соған қарап қазіргі бойдақтық өміріме де тәубә келтіріп қоямын.
Менің мына сөзімді оқыған оқырман дұрыс түсінбейтін де болар. Мен бір үйдің жалғызы немесе еркесі емеспін. Сонымен қатар, эгоистік те маған жат. Себебі, біз отбасында бес баламыз. Үш ұл, екі қыз. Менен үлкен ағамның да, інімнің де отбасы, балалары бар. Апкем мен қарындасым да тұрмысқа шыққан. Үйде менің жалғыз басты болып жүргенім ата-анамның жанына батады. Оны түсінемін. Бірақ, амал нешік... Тағдырдың басыма салғаны осы болар.
Жастайымнан көп қиындықты көрдім. Ата-анам қарапайым жұмысшы болды. Елдің балалары секілді ойымдағыны ала алмадым. Мен мектепті 1994 жылы бітірдім. Қиын қыстау заман еді. Халықтың көпшілігі ала дорбасын арқалап алып шаһардағы базарларды жағалап кеткен болатын. Отбасымның қамын ойлап, мен де мектепті бітіре салып саудаға кірістім. Ала дорбамды арқалап Алматыға келдім. Алғашқы кездері базарда жеміс-жидек сатып жүрдім. Қолым жүріп біраз жылдан кейін кішкентай дүңгіршек те аштым. Сауданың дәмін татып, қолыма ақша ұстап жоғарыға қарай домалай бердім.
Сонымен не керек, алғашқы кезде ата-анамның, бауырларымның жағдайын жасайын деп жүрдім. Одан кейін өзіме баспана алайын, жаңа көлік мінейін деп жүргенде уақыттың қалай зымырап кеткенін де білмей қалдым. Бауырларымның, ағайын-туысымның жағдайын жасап жүргенде бірде бір жанашыр танысым үйлен деп айтпаған еді. Мүмкін осыдан он жыл бұрын осы сөзді айтқан кезде мен де көзді жұмып, сүймеген қызға үйлене салар ма едім?! Кім білсін?! Қаншама жыл тірнектеп жинаған мал-мүлкім далаға шашылар ма еді?! Бұл да маған Алла тағаламның берген сынағы шығар...
Аллаға шүкір қазіргі таңда басымда бір емес бірнеше баспанам бар. Астыма мінген темір тұлпарымның бағасы бір үйдің құнымен пара пар. Маңдай теріммен жинаған байлығымды айтып мақтана аламын. Бірақ, менің күні, түні аянбай еңбектеніп жинаған байлығымды дөңгелетіп алып кететін қыз бар ма екен?! Мені осы ой қатты мазалайды.
Себебі, той-томалақта мені сырттай танитын қыздар өзіме емес, менің байлығыма қызығып жабыса кетеді дерсіз. Олардың құлқынын тек менің ақшам ғана тесіп бара жатқанын жақсы білемін. Мен жүрек қалауын іздесем, ол қыздар, олигархты іздейді. Сонда, менің байлығым оларға өмірлік жолдас бола ма?!
Мен қыздардың ондай әдетін ұнатпаймын. Мүмкін, бұл мінез жастайымнан жоқшылықтың азабын көп көргеннен қалған болар. Менің сырымды оқыған оқырман, байлығы үшін қиналады екен деп ойлар. Ол да мүмкін. Себебі, мен маңдай теріммен жинаған мал-мүлкімді біреудің бір күнде шашып тастағанын қаламаймын.
Ата-анама, туыстарыма осы ойымды айтсам, олар түсінбейді. Анам «бір жақсы қызға үйленсең, өзің түзеп аласың» дейді. Біреудің отыз жыл тәрбиелеген қызын мен қалай түземекпін?! Оған қандай ақыл айтамын?! Ақыл тоқтатқан адамға қол да көтере алмайсың. Міне осылай ойым сан-саққа жүгіріп, басым қатып жүрген жайым бар.
Уақыт өткен сайын, қатты талғампаз болып барамын. Өзіме өмірлік жар таңдауда бұлай қиналамын деп ойламаппын. Міне, мен үйленуге әйел таппай жүрген жанның бірімін. Менің байлығымды емес, өзімді, кемшілігіммен қалтықсыз сүйетін жан болса шіркін...
Шынымды айтсам, мен бала кезден бір қызға шын ғашық болып көрмедім. Шынайы сүймеген соң, ессіз ғашық болмағандықтан болар ұзақ уақыт таңдап жүргенім.
Сонымен қатар, қазіргі таңда әлеуметтік желілерде әртүрлі түскен суреттерім бар. Қыздардың өздері хат жазады. Олардың бірініші маған қоятын сұрағы «мынау сенің өзіңнің көлігің ба? Сен жүргізуші емессің ба? Басыңда үйің бар ма?», - дейді. Бәріне де «иә» деп жауап беремін. Сонда қыздар «онда мен саған тұрмысқа шығамын», - деп айтады. Сонда оларға менің өзім емес, менің үйім мен көлігім ғана керек болғаны ма? Осыны ойлап, қазақтың қыздарының ой-өрісінің таяз болып бара жатқанына қатты қынжыламын.
Әйтпесе, маған хат жолдап, байлығыма бола тұрмысқа шыққысы келетін қыздардың басым бөлігі 20-25 жас аралығындағы өрімдей жас қыздар. Махаббатсыз үйленген арумен қалай бақытты болмақпын. Бақытсыз күндерді кешкенше, құр тіземді құшақтап уайымсыз жүргенім жақсы емес пе?! Танысқан сол қыздардың кейбірі ашықтан-ашық ақысын төлесең сенімен бір түн өткіземін деп жазып жіберетін қайтерсіз. Оны оқып өзім ұяттан жерге кіріп кете жаздаймын.
Міне, тағы да бір жылды артқа тастағалы отырмын. Жылдар сырғып, жылдың соңы келген сайын қалың ойға батамын. Менің жанымды түсінетін жан барма, сірә. Айрандай ұйыған, бақытты отбасын қалаймын. Мен де балаларымды бауырыма басқым келеді. Арманым – тату-тәтті отбасын құру. Осы ниетіме жету үшін, жақсы қыз іздеп шарлап жүрген жайым бар.
Менің ойымдағы, көңілімнен шығатын қыздың табылмауына не себеп?! Осыны түсіне алмай-ақ қойдым. Әлде, бар кінә өзімнен ба?! Құрметті «Алаш айнасының» тұрақты оқырмандары, жалғыздықтан басы қатқан сұр бойдақ жігітке айтар кеңестеріңіз болса аямаңыздаршы.
"Қыздар менің өзіме емес, байлығыма қызығады..."
Последние статьи автора