Айман екеуіміз бала күнгі доспыз. Бір нанды бөлісіп жеген, айнымас жақын құрбы болдық. Ол Ернармен танысқан кезде де, ол үйленейік деп қолқа салған кезде де мен жандарында болдым. Екеуінің бақыты – менің бақытымдай, үнемі солар үшін күйгелектеніп жүремін.
Айман мен Ернар үш жыл жүріп қосылған, үйленгендеріне де міне екі жыл толады. Олардың тойларында мен қыз жолдас, яки, махаббаттарының күәсі болдым. Отбасы болған соң, ыдыс-аяқ сылдырламай тұра ма?! Екеуі шаңырақтың отын тұтатқан сәттен үйлерінде дау-дамайлар жиі болып тұратын. Құрбыма: «Күйеуіңмен үнемі салғыласып отыруыңды қой» деп, ақылымды айтып жүремін. Ернарды бөлек шығарып алып, оған да әйелдік кеңесімді беремін. Сондай, кезекті жанжалдың бірінде Ернар маған қарап тұрып, «Кәусар, сенің осындай керемет әйел екеніңді о баста сезсем-ші, шіркін! Неге бұрын саған көзім түспеген? Өзің сондай келбеттісің» деп сырын ақтарып алды. Оны естіп, денем шымырлай жөнелді. Осы сөздерден кейін бір орнымда сілесіп, тұрып қалдым.
Шынымды айтсам, Ернарды бір көргеннен ұнатқанмын. Ондай жігіт қазір ілеуде біреу ғой. Өзі сымбаты келіскен, қыз-сылқымның жүрегін бірден жаулап алары анық. Мінезінің өзі қандай! Қой аузынан шөп алмас жуастығымен қатар, еркекке тән қатқылдығы да бар. Бір сөзбен айтсам, сегіз қырлы, бір сырлы. Қолынан келмейтіні жоқ. Құрбыма қатты қызығатынмын. «Жолы болды» деген осы екен деп жүрсем… Құрбымның қылығы анау. «Ә десе, мә деп» күйеуін жұлып жегелі тұр. Мұндай күйеуім болса, болмашы нәрсеге көзімді жұмып қарар едім.
Ернардың бұл сөздері мені қатты ойландырды. Сол күннен бастап одан өзгені ойлай алмадым. Жатсам да, тұрсам да оның есімі мәңгі жүрегімде қашалып жазылғандай, есімнен кетер емес. Мұндайды бұрын соңды сезінген емеспін. Бұл не? Ғашықтық па? Отызға таяған шағыма дейін отбасылық өмір туралы мүлде ойланбағанмын. Жұмысымнан бас алмай, күндерімнің сырғып өтіп бара жатқанын енді аңғарғандаймын.
Өзім кеңсе қызметкерімін. Бір күні жұмыстан кеш шығып, үйге қайтып бара жатсам, алдымнан Ернар шығып, «Шаруаларымды бітіріп, жол-жөнекей сені көріп қалдым. Көлікке отыр, үйіңе апарып тастайын» деп, мәшинесіне салып әкетті. Өтірік айтпаймын, оны көргенде қатты қуандым. Сондай-ақ қатты қысылдым. Оның маған айтқан әрбір сөзі құлағымда шыңылдап тұр.
Кәусар, осы, сенің біреуің бар ма өзі?
Неге сұрадың?
Жәй ғана сұрақ қой. Көңіліңе алып қалма. Мен сені осы күнге дейін еркек атаулымен көрмеген шығармын
Жоқ. Өзіме лайықтысын жолықтыра қоймадым.
Мәссаған! Саған қандай жігіт лайықты сонда?
Ол ер мінезді, сабырлы, ақылды болуы керек. Мені құрметтеп, сыйлауы тиіс. Ал, мен өз кезегімде, жұбайыма төремдей қарайтын боламын.
Эххх…Кәусәр! Қазір сендей әйелдер бар ма бұл дүнияда?
Әрине бар!
Осылай сөйлесіп отырып, үйіме де жетіп қалдық. Айманмен тағы қырғи-қабақ екен. Әйеліне суығанын бірден байқадым. Екі жыл тұрмыста болса да, әлі құрсақ көтермеді. Үйдегі дау-жанжалға себеп болған да сол шығар деп ойладым. Дегенмен, Ернар Айманға «бойыңа бала бітпейді» деп кінә артқан емес. Ол маған бұрын соңды кезіккен жігіттерге мүлде ұқсамайды. Онымен сөйлескен адам бір марқайып қалары анық. Өзі өте ақылды, әңгіменің сойылын соғады-ау. Десе де, тілі мен жағына сүйеніп қалғандардың қатарынан емес.
Мәшинеде уақыттың қалай сырғып өткенін байқамай да қалдық. Қысылғанымнан «үйге кіріп, шәй іш» деп ұсыныс тастадым. Ол бірден қабылдай жөнелді. Үстел басында әңгімемізді жалғастырып отырғанбыз. Бір кезде оның ерніне үнсіз қарай бердім. Ернар оны жанарымнан ұққандай-ақ, жаныма жақындай келіп, ернімнен сүйді. Дәл сол кезде санам отпен ойнап отырғанымды айтса, да түсінгім келмейді. Ең бастысы – мен осы сәтте бақыттымын. Тап қазір мен қатты қуанып отырмын. Ернар екеуізде бір-бірімізге деген шынайы сезім бар. Мен оны бірден ұқтым. Мен бұл күннің аяқталғанын, оның үйіне, отбасына қайтқанын шын жүрегіммен қаламадым. Оны жібергім келмейді. Айманға жібергім келмейді… Не істейін? Құрбыма сатқындық жасадым. Айман Ернарды жақсы көреді. Жақсы көре тұра, қадірлемейді. Ал, мен өмір бойы оған лайықты болуға тырысатын боламын ғой! Ернар екеуіміздің сезіміміз күн санап артып барады. Ара-қатынасымызды тоқтатуға дәрменім жетер емес. Екеуіміз де Айманның көз жасына қалатын болдық. Оны ойласам, жүрегім ауырады. Бірақ, Ернардан бас тарта алмаймын. Бас тартпаймын да. Ол Айманға бар шындықты айтып, менімен қосылатынын айтады. Мен болсам, оған да жол бере алмадым. Махаббат отын маздатып алып, енді артқа қайтар жол таба алар емеспін.