Өмір бірде құлатады, бірде жұбатады, бірде жылатып, бірде қуантады. Ол - өмір заңы. Бүгін мен Сіздердің порталдарыңызды күтпеген жерден ашып, "Отбасы - ошақ қасы" айдары біз сияқты қарапайым жандардың ашылып айта бермейтін сыр сандығы ма деп қалдым. Ішінде ащысы да тұщысы да бар, қызығы мен шыжығы бар сыр сандыққа өзімнің де өмір қоржынымнан "базарлық" салуға бекіндім.
Мен қазір Астана қаласында тұрамын. Жасым елуге жақындады. Өмірімді күл-талқан етіп, бір күндік қызықты ойлап өткен күндеріме налимын. Бәріне өзім кінәлі. Қытайға темір өткізіп, ақшаның иісін сезіп ары қарай осы істі жалғастырдым. Тасым өрге домалап, жұмысым жақсы жүрді. Күннен күнге өткізетін металлдар көбейіп, Қытайдан тапсырыстар да көптеп түсе бастады. Астана ортасынан қақитып тұрып үлкен екі қабатты зәулім үй де тұрғыздым. Сол кезде ел мінбеген мықты көлік те менің астымда болды. Әйелім мен үш балам менің далада жүргеніме үйренген. Оларды ештемеден тарықтырмадым. Осылайша күндер өтіп жатты. Мен жол бойында жолаушыларды тамақтандыратын екі кафе, Астана ортасынан үш сауна, жекеменшік қонақ үй ашып, әр бөлмесін жалға беретін шағын жатақхана салдырдым. Ақша күннен күнге өзі құйылып келіп жатты.
Байлыққа масаттанған мен енді қыз-қырқынмен қыдыруды шығардым. Айналасында ең көп досы бар мен шығармын. Күнде қызық күнде той. Анда-санда есімді жинап үйге бір келіп кетемін. Осылайша қыдырып жүргенде өзімнен он екі жас кіші бір қызды жолықтырдым. Ол қызды әйелімнің келісімінсіз тоқал етіп алдым. Әйелімді «ажырасамын, үш баламен кімге керексің» деп қорқыттым. Жас тоқалдың қасынан шықпаймын. Ертіп алып Түркия дейсің бе, Қытай дейсің бе, не керек барлық жерлерге саяхатпен күнді өткіздік. Тоқалымның анасы ғана бар еді. Анасы бай еркекке тоқал болғанына қуанбаса, қарсы болған жоқ. Енемнің ішіп-жемі, тұрмыс-тіршілігіне керекті заттары бәрі-бәрі менің мойнымда еді. Тіпті жылына екі рет менің есебімнен шетелге дем алуға барып тұрды. Өзімнің туған жерім - Қызылорда өңірі. Ал жас тоқалым Астана қаласының жергілікті тұрғыны. Әйелім - Гүлсарамен жас кезімізде сүйіп қосылған едік. Үш баланы дүниеге әкелген жарым тумысынан тұйық жан. Кісі қолына қарап жетім өскен қыз. Гүлсара мектеп бітіргеннен соң алып қашып кеттім. Оқу оқуына да мүмкіндік бермедім. Ол өте шыдамды, ақылды жан. Екеуіміздің арамыздағы болып жатқан айқай-шудан айналадағымыздардың, балалардың еш хабары жоқ. Мүмкін балаларым сезген де шығар. Бірақ аналары үнемі мені алыс іссапарда, біздің қамымызбен далада жүр деп құлақтарына құйып отыратын. Анда-санда үйге келгенде үш құлыншағым мойныма асылып, асты-үстіме түсіп «әкелеп» өліп қала жаздайтын еді түсіп. Қонғым келсе қонып, қонғым келмесе әйелімнің қолына ақшаны ұстатып кете беретін едім.
Күндердің бір күні Алматыдан бір досым келіп, маған Бурабайға барып казино ойнауға ұсыныс жасады. Достың сөзін жерге қалдыратын біз бе бірден жиналып, Бурабайға тартып отырдық. Қыз-қырқынмен ойнап-күліп, казинода ақша тігіп біраз қызыққа баттық. Кез келген казино өзінің бірінші клиентін үлкен базарлықпен қайтаратыны белгілі. Басында міндетті түрде ұтасың! Соған масаттанып енді тағы ұтармын деп одан да көбірек ақшаны саласың! Осылайша қалтаң қағылып, бірақ тағы да келермін, сол жолы ұтармын деп үмітіңді жоғалтпай, қайтасың. Келесі жолы өткен жолғыдан да көбірек ақша алып келесің. Сөйтіп өзіңнің қалай казино қақпанына түсіп, шырмалып қалғаныңды білмей қаласың. Казиноның адамды дуалап тастайтын магиялық күші бар сияқты. Жатсаң да тұрсаң да ойың сол қызық жер. Құмар ойындары барлық қалада көлеңкелі бизнестің бір түрі екені белгілі. Тіпті қалаларды аралап ойнайтын халге жеттім. Осылайша мен құмар ойындарын ойнауды қоя алмай қойдым. Бизнесімді де ұмыттым. Енді кафе, астымдағы машина, сауна барлық байлығымды салып ойнауға көштім. Аяғында «мафияларға» қомақты қарызға кіріп белшесінен баттым. Енді олар менің бала-шағамды қорқытып, қарыздарын сұраумен болды. Балалармының жағдайын ойлаған әйелім үш баламды алып Қызылордада тұратын менің кәрі әке-шешемнің қолына кетті. Басымдағы зәулім үйді беріп мен түксіз қалдым. Қарыз болмаған адамым жоқ. Тіпті мені келіп ұрып кеткендер де болды. Байлығым басымнан кеткен соң жас тоқалым да маған көңіл бөлуді қойды. Тіпті үйіне де кіргізбеді. Әке-шешеме баратын бетім жоқ. Тіпті көшедегі алқаштармен бірігіп арақ ішіп, күл-қоқыстың қасында ұйықтап та жүрдім. Ақшам бар кезде қасымнан табылатын достарым да теріс айналды. Ішерге тамақ, киерге киім қалмады. Азып-тоздым. Ешкімге керексіз болып далада қалдым. Бала-шағамнан да хабар жоқ.
Қаңғыбастардың үйіріне қосылдым. Шынымен тыңдап отырсаң ол жерде азып-тозып жүргендердің көбі бастарына қонған бақты, байлықты көтере алмаған жандар. Барлығының аузына ащы су тиген соң, «мен сондай едім, мен мұндай едім» деп еңкілдеп жылай бастайды. Бұрынғы өмірлерін аңсайды. Тіпті «отырыс» соңында бірін-бірі ұрып, төбелес ашады. Көшеде қайыр сұрауды әдетке айналдырдым. Елден қалған қоқыстардағы тамақты талғажу етіп, мешіт маңын торауылдайтын болдық. Жұма күні - табыс көзі. Сол қасиетті күні бір жасап қаламыз. Мені көрген таныстарым мүлде танымайтын еді. Көзім шүңірейіп, сақал-мұртым өсіп, жүрісім бүкірейіп қалған мені қайдан танысын. Кейде сол бақытты өмірімді аңсап, ойлап жатып ұйқыға кетесің. Сол өмірім қайтып келсе басқаша жасар едім деп те өкінесің. Байлыққа масаттанып жүріп айналамдағы адамдардың тұрмыс-тіршілігінен мүлдем бейхабар екенмін. Қайыр сұрап отыратын мұқтаж жандарды көргенде бұрын неге осыларға көмектеспегенмін деген ой да келеді. Қайыршылардың ішінде де тағдырлары әртүрлі: балалары үйден қуып жіберген, туыстары үйін тартып алған жандар да бар. Мен де үш баламды ойлап, сағынамын. Әйелімнің жақсылығын түсінбегендігімді, өмірін қор қылғанымды ойлап іштей ұяламын. Кейде қарызға белшеден батып, «мафияларға» сыйға тартқан зәулім үйімнің маңайына барып, ұзақ қарап отырамын. Көз алдыма сол үйдегі бақытты дәуренім елестейді.
Қасиетті жұма күні Ғылмани мешітінің маңайын барып, қол жайып кешкі тамаққа нәпәқа жинап отыр едім, қасыма бір арбаға таңылған мүгедек жігіт келіп жайғасты. Босқа отырмай жөн сұрасып отырдық. Ол жердегі әрбір қайыршы бір-біріне базардағы саудагерлердей «конкурент». Ал мына бала ерекше. Ел ұстатқан тиын-тебенінің жартысын маған беріп, былай деді:
– Ағатай, мен туғаннан аяқ қолым сал. Ал сіздікі жөн болсын! Аяқ қолыңыз балғадай, дене-мүшеңіз сау. Мені өгей шешем осы жерге әкеліп отырғызып кетеді. Алатын зейнетақым ештемеге жетпейды. Сал болсам да отбасыма өзімді масыл қылмай, шамам келгенше көмектескен түрім. Өгей анама еш ренішім де жоқ. Үйде тағы үш бауырым бар. Олардың да ішіп-жемі біраз қаржыны керек етеді. Үйде жұмыс жасайтын тек әкем. Мен сіздің орында болсам, өз еңбегіммен ақша табар едім. Мен намаз оқымасам да діни кітаптарды көп оқимын. Алладан кешірім сұрап дұға етіп, намаз оқуды үйреніңіз. Иман берсін бойыңызға. Тек Алладан сұраңыз, Алла – кешірімді, - деп қолыма кішкентай кітапшаны ұстата берді. Ойланып отырып қалдым.
Өзіміз қоныс еткен жертөлеге келіп, өмір жайлы ойланып кеттім. Таңертен ертемен мүгедек бала ұстатқан кітапты ашып оқи бастадым. Біраз көзім ашылғандай. Өмірге деген көзқарасым да өзгеріп, бойымда бір үміттің оты жанғандай болды. Сол күні мен осылайша мешіттен бірақ шықтым. Күннен күнге жиілетіп барып, уағыз тыңдап, сол жерде адасқандарға жөн сілтейтін жақсы адамдармен таныстым. Өмірде жақсы адамдар көп екен, тек өзің көре білсең болғаны. Жан, тән тазалығын бойыма сіңіре отырып, намаз оқып үйренуге бет қойдым. Ақырындап базар маңынан жұмыс таптым. Арзанға жер үйден бір бөлме де жалға алдым. Күннен күнге бойыма иман байлығын сіңіре бердім. Қазір намазханмын. Жұма намазын жамағатпен бірге оқып, бір рет те қалдырған емеспін. Бұрын сауда жасап үйренген жанмын ғой ақырындап жұмысым да алға басып келеді. Ендігі ойым - жағдайым жақсарса бала-шағам мен мені «өлдіге» санап отырған ата-анама барып кешірім сұрамақпын. Жұмыс қасындағы интернет-кафеге барып анда-санда ер жеткен балаларымның жеке әлеміне кіріп, суреттерін көріп жүремін. Үлкен азамат болған екен балапандарым. Алла қаласа ол күнде алыс емес деп ойлаймын, сол үшін де күні-түні Алладан кешірім сұрап, дұға етемін.
«Жын да – жын, құмар да – жын, мастық та – жын,
Өлең де – жын, қоя ма бойды жеңбей?
Шын құмар шымырлатпай қоймас, сiрә,
Әр жерге соқтықтырар аққан сеңдей» деп жырлаған екен Шәкәрім Құдайбердіұлы.
Ақын адам бойын билеп алатын құмарлықты жынға теңейді. Құмар ойындарының қай қайсысы да адам санасын құрықтайды. Сондықтан құмар ойыннан алыс жүріп, басқа келген бақты бағалай білейік, ағайын! Жоғалтқан байлығыма өкінбеймін, иман байлығын тапқаныма қуанамын...
Құдай мені байлықпен сынап көрді...
Последние статьи автора