Өткенде «Алаш айнасы» газетіне жанымды қинап, жауабын таппай жүрген мәселе жайлы жазған едім. Онда мен ұлтым неміс бола тұра қазақ болып кеткенімді, балаларымды төлқұжатта қазақ деп жазғызғанымды баяндаған болатынмын. Бірақ толыққанды қазақ болу үшін ру мәселесінің бөгет болып жүргенін айтып, көпшіліктен ақыл сұрағанмын-ды. Мені жат санамай, маған қалай да көмектескісі келетін бауырларымның бар екенін көріп, көңілім өсіп қалды. Барлықтарыңызға да алғысым шексіз. Алайда, менің басымдағы мәселені түбегейлі шешетін кеңесті кезіктіре алмадым.
Мен жазған мақалаға қатысты пікір қалдырған бауырларым, мені өз руының қатарына кіруге шақырады. Қазақтың қай руы да үлгі боларлық. Ешқайсыңызды бөліп жармаймын. Әрбіріңіз мақтауға лайықсыздар. Барлығыңызға да рахмет!
Мен ру туралы талай кітаптарды ақтарып, талай көнекөз қариялармен сөйлескенім жайлы бұған дейін айтқан болатынмын. Кітаптарды оқып, қариялармей сөйлескеннен ұққаным, мал сойып, бата беріп, сүйек ұстасып бір рудың қатарына кіргенмен де мәселе түбегейлі шешілмейді екен. Өйткені ондайларды өздерін нағыз қазақ санайтындар «кірме» деп кемсітетін көрінеді. Кей бауырларым (Алла разы болсын) «біздің руға кір, біз шеттетпейміз» – дейді (пейліңе рахмет, бауырым). Сіздердің шеттетпейтіндеріңізге кәміл сенем, алайда өзге ру өкілдерінің ертең-ақ менің балаларымды «кірме» деп кемсітетінін өзіңіз де іштей сезіп отырған шығарсыз. Бүгін қазақ емессің деп шеттетіп, ертең кірмесің деп кемсітіп жатса, бұл менің балаларымның тауын шағады-ау деп қорқам. Ертеңгі күні балаларым «бізді неге қазақ деп жаздырдың, неміс болып жүре берсек ештеңе жоқ еді ғой» деп маған кінә арта ма деп қымсынам. Кейде, «балаларымды қазақ деп жаздырып қате жасадым ба екем, өзім-ақ қазақ болып жүре берсем болмас па еді?» деп те ойлаймын. «Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп, сақалынан да айырылыпты» дегендей, қазақ боламын деп жүріп, ешкім болмай қаламын ба деп те қиналам.
Қара шаңыраққа ие болар кенже ұлымның құрбысы – қазақ қызы. Қазір мені «ертең ұлым үйленем деп жатса, қыздың ата-анасы қарсы болмас па екен?» деген ой мазалайды. Жоқ әлде ұлыма осы бастан ажырас деймін бе? Уа, ағайын, не ақыл қосасыз?
Кеше көшеде араққа қыза-бөртіп алған екі қазақ баурым «сен неге қазақтарды жамандап жүрсің, көзіңді құртамыз» деп қоқан-лоққы көрсетті. Өздерінің газет оқитындай кейіпі де жоқ, шамасы біреуден естіген, не біреу әдейі айдап салған болуы керек. Үйге келген соң, болған жайды әйеліме айтып едім «осы мәселені босқа көтердің, ертең балаларымызға кесірі тиіп жүрмесе игі» деп одан сайын шошытты. Енді өзім де ойланып қалдым. Мен өзім үшін қорықпаймын, өйткені мен қазақ болып туғам, қазақ болып өлсем арманым жоқ. Мені ешкім қазақтығымнан айыра алмайды. Тек балаларым үшін алаңдаймын. Базбіріңіз мекенжайды, телефонды сұрапсыздыр, көңілдеріңізге дән ризамын. Сіздерге алғыстан өзге айтарым жоқ. Алайды болып жатқан кейбір жағдайлар мекенжай мен телефонды құпия ұстай тұруды қажет етіп тұр. Оны өздеріңіз де түсініп отырған шығарсыздар.
Қарындасым болар, Руза деген пікір қалдырушы «неге өзге ұлт өкілі болып тумағамағам, қазақ болып туғаныма өкінем» депті. Қарағым, қаншылдығың көрініп тұр. Қазақ қыздары қашан да қаншыл болған. Алайда, қазақтан жерінбе. Бұл ауыр сөздерді ашынғаннан айтып тұрғаныңды сезем. Біз қазақ болып туғанымызды мақтан етуіміз керек. Мен қазақтығыммен мақтанам. Өйткені мен білетін ұлттар арасында қазақтан ұлы ұлт жоқ. Мен білетін өзге ұлт өкілдері қазақтың бауырмалдығын, биік адамилық бейнесін үлгі етіп отырады. Сондықтан біз ұлылығымызбен мақтануымыз керек.
Қазақ – қаны таза халық. Қанның таза болуында рудың орыны ерен екені рас. Мұны медицина да мойындайды. Алайда, көзқарақты қариялар кешегі Кеңестік жымысқы саясат қазақтың аймақ-аймақа, ру-руға бөлініп, іштен іруіне, жіктелуіне қатты ықпал еткенін айтады. Жаманның тез бойға сіңетін әдеті емес пе, біз соны боймызға тез сіңірген сияқтымыз. Өйткені, кітаптарды ақтара отырып, өз руын мадақтау үшін өзге рулардың кемшілігін тізбектеген жазбаларды жиі көзім шалды. Олар бір рудың кемшілігін тізбектеу арқылы өзінің бауырларының, жалпы қазақтың кемшілігін көрсетуге талпынып отырғанын ойламайды да. Ең алаңдатарлығы – рулардың осылай бір-бірінің кемшілігін айтып, қырғиқабақ болуы.
Егер осылай кете берсе, бұл жақсылыққа апармасы анық. Мұндай әрекеттер қазақты бір-біріне дұшпан етуі ықтимал. Және мұны қазақ жеріне көз сүзушілер құрал ретінде пайдалануы да мүмкін. Сондықтан мұның жолын кесу қажет. Менің түйгенім, егер рулық жүйенің тиімді жағынан тиімсіз жағы басым болса, қазақ мұндай жүйеден бас тартқаны абзал. Мен мұны өзге ұлт өкілі ретінде емес, қазақ болғаным үшін, қазақ үшін жаным ауырғандықтын, қазақтың болашағына алаңдағандықтан айтып отырмын.
Кейде «балаларымды қазақ деп жаздырып, оларға өмір бойы бастарынан арылмайтын мәселені мұраға қалдырып кетем-ау» деп қамығам. Бар арманым – осы өкінішті о дүниеге арқалап кетпей, балаларымның қанымен де, жанымен де, кіршіксіз қазақ болғанын көру.
Қазақ болайын десем, "кірме" деген сөзден қорқам...
Последние статьи автора