«Алаш айнасының» «Отбасы - ошақ қасы» айдарына оқырмандардың хат арқылы жіберген оқиғаларын оқып отырып, мен де бала кезімде біздің ауылда болған бір оқиға жайлы айтуды жөн көрдім. Қазіргі күні де, көлеңкелі тұсы көп сол бір оқиғаға қандай баға беруді білмеймін.
Ол кезде мен 5-сыныпта оқитынмын. Жер кең болғандықтан ба ауылдағы үйлер бір-бірінен шалғай жататын. Солтүстік жағымыздағы көршінің үйі біздің үйден 100 метрдей қашықта болатын. Бір-бірімен аралас-құралас болып жатқан ауыл адамдары сол үйге көп бара бермейтін.
Неге екенін қайдам, әйтеуір, сол үйде ұрыс-жанжал жиі болып тұратын. Үй иесі шабандоз Ермұрат жауырынды, бойшаң келген көрікті кісі еді. Ал әйелі Тұрсынай апа бойы кішкентай және өзі өңсіз болатын. Өте жуас кісі еді. Кейде Ермұрат ішіп келіп, соққыға жығып тастаса да көшеге шығып қашпайтын, төркініне де кетіп қалмайтын. Бет-ауызының көгергені қайтқанша үйден шықпайтын. Сол кісілердің тұрмысқа шыққан бір қызы, ер жеткен бір ұлы болды. Қызы әкесіне тартқан сұңғақ, аққұбаша келген әдемі, ал ұлы анасына тартқан болу керек аласа бойлы, өңсіздеу әрі жуас жігіт болатын.
Үлкендердің айтуына қарағанда, Ермұрат жетім өскен. Ет жақын туысы да жоқ. Қалыңмал төлеп алуға шамасы болмаған соң бір кедей тұратын кісінің қызына үйленген. Тұрсынай апаның қанша таяқ жесе де төркініне кетіп қалмайтынын көпшілік сонымен түсіндіретін. Үлкендер Ермұраттың ішіп алып әйелін жиі ұратынын менсінбегендіктен деп топшылайтын. Бүгінгі күні ойлап қарасам, расымен де екеуі бір-біріне тең емес сияқты көрінеді.
Біз 5-сыныпты бітірген жазда, Ермұрат ұлы Пашанды үйлендірді. Ел-жұрттың айтуына қарағанда, бұрыннан бесікқұда болған. Қыздың әкесі де шабандоз болған екен. Бірақ ол қызы бойжеткен шақта өкпе ауруынан қайтыс болған көрінеді. Берген сертін бұзбай, қызын Ермұраттың баласына беруді әйеліне аманат етіп кетеді. Әйелі де күйеуінің аманатына қиянат жасамай, қызын Ермұраттың баласына ұзатады.
Пашанның келіншегі Бәтима қос бұрымы белден төмен түскен, сұлу еді. Бойы да Пашаннан ұзын болатын. Елдің бәрі қызығып қарайтын. Кейбір көре алмаушылар «бойында бір кемшілігі бар шығар, әйтпесе мынаған қалай тиіп жүр» десті. Енді бірі «есі дұрыс емес екен, көтеріліп ауырады екен» деп те өсектеп жүрді. Бірақ Бәтиманың кемшілігін де, көтеріліп ауырғанын да көрмедік. Сол жылы күзде Тұрсынай апа ауырып үйден шықпай жатып қалды. Базбіреулер Ермұрат ұрып майып қалып тастапты десті. Не болғаны белгісіз Тұрсынай апай қыста қайтыс болды.
Ермұрат көкпар шауып нәпақа табатын. Сол кездері әр демалыс сайын көкпар болып тұратын. Ермұрат көкпардан еш құр қол қайтпайтын. Кейде киіз, кейде кілем, кейді мал олжалап қайтатын. Ал Пашан үйінің малын бағатын. Күн ұзақ далада жүреді. Ондай кездерде үйде Ермұрат пен келіні қалатын. Күндердің күнінде «Ермұрат келінімен көңілдес екен» деген сөз шықты. Бұл сөзге біреу сенсе, біреу сенбеді. Сол сөз Пашанның да құлағына жеткен болу керек, анасының жылы болмай жатып ол асылып өлді.
Пашан өлгенде Бәтиманың бойында ештеңе болмаған. Сондықтан ауыл адамдары «Пашанның жетісі өткен соң Бәтима төркініне біржолата кететін шығар» деп күтті. Алайда, Пашанның қырқы өткен соң да Бәтима кетпеді. Гу-гу әңгіме одан сайын өршіді. «Күйеуінің жылы өтуін күтіп жүрген шығар» деп Бәтимаға аянышпен қараушылар да болды. Бүкіл ауылдың әңгімесі сол үй төңірегінде өрбитін.
Арадан жеті-сегіз ай өткенде Бәтима үйден шықпайтын болды. Бұрын да көп бара бермейтін ауыл адамдары, Пашан өліп, өсек-аяң көбейген соң ол үйге бас сұғудан қалған. Бір демалыста «Ермұрат көкпарға кеткен болар, Бәтиманың жағдайын білейін» деп барған көршінің әйелі, тал түсте, қайын ата мен келіннің төсектес болып жатқанының үстінен түседі. Сол күні-ақ ол әңгіме бүкіл ауылға тарады. Ол әйелдің өсек-аяңға жақын екенін білетін ауыл адамдары бұл әңгімеге сенер, сенбесін білмеді. Алайда көп ұзамай шындықтың беті ашылды.
Арадан екі ай өткенде Пашанның жылын берді. Құдайы асқа барған ауыл адамдары Бәтиманың аяғы ауыр екенін өз көздерімен көреді. Бір қызығы бұған дейін Бәтиманы жерден алып, жерге салып келген ауылдастары енді оған аянышпен қарады. Бар кінәні Ермұраттан көрді. Ақсақалдар жиналып, Ермұратты ауылдан көшіру керек деп шешті. Бірақ Ермұрат Бәтиманың ай-күні жақын екенін айтып, біраз уақыт беруді сұрайды.
Көп ұзамай Бәтима ұл тапты. Қанша кінәласа да ауыл әйелдері барып, Батимаға аяқ-қолын бауырына алуға көмектесті. Ауыл ақсақалдары да «баланың буыны қатқанша көш деп мазаламайық» деседі. Бір күні Ермұрат ауыл ақсақалдарын үйіне шақырып, кешірім сұрайды. Батасын беріп, молдаға Батима екеуінің некесін қиюға рұқсат беруді сұрайды. Мұндай өтінішті күтпеген ақсақалдар алғашында абдырап қалады. Біреуі олай дейді, біреуі былай дейді, әйтеуір, ең соңында Ермұрат пен Бәтимаға бата беріп, некесін қию керек деп шешеді.
Содан кейін арадан үш жыл өткенде, Ермұрат пен Бәтима екі баласымен басқа жаққа көшіп кетті. Бәлкім, өздерінің бастан өткергендерін есейгенде балаларымыз білмесін деген шығар?!
Осы оқиғаны жазып отырғанда, бойымда кінәлаудан гөрі кешірімділік басым болғанын байқадым. Ал, мұндай жағдайға кешіріммен қарауға бола ма?
Қайын атасына жар болған келіншек...
Последние статьи автора