Жалғызсыраған жандардың сырласындай болып жүрген «Алаш айнасы» порталының «Отбасы – ошақ қасы» айдары бүгінде мен сияқты жандардың серігіне айналған сияқты. Көптеген замандастарымның тұрмыс-тіршілігінен сабақ алып, жақсы жағына ұмтылуға тырысасың.
Өз басымнан өткен мына бір өмірлік кезең өкінішіме айналса да, өзгелердің есінде болсын деп, мен де бір жайды баяндағанды жөн көрдім.
Мен ажырасқан жігітке тұрмысқа шықтым. Бейбіт өзінің атына мүлдем лайықсыз, ұрдажық, шолжаң, ештеңе ойламайтын жігіт екен. Бірақ ә дегеннен онысын сездірмей, ақылды болып көрінуге тырысып баққанын қалай ұмытайын. «Әйеліңмен неге ажырастың?» дегенімде, «Ой, жас болдық, ерке болдық, жас кезінде кім қателік жасамайды дейсің» деп құтылатын. Күйеуім әманда өзінің сегіз қыздың ортасындағы жалғыз екенін, әке-шешесінің бетінен қақпай өсіргенін, шалқып өмір сүргенін әңгімелеп айтқанды ұнататын және содан өзінше ләззатанып отыратын.
Кейін естідім, әйелі өте тәрбиелі, жуас адам болған екен. Оған 6 жыл бойы күн көрсетпей, Бейбіт тепкінің астында ұстаған көрінеді. Ақыры ауруға шалдықтырып тыныпты. Соның салдарынан екінші рет тұрмыс құрған байғұс келіншек бала көтере алмай зар жылап жүр деп естимін.
«Қатеңді мойындап неге қайта қосылмадың?» - дегенімде, ол:
Мені әкем тәкаппар етіп өсірген. Біреудің алдына кешірім сұрап жығылып бару деген жоқ. Әйелімнің артынан жалынып баруды ар көрдім, - деп жауап берді. Онысына таңғалғаныммен, онша мән бермеппін. Бірақ шынтуайтында, Бейбіт оған жалынып-жалбарынып барыпты. Ал қызға әкесі қайта қосылуға рұқсат бермепті.
Бейбіт екеуіміз танысып, аралас-құраластықты бастағанымызда, оның ажырасқанына 5 жылдай өтіп кеткен. Бала күнінде байлыққа кенеліп өскен Бейбіт ол күнде де ақшаны шашумен жүрді. Астында – қымбат көлік.
Өмірі үкіметке жұмыс істе көргем жоқ, - деп масаттанады.
Мен ол кезде қала әкімдігінің жер бөлімінде кіші-гірім басшы едім. Ол уақытта жұрттың жер қадірін онша біле бермейтін кезі. Пәтерлер құнсызданып, жұрт тіпті өз пәтерлерін иесіз тастап, жан-жаққа көшіп жүре беруші еді ғой. Қарапайым жұртты айтам-ау, мемлекеттік қызметте беделді қызмет атқарып шалқып жүрген менің өзім жердің бағасын білмеппін ғой. Менің қызметіме қызыққан болуы керек, Бейбіт мені қонаққа шақырғыштап, телефон соққыштап, жиі хабарласатын болды. Әдемі сөйлейтін оған басым жылдам айналып қалды. Өзі де көрікті азамат емес пе.
Сөйтіп жүргенде ол маған ақырындап қолқа сала бастады. «Жер рәсімдеп бере аласың ба?» - деп. Оған ғашық болып қалған мен оның бетін қаққам жоқ. Бәрі қолымда тұр емес пе. Бейбіт жердің жайын жақсы білетін адам екен, қаланың ең мықты деген тұстарынан өзіне 3-4 жер таңдап, оны бірден өзінің және туған-туыстарының атына рәсімдеп тастады.
Бірте-бірте арамыз жақындай түсіп, Бейбіт маған үйленгісі келетінін айтты. Мен оған, әрине, есім шыға қуандым. Ол бірден АХАЖ-ға барып тіркелу туралы ұсыныс жасады.
Той тойлап әуре болған жоқпыз, тек қайынапаларым барып анамның алдынан өтті.
Көп ұзамай Бейбіттің әпкесі коттедж алатын болды да, Бейбіт оның үш бөлмелі пәтерін өзі сатып алатын болды. Ондай-мындай табыс тапқанмен, Бейбіттің пәтерді басыбайлы сатып алатын қаржысы жоқ еді. Жерді сатқанмен, арзанға кетіп қалады. Сондықтан ипотекалық несие рәсімдеу керек. Ал тұрақты жұмысы жоқ адамға ипотека бермейтіні бесенеден белгілі. Сөйтіп, үйді менің атыма рәсімдейтін болдық. Себебі тұрақты жұмысым бар. Сөйтіп, үй маған жазылды.
Бейбіт үнемі уыс-уыс ақша ұстап жүргенді ұнатады. Оны қайдан табады десеңіз, ол кезде тоқтап жатқан сақалды құрылыс немесе иесіз жатқан ғимарат толып жатыр. Бейбіт кран жалдап апарып соларды бұзып, материалдарын Астанаға немесе басқа қалаларға апарып сатып пұл қылатын. Ал ол ғимарат кімдікі – оған қарамайтын. Былайша айтқанда, ұрлық пен қарақшылық қой. Оны ол ешкімге білдірмей істеуші еді.
Үй алдық деген атымыз болмаса, үйдің барлық төлемдері менің мойнымда болды. Пәтерақыны мен төлеймін. Несиені мен төлей саламын. Өйткені менің атымда ғой. Өсіп кетсе, өзіме кесір ғой, пәлесінен аулақ деймін.
Екі жылдық жұбайлық өмірімізде Бейбіттің өмірі қыдырумен, той-думанмен өтіпті, қарап отырсам.
Жылдар жылжып өткен соң ойлап қарасам, сол кезде қандай ақымақ болғанмын!
Сегіз қайын әпкемнің бәрі де ауқатты тұрады. Әсіресе, базарда ет сататын үлкен қайын әпкемнің тұрмысы өте жақсы әрі ол бәрін өзі басқарады. Күйеуім соның сөзін тыңдайды көбінесе. Ол қайын әпкем мені адам санамайтын. Үйге телефон соқса амандаса сала: «Бейбітке берші телефонды!» - дейтін. Мені бір жаңа жылмен немесе туған күніммен құттықтап көрген емес. Тек өзі қонақ шақырғанда, омыртқа немесе ауызашар бергенде мені көмекке шақырып алып, шаруасына құлша жұмсайтын.
Өмір өте берді. Бейбіт екеуміз балалы болдық. Баламен басым қатып жүріп байқамаған екем, сол кезде Бейбіт бір жас қызбен жүріс жүріп, уақытының бәрін сонымен өткізіп жүрсе керек.
Баланы бір жасқа жеткізіп алғаннан кейін жұмысыма шықтым. Бұл кезде Бейбіт менің арқамда жүз шақты туысына жер алып үлгерген. Оған басым айналып жүріп, өзімнің шешеме немесе басқадай туыстарыма жер алып тастауды ойласамшы! Мен жұмысқа шыққаннан кейін Бейбіт тағы да жер алуға ынты-шынтысымен кірісіп кетті. Осылайша, қалған туыс, құда-жекжат, жиен-жұрағаттарының ішінде жер алмаған адамы қалмады.
Бұл уақытта ол шіркеудің жанынан коттедждің төрт қабырғасын тұрғызып қойған. Өзімізге деп. Мен соған мәзбін. Күйеуімнің тапқан-таянғанын бір қызға шашып, қыдырып жүргені қаперіме кіріп-шығар емес.
Күйеуімнің сау күнінен мас болып жүруі, үйде отырғанынан отырмағаны көбейе бастады. Бізде ешқашан бірге паркте серуендеу, көл жағасында демалу деген болған емес. Ішіп-жегенімізге мәзбіз.
Бара-бара күйеуім бала жыласа мені «басқа бөлмеге барып уатшы» деп зекіп, боғауыз сөз айтатын өнер шығара бастады. Үндемей құтылам деуім бекер екен, біраз уақыттан соң төмпештеп ұруды бастады. Күнім азан-қазан, айғай-шумен өтетін болды.
Үйдегі жағдай мұндай болып тұрғанда жұмысымда да қиындық туып, «жау жағадан, бөрі етектен» алды. Менімен жұмыс істейтін бір келіншек күйеуімнің туған-туыстарын жақсы танитын адам еді, сол кісі басшыларға мен туралы арыз түсіріп, менің күйеуімнің туыстарына әперген жерлерім туралы мәліметте тізімдеп тұрып беріпті. Жұмыста кикілжің болып, менің мәселемді «майшаммен» қарап, жұмыстан шығарып жіберді.
Күйеуімде де дағдарыс болып, бұзатын құрылыстары таусылған ба, әйтеуір ақшасы азайып қалды бұл уақытта. Қолға ақша түссе, несиемізді жабамыз.
Жұмыстан шығып қалған соң қадірім тіпті кеміді. Қит етсе кінә тағып, күйеуім таяқтың астына алады. Бәріне мен кінәлімін. Сөйтеді де, көлігіне мініп, тайып тұрады. Бірнеше күннен соң қайтып келеді. Ақшасы біткенде туыстарының атына алып қойған жерлерді сатып, қаражаты таусылғанша тойып ішіп, қыдырып алады. Содан соң қайта жер сатады.
Кейін арамыз ушығып, мені таяқтан көз аштырмайтын болып кеткен соң, анам мені үйіне алып кетті. Күйеуім менің кеткенімді керек те қылған жоқ, өйткені менен енді оған пайда жоқ қой. Және жүріп жүрген адамы бар. Біз ажырасқан соң бір-екі жылда жер бағасы шарықтап, жұртты бәрі жер алуға қызу кірісті. Мен жер ала алмаймын, өйткені бір рет алып, сатып жібердік қой, Қайта алуға құқым жоқ. Ал қайын әпкелерімнің бірі жерін сатып, дүкен ашып алды. Екіншісі қымбат көлік мінді, балам екеуміз жолда кетіп бара жатсақ, бұрылып қарамайды да, шаң қаптырып өте шығады. Үшінші қайын әпкем жерлерді сатты да, тігін фабрикасын ашты. Фабрика ашқанда менің балама бір шалбар кигізсе, кәні? Төртіншісі облыс орталығынан үй алды. Біреуі Қытайға шығып тауар әкелді. Қысқасы, мені арқамда ойға да, қырға да шықпағаны жоқ.
Ал мен болсам... Мен болсам күйеуім пәтердің ақшасын төлемей (ол сол үйде тұрып жатыр ғой), банкке жаманатты болдым. Кейін ол үйді сатып, қызығын ана әлгі әйел екеуі көрді. Мен қарыздан құтылғаныма мәз болдым. Алайда ұзақ жылдар бойы несие төлемегендіктен, «қара тізімге» ілігіп, енді маған ешбір банк несие бермейтін болды.
Қазір басқа адамға тұрмысқа шығып, көрші қалада тұрамын. Екінші балам дүниеге келді. Жолдасым жақсы. Сыйлап тұрады. Баспанамыз жоқ. Күйеуімнің де, өзімнің де жалақым аз болғандықтан, бізге несие бермейді. Басқа да бағдарламаларға іліге алмай, пәтер жалдап келе жатырмыз. Ақшамыз бірде жетеді, бірде жетпейді. Жетпегенде, жолдасым таксилетіп тиын-тебен тауып әкеледі. Көлігіміз «Жигули», соған разымыз.
Кезінде қара басымды ойламағаныма қатты өкінемін. «Осы Мейрамгүл бізге жер әперді-ау, соның арқасында пайда көрдік-ау» деп маған рахмет айтқан не Бейбіт, не оның әпкелері жоқ. Балама да ештеңе әперіп көрген емес. Әпермек түгіл, амандасуға да жарамайды.
Естуімше, бұл күнде Бейбітте не үй, не көлік жоқ дейді. Бәрін сатып, араққа жұмсаған сықылды. Біреудің арқасында көрген пайдасы береке бермеген шығар.
Бұл өмірде дәл мендей ақымақ әйел бар ма екен деп жиі-жиі ойлаймын. Өзім сияқты қыз-келіншектерге айтарым: ең бірінші өз қамдарыңды ойлаңдар! Ешқашан еркекке жем болмаңдар! Бүгін жағдайым жақсы, заман дәл осылай тұрады деуге болмайды! Қолыңда барыңды әуелі қара басыңа жарат. Өзіңді ойла. Мен сияқты опық жеп, далада қала көрмеңдер!