Мамыр айының шуақты күндері Нұрсəуленің көңіл-күйін одан сайын жадырата түсті. Ауылдың бітпейтін тірлігі де оған бүгін оп-оңай сияқты көрінді. Отағасының таңғы асын беріп, шалғайдағы жұмысына шығарып салды. Жұмысы алыс ауылда болғандықтан, аптасының екі күнін ғана сүйікті жарымен өткізетін Серік үшін əр демалыс керемет өтетін еді. Нұрсəуле екеуі үй шаруасын бірге істеп, кешкісін ауылдың клубына барып, кино көруді əдетке айналдырған, тұңғыш сəбилерін күтіп жүрген бақытты отбасы.
Нұрсəуле ата-енесін өз əке-шешесіндей жақсы көріп, сыйлайды. Үлкен əулеттің үлкен келіні болғандықтан, тұңғыш немерелерін тағатсыздана күтіп жүрген атасы: «Келінге салмақ салмаңдар, бар шаруаны өздерің істеңдер !»,-деп отыратын үйдегілерге.
Кешкісін сиыр сауып отырған Нұрсəуленің кенеттен іші ауыра бастайды. Толғақтың қандай екенін əлі біле қоймаған жас келін, енесіне айтуға ұялып, ақырын жүре береді. Түн ортасында ыңылдаған дауысты естіген енесі, келіннің жағдайын сұрайды.
— Қызым, қай жерің ауырып тұр?
— Апа, мен кешкісін ірімшікті қызығып көп жеп едім, содан ішім бұрап, аздап ауырып тұр .
Енесі күліп:
— Қызым-ау, қатырасың! Қайдағы ірімшікті айтып тұрсың?! Тез жинал. Толғақ дейді бұны. Ірімшіктің түк қатысы жоқ.
Енесі атасын оятады. Қатты қуанған атасы тез-тез киініп, бүкіл ауылдағы жалғыз машинаның иесі Жетпісбайдың үйіне кетеді. Түн ішіндегі қыбырдан Нұрсəуленің қайынсіңлілері де оянып, киініп алады.
Сонымен, не керек, Газ-53 -тің кабинасына Нұрсəуле мен енесі отырады. Ал машинаның жүк салатын жеріне атасы мен үш қайынсіңлісі жəне бір қайнысы отырып алады. Тас қараңғы түнде Газ-53 бар жылдамдығымен зуытқып келеді. Нұрсəуленің іші одан сайын ауыра бастайды. Жарты сағаттан соң, аудан орталығына келіп, перзентханаға тоқтайды. Бірақ бұл жерде орын жоқ, коридордың өзінде орын жоқ болып шығады. Ашулы атасы барлығымен ұрсып шықса да, қабылдамайды. Жетпісбай ашуға булыққан досын сабырға шақырып, уақыт жоғалтпайық деп, барлығын машинасына мінгізіп алып, ең жақын деген бір ауылдың перзентханасына жол тартады. Қырық бес минуттан соң перзентханаға жетеді. Ол жерде Нұрсəулені қабылдап, туыстарын үйіне қайтарып жібереді. Таң атқанша толғатқан Нұрсəуленің күші де қалмай, қарны əбден ашса да, еш сыр білдірмей, тек аман-есен босануды ғана ойлап, Алладан тілеумен болды.
Алла тағалам тілегін орындап, дүниеге қыз бала келеді. Қуаныштан көз жасына ерік берген Нұрсəуле , кішкентай періштесінің маңдайынан иіскеп:
— Нағыз бақыт осы екен ғой. Бақыттың иісі қандай керемет!
Медбикеге өз ауылындағы почтаның нөмірін беріп, үйдегілерге хабарлауын өтінеді.
Түскі ас ішіп отырған əулеттен сүйінші сұрауға почтада істейтін Дариға келеді. Қатты қуанған атасы Дариғаға бір қой береді. Серік жұмыс істейтін ауылға хабарласып, қызды болғанымен құттықтайды Дариға.
Мəз болған Серік астындағы тракторымен бірақ тартады Нұрсəуле мен қызына.
Кешкі асын ішіп болып, кішкентай періштесін емізіп отырған Нұрсəуленің терезесіне бірдеңе тигендей болады. Терезеге жақындаған Нұрсəуле қолында бір шоқ дала гүлдері бар Серікті көреді. Екеуі ыммен біраз сөйлеседі, себебі терезе ашылмайтын еді. Екінші қабаттағы терезеден қызын көрген Серіктің қуанышында шек жоқ:
— Мен əке атандым! Мен əкемін! Менің қызым бар!
Арада алты күн өтеді. Дəрігер Нұрсəулеге ертең шығатынын айтады. Нұрсəуле медбикеге ауылдың почтасына хабарласуын сұрайды. Бірақ ауылда қатты желден электр желілеріне зақым келіп, телефон істемей тұрады. Нұрсəулемен бір күнде туған қыздардың барлығы үйлеріне кетеді. Ал Нұрсəуленің бұл ауылда таныстары жоқ болғандықтан, үйіндегілер қашан келеді деп, күтіп отырады. Осылай кеш батады. Ешкім келмейді. Нұрсəуле ішінен неше түрліні ойлайды. «Мүмкін, Жексенбай атаның машинасы сынып қалған шығар», «Мүмкін, қолдары тимей жатқан болар», «Əлде Серікті күтіп отырған шығар» …
Аспан тесіліп қалғандай… Таң атқалы жаңбыр шелектеп құйып тұр. Нұрсəуленің перзентханада жатқанына тоғыз күн болды. Ешкім келмеді. Депрессияға ұшырауға аз қалған Нұрсəуленің терезесіне бірдеңе тигендей болады. Мəз болған Нұрсəуле терезеге жүгіреді. Қолында бір шоқ дала гүлі бар, үсті-басы су-су болған Серік тұр. Серікті көрген Нұрсəуле жылап жібереді. Ыммен түсіндіріп, перзентханаға кір дейді. Серік ішке кіреді.
Дəрігер Серікке ұрса бастайды:
-Əйелің мен қызың керек болмаса отказной жаз да, кете бер !
— Не деп тұрсыз? Əрине керек!
— Керек болса, қайда жүрсің үш күннен бері? Ауылыңа күнде хабарласамыз, почталарыңның телефонын ешкім көтермейді ғой! Өздерің неге ойламайсыңдар! Əлде бала туған əйел бір жыл жатады деп ойладыңдар ма?
-Қазір , мен ауылға барып, машина тауып, алып кетемін.
Серік шалғайдағы ауылынан попуткамен келген еді перзентханаға. Үйдегілері неге хабар бермеді деп ызаланған Серік, нөсерлеп құйған жауынға қарамастан, жаяу тартады ауылына.
Түнгі екі шамасында үйіне жетеді. Есікті бар күшімен тарсылдатып, үй ішіндегілердің зəресін ұшырады. Ұйықтап жатқан жұрттың барлығын айқаймен оятып:
— Менің əйелім мен қызымды неге шығармағасыңдар больницадан! Үш күн күтіп жүр ғой сендерді!
Киімін ауыстырып, Жетпісбайдың үйіне барып, Газ-53-тің кілтін алып, өзі айдап кетеді. Таңға жуық перзентханаға жетеді.
Сол күні кешкісін ауыл адамдары Серіктің үйінде жиналып, Айгүл деген кішкентай ханшайымның дүниеге келгенін тойлайды.
P.S: Бұл 1975 жылы болған оқиға. Ол кезде ұялы телефон түгілі, жай телефонның өзі бір ауылда біреу ғана болатын. Машина да бір ауылда біреу ғана. Қазіргі кезде əйеліне үш күн түгілі үш сағатқа кеш келсе, бітті ғой, ажырасуға шақ қалады. Ал бұрын адамдар мейірімді, сабырлы болған ба, қалай?
Ақсұңқар Аубакирова