Сәлеметсіздер ме, құрметті оқырман! Менің сіздерге жазып отырған себебім, ақыл сұрайын деп едім. Мен 33 жастамын, 3 балам, жолдасым бар. Мендегі мәселе, қыз кезімде яғни 20 жасымнан ғашық болып, өзімнен он уш жас үлкен жігітпен жүрдім.
Екеуміз көрші тұрдық. ол артымнан қалмай айналдырып алды десем болады. Екеуміз 5 жыл жүрдік, бірақ осы бес жыл ішінде көп ұрсыстық, бірақ бір-бірімізді қатты жақсы көрдік. Ол басында үйленейік деп айтқанда мен жүре тұрайық дейтінмін, оқуымды бітіріп, жұмыс жасағым келді. Кейін ол үйленейік дегенді айтпайтын болды. Сонымен бес жыл уақытымыз өтті.
Сонымен не керек, аяғында ол басқа қызға үйленді. мен басқа жігітпен тұрмыс құрдым. Ең қызығы, оның да 3 баласы бар. балаларының жасы менің балаларымның жасымен бірдей. Мен ол адамды ұмыта алмадым мүлдем. Жолдасымды, балаларымды жақсы көремін қатты, бірақ жүрегімнен ол адамды шығара алмаймын. Бұрын балалар кішкентай кезінде уақыт аз болды ма, ол жайлы ойламайтынмын, ал қазір күнде ойлаймын.
⠀
Ол инстаграмда жоқ, бірақ оның қарындасының инстаграмынан көріп отырамын. балаларын, тұратын үйін. келіншегін көргім келеді. Неге бұлай болды екен, неге ұмыта алмайды екенмін, үнемі түсімде көремін. Ватсабы бар, қашан онлайн болғанын қарап отырамын. Өмірімді артқа айналдырса, кейбір қателіктерді жібермей, бірге болар ма едік деп көп ойлаймын. Шіркін, менің жүрегімді жұлып тастап, басқа оны білмейтін жүрек салса екен. жылағым келеді күнде. бақыттымын деп айта алмаймын мүлдем. Балаларымды жақсы көремін, солардың бақытты болғанын қалаймын. жолдасыма ештене сездіртпеймін, оның кінәсі жоқ қой. Өмір бірақ рет беріледі ғой, неге мені емес, басқаны таңдады екен.
Аноним