Өткен өміріне көз жүгіртіп отырса Рəзия жақсыны да, жаманды да көріпті. Басына түскен қиыншылықтарға да мойымай, тек алға жүруді ғана біліп қайсар болған екен-ау. Қиналып жүрген қанша адамға да қол ұшын беріпті. Бірақ ешқашан ешкімге жасаған жақсылығын міндет еткен емес. Себебі «Оң қолымның жақсылық жасағанын сол қолым білмесін » — деген қағиданы ұстанатын. Қанша адамға психологиялық көмек те беріп, оларды теріс əрекет жасаудан сақтапты. Өзі қаншалықты қатал болғанымен жүрегі соншалықты жұмсақ Рəзияны сол қаталдығы үшін ұнатпайтындар да аз емес. Ұстаздық етіп жүрген жылдарында басынан талай оқиғалар өтіпті. Солардың ішінде біреуі ерекше есінде қалды
.
***
Ол қызға басында көп мəн бермейтін, көп студенттің бірі ретінде қарайтын. Есімі Саягүл, Рəзияны көрген сайын үнемі амандаспай өтпейтін. Рəзия жай басын изеп өте шығатын. Кейде «Осы қыздың түрі өзгеше, өзі қазаққа мүлде ұқсамайды. Басқа ұлттың қызы-ау не де болса? — деп ішінен ойлап қоятын. Шынында Саягүлдің əкесі өзге ұлт өкілі болатын. Бір ұнайтыны, Саягүлдің қабақ шытып жүргенін көрмепті. Үнемі жымиып күліп жүретін. Рəзия уақыт өте келе осы қыз өміріндегі маңызды адамдардың біріне айналатынынан бейхабар еді. Барлығы əлеуметтік желідегі бейтаныс жігіттен келген хабарламадан басталды.
Рəзия демалыс күні əдеттегідей үйін жинап, шаңдарды сүртіп жүрген. Арасында достарыммен де сөйлесіп қояйын деп компьютерден əлеуметтік желіні қосты. Бір жағынан шаруасын жасап, екінші жағынан желіде отырған достарынан келген хабарламаларға жауап та жазып үлгеруде. Бір кезде белгісіз біреу «Сəлем» деп жазды. Рəзия басында мəн бере қоймады, танымайтын адам болған соң оқыды да жауап қатпады. Бірақ бейтаныс адам «Сəлеміме неге жауап бермейсіз? «- деп тағы хабарлама жіберіпті. Бұл хабарламаны да жауапсыз қалдырар ма еді, егер тағы да «Не деген адамсыз, сізбен амандық сұрасқан адамға жауап жазуды керек деп санамайсыз ба? Соған қарағанда адам таңдап сөйлесетін өзінше адамсыз-ау» — деген хабарлама келмегенде. Рəзия мына соншалық қадалып қоймаған бейтаныстың кім екенін білгісі келді. Оның үстіне сонша дөрекі хабарламалар ашуына тимей қоймады.
— Сəлеметсіз бе, мен сізді танымадым. Бейтаныс адаммен сөйлесу ниетім де жоқ!
— Мен сізбен танысқым келеді. Артық сөз жазсам кешірім өтінемін.
— …..
— Есімім Мадияр. Жалпы сізді сыртыңыздан танимын, қайда жұмыс істейтініңізді де білемін.
— Солай ма…
— Ия
— Бұл ақпараттарды қайдан білетініңізді білсем бола ма?
— Мен үшін ең қымбат жанның бірі сіздің студентіңіз.
— Тыңдаңыз, менің сізбен сөйлесіп отыратын уақытым жоқ. Сізге менен не керек?
— Сіз де мені тыңдаңызшы, өтініш. Мен сол қызға ессіз ғашықпын. Бірақ ол мені жай дос ретінде көреді.
-Ал мен не істей аламын?
-Жай ғана көз қырыңызды салып жүріңізші.
— Ол қыздың кім екенін білсем бола ма?
— Саягүл.
— Ммм
— Өтініш, Саягүлге оң көзіңізбен қарап жүріңізші. Оның онсыз да тағдыры ауыр, көрмеген қиындығы жоқ. Естуімше, сіз өте қатал оқытушы екенсіз. Саягүл бірде сіз туралы айтқан.
— Қызық, не деді сонда?
— Жо-жоқ, жаман ойлап қалмаңыз. Ол сізді керісінше мақтады. Талапты күшті қоятыныңызды айтқан. Саягүл талап күшті болса, білім де жақсы болады деп есептейді.
— Ммм, Саягүлге рахмет, түсінігі дұрыс бағытта екен.
— Мен сізден Саягүл туралы сұрап тұрсам бола ма?
— Тыңдаңыз, мен сізге ақпарат жеткізуші емеспін. Білгіңіз келсе, Саягүлдің өзінен сұрап тұрыңыз.
— Түсініңізші, ол маған ешқашан қиындықтарын айтпайды. Сіз оның ашуланып жүргенін көрдіңіз ба? Саягүл қанша қиналып жүрсе де ешкімге білдірмейді, жымиып жүргенінен танбайды. Мүмкін сізге ашылар, себебі сізді жақсы көреді, сыйлайды. Мен сізге жай ғана қолыңыздан келген көмегіңізді аямасаңыз екен деймін. Ол қыздың сенетін де, сүйенетін де адамы жоқ. Өзі ешкімнен қандай жағдай болса да көмек сұрамайтын жан.
-Ата-анасы қайда?
-Əкесі туралы мүлде білмейді. Ал анасы қызы бар екенін мүлде ұмытқан. Саягүлді кішкентай кезінде тастап, басқа адамға тұрмысқа шығып кеткен. Саягүл жапанда жалғыз жетім қалды десе болады. Əжесі болатын, бірақ ол кісі де біраз жыл бұрын қайтыс болып кетті. Оқуының төлемін жасау үшін сабақтан бос уақытында көлік жуып жүр. Егер сабаққа келмей қалса ұрыспаңызшы. Қыстың көзі қырауға қарамай неғұрлым көбірек көлік жууға тырысады. Содан шаршап, кейде ұйықтап қалып жүр екен. Мен оған қаржылай болса да көмегімді аямаймын. Бірақ Саягүл менің көмегімді алмайды. Мен жетімдер үйінде өскенмін, мүмкін сондықтан да менен көмек алмайтын шығар. Бірде оқуына төлем жасауға көмектескім келгенінде «Олай істеуші болма, егер солай жасасаң, достығымыз аяқталады» — деген болатын. Ал мен оған ғашықпын, достықтан да айырылсам, жағдайым не болмақ.
— Ия, тағдыры шынында ауыр екен.
— Бірақ осының бəріне қарамай үнемі күліп жүреді, ашуланып жүргенін мүлде көрмеппін. Маған үнемі «Күліп жүр, күліп жүрсең жақсы адамдар айналаңа жиналады» — деп айтады. Мен оны осы қайсарлығы үшін сүйемін. Əттең, ол менің ұсынысымды қабыл алмайды.
-Неге қабыл алмайды деп ойлайсыз?
— Себебі мен оның туыс ағасының досымын. «Ағамның досымен махаббат құрмаймын» — деп бетімді қайтарған. Сол себепті достығымнан да айрылып қалмау үшін тек алыстан ғана сүюге мəжбүрмін.
— Иәә, жағдайыңыз қиын екен. Мен сіздің ұсынысыңызды қабылдайын деп шештім. Мен əр білім алушымның отбасылық жағдайын біле бермеймін, білуге де талпынған емеспін. Мен үшін олардың тиісті білімді алғандары маңызды. Бірақ сіздің Саягүлдің тағдыры туралы айтқаныңыз маған қатты əсер етіп отыр. Жарайды, қолымнан келгенін жасап көмегімді беруге тырысамын.
— Рақмет сізге. Бірақ оған мен туралы айтпаңызшы, өтініш. Айтқанымдай Саягүл ешқандай көмек қабылдамайды, бəріне өзі қол жеткізгісі келеді. Барынша білдірмей желеп-жебеп жүрсеңіз болды. Тағы айтарым, сізге жазып тұрсам бола ма? Уəде беремін, көп мазаңызды алмаймын.
— Жарайды, Мадияр. Сау болыңыз.
— Алла разы болсын сізге, рақмет, сау болыңыз.
Мадиярдың осы жазған хабарламасынан кейін Рəзия Саягүлге ерекше қарайтын болды. Шынында келбетті болмаса да адамды өзіне тартып тұратын қасиеті бар екен. Рəзия қызды өзіне тарта бастады. Қыз да жылулықты сезінгендей үнемі апайының жанынан шықпайтын болған. Өкшесінің тықылы естілгеннен тік тұратын студенттер де Рəзияның Саягүлге ерекше көзқарасын байқады.
— Рəзия Болатқызы, осы Саягүл сіздің туыс сіңліңіз ба? — деп сұрағандары да болды. Ондай кезде Рəзия күліп:
— Иә, Саягүл менің сіңлім — дейтін. Сол сөздерді естігенде Саягүлдің жүзі бал-бұл жанып кететін. Туылғаннан тағдырынан теперіш көрген қыз үшін Рəзияның əрбір жылы сөзі майдай жағатын.
Оқуының төлемін жасау үшін қыстың көзі қырауға қарамай көлік жуып жүрді. Тоңып қалмау үшін кейде қасындағылар ұсынған ащы судан тартып алатын. Рəзия бір күні Саягүлдің қолдарын көріп шошып кетті. Қолдары суық суға сала бергеннен гүп болып ісіп, жарылып кетіпті. Мұны көрген Рəзияның жүрегі ауырды. Бірақ не істей алады.
Мадияр да оқтын-оқтын Саягүлдің жағдайын сұрап хабарлама жазып тұрады. Рəзия Саягүл екеуінің не істегендерін, оның бүгінгі көңіл-күйін Мадиярға жазып жүруді əдетке айналдырды. Бүгін де оның қолдарын көріп, қатты жүрегі ауырғанын айтты. Осыбір жігіттің Саягүлді риясыз сүйетініне риза болатын. Мадияр бір жазғанында Рəзия одан:
— Мадияр, Саягүлдің анасы қайда тұрады? — деп сұрады.
— Алыс бір адам бара бермейтін ауылда тұрады. Өгей əкесі нашар адам. Саягүл оны жек көреді. Сол үшін де анасына көп бара бермейді. Оның үстіне «қызым» деп тұрған анасы болмаса барудың да қажеті жоқ.
— Неге олай дейсің, ананың орны қашан да бөлек. Анасы не істесе де, не десе де оны өмірге əкелген адам. Сондықтан кешіріммен қараған дұрыс.
— Апай, маған ол туралы айтпасаңыз да болады. Менің жетімдер үйінде өскенімді білесіз ғой. Сондықтан анаға қатысты сезімдерді түсіне бермеймін.
— Өкінішті əрине, бірақ сен де сені туған адамға кеудеңде ыза мен реніш ұстамағаның дұрыс.
— Жарайды, бұл əңгімені өзгертсек қалай қарайсыз?
— Жарайды, өзің білесің!
Осылай зулап күндер өтіп жатты. Бір күні Рəзия Саягүлден анасы туралы сұрауға бекінді.
— Саягүл, осы сен анаң туралы неге мүлде айтпайсың?
— Рəзия Болатқызы, соны сұрамай-ақ қойыңызшы.
— Неге? Ол қандай болса да анаң емес пе!
— Жай, ол туралы ойламауға тырысамын. Мені дүниеге əкелгені болмаса, мен үшін ешнəрсе жасаған емес. Есімді білгелі өз күнімді өзім көріп келемін.
— Жарайды. Бірақ жүрегіңнің түбінде анаңа деген махаббатыңның бар екенін көзіңен көріп тұрмын.
— Осы сізден еш нəрсе жасыра алмайсың — деп Саягүл əдеттегідей жымиды.
— Иә, иә, жасырма, мен бəрібір біліп аламын — деп Рəзия да күле жауап берді.
— Шынымды айтсам, мен осы уақытқа дейін өзім жайлы, өмірім туралы ешкімге ашылып айтқан емеспін. Ал сізге қалай айтып қойғанымды өзім де байқамай қаламын. Бір сиқырыңыз бар ғой деймін.
— Мүмкін, сол себепті менен ештеңе жасырушы болма.
— Жарайды, айтсаңыз болды ғой. Сізге де ұсынысым бар. Үнемі осылай күліп жүріңізші, сізге жарасады. Оның үстіне күліп жүрген адамға жақсылап үйір болады.
Рəзия келіскендей Саягүлге қарап жымиды. Осы қыз күннен күнге бауырындай жақын болып бара жатты. Ертеңгі күні оқуды бітіріп кеткенде бұлай күнде көре алмайды, қатты сағынатын шығар. Саягүлдің оқуының соңғы төлемдерін төлей алмай жүргенін Мадияр айтқан болатын. Рəзия өзі-ақ төлеп жібергісі келгенімен өзінде де ондай артық ақша болмай тұр. Банкке төлейтін несиесі тағы бар.
Бүгін Мадияр Саягүлдің құрбылары туралы айтып берді.
— Саягүлдің құрбысы Анель криминал əлемімен байланысы бар қыз. Соның кесірінен үнемі қиыншылықтарға тап болып жүреді. Бүгін де сол қыз көрші ауданның қыздарымен сөзге келіп қалыпты.
— Содан?
— Сізден өтініш, ертең Саягүлді ешқайда жібермеудің амалын жазыңызшы. Əйтпесе болашағына түбегейлі балта шабылуы мүмкін.
— Бұл сөзіңмен не айтпақшысың?
— Апай, олар ертең сол ауданға «разборкаға» бармақшы. Оны маған араларындағы бір қыз айтып қойды. Анельдің тапаншасы бар, ол оны міндетті түрде пайдаланады. Енді түсінген шығарсыз?
— Не дейді? Сонда Саягүл де сонда бармақшы ма?
— Міндетті түрде барады, ол достарын еш уақытта жалғыз қалдырмайды. Бірақ сіз бір нəрсе қылып, ешқайда жібермеудің амалын жасаңызшы. Егер ұсталып қалса, онсыз да мəз емес жағдайы одан сайын қиындап кетері сөзсіз.
— Бірақ мен не істей аламын? Ертең Саягүл сабаққа мүлде келмей қалуы да мүмкін ғой.
— Иә, ол да мүмкін. Енді не істесек болады екен?
— Бір Аллаға сеніп, бəрінің дұрыс болғанын тілейік.
— Бəрі жақсы болса екен. Саягүлдің енді қиындық көргенін қаламаймын. Онсыз да көрген азабы аз емес.
— Иә, бəрі дұрыс болатынына сенейік!
Ертесіне Рəзия жұмысына келе салысымен Саягүлді іздеді. Бірақ өкінішке орай оны таба алмады, топтастары оның келмегенін айтты. Рəзия іштей тек жақсылық болсын деп тілей берді. Саягүлді жақын танығаннан бері оған қатты бауыр басып кетіпті. Тағат таппай мазасызданып, оның ұялы телефонына бірнеше рет хабарласты. Бірақ Саягүл телефонын көтермеді. Сондықтан Рəзия үнемі бəрінен хабардар болып жүретін Мадиярға хабарласайын деп шешті. Дереу əлеуметтік желідегі парақшасына хабарлама жіберді. Мадиярдың жауабы жағымды болмады. Саягүл ақыры құрбысымен олардың сөздерімен айтқанда «стрелкаға» кетіпті. Ол ол ма, қару пайдаланып, соның салдарынан қарсы жақтың бір қызы ауыр халде ауруханаға түсіпті. Саягүл де басынан қатты соққы алыпты. Полиция қызметкерлері оны ұстап алып бөлімшеге алып кетіпті. Енді не болар екен?
***
Ал бұл уақытта Саягүлдің полиция бөлімшесіндегі жағдайы ауыр еді. Қыз бала екеніне қарамай оны ұрып-соқты. Басынан алған соққысы да ауырып шыдатпай барады. Қанша қиналса да оларға жұмған аузын ашпауға бекінген. Əйтпесе құрбысын сатып кеткен болады. Саягүлдің оңайлықпен ештеңе айтпайтынын түсінген тергеуші ашуланып, оны жертөледегі қараңғы бөлмеге қамап қойды. Əлде басының қатты ауырғанынан ба, болмаса əбден таяқ жегенінің салдарынан ба талықсып кетті. Есін жинаған уақытта көзіне түсініксіз нәрселер елестей бастады. Қан-қан қорқынышты бір адам өзіне қарап тұр екен. Саягүл жан ұшырып қорқып кетті. «Кет, кет, жолама маған, көрінбе көзіме, сен жоқсың!» — деп айғайлады. Соңғы кездері осы бір елес артынан қалмай жүр. Дəрігерге көрінуге барамын деп жүрген еді. Шыңғырған дауысты естіп полиция қызметкері жүгіріп келмегенде жағдайы қиын еді. Тергеуші:
— Əзірге саған қатысты бұлтартпайтын дəлеліміз жоқ. Сондықтан сені босатуға мəжбүрміз. Бірақ есіңде болсын, сен біздің қадағалауымыздасың — деп босатып жіберді. Екі күн үйінде болмаған Саягүлді қасында бірге тұрып жатқан құрбысы ұрса қарсы алды.
— Қайда жүрсің? Сені іздемеген жерім жоқ. Тағы не бүлдіріп жүргеніңді құдай білсін, мына түрің не? Ана Анель бір күні өзімен бірге сені де шыңырауға түсіреді. Соның кесірінен тағы бір нәрсеге ұшырағаның анық.
— Ондай ешнəрсе болған жоқ.
— Сенің сөзіңе сеніп қалатын мен кішкентай бала емеспін.
— Жарайды, қойшы, аман-есен келдім ғой.
— Саған сөз өтпейді екен.
Саягүл ары қарай тыңдамай бөлмесіне кіріп кетті. Онсыз да басы жарылайын деп тұр. Ертең Рəзия апайы да сұрақтың астына алатын шығар. Кейінгі кезде өзінің өмірінен хабардар Рəзия апайы мына тірлігін естісе көңілі қалары анық.
***
Бұл уақытта Рəзия да тағатсызданып Мадиярдан жаңалық күтіп отыр еді. Мадияр болған жағдайдың бəрін қалай біліп алатыны белгісіз, əйтеуір тəптіштеп Рəзияға жазып жібереді.
Ертесіне Саягүл сабағына келді, көңіл-күйі жоқ болса да білдірмеуге тырысады. Бүгін сабаққа келмес бұрын дәрігердің тексеруінен өтті. Дəрігер үш ұйықтаса түсіне кірмеген «шизофрения» — болуы мүмкін деген болжам айтты. Ол расталса қайтпек, расында көзіне соңғы кезде көрініп жүрген елестер аурудың салдары болса не істемек? ..
Рəзия Саягүлді көре сала шақырып алып:
— Қане, отыр да маған бар жағдайды айтып бер. Жасырамын деп ойлама. Себебі мен бір нəрсенің болғанын анық білемін. Саягүлдің айтып бермесіне амалы қалмады. Бірге тұрып жатқан құрбысының да ұрысқанын айтты.
-Бірге тұрып жатқан құрбың дұрыс айтыпты, Анельдің таңдаған жолы дұрыс емес.
— Рəзия Болатқызы, Анель кезінде қиналғанымда менен көмегін аяған жоқ. Сондықтан ол да қиын жағдайға тап болса, тастап кетіп иттік жасай алмаймын.
— Олай болса құрбыңның дұрыс жолға түсуіне көмектес. Əйтпесе сонымен бірге құрдымға кетерің анық.
— Ол негізі жаман қыз емес. Тыныш жүрсе де оған өздері келіп килігетіндер көп.
— Саягүл, мен сенің оқуыңды бітіріп, жақсы маман болғанығды қалаймын. Оқуыңды қанша қиындықпен бітіргелі жатқаныңды ұмытпағайсың.
— Осы оқуды бітіре алмайтын сияқтымын.
— Неге?
— Оқуға төлем жасауға қаражатым жоқ екенін білесіз. Көлік жуғаннан тапқаным мардымсыз, жүріп-тұрғаныма ғана жетіп тұр.
— Мен саған қаражат жағынан аз да болса көмек бергім келеді.
— Қажеті жоқ. Маған көмектесемін деген адамның барлығы жамандыққа ұшырайды.
— Түсінбедім?
— Рас айтамын. Бір досым маған ақша берем деген күні келе жатып апатқа ұшырады. Екінші досым да тура сондай жағдайға душар болды. Үнемі меннен көмегін аямайтын досым бар еді, қазір оның өзіне көмек керек. Өкпе рагымен ауырады. Сіздің де бір нəрсеге ұшырағаныңызды қаламаймын. Өзіме жақын жандардан осы жағдайлардан соң көмек қабылдаудан бас тарттым. Маңдайыма жазылғаны осы болса, көндім.
— Олай деме, сен əлі керемет маман боласың. Тек өміріңді жақсы арнаға бұруың керек.
— Сіздің мені туған сіңліңіздей жақсы көретініңізді білемін. Бірақ олай жасамаңыз, мені қатты жақын тартпаңыз. Себебі мен оған лайық емеспін. Ертең мен үшін жүрегіңіздің ауырғанын қаламаймын.
— Сені сіңлімдей жақсы көріп кеткенім рас, енді оны өзгерте алмайсың. Осы уақытқа дейін өз білім алушыларымның ішінен ешкімді бұлай жақын тартпаппын. Енді мұндай «стрелкаларға» бармашы, оның арты үлкен өкінішке əкеледі.
Саягүл үнсіз жымиып қана қоя салды.
Саягүл қанша қарсы болса да Рəзия жақында алатын жалақысынан оның оқуына төлем жасаймын деп шешті. Ол ойын Мадиярға айтты. Бұл ісіне Саягүлдің ренжитінін білсе де қайырымды іс жасағысы келді. Əйтпесе, бұл қыздың мамандық алу үшін көрген қиыншылығы мен жасаған еңбегі зая кететін түрі бар.
Рəзия тиісті соманы алып төлем жасауға банкке бару үшін көлігіне отырды. Өзінің Саягүлге көмектесетініне іштей қатты қуанып отыр. Банкке барар жолда кептелісте тұрған бір көлік неге екені белгісіз артқа жүріп Рəзияның көлігімен соғысып қалды. Осы кезде Рəзияға Саягүлдің оған көмек көрсеткісі келген достарының қандай жағдайларға душар болғанын айтқаны есіне түсіп кетті. Абырой болғанда көлігін ғана зақымдап алды. Кінəлі көлік жүргізушісі келтірген шығынын өтеп беруге міндеттенді. Əйтеуір аман-есен төлемді де жасады-ау. Көлігін соғып алғанына қатты қынжыла қоймады, есесіне Саягүлге көмектесті.
Ертесіне апайының төлем жасағанын білген Саягүл қатты ренжіді.
-Неге олай жасадыңыз, мен сізге қажет емес деп едім ғой.
— Ренжімеші, есесіне биыл дипломыңды аласың.
— Мəселе онда емес, менің қағидаларымды бұздыңыз. Сіздің де отбасыңыз бар, бір жалақыға қарап отырған жансыздар. Оның үстіне көлігіңізді де менің кесірімнен соғып алыпсыз. Мен сізге ескерттім емес пе, маған көмектескісі келген адамның барлығы қиындыққа тап болатынын.
— Оны еш уайымдама, кінəлі жүргізуші бəрін де қалпына келтіріп жатыр.
— Ал егер сіз бір нəрсеге ұшырасаңыз не болар еді?!
— Ештеңе болған жоқ қой, тынышталшы.
— Мен ақшаңызды көп ұзамай қайтаруға тырысамын.
Саягүлдің қатты ашуланып тұрғанын бірінші рет көрген Рəзия оның бұл сөзіне :
— Жарайды, ашуыңды бас, ақшаң болғанда қайтарарсың — деп жауап берді. Əйтпесе тынышталмайтын сияқты.
Оқуды бітіретін күн де жақындады. Рəзия енді Саягүлді көп көрмейтінін ойласа əзірден сағынып кетеді. Өзіне «Жоғалып кетпей телефонмен хабарласып тұр» — деп күніге ескертеді. Саягүл де » Мен сізді мен үшін анам жасамаған жақсылықтарды жасағаныңызды ешқашан ұмытпаймын» — деп ризашылығын білдірумен болды.
Саягүл қолына дипломын алғаннан кейін біраз уақытқа дейін хабарласып тұрды. Оның жағдайын əр күн сайын Мадияр да жазып тұрады.
Бірақ қатал тағдыр Саягүлді аямады. Қаршадай қыз болса да жетпіске келген адамнан да көп қиындық көрген Саягүлдің көрері əлі алда еді. Елестер де мазасын алып, көп көрінетін болған. Дəрігер жазған дәрілерді үзбей ішсе де пайдасы болмады. Қанша бұлт артынан күн шығады десе де, сол құрғыр күннің шығар түрі жоқ. Рəзияға да хабарласуды қойды. Рəзия мəн-жайды білу үшін Мадиярдан сұрамақ болды. Мадияр Саягүлдің хабарсыз кетуінің себебін айтқанда төбесінен жай түскендей болды. Көрші ауданға бір досының көлігімен бара жатып апатқа ұшырапты. Салдарынан кішкентай қызды қағып кетіпті. Қыз сол жерде тіл тартпай өліп кетіпті. Апат салдарынан жүргізуші мүгедек болып қалыпты, ал Саягүлдің денсаулығына онша зақым келмеген екен. Өлген қыздың ата-анасы сотқа беріпті. Саягүл «Көлік тізгінінде мен болдым» — деп бар кінəні өз мойнына алыпты. Сөйтіп жазықсыздан сотталып кетіпті. Мадиярдың айтуынша, əлгі қайтыс болған қыздың туыстары қолдары ұзын кісілер екен. Бірақ Саягүлдің не үшін кінəні өз мойнына алғаны түсініксіз. Себебі көлік жүргізген жігіт психикасы жағынан мүгедек болып қалғандықтан бəрібір сотталмас еді.
Рəзия Саягүлдің тағдырының осылай болғанына анасының да кінəсі бар деп есептейді. Қаршадай қызды қараусыз қалдырып, тағдырдың тəлкегіне тастап кету адамшылық емес деп түсінеді. Кейде «Неге тəңірім бір адамның басына осыншалық шегі жоқ қиындықты үйіп береді екен? Небір сұрқия, жаман адамдар еш таршылық көрмей, жаһанды жалпағынан басып өмір сүріп жүр»- деп ойлап қояды. Бірақ тəңірдің де өз есебі бар шығар, кім білген. Рəзия əлі де бəрінің өз орнына келетініне сеніп үмітін үзбейді. Саягүлді үнемі есіне алып отырады. Міне, бүгін де сол күндерді тағы бір еске алып мұңайып қалды.
П. С. Ата-аналар, өмірге əкелген баламыз үшін қандай жағдай болса да жауапты болайықшы.
Ақтолқын Құлбеков