Мен «Алаш айнасының» тұрақты оқырмандарының бірімін. «Отбасы – ошақ қасы» айдарымен беріліп тұратын сан қилы тағдырлармен таныс болып, өз өмірім жайлы сыр шерткім келді.
Менің жасым қазір 53-те. Алматыға мектеп бітірген жылы келдім. Жоғары оқу орнына түсе алмадым. Сөйтіп, қаладағы белгілі бір зауытқа жұмысқа тұрдым. Нақты атауын жазбай-ақ қояйын, кім біледі, таныстарым оқып қалса, ұят болар. Бір қызметтегі ағам көмектесіп, көп ұзамай жатаханадан орын алдым. Менің өмірімді күрт өзгерткен - осы жатахана.
Жаспыз, жігіт көп, қалай ғашық болмайсың..? Мен Қазбек есімді жігітті ұнатып қалдым. Жалпы, жатаханада бұрыннан тұрып жатқан қыздардан ол жайлы тек жақсы пікірлер ғана естуші едім. Ол да мені ұнатты, сөз айтты. Сөйтіп екеуміз жылға жуық кездесіп жүрдік. Күндердің күнінде мен осалдық танытып, онымен жақын қарым-қатынасқа түстім. Болары болғанда, бармағымды тістеп қалдым. Қалай қатты қателескенімді кеш ұқтым. Жыладым. Қазбек жұбатып, құшағына қысып тұрып, «жылама, мен сені еш уақытта тастап кетпеймін. Бұған кінәлі мен. Сен қанша уақыт өзіңді берік ұстап жүрдің. Менің алдымда таза екеніңді білемін» дегенде, оны одан бетер жақсы көріп кеттім. Ол тіпті үйлену жайында да әңгіме қозғады. Соған иланып қалған ақымақ басым бір мереке күндері ауылға барғанда анама сыбырлап, «осы жақында тұрмысқа шағымын» деп салдым. Анам байғұс мәз. Ол да ақырын сыбырлап, «мен дайындала берейін» деді.
Сонымен не керек, демалыс бітіп, Алматыға келдім. Қазбегім бұрынғыдай емес, салқын. Қашқақтайды. Кейін байқадым, жатаханаға жаңадан келген Сәлима есімді бір қызға қырындап жүрген сияқты. Ол қыз да кет әрі емес. Қысқасы, Қазбек мені тастап кетті. Ал менің аяғым ауыр екен. Мен үшін тозақ күндер басталды. Жүкті екендігімді айтсам, Қазбек тіпті өзіме дауыс көтеріп, кеудемнен итеріп жіберді. Оның аузынан «мен сені күнде аңдып жүр ғой дейсің бе? Менен екіқабат екеніңді қалай дәлелдейсің?» дегенді естігенде өз-өзіме сенбей, дал болдым да қалдым. Бұлай боларын кім ойлаған...? Бір жыл бойы кездесіп жүрген жігіттің бір сәтте осылай өзгеріп сала бергеніне таң қалдым, таң қалдым да одан түңіліп кеттім. Қандай жиіркенішті!? От басқаным үшін өз өзімді жерден алып, жерге салдым. Енді қайттім? Қыздар Сәлимаға «сен одан бас тарт. Гүләйімге обал болады. Соған үйленсін» деп ақыл айтқан екен, «онда ешкімнің щаруасы болмасын! Оны Қазбек өзі шешеді» деп, міз бақпапты. Осылай сорлап қалдым. Мен Қазбек ойланар, ақылы кірер деп жүргенімде біраз уақыт өтіп, абортқа кешігіп қалдым. Дәрігерлер жасанды түсік жасауға үзілді-кесілді қарсы болды. Жұмыста ауыр-ауыр темірлерді көтеріп, бала түсіп қала ма деп едім, жарықтық өмірге келу керек болған екен, түспей қойды. Тіпті неше түрлі дәрі-дәрмек те іштім, бәрі нәтижесіз. Жағдайымды естіп, ауылдан әкем мен жездем келді. Олар Қазбекпен жатаханадағы теледидар тұрған демалу бөлмесінде кездесті. Сөйтсем, аппақ шашты әкеммен өте дөрекі сөйлесіпті. «Қыздарыңды тәрбиелеп алыңдар» десе керек. Мен әкеме көрінбейін деп жатаханадан қашып кеткен едім. Әкемнің қалай жер болып кеткенін қыздардан естідім. Соны естіп, шынымды айтсам Қазбекті емес, өзімді жек көріп кеттім. Осыншалықты ақымақ болар ма едім?
Менің ішім шығып, білініп қалған айлары Қазбек пен Сәлима үйленіп, жатаханадан кеттіп қалды. Олардың тойлары болып жатқанда, мен қан жылап жаттым. Қалай қатты қорланғанымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Кейін естіп жатырмын, Сәлима Нарынқол жақтағы дәулеті асып-тасыған жылқышының қызы екен. Бәсе, үнемі импорт киіп жүретін.
Көп жылдарға дейін бәріміз бірдей сол зауытта жұмыс істеп жүрдік. Ол зауыттан ешкімнің кеткісі жоқ. Өйткені кезекпен үй беретін.
Мен ұл тудым. Сәлима бірінен кейін бірі екі қыз туды. Олар пәтер алған жылы, мен де үйлі болдым. Ол жылдары мәселен бір зауыттың жұмысшыларына баспана бір үйден берілетін, яғни оларға да, маған да бір жерден бұйырды, тек подъездері бөлек.
Кейде көршілерден естіп қаламын, Қазбек ұлын мойындамапты. Бірақ мен өзім білемін, Алла-Тағала куә ол - Қазбектің ұлы. Мен оны ешкімге дәлелдеп жатпадым. Маған оның еш керегі жоқ.
Ұлым сондай ақылды болып өсті. Оқуда үлгілі оқушы атанды. Өте алғыр. Баламды жанымнан артық жақсы көремін. Кезінде одан арылғым келгені есіме түссе, шошып кетемін. Оны өмірге әкелгенім қандай жақсы болды! Менің бар байлағым – ұлым.
Кейін зауыт жабылып қалды. Елде аумалы-төкпелі кезең басталды. Жекешелендіру саясаты жүріп, зауыт берген үйлерді барлығымыз атымызға аударып алдық. Айтпақшы, мен бір досыммен жалған некеге тұрып, екі бөлмелі пәтер алған едім, бір күнде Алматының қақ ортасында үй-жайы бар әйел болып шыға келдім.
Зауыттағылар бір-бірін жақсы таниды. Кейбіреулерімен әлі күнге дейін араласып тұрамын. Естуімше, Сәлима мен Қазбек жақсы тұрмайды екен. Сәлима шайпау әйел деседі. Бірде Сәлима бір қымбат жүзік сатып алғысы келген екен, Қазбек қатты ашуланыпты. Сөйтсе әйелі қолында тұрған 500 долларды жанып тұрған газға тастай салыпты. «Менен қызғанғаның осы ақша болса, мә саған!» депті. Әйтеуір осы сынды бір әңгімелерді естіп қаламын кейде.
Мен үйленбедім. Өмірлік серік болатын жақсы жігіт кездеспеді. Күйеусіз бала туып алған әйел кімге керек?! Кейде біреулермен кездесіп жүрдім. Кейін ұлым ер жеткенде еркек атаулыны мүлде қойдым.
Қазбектер үйлерін сатып, басқа жаққа көшіп кетті. Сәлима екеумізге ортақ бір таныс әйелге:
-Мен Гүләйімнің ұлын жақыннан көрдім. Аумаған Қазбек екен. Ол мойындамаса да, баланың Қазбектікі екендігін мен мойындадым. Маған ұл туып бер деп еді, арманын орындай алмадым. Үшіншіміз де қыз болып қала ма деп, тумадым, - депті. Оны маған құрбым айтып берді.
Ұлым қазір 31-де. Оның еш таршылық көрмей өсуіне қолымнан келгенімді аянбадым. Көп жұмыс істедім. Күн-түн демедім. Бар жиған-тергенімді ұлыма жұмсадым. Өзім ешкімге білдірмей, ескі киімдерді өлшеп сататын жерден киіндім. Баламды жоғары оқу орнында оқыттым. Ішпей-жемей, ақша жинап, диплом алған жылы ескілеу болса да, көлік сатып алып бердім. «Ұлым еш уақытта әкем қайда, мені неге күйеусіз тудың» деген сияқты, кінәмді бетіме басатындай әңгіме айтқан емес. Екеуміз бір-бірімізге үнемі қолдау көрсетіп, сырлас болып жүрдік, әлі де солай. Біреуден артық, біреуден кем үйлену тойын жасап бердім. Ұлым бар үмітімді ақтады. Қазір бір банкте бөлім бастығы. Кезінде репетитордан ақша аямай, ағылшынша оқытып едім, соның көп көмегі тиді. Қазір қазақша да, орысша да, ағылшынша да ағып тұр.
Банк өз қызметкерлеріне өте аз пайызбен несие береді екен, ұлым біраз ақша алып, қаланың сырт жағынан екі қабатты үлкен үй салып алдық. Ал екі бөлмелі пәтерімізді жалға беріп қойдық. Маған «Тойота Королла» көлігін сатып алып берді. Келінім де, ұлым да жұмыста. Маған жүктелген бар міндет - немеремді балабақша алып барып, кешке алып қайтамын. Немереміз екеуміз көлікке отырып алып, қыдырып жүреміз. Балапаным сондай тәтті. Келінім де жақсы, тәрбиелі. Қысқасы, мен бақыттымын! Тәубе, шүкір! Құдай тіл, көзден сақтасын! Жатсам да, тұрсам да, бала-шағама денсаулық тілеймін.
Құрметті оқырман, осының барлығы сіздерге біреудің қиялынан шыққан кино сияқты көрінетін шығар, бірақ бұл аңыз емес, ақиқат. Кейде өмірімді «Москва слезам не верит» фильміне ұқсатамын. Тек онда кейіпкер фабрика директоры болып өседі. Ал мен ұлыммен мақтанамын!
Хатымның соңында мына бір оқиғаны айтып берсем деймін, біреуге өтірік, біреуге шын: үй салып жатқан кезіміз болатын. Балам қағазға бір заттарды жазып беріп, «Сауран» базарына жіберді. Ол осыдан үш жыдай бұрын. Базар маңы кептеліс. Күн ыстық. Тереземді бекітіп алып, желдеткішті қосып қойдым. Көліктер баяу жылжиды. Бір кезде оң жағымдағы көліктен біреудің тесірейіп қарап отырғанын сездім. Жаймен бұрылып қарасам, ескі «Мазда» көлігі екен. Жан-жағы әбден ұрылған. Кімнің болса да назары бірінші кезекте соған ауар еді. Содан кейін барып көлігінің терезесінен маған үңіліп қарап отырған адамға көз тастадым. Қазбек екен. Қатты қартайып кетіпті. Шашын ақ басқан. Сақал-мұрты өсіп кетіпті. Қарағанда да, жай қарамайды, құдды бір есі аздап дұрыс емес адам сияқты. Шүңірейген көздерімен «ішіп-жеп» барады. Шынымды айтсам шошып кеттім. Сол жағымда тұрған жүргізушіге ымдап өтініп, солай қарай шықтым да, басқа көшеге түсіп кеттім. «Менің көлігім жақсы, оныкі ескі» немесе «мен байып кеттім, оның жағдайының түрі анау» деген сияқты жат әңгіме айтқалы отырғаным жоқ. Ондайдан аулақпын. Тек басымнан өткен оқиғаны баяндап шықтым. Өткен өміріме қарасам, тура кино іспетті. Бірақ сол кинолар өмірден алынады екен ғой...
Гүләйім, Алматы қаласынан
Құрметті оқырман, егер Сіз де өз басыңыздан өткен тағдырды көпшілік талқысына салып, оқырманмен ой бөліскіңіз келсе мына электронды почтаға материалыңызды жолдай аласыз: info@alashainasy.kz
Редакция телефондары: 8/727/388-80-60; 8/717/2 54 27 30