Ес біліп, енді жүре бастағанда туған анам қатты сырқаттанып, ақыры айыға алмай өмірден озыпты. Әжем қолына алғаннан кейін әкем ұзақ уақыт салт басты болып жүрді. Мектепке баратын жылы әжемнен де айрылдым.
Атадан жалғыз өскен әкем екеуіміз ғана сұрқай өмірді бастан кешкеніміз есімде. Әкеме де оңайға соқпады. Мен болсам әжемді іздеп жылайтынмын. Әсіреке кешке әжемсіз ұйықтау маған оңай болған жоқ. Солай жүргенде әкем мені мектепке апарды. Қанша жетімсіретпеуге тырысқанымен біздің үйде әйел адамның қажеттілігі сезілетін. Таңертең ас қамдау, киімдерімді реттеу қазан-ошаққа араласып көрмеген әкем үшін жеңіл болмады.
Анамның қандай болғаны нақты есімді жоқ. Бірақ әжемнің ыстық құшағын қатты аңсайтынмын. Сабақтан сыныптастарымды аналары алып қайтып жатқанда менің көзім жәудіреп, оларға қызғанышпен қарап тұратынмын. Жамағайын туыстарымыз әкеме үйлену керектігін айтатын. Мен кішкентай болғаныммен ол әңгіменің дұрыс екенін де іштей түйсінуші едім.
Алайда әкем үйлене қоймайды. Оның жұмысы мен менің оқуыма үлгеру оңайға түспеген соң ойлана келе мені қаладағы интернаттардың біріне берді. Интернатта кілең ауылдың балалары оқитын. Әкем сенбі күні сабақтан соң алып кетіп, дүйсенбі таңертең оқуыма әкем қалдырып кетіп жүрді. Ана мейірімінсіз көрмей жүрген маған бұл жақсы болды дей алмаймын. Күнұзақ терезеден сыртқа қарап отыратынын, кешкілік жастыққа бетімді басып жылайтын күндерім әлі күнге көз алдымда. Басқа салған соң көндіктім.
Интернатта балалармен араласып, бірауық сағынышты да ұмытып, ортаға бейімделе бастадым. Тек тәрбиешілердің қаталдығы ғана көңілге қаяу түсеретін. Балалармен бірге ойнау, сабақ оқу қызыққа толы еді. Таңертең тұрып төсек жинау, жаттығу жасау, жуынып, асханаға қаздай тізіліп бару қалыпты құбылысқа айналды.
Бірде сенбі күні әкем мені алып кетуге келмей қалды. Бірінші сыныптың оқушыларын көбіне сенбі күні туыстары алып кететін. Көңілсіз бөлмеде отырғанымда тәрбиеші мені интернат меңгеруші отырған бөлмеге шақырды. Барсам мені алып кетуге бейтаныс тәтей келіпті. Аққұба өңді, ұзын бойлы, әдеміше келген апай екен. Күлімдеп қараған жүзінен мейірім байқалады. Ұғуымша, әкем жұмыс бабымен басқа қалаға іссапарға кеткен. Мені алып кетуді осы апайға тапсырған. Ал бұл тәтей кім десем әкеммен бірге жұмыс істейтін кісі болып шықты. Киіндіріп интернаттан алып шыққан бойы дүкендердің біріне еніп кеттік. Әңгімешіл, елжіреп сөйлегенде бойыма бір жылылық тарағандай болды. «Ақылды бала» деп еркелетіп маңдайымнан сипағанда қорс еткізіп танауымды бір тартып қойғаным есімде. Дүкеннен тәтті-пәтті, тағы да керек-жарақ алған соң қаладағы мөлтекаудандардың біріндегі біздің үйге тарттық.
Шешем өмірден озғанда қалай болғанын білмейім, әжем қайтқалы біздің үйде әйел адамның жоғы сырт көзге қатты байқалатын. Үйге келгенде күтпеген өзгеріске тап болып, таңырқағандай болдым. Бөлме мұндаздай, ас үйге береке кіргендей. Сырты кірлеген шәйнек жылтыраған күйге енген. Үй жиналып, барлық мүлік рет-ретімен орны ауыстылып жайғасқан. Мені интернаттан алып кеткен тәтемнің аты – Күләш екен. Әңгімешіл тәтем менің сабағымды, тәртібімді сұрап жүріп тамақ берді. Өзі пісірген бәліш пен шайдан ұсынды. Көңілім көтеріңкі болғанымен үйде әкемнің жоқтығы және бізге туыстығы жоқ тәтейдің неліктен біздің үйде ұзақ уақыт жүргенін түсіне алмай отырдым. Бірақ оның үйде қала бергенін сол сәтте қалап тұрғанымды жасырмаймын. Аптаның демалыс күндерінде әлгі тәтей біздің үйде болды. Әкем сол күйі келмеді. Шамасы әкем менің қасымда болсын деп тапсырғанын түсіндім. Кешкілік теледидар көріп отырғанда менің киімімді жуып, артынша мені жуындырды. Орамалға орап көтерген күйі өзі сүртіндірді. Шашымды тарап, өсіп кеткен тырнағымды алды. Сол күні мен өмірімде бірінші рет бейтаныс тәтейдің құшағында ұйықтадым. Білмегендіктен емес, ана құшағын, мейірімін аңсағандықтан болуы керек. Демалыс бітіп, дүйсенбі күні ертерек мені интернатқа да қайтып Күләш тәтем апарып тастады.
Келесі жолы әкем оқудан алып кетуге келгенде оған құстай ұшып жетіп келдім. Мойнына асылып, сағынғанымды айтып жатырмын. Неге екені белгісіз, «Күләш тәте қайда?» деппін. Әкем үнсіз жымиған. Әкем екеуіміз үйге келсек асүйден Күләш тәтем шыға келді. Құшағына қойып кеткенім есімде. Мұндай қуанбаспын. Құдды анам секілді еді сол бір сәтте. Жеті жастағы мен оның әкемнің екінші әйелі болғанын білген жоқпын. Әкем мені қасына алып жатты. Бірақ түн ортасында мені тастап Күләш тәтенің қасына кетіп бара жатқанын көзім көрді...
Кейіннен әкем өзінің Күләш тәтеге үйленгісі келетінін, менің оны қалайтынымды сұраған. Көзімнен жас ыршып кеткен сонда. Үндемедім. Бұл келіскенім еді. Қуаныш сыйлағаны мен өзім оқыған мектепте оқығаныммен, бірақ бұрынғыдай интернаттан емес үйден қатынайтын болдым. Күнде мені мектепке апары өгей шешем атанған Күләштің мойнына жүктелді. Киімімді дайындап, тамағымды бері де оның міндеті. «Мама» деп айтуға тілім бармады. Бірақ «тәтей» дейтін болдым. Мұным оған да ұнаған болар. Арада уақыт өтті. Туысы аз біздің үйге сырттан келетін қонақтардың дені тәтемнің жақындары еді. Бірінші сыныпты бітірген жылы мен өгей шешемнің ауылына барып демалып келдім. Жаз бойы болғаным бар. Бұл жағдай мені тәтеме бұрынғыдан да жақындата түсті. Екінші сыныптың ортасында Күләш тәтем шекесі торсықтай Берік атты ұлды туды. Төртінші сыныпты бітіретін жылы жүкті болып Айша есімді қызды өмірге әкелді. Ел-жұрт өсек қылатындай тәтем мені өз баласынан бөлек көрген жоқ.
Берік пен Айшаны баққандықтан олар бауыр басып өсті. Туғандай бірге тәрбиелендік. Күләштік ұқыптылығы болар, менің оқу үлгерімім нашарлаған емес. Мектеп бітірген соң Алматыдағы политехникалық оқуға түстім. Оқу бітірген соң аспирантурада қалдым. Сол сәттері менің амандағымды біліп, үнемі тамақ жіберіп тұру Күләш тәтемнің мүлтіксіз атқарған бір жұмысы болды. Әкемнің ара-тұра сөйлескені болмаса, бар шаруаны тәтеме арта салған. Бірақ ол да қателеспеген екен. Оқуым біткен соң Талдықорғанға жұмысқа жіберді. Үйлендім. Сондай жауапты сәттерде өгей шешем балалық шағымдағыдай мейірімімен құдалар жағымен де бар шаруаны өзі шешті.
Үйлі-баранды болғаннан кейін Көкшеге барған сайын жарым Айман екеуімізді құшақ жая қарсы алып, бәйек болушы еді. Құдды туған анамдай күтетін. Кейін отыздан асқан шағымда әкем кенеттен дүние салды. Інім Берік Мәскеуде оқығандықтан анама тәтеме қарайласатын ешкім болмады. Ол кезде қарындасым Айша да тұрмысқа шыққан. Ақылдаса келе, Күләш тәтемді қолыма көшіріп алдым. Тоқсаныншы жылдардың соңында өмірден озды. Жеті жасымнан мені бауырына басқан ол туған анамдай болғаны үшін оған мәңгі қарыздармын. Тегінде өгей шешенің қолында өскен балалар тасбауыр болады деуші еді. Менде керісінше. Ананың шынайы мейірімін сол кісіден көрдім. Өле-өлгенше тұңғышым мақсатты бауырына басып өсірді. Содан болар, Мақсатым әжемнің баласымын деп өсті.
Кейде балалық шағым есіме түскенде Көкшетаудағы мектеп-интернат, біздің үйдің ауласы, үнемі жылы қабақпен күтіп алатын өгей шешем түседі. Әкем көбіне іссапар, жұмыс бабымен түзде көп жүретіндіктен үйдегі кездері есімде жоқ.
Автор: Берік Мұратбектегі, Алматы қаласы