Менің туған әке-шешем қайда?...
Мен "Алаш айнасы" интернет-порталының тұрақты оқырмандарының бірімін. Өз жағдайымды нақтырақ айтсам, күдігімді оқырманмен бөлісіп, кеңес алғым келеді.
Жасым жиырма бесте. Қазір бір әулеттің сүйікті келінімін, осындай берекелі отбасына келін етіп түсірген Аллаға ризашылығым мол. Бағыма орай жолдасым да өте ақылды, өзімді сүйе де, сыйлай да білетін азамат. Қазір екі баланың анасымын. Жұмыс істемеймін, бала тәрбиесімен үйде отырмын.
Айтайын дегенім, осы уақытқа дейін көкейімде мені мазалап келе жатқан бір сұрақ бар. Өмірі ашылып ешкімнен сұрап та көрмеппін. Талай рет сұрауға оқталдым бірақ, батпадым. Тіпті, қасымдағы жолдасыма да айтқан емеспін.
Ата-анам Қарағанды облысының Шет ауданында тұрады. Өзім Балқаш қаласына тұрмысқа шықтым. Үйде жалғыз қыз болдым. Менен кейін екі інім бар, біреуі - сегіз, екіншісі - тоғыз жас кіші. Інілерім туғанға дейін маған үйдегілер қатты сөз айтып өкпелетіп көрмеген еді. Үйде ол кезде әжем бар еді. Мектепке әжем апарып, мектептен әжем алып қайтатын. Мектептегі іс-шараларға, сынып жиналысына да әжем келетін. Екі ұл дүниеге келген соң ата -анамның маған деген көзқарасы мүлдем өзгергенін бала да болсам байқайтын едім. Оқу-құрал, киімді әперетін, әттең ата-аналық мейірім жетпейтін еді.
Әлі есімде. Бір күні сабақтан соң құрбыммен еріп үйіне барған едім. Құрбым үйіне кіре анасына "бес алдым" деп айтып еді, анасы келіп мейірлене құшақтап, маңдайынан иіскеп аналық жылу сөздерін аямады. Бала емеспін бе қызығып кеттім, үйге келіп мен де өзімше "анама бес алдым" деп еркелемек болып едім, анам "алып жүрген бесің емес пе, оны неменеге жар салып тұрсың" демесі бар ма, сілейіп тұрдым да қалдым. Құрбымның анасы сияқты мейірлене иіскеп, еркелетеді деген анам жүре сөйлеп шығып кетті.
Үйімізде жағдайымыз жақсы болды. Екі інім үйдің еркесі болды, екі ұлдың бірдемесі дұрыс болмаса үнемі кінәлі мен едім. Бірақ, кәрі әжем өзінше еркелетіп, мейірімін төгуге тырысты. Кей уақыттары балалық көңілмен ата-анама өкпелеп, үйден кетіп қалғым да келетін. Осылайша, мен мектеп бітірдім. Әжем қайтыс болды. Мектепті бітіру кешіне шынын айтсам ата-анам келмеді, көрші ауылдағы достарының туған күніне кетті. Мен мектепті қызыл аттестатқа бітірдім. Өз күшіммен грантқа оқуға түстім. Каникулға да барып тұрдым. Елдің аналары сияқты анам күні-түні хабарласқан емес. Өзім шәкіртақымды жинап оқуымды аяқтадым. Каникулға барғанда суық қарсы алып, кетер кезде азын-аулақ қаржымды ұстататын еді. Бірақ, інілерім де туған әпкеміз деп маған жақындаған емес. Үнемі олар мені "жауларын" көргендей қабылдайтын. Олқы қылықтарына ренжіп ата-анама айтсам, өзіме ұрысатын еді.
Шынын айтсам, түрім де ата-анама ұқсамайтын сияқты. Олар қара торы, ал мен сап-сары қызбын десем де болады. Анамды табиғатынан суық жан дейін десем, екі інімді еркелеткенде "төбесіне шығаратын" еді. Әжем бар кезде, ата-анам інілерімді алып Қарағанды, Алматы қалаларына қыдыруға кеткенде мені үнемі "кейін барасың" деп қалдырып кететін еді.
Ел көзінше зекіп немесе қара жұмысқа салған емес. Бірақ, ата-анамның маған деген бір салқындығын сезетін едім, сондықтанда болар ата-анама еркелеуге де батпадым.
Университетті де қызылға бітірдім. Диплом алу кешіне келуге ата-анам ыңғай танытпады, қасымдағы құрбы қыздардың біреуінің ағасы, біреуінің анасы кеп мәре-сәре болып жатқанда қасымнан табылған бір адам - болашақ жарым еді. Мен еш ойланбастан, жігітімнің ұсынысын қабыл алдым.
Ата-анам құда түсіп барғанда жағдайлары бар болса да ұзату той жасай алмайтындарын айтыпты. Іштей жыласам да білдірмедім. Баласының бір қызығына ортақтасып, той жасап бермегеніне таңым бар. Жасау да берген жоқ. Бірақ, қайын жұртым түсінгі мол адамдар, ешкім ешқашан бетіме басқан емес.
Қазір өзім анамын. Туған балаларыма аналық мейірім шуағын аямай төгуге тырысамын. Бірақ, елдің қыздары сияқты төркініме қыдырып барған емеспін. Бір алыс туысқан қайтыс болып, сол кезде бір рет әкемді көрдім. Енем мен күйеуімнен де ұяламын. Кейде күйеуім "төркініңді сағындың ба, қайынжұртқа бармаймыз ба?" дегенде әр нәрсені сылтауратып, алдаусыратқан боламын. Тіпті, екі баланың шілдеханасына да келмеді. Немерелерін сұраған да емес. Анда-санда ата-анама хабарласқан боламын, бірақ мені сағынып тұрған ата-ана ыңғайын байқамадым. Кейде "менің туған ата-анам қайда?" деп ата-анамнан ашық сұрағым келеді. Қалай ойлайсыздар, ескі жараның аузын тырнағаным дұрыс па, әлде жабулы қазан жабулы күйінде қалғаны дұрыс па? Менің шындықты білуге құқым бар ма? Мен өзімді бағып-қаққан ата-анама өмір бойы қарыздармын, ол кісілерді жақсы көремін, кейде мен күдігімнің өтірік болуын да армандаймын. Бірақ, қалай десем де ата-анам мені өздерінен алыстата береді? Неге? Не үшін?
Айнұр,
Балқаш