Мен неге әкемді жек көрдім?

Мен неге әкемді жек көрдім?

«Осы бала біртүрлі» деп, көшеде баласын тілдеп жатқандарды естігенде ішім зу ете түседі. Өйткені менің өзім кішкене кезімде біртүрлі болғам. Менің біртүрлілігім де психология мамандығын таңдауға ықпал етті. Қазір ержеттім, есейдім, оқыдым-тоқыдым, енді ондай емеспін. «Алаш айнасы» басылымындағы оқырмандар хатына арналған айдарды оқып, өз хикаяммен бөліссем деген ой туды. Ондағы мақсатым – қылған қылығына түсініктеме беру қиын боп жататын мінезі алабөтен баланың ішкі әлемі қандай болатынын, бұл арада баламен емес, оның ата-анасымен жұмыс істеу керектігін көпке жеткізу...»

«Ауылда тұрамыз. Екінші-үшінші сыныпта оқитын кезім. Әкем мал дәрігері болғандықтан, үйде көп бола бермейтін. Бірде мектептен қайтып келе жатып, анадайдан есік алдында әкемнің жұмыс мәшинесі тұрғанын көріп, үйге қарай құйғыта жөнелдім. Бойда сағыныш, ойда базарлық бар дегендей. Тасыр-тұсыр үйге кірдім де әкемді іздей бастадым. Түпкі жатын бөлмеде дауыстар шыққандай болды. Алып ұрып сонда кірдім. Масқара! Әкем мен бір бейтаныс әйел... Состиып тұрып қалдым. Әкем де сасар емес, «бар ары ұятсыз» деп маған жеки сөйледі. Кері бұрылдым да тұра қаштым. Иә, сол оқиғадан бастап менде қашу деген қылық пайда болды. Сол күні ауыл сыртындағы бір тамның артында жиналған қи-тезек жанында солқылдап әбден жылап, ұзақ отырдым, үйге қайтқым келмеді. Қас қарайды. Қарным ашты. Оңбаған әкеме «қор» болған анамды ойладым. Содан үйге қайтып келдім. Шешем аямады, ток шәугімнің шнұрымен үйді айналдыра қуып, бір сабап алды. Қайда жүрсің, сені іздемеген жеріміз жоқ... Айтып жатыр, айтып жатыр... Мен құлағымды басып ап, өкіріп жылап жатырм. Ашуланған долы шешем «дыбысыңды шығарма» деп арасында қолындағысын сілтеп қояды. Бірақ алдыңғысындағыдай қатты емес. Әкем жатып, ұйықтап қапты. Әрине, ол болған істі ешкімге айтпаған. Маған оның шешеме опасыздығы емес, баласына немқұрайлылығы қатты өтіп кетті. Осы күннен бастап мен әкемді жек көріп кеттім. Нағыз жек көрумен мен осылайша «таныстым». Өстіп менің өмірде қатары көбейген жек көрінішті адамдарымның, заттарымның түп-тамыры осыдан басталды.
Ендігіде әкеме жоламайтын болдым. Ол жақындап, құшақтап, еркелеткісі келсе, кеудесінен итеріп жіберем. Ел алдында мұндайда қатты қорланып кететін болуы керек, ол «осы балам біртүрлі» деп қызырақтап, ақталып жатады. Үйде болғанда ұнжырғам түсіп, қас қарайғанша далада жүріп алатынмын. Бұлардың барлығының себебін ол іштей сезетін болуы керек. Содан әкем маған базарлық әкелуді жиілетті. «Мені кешірсін» деп жүр ғой деп іштей жібігендей болдым. Бірақ онымды байқатпадым. Бір күні ешкім жоқта әкем «анада болған оқиғаны шешеңе айтсаң, көзіңе көк шыбын үймелетем» деп желкемнен түйіп, қоқан-лоқы көрсетті. Содан аяқ астымдағы дүние бір сәтке төңкеріліп кетті. Осылайша саф таза ішкі әлеміме әкем екінші мәрте жуынды құйып жіберді. Жиіркеніп кеттім. Зығырданым қайнады. Тұра жүгірдім. Содан шешемнің конторына бір-ақ бардым. Болған жайды үтір-нүктесіз бәрін баяндап бердім. Іштей бізді адам құрлы көрмейтін әкенің бес тиынға керегі жоқ деп түйдім. Сөйтіп әке-шешем ажырасып жатса, оған мен қиналмаймын деп өзімді іштей дайындадым. Бірақ оның бәрі бекер боп шықты. Үйге келсем шешем бәз-баяғыша әкемді күтіп, бәйек боп, құрақ ұшып жүр. Маған бар айтқаны «Ол сенің әкең ғой, бір жолға оны кешірейік» деген сөз болды. Біржағынан, үлкендер әңгімесіне әлі мені дайын емес деген болар. Қорланып кеттім. Бұл жолы өмірін жалғандықпен құрған әке-шешемнен бірдей жиіркендім.
Мен жататын бөлменің ағаш терезесі есік құсап айқара ашылатын. Жазда оны сермеп тастап, түнгі самалмен ұйқыға берілетінмін. Осындай бір күні терезе түбінен сыбыр-гүбір дауыстар естілді. Мен терезеден сыртқа секіріп түсіп, үлкен адам белуарынан келетін дуалдың бойымен басымды төменшіктетіп, мысық табандап әлгілер тұрған жерге жақындадым. Тойдан қайтқан көрші әйелді құрбысы шығарып тұрған секілді. Әңгімелерінің өзегі төсек жайлы екен. Денем тітіркеніп кетті. Жерде жатқан кесекті алдым да дуалдан басымды бір қылтитып әлгілер жаққа жіберіп қалдым. «Ойбай» деген әйелдің жан даусы шықты. Мен болсам, дуалға жабысқан күйі демімді шығармай, қатып қалғам. Айналасынан ешкімді таппай, зәре-құты қалмаған екі әйел тез тарқасты. Мен де ақырын ешкімге білдірмей терезеден ішке еніп, жатып қалдым. Ұятсыздардың жанын шығарғаныма іштей рахаттанып, тәтті ұйқыға кеттім. Осыдан бастап «нахальный» немесе әдемі келіншектерді көрсем, оларға тиіскім кеп тұратын менде әдет пайда болды.
Класта әдемі әрі жақсы оқитын бір қыз бар-тын. Оған мектептегі біздің қатардағы ұл балалардың барлығы ғашық еді. Қыста, әсіресе әлгі қызды тырқырата қуған ұлдар оны қуып жеткенде ұмар-жұмар боп үстіне үйіліп қалатын. Ондағы ойлары - бетінен бір сүю. 9-шы класта бір күні сол қыздың бетіне қарап отырып, мұның да ертең толысып әдемі келіншек болатынын, сонда ол әкем секілді еркек кіндіктілердің ойын бұзатынын ойладым да жек көріп кеттім. Дене шынықтыру сабағында мұғалімнен 5 минутқа сұранып шығып, оның фартугын дәретхананың тесігіне апарып тастап келдім. Ертеңінде сұмдық болдық. Бүкіл ер бала класс жетекшінің сұрауына алынды, әрқайсысының ата-анасымен жеке сөз болды. Тіпті, бір баланың отбасы осы уақиға үшін ауылдан көшіп кетті. Бірақ нақты кінәлі табылмады. Бұл әңгіменің суып бара жатқан шағында, оқиғаның болғанына бір айдан астам уақытта класс жетекшіге әлгі фартукті құртқан мен екенімді айттым. Мұны естіген класс жетекшім де, бәрі де таң қалды. Неге деп оның мәнісін менен ешкім сұрамады. Өйткені айыбын мойындаған әбестік емес деді ме, әлде маған жандары ашыды ма, ол жағын білмеймін. Ал мен өзімді кінәлі сезінген жоқпын, керісінше, әділдік орната алатынымды (сол кезде солай ойлағаным есімде) барлығы білсін дедім. Ал барша жұрт «мынау шынымен де біртүрлі екен» десті. Осы оқиғадан соң кластастарым менен бойын аулақ ала бастады. Өстіп-өстіп шететтетіліп мен тәртібі қиын балалармен дос бола бастадым. Барлығы да бұзықтық жасайды, мақсаттары – бір, менікі секілді, өш алу, әділдік орнату. Бар айырмашылығым мен қызбын, ал олар ұлдар еді.
Бір күні олар менен ауылдың шеткері жағында тұратын ақылы кемістеу бір қызды кеште сыртқа шақырып беруімді сұрады. Мен әлгілердің айтқанын істедім. Олар менің көз алдымда әлгі қызды зорлады. Төрт бала: екеуі 10, қалған екеуі 9-класта оқиды. Сот болды. Мен қызды шақырып алғанымды, содан бірден үйге қайтқанымды, ол кері үйіне кіргенін, ешқандай балаларды көрмегенімді айттым. Қыздың шешесі «осы қызды біртүрлі дейді, мынаны дұрыстап тергеңдер» деп маған қарай ұмтыла берді. Алайда мені қатты қинаған ешкім болмады. Өйткені қыз баламын ғой. Зорлыққа менің не қатысым бар?..
Кейіннен әлгілерден неге бұлай еттіңдер деп сұрадым. «Оның шешесі аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығатын салдақы», деді бірі. Тағы біреуі оның шешесін тапа-тал түсте көше жақта жалаңаш к..н көрсетіп, дәрет сындырып отырғанын көріпті. Сөйтіп оның жазасын осылайша беру керек деп шешіпті. «Балада ешқандай кінә жоқ, мықты болсаңдар салдақы қатынның өзінен өш алуларың керек еді» деп оларға қарсы шықтым. Оным, әрине, оларға ұнамады. Түсінгенім – қыз зорлайтын балалардың анасы не әкесі жүргіш боп келеді әрі бұл көрініске олар кішкене кезінде куә болған...
Шынымды айтсам, мені екі нәрсе сақтап қалды. Біріншісі – затым қыз болуы, екіншісі – сабақты жақсы оқуым. Көбіне мен өшімді кітаптан алатынмын. Айналамдағылар біртүрлі деп шеттеткен сайын оның себебін кітаптардан іздейтінмін. Жауабын біртіндеп тауып отырдым. Маған көмектескен психологияның атасы Фрейд те, басқасы да емес, діліме, өзіме жақын ұлы Абай мен Шәкәрім бабаларымның сөзі еді. Данагөйлер пәлсапасына тереңдей түскен сайын бір ұялдым, бір қызардым, өкіндім... Ал оған дейін менікі дұрыс деп ойлағам.
Сөз соңында әкем туралы айта кетейін. Институт бітіріп, ауылға бардым. Қақпаны ашсам, есік алдында әкем отыр екен. Шашына ақ көптеп түскен, желкілдеген шағы кеткен, орнынан бір қозғалып, қайтадан дұрыстап отырды. Амандығымды білейін деп ұмтылғысы келген болуы керек, бірақ менің біртүрлі мінезімді біледі ғой... Бұл жолы олай етпедім, әкемді өзім қапсыра құшақтай алдым, сәби кезімнен таныс бензин аралас иісі мұрнымды жарды, құшақтағанда әрдайым бойыма қорған сезімін ұялататын қарулы қолдарынан әлі күш кетпепті, жүзіне қарадым, кішкене саусақтарыммен қысып ойнайтын мұрны жанындағы меңі көрінді. Үлкейсем де бұрынғыдай меңіне қолымды создым...
Көзімнен жас парлап ақты. Бұл сағыныш пен өкініштің көз жасы еді. Ақымақпын. Бар әкеден жерініп, 10 жылдан астам уақытты ішкі егеспен текке өткізіппін. Ішкі әлемді тазалаудың құралы – кешірім. Мен әкемді кешірдім, сөйтіп онымен байланысты егескен адамдарды да, барлығын да кешірдім. Негізі, басында әкем менен бірден кешірім сұрағанда бұлай болмас та ма еді деп ойлап қоямын. Бастысы сол кезде менімен сөйлесетін сенімді адам болмады. Ал намыс пен ұятты қоздырушы дүниені сыртқа жайып салуға тағы болмайды. Адасу осыдан басталады. Адасып, өткенімде білместікпен жасаған қателіктерім үшін бүгіндері мен Алла-Тағаладан күн сайын кешірім сұраудамын...»
Адам өмірінде кешірімнің қаншалықты рөл атқаратынын осы хатта өрбіген оқиға желісінен анық аңғаруға болады. Оқырман қауым, Ораза қабыл болсын! Өз кезегімінде «Алаш айнасы» жақынды жабырқатпай, жанымыздағыларға қамқор болуды бір сәтке ұмытпалық дегісі келеді.

Хат иесі Кенжегүл, Зайсан қаласы

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста