Арман мен Арайлым үлгілі отбасылар қатарына жатады. Үйленіп, отбасы атанғандарына біраз жылдар болса да бір-біріне деген ынтызарлығы басылмаған. Бес баланы тəрбиелеп отырған бақытты жанұя.
Бұл екеуінің танысып, отбасы құрулары да ерекше. Арайлымның тарапынан еш махаббатсыз басталды десе де болады.
Арайлым кішкентай кезінен тəкаппар болып өсті. Тек өзіне ғана тиесілі ұстанатын қағидаларымен өмір сүрді. Достары да аса көп болмады. Себебі тек қана сабағына көңіл бөлетін және адамдарға үнемі күдікпен қарайтын, өзімшілдігі тағы бар. Ажарына қарасаң көз тоймайтын сұлуға ғашық болған жігіттер де аз болмады. Бірақ Арайлым ешкімге де көз салмай, бəрінің бетін қайтаратын. Арайлым үшін «жігіт» деген жабулы есіктің ар жағында болатын. Қызық қуып, көңіл көтеру дегенге, жігітпен жүрген қыздарға жақсы қарамайтын. Осы қағидамен жүріп мектепті үздік аттестатпен бітірді. Аттестатын қолға алған соң арманын арқалап қалаға аттанды. Онсыз да сабақты жақсы оқыған Арайлым үшін жоғарғы оқу орнына түсу түк қиын болған жоқ. Оқу орнында да үздіктердің қатарынан көрінді. Құрбысы Маралмен ғана жақсы араласады. Жігіт атаулымен жүрмек түгілі ойлағысы да келмеді. Дегенмен барлық нəрсе уақытымен келеді емес пе?! Махаббат та бір күні Арайлымның жүрегінің есігін қақты. Ол — өзімен бір оқу орнында оқитын Еркебұлан. Іштей қатты ұнатқанымен қыз бала болған соң өз сезімін білдіре алмай, ішінен тынды. Еркебұлан да Арайлымға іштей ғашық болатын. Бір жиында ол Арайлымға өз сезімін білдірді. Онсыз да ұнатып жүргендіктен, бар қағидасын жиып қойып Арайлым дос болуға келісімін берді. Бірақ бұл екеуінің махаббаттары оқу орнын бітіргенге дейін ғана жалғасты. Еркебұлан Арайлымның тік мінезінен тайсалды ма, əйтеуір отбасын құруға ұсыныс жасай қоймады. Сол бойы оқуды бітірген соң Еркебұлан мүлде хабарсыз кетті. Бәлкім шын сүймеген де шығар, кім білген.
Арайлым қалада қалып, мамандығы бойынша жұмысқа тұрды. Курстастарының ішінде сол баяғы Маралмен туған бауырындай болды. Тіпті оның отбасымен де өз туыстарындай араласатын. Марал үйінде туған күн, той-жиындар болғанда Арайлымды міндетті түрде шақыратын. Оны Маралдың отбасындағылар да қатты ұнатып қалды. Маралдан үлкен ағасына сырттай өздерінше айттырып та қойды. Бұл туралы Арайлым бейхабар еді. Бірақ Маралдың үйіне қыдырып барған кездерінде бір-екі рет ағасы Арманды көрген болатын. Сол кезде Арман да Арайлымды ұнатып қалды. Маралдан оның қалта телефонының нөмірін де алып алды. Бір-екі рет Арайлымға қоңырау шалып, кездесуге ұсыныс білдірді. Бірақ Арайлымның құрбысының ағасымен кездесу жоспарында жоқ. Арман да қайтпайтын қайсар мінезіне салып, хабарласуын тоқтатпады. Арайлымда Арманға деген ешқандай сезім болмады. Тіпті ол хабарласа берген сайын жек көріп бара жатқандай көрінді. Бір жағынан құрбысының ағасы болғандықтан Арманға өз ағасындай қарайтын.
Бірақ Арайлым Арманнан қаншалықты қашқақтаса, соншалықты тез бауыр басты. Себебі Арманның Арайлымға деген ерекше қамқорлығы, сүйіспеншілігі, мейірімі мен ыстық ықыласы əсер етпей қоймады. Оның үстіне Арманды өз əкесіне қатты ұқсататын. Барлық қылығы, мінез-құлқы, жүріс-тұрысы көз алдына əкесін елестететін. Қанша жерден тəкаппар болса да Арман Арайлымды осындай ықыласымен өзіне қаратты. Бірақ қанша бауыр бастым дегенімен Арайлым Арманға өліп-өшіп ғашық бола алмады. Тек «Өзің сүйгенді емес, өзіңді сүйгенді сүй» — деген қағиданы басшылыққа алып, Арманның отбасын құрайық деген ұсынысын қабыл алды. Бір жағынан өзі сүймеген адаммен қалай отбасы боламын, өмірімнің түк мəні болмайтын шығар деген қорқынышы да болды. Сонда да тəуекелге бел буып өзін сүйген Арманға тұрмысқа шықты.
Арайлым тұрмыс құрған соң ғана өмірдің барлық мəні де, сəні де отбасылық өмірде екенін ұқты. Бұрынғы қорқынышы сейіліп, Арманға деген сезімі оянды. Нағыз махаббатары енді басталды. Арманның өзіне деген сүйіспеншілігі мен қамқорлығының арқасында Арайлымның оған деген махаббаты арта түсті. Кейде тіпті өзінің əке-шешесінен де артық көріп кеткендей болатын. Осы уақытқа дейін жан баласына ашып айта алмаған сырларын тек Арманмен ғана бөлісе алады. Міне, нағыз махаббат. Осы махаббаттан төрт қыз, бір ұл дүниеге келді. Əлі де сол махаббаттары берік, мықты.
Арайлым арқа сүйер азаматы, өмірінің бір бөлшегіне айналған Арманмен бір жастықта қартаюды нəсіп ет деп Алладан тілейді. Кейде күйеуі жұмыс бабымен іс сапарға кетсе, жүрегі елжіреп сағынып отырады. Арман да сондай алыста болған кездері əлеуметтік желі арқылы Арайлымға деген сағынышы мен махаббатын, ризашылығын білдіріп, өлең жолдарын арнап қоятыны бар.
Бұл махаббат дастанын Арайлымның айтуымен жаздым. Арайлым отбасылық өмірі бірден бір арнаға түсіп, барлығы оп-оңай бола салмағанын айтқан еді. «Отбасы болған соң басында ұрыс-керіс те болмады емес, бəрі де болды. Киімімді жинап төркініме де кетіп қалған кездерім болған. Бірақ соның бəрінен дұрысы мен бұрысын саралап, өзіме өмірлік сабақ та алдым. Екінші рет ондай қателіктер жібермеуге тырыстым. Мүмкін біреу сенер, біреу сенбес, бірақ сол бір-екі рет төркінге кетіп қайта оралғаннан кейін отбасылық өмірге көзқарасымды өзгерттім. Біздің үйде содан кейін ұрыс-керіс болған емес. Бастысы өзіңді сүйген адамның махаббатына сенуің керек екен. Мен сол махаббатқа деген сенімімнің арқасында бақыттымын» — деген еді Арайлым.
П. С. Отбасының негізгі тұтқасы — əйел адам. Егер əйел ақылды болса, Арман мен Арайлымның отбасындай берік отбасылар көбейер еді. Сондай-ақ, тастанды бала мен жалғызбасты ана қасіреті туралы естімес едік. Бір жақты өзімшіл болмай, математикалық тілде айтқанда барлығын параллель ұстасақ, ажырасу статистикасы азаяр еді. Отбасылық өмірде басты қағида — бір-бірімізге деген сенімімізді жоғалтпайық!
Құлбекова Ақтолқын
Мен махаббатқа сенемін
Последние статьи автора