Күйеуімнің көзіне шөп салуға мәжбір болдым...
Құрметті «Алаш айнасы» интернет газетінің ұжымы. Қолыма қалам алып сіздерге хат жолдап отырмын. Өзімнің басымнан өткен оқиғаны айтып, сырымды ақтаруға бел будым.
 
Әйел өте нәзік жан. Менде сол ет пен сүйектен жаралған әйелдің бірімін. Бақытымды қырықтан асқанда таптым. Жиырма жылдай отбасын құрған күйеуімнен төсек ләззатын ала алмадым. Ал, қазіргі таңда өзімді аялайтын жас жігітпен кездесіп жүрмін. Әйел адамға жыныстық қатынастың тигізер пайдасының көп екенін түсіндім.
 
Мен Оңтүстік өңірінің шалғай ауылында өстім. Ауылдың тәрбиесін алған ұялшақ, биязы қыз едім. Мектеп қабырғасын бітірегеннен кейін, менде арман қуып қалаға оқуға келдім. Жоғары оқуға түсе алмай, педогогикалық колледжге оқуға түстім. Оқуымды жақсы бағамен бітіріп, өзімнің туып өскен ауылыма келдім. Ауылдың мектебіне жұмысқа орналастым. Көп ұзамай ауылдың бір жігітінің көзіне түсіп, алып қашудың құрбанына айналдым.
 
Шынымды айтсам, мен күйеуімді үйіне алып барғанда бірақ көрдім. Жолдасым асып бара жатқан сұлу емес еді. Сонымен қатар, ол менен он үш жас үлкен болатын. Ол мені алып қашып үйіне барғанын естіген ата-анам үлкен әпкемді жіберген еді. Әпкемді көріп жылап жібердім. Бас салып кетем, кетемге шықтым. Әпкемде менің өз еркіммен келмегенімді біліп, алып кетпекші болды. Бірақ, ауылдың ақ шашты әжелері табалдырыққа нан қойып, онымен қоса өздері де жатып алды. Үлкен кісінің тәрбиесін көргендіктен болар, наннан аттап кете алмады. Сөйтіп, «барған жерде судай сің» деп қала бердім.
 
Содан не керек, жиырма екі жасымда менің отбасылық жаңа өмірім басталды. Жолдасым екеуміз бірге тұра бастағанан кезден бастап, оның сыртқы келбетіне, ішкі жан дүниесіне мән беріп қарадым. Көлік апатына түскелі бері, сол аяғын сылтып басады екен. Оған да көндік. Уақыт өте, жолдасымның қызғаншақ әдетінің бар екенін байқадым.
 
Болмашы нәрсеге қызғанып, қызыл кеңірдек болып айқайға басатынды шығарды. Кейде жұдырықпен ұрып жібереме деп те қорқатынмын. Бірақ, ол қол көтермейтін. Мен оны осы үшін сыйлайтынмын. Мектептің жұмысы болғандықтан, қағаз жұмысы өте көп болатын. Кейде мектептен кеш шығатын да кездерім көп болады. Қағазбасты болып, жұмысқа айналып қалған кезде ол мені сағаттап күтіп тұратын.
 
Жолдасым мені жұмыстан шығып үйіне кетіп қалама деп қатты қорқатын. Оның кейбір қылықтары бала секілді көрінетін. Сүймесем де, тағдырымның жазғанына көніп өмір сүре бердім. Әрине, айта берсең сүймеген адамыңның теріс әрі ерсі қылықтары өте көп емес пе?! Оның бәрін де инеге жіп тізгендей тізбегенім дұрыс болар.
 
Қызықсыз өмірім алға қарай жылжи берді. Күйбең тірлікпен арпалысып жүріп дүниеге үш қызды алып келдім. Ендігі өмірімінің қызығы қыздарым болды. Солар үшін олардың әкелерін жақсы көруге тырыстым. Қыздарым үшін отбасымды сақтап келдім.
 
Әйел адам сүймеген адаммен бірге өмір сүре алады. Бірақ, әйел затының құлазыған көңілін көтеретін де, денсаулығын қалпына келтіріп, жасартатын да төсек қатынасы екен.
 
Отбасын құрғалы бері мен тез қартайып кеттім. Бір көрген адамдар өзімнің жасымды өмірі бермейтін еді. Үнемі менің жасыма тағы да бес-алты жасты қосып беретін. Мен оны естіп іштей күйзелетінмін. Өзімді жөнге келтірмек болып айнаға қарап, бет терісін жасартатын кремдер де жағатынмын. Бірақ, ол әрекетімнен еш нәрсе де өзгермеді.
 
Менің мұндай күйге түскенімнің себебін өзім жақсы білемін. Себебі, отбасын құрғалы бері мен төсек ләззатын алған емеспін. Жолдасым төсек қатынасында өзіне керегін алады да, менімен санаспайтын. Жиырма жылдай біз тек бір позада ғана жұмыс жасап келдік. Ол маған мүмкіндік бермейтін. Оған неше түрлі фильмдерден көрген әрекеттерді айтсам «мүмкін сен оның бәрін біреумен жатып үйренген шығарсың» деп миымды жейтін болды. Содан кейін, құлағым тыныш болсын деген оймен, ешнәрсе де айтпайтын болдым.
 
Міне қазір менің жасым отыз тоғызда, ал жолдасым болса елу екіде. «Әйел адам қырықта жасарады» деген тап рас екен. Осы жаста өзім көрмеген төсектің ләззатын аңсайды екенсін. Ал, жолдасым болса суық тиіп қатты аурып, бес жылдай болды, қазір екеуміз жыныстық қатынасқа түспейміз. Екеуміздің арамызда ондай қатынастың болмағанының салдары болар мен қатты қартайып кеттім. Сонымен қатар, денсаулығым да сыр бере бастады.
 
Бір күні дәрігерге бардым. Әйелдерді қабылдайтын дәрігерде ұзын сонар кезек. Өзімнің кезегімді күтіп отырмын. Бір кезде қасыма көзінен от жалындаған, сұлу келіншек келіп отырды. Түріне қарасаңыз менен 5-6 жас кіші деп ойлайсыз. Екеуміз уақытты өткізу үшін әңгімеге кірістік. Ол сұлу келіншек маған «апай, апай» деп әңгімесін айтып отыр. Шыдай алмай, «сіздің жасыңыз нешеде» деп сұрадым. Ол маған отты жанарын қадап, күлімдеп «мен қырық жетідемін» деп айтты. Оның жүзіне аң-таң болып қарап қалсам керек. Ол маған түсінбей, «неге таңырқап қарадың?» деп сұрады. Сонда мен ол кісіге қарап «менің жасым отыз сегізде» дедім. Ол алғашында менің айтқан сөзіме сенбеді.
 
Бірақ, мен басымнан өткен өмірімді қысқаша айтып беріп едім. Сұлу апайым сәл жымиды да «әйел адамды жасартатын да, тез қартайтатын да жыныстық қатынас. Сенің қазіргі күйзелісің маған таныс. Сенің денсаулығың өзіңе керек. Өзіңнен жас жігітпен жыныстық қатынасқа түскен кезде өмірдің не екенін түсінесің» деп айтты. Әлгі әйелдің айтқан сөзі құлағымнан кетпей қойды.
 
Егер өзгемен көңіл қоссам, жолдасымның көзіне шөп салғаным болады ғой деп те ойладым. Өзімді қинап біраз уақыт та жүрдім. Бір күні құрбым туған күнін тойламақ болып, араласатын 4-5 қызды кафеге шақырды. Өзіміз ғана біраз көңіл көтердік. Басқосуымыз қызықты өтті. Шаршағанымызды басайық деп аздап шараптан іштік. Би алаңына шығып биледік те.
 
Сол күні мен Азат есімді жігітпен таныстым. Ол менен он жас кіші еді. Ұзын бойлы, қара торы келген сүйкімді жігіт бір көргеннен мені өзіне баурап алды. Оның әрбір ісі маған қатты ұнады.
 
Сөйтіп, Азат екеуміз сол күні бірге түнді өткіздік. Сол күні менің бақыттан басымның айналған сәтін сөзбен айтып жеткізе алар емеспін. Азатпен кездескенде ғана өзімді нағыз әйел ретінде сезіне аламын. Екеуміз аптасына екі рет кездесіп тұрамыз. Жолдасым және қыздарым менің жадырап, жасарып, жүзіме күлкі үйірілгенін көріп «мама әрдайым осылай жадырап жүріңізші» деп айтады. Қыздарымнан бұл сөзді естіп іштей қуанып та қалдым.
 
Әрине, жас жігітпен кездесіп жүрген әйел өзіне қатты қарайды екен. Сүйіктімді жоғалтып алмас үшін, қолымнан келгеннің бәрін де жасап бағамын. Төсек қатынасында оның айтқанының бәрін де жасаймын. Азат екеуміздің бақытты күндеріміз уақытша екенін білемін. Бірақ, біле тұра ол жігіттен бас тарта алмай келемін.
 
Азатпен кездескелі бері 3 ай өтті. Осы аз уақыттың ішінде 7 келі салмақ тастадым. Имиджімді де өзгерттім. Сонымен қатар, денсаулығым да жақсарып келеді. Азаттан бір ұл босанып алсам деген арманым да бар. Ең болмаса біздің бірге өткізген бақытты сәттерімізден қалған естелік деп қарап жүрер едім.
 
Егер, менің жолдасым төсек қатынасында бос болмағанда мен мұндай әрекетке бармас па едім?! Мен де әйелмін. Мен де ет пен сүйектен жаралған жанмын. Менің де бақытты болуыма құқығым бар шығар, сірә?! Өмірде бақытымды таппасам да, жас жігітпен кездесіп қуанышқа кенелдім. Мен осы кезге дейін тек қыздарым үшін ғана өмір сүріп келдім. Енді, оларды қияға қондыру менің парызым.
 
Төсек қатынасында дұрыс ләззат ала алмаған әйелдердің басым бөлігінің жатырында ісік болады екен. Менде осындай дертке шалдықтым. Дәрінің аса қатты пайдасы тимегендіктен, сұлу апайдың айтқан әрекетіне көштім. Төсек қатынасының арқасында денсаулығым да түзеліп келеді. Мен жас жігітпен кездескеніме еш өкінбеймін.
 
Өзімнен кейінгі жастарға төсек қатынасының адамға пайдасы көп екенін жеткізгім келеді. Мен секілді өзге біреумен емес. Әрине, Құдай қосқан қосағымен.
 
Менің жүрек жарды әңгімемді оқыған оқырман қауым, сөгетін де болар. Бірі, мені түсінсе, ал екіншісі түсінбес. Қазіргі басымнан кешіп жүрген қуанышымды да бөлісер жақын жоқ. Менің сырласым тек «Алаш айнасының» оқырмандары. Менің барған қадамым қате болар. Бірақ, мен жүрегімнің қалауынан асып кете алмадым. Жолдасым менің жас жігітпен кездесіп жүргенімнен бейхабар. Кейде ол біліп қойып, оның жүрегін жаралаймын ба деп те қорқамын. Қуаныш пен қорқыныш сезімін қатар арқалап келемін. Бойын қуаныш, ал өзегін өкініш өртеген нәзік жан сіздердің ақыл-кеңестеріңізге мұқтаж.
 
 
Автор: Жамал, Шардара