Күйеуімнің досына тұрмысқа шықтым
Егер маған осыдан бірнеше жыл бұрын «Тағдырың ойламаған жерден басқа арнаға бұрылады, күйеуіңнің досына, күнде жанында жүрген жан жолдасына тұрмысқа шығасың» десе, өлсем де сенбес едім. Бірақ маңдайға жазғаннан қашып құтылмайды екенсің. Менің жайымды біреу түсінер, біреу түсінбес, тіпті кінәлайтындар да табылар. Бірақ сонда да болса, түрлі тақырыпты қаузайтын «Алаш айнасына» хат жолдауды дұрыс деп ойладым.
Жоғарғы оқу орнын бітірген бойда мамандығым бойынша жұмысқа тұруға мүмкіндік болмады, сондықтан 2 жыл әр түрлі істі кәсіп қып, күн көрдім. Өз қажеттіліктерімнен басқа ауылдағы әке-шешемнің көмір-отынын, малдың жем-шөбін алып беруге де қаржы табуым керек болды. Сөйтіп, әрқилы жұмыс істеп жүргенде болашақ күйеуім Медетпен таныстым. Таныстығымыздың соңы махаббатқа ұласты. Өзі қаланың іргесіндегі ауылдардың бірінде ата-анасымен тұрады екен. Көп ұзамай екеуміз шаңырақ көтердік. Ол өзі сөйлесіп жүріп, Алматының мектептерінің біріне мұғалім етіп жұмысқа тұрғызды. Өзі сүт зауытынан шыққан өнімдерді күн ұзақ қаланың сауда нүктелеріне тасымалдайды. Екеуміз де күнделікті қалаға жеке көлігімізбен қатынап жүрдік. Сол сәттерді әлі де сағына еске аламын. Екеуміз үшін күнде таңертеңгілік, кешкілік бірге жол жүру керемет қуанышты сәт еді. Жол бойы сырласамыз, әзілдесеміз, кейде бұртиысып, ренжісіп аламыз. Жаңадан үйленген жастар үшін мұның бәрі бақытты шақтар болатын.
Медет кейде өзі мені алып қайта алмайтын болса, жан досы Дәулетке тапсыратын. «Өзің бір тал шашын түсірмей, үйге жеткізіп сал» деп қалжыңға сүйеп, тапсырып жүретін. Ондайда Дәулет досының айтқанын қалт жібермей орындап, мені жеткізіп салады.
Екеуміз ренжісіп қалсақ, кейде бір-бірімізге артық-ауыс сөз айтып қойсақ, арамызда бізді татуластыруға барын салып, шыр-пыр болып үнемі Дәулет жүретін. Дәулетті үйдегілер де өз ұлдарындай жақсы көріп кеткен. Қашан үйленесің деп оның құлақ етін жеуші еді.
Ата-енем қарапайым, жақсы адамдар, мен ол шаңыраққа тез үйренісіп, бауыр басып кеттім. Медет үйдегі жалғыз ұл, әрі кенжесі еді. Алдында алты әпкесі бар. Олар үнемі бауырларының қамын ойлап, жоғын түгендеп жүретін. Мені жұмысқа орналастыруда олардың да үлесі болды.
Бір жылдан соң отбасымыз қуанышқа кенеліп, сәбиіміз дүниеге келді. Ұлымды үйдегілердің бәрі төбелеріне көтереді. Дәулет кіндік әке боламын деп ниет білдірген соң, біз де қарсы болмадық. Өзі «Мүмкін менің де жолым болып, бір аруды қолыма қондырып, осындай балпанақтай ұлдың әкесі болармын» деп қалжыңға сүйеп, ырымдайтынын аңғартқан-ды. Мен де Дәулет тезірек үйленсе екен, жаныма құрбы табылар еді деп ойлайтынмын. Тіпті өзіміз білетін жақсы қыздарды оған таныстырып, табысып кетсе екен деп тілектес болатын едік.
Сондай күндердің бірінде Медет жол апатына ұшырап, ауруханаға түсті деген суыт хабар естідік. Алып-ұшып ауруханаға барып едік, жан сақтау бөлімінде деп ешқайсымызды кіргізбеді.
Дәрігер «сіз жұбайысыз ба?» деді де, оңашалау айтатын әңгімесі бардай иек қақты. Сондағы айтқаны «Халі тым нашар. Мұндайда тек бір ғажайып болмаса, өмір сүріп кетуі екіталай. Жүрегі қаншаға шыдайтынын айта алмаймын. Дайындала берсеңіздер болады» деді де кете берді.
Мең-зең күйде қалдым. Не деді деп ентелеп келген ата-енеме, қайын әпкелеріме не дерімді білмей мелшиген қалпы тұрып қалыппын. Олар менің бет-жүзімнен-ақ байқаған болуы керек, біреуі дәрігердің артынан қайта жүгіріп кетті.
Айтса-айтқандай алты сағат дегенде «өлді» деген суыт хабарды да естіртті. Сонымен екі жыл қол ұстасқан күйеуім тілге келместен, о дүниелік болды.
Жүрегім қан жылайды, ата-енемнің үйінде жүрмін, бірақ жанымда Медет жоқ. Енді оралмасын білсем де, әне-міне келіп қала ма деп елеңдеймін. Үйде отыру мен үшін азап болды, үйге сыймай кеттім. Тойымызды жасауға ақша жетпеген соң, менің жұмысым тұрақты болғандықтан менің атымнан несие алған болатынбыз. Оның төлемі де енді өзіміге қарап тұр. Балам да жасқа толған. Осының бәрін ой елегінен өткізген енем «Еңсеңді көтеру үшін жұмысқа шық, бір уақыт көңілің бөлінеді. Балаға өзім қараймын. Несие деген бәле тағы бар» деп, жұмысқа шығарды.
Бұрынғыдай дайын көлік жоқ, қалаға қатынап жұмыс істеу қиын болды. Арасында Дәулет қолы қалт етсе, жеткізіп салып, үйге алып қайтып жүрді. Көбіне өзім жол тосып, кейде қоғамдық көлікпен жүремін.
Медеттің қазасы Дәулеттің де жанына қатты батты. Екеуміздің мұңымыз ортақ, әңгімеміз ортақ. Бір-бірімізбен дос ретінде сыр бөлісу, қиындығымызы бөлісу бізді бірте-бірте жақындастыра түсті. Медеттің қайтыс болғанына екі жыл толғанда ол маған деген сезімін ашық білдірді. Ашық деген әрине, айтқанға ғана. Бірақ сезініп тұрып, жеткізе алмау, қалай қабылдайды деген қорқыныш, бәрінен де досының алдындағы парызы ма, жоқ кінәлі ісі ме, өзі де ашып айыра алмау - соның бәрін жеңе алу оңай емес еді. Бір шешімге келу маған да жеңіл болған жоқ.
Бәрінен де үй-ішімізге қалай айтамыз деп қатты қиналдық. Ақыры айттық. Олар Дәулеттің алдарынан өтесм деген ниетін қайтарып тастады, бірден үрке қарады, мүлде қабылдай алмады. Қайын әпкелерім тіпті «Екеуі баяғыда, Медеттің көзі тірі кезде көңілдес болған шығар. Әйтпесе, мүмкін емес» дегендей әңгімелерге дейін айтты. Бірақ мен өзімді жақсы түсінетін, баламды әкесіндей жақсы көретін адамның бар болғанына қуандым. Әрине, мүмкін ондай қадамға баруға әлі ертерек пе еді, білмеймін. Бірақ өз басым, егер Медет өзінің қайғылы қазаға ұшырайтынын білсе, мені Дәулетке тапсырып кететін еді, жай ғана тапсырмай, «Мені жоқтатпа, ұлым мен әйелімді жылатпай, аяла» деп аманат етіп кетер ме еді деп те ойлаймын.
Қазір ата-енем мені көргісі келмейді. Қайын әпкелерім де солай. Тіпті мен ештеңе демесе де «Біздің арқамызда жұмысқа тұрып едің, енді қалған неисеңді де өзің төлеп бітіресің. Саған көк тиын да бермейміз» деді кетерімде.
Бүгін Дәулет екеуміз үш балалы отбасымыз. Оның ата-анасы мені түсіністікпен қабылдады. Қайын жұртыма басу айтып, алдынан өтіп алуға көндіріп көрмек еді, оларынан түк шықпаған соң, қойды.
Мен өзімді бақытты әйелмін деп ойлаймын. Бірақ көкейімде қалып қойған бір өкініш, қазақта 1 жылдан кейін-ақ жесір келініне «Айналайын, бір жыл отырдың, жассың, енді өз өміріңді ойла, біз саған рұқсат береміз» демеуші ме еді. Қайын жұртым неге осылай айтқысы келмеді. Олармен араздасқан күйде, шындығында олардың менімен араздасқан күйінде айырылысқанымыз менің жадымнан өшпей жүр.
ДАРИҒА, Сарқан