Күйеуімнің бірінші әйелімен араласып тұрғаны дұрыс па?
«Жүгірген жетпейді, бұйырған кетпейді» демекші, адам маңдайына жазылған тағдырдан қашып құтыла алмайды екен. Мен бұрын ешқашан біреудің екінші әйелі боламын деп ойламаппын. Соңымнан жүгіріп, қылмыңдап көңілін білдірген жігіттерді менсінбей жүруші ем. Ал қазір біреудің екінші әйелі болып, күйеуімнің қас-қабағына қарап жалтақтап отырмын. Бар сырымды «Алаш айнасы» арқылы ақтармақпын.
Менің Алматы қаласында тұрып жатқаныма 12 жылдай болды. Алғаш рет 17 жасымда жоғары оқу орнына түсуге келдім. Туған жерім Кереку өңірі. Қазақ Ұлттық университетіне түсіп, 5 жыл білім алдым. Осы 5 жылда өзіме талай дос таптым, қаланың өміріне бейімделдім. Жоғары оқу орнын бітіргенше тұрмысқа шығу тіпті ойыма да келген жоқ. Әрине, қыз болған соң сөз салып, киноға шақырған жігіттер болды, бірақ мен олардың ешқайсысын болашақ жарым ретінде қабылдаған емеспін. Оқуды бітіргеннен кейін қалада жұмыс істеудің сәті түсті. Сонымен құрбы қыздарыммен пәтер жалдап, жұмыс істеп, әйтеуір тіршілік жасап жүрдік. Бірде бірге тұратын құрбымның туған күнін атап өтуге өзімізше мейрамханаға бардық. Сол кезде мен өзімнің қазіргі жолдасымды кездестірдім. Бір топ қыз мейрамхана дастарханында отырғанымызда ол біздің үстелге батыл келіп, бізбен танысып, көп қыздың ішінен мені биге шақырған еді. Қаланың баласы екені көрініп-ақ тұрды. Сол күннен бастап ол екеуміз кездесіп жүрдік. Шынымды айтсам, студент кезімде біз театрға, анда-санда концертке, киноға барғанымыз болмаса, аса көп қызықты жерлерді көрмеген де екенбіз. Мен Санатпен алғаш рет Көктөбеге шықтым, Медеу мұз айдынына барып сырғанадық. Ол маған конькимен сырғанауды үйретті. Санаттың достарымен боулинг ойнауға бардық, табиғат аясында да демалдық. Мен Санатпен өзімді сондай бақытты сезіндім. Екеуміздің кездесіп жүргенімізге бірнеше ай өткеннен кейін Санаттың туған күнін оның үйінде атап өту үшін достары жиналатын болды. Жігітімнің туған күні болған соң мен оның үйіне ертерек барып дастархан дайындамақ болдым. Ол өзінің жалғыз тұратынын айтқан еді. Сонымен екеуміз оның үйіне бардық. Сол күні бірнеше ай кездесіп жүрген жігітім туралы біраз шындықты білдім. Үйіне кіргеннен-ақ 2 бөлмелі пәтердің бойдақ жігіттің үйіне ұқсамайтынын байқадым. Тап-тұйнақтай жиналған, ең қызығы баланың ойыншықтары көп екен, кішкене балалардың суреттері ілінген. Осыны көргеннен кейін ғана Санат маған бар шындықты айтты. Ол үйленген екен, бірақ әйелімен ренжісіп, ол балаларын алып төркініне кетіп қалыпты. Мына сөзді естігеннен кейін Санатқа не дерімді білмедім. Ол маған: «Мен сені шын ұнатып қалдым, о баста осылай болады деп ойлаған жоқ едім, уақыт өте келе саған шындықты айта алмадым, сенен айырылып қалам ба деп қорықтым» деп ақталды. Сол күні ойым сан-саққа жүгірсе де, Санаттың достарына дастархан жайып, ішімдегі алай-дүлейді білдірмеуге тырыстым. Өйткені мен де Санатты шын сүйіп қалған едім.
Қонақтар кеткеннен кейін мен де кетуге ынғайланып едім, ол мені жібергісі келмеді. Екеуміз ұзақ әңгімелестік. Ол маған бұрынғы отбасы туралы айтып берді, араларында екі бала бар екен. Ұлы мен қызын нағашы ата-әжесіне апарып тастап Санаттың әйелі осы қалада жұмыс істейтін болып шықты. Санат алғаш рет 20 жасында үйленіпті. Жүріп жүрген қызының аяғы ауырлаған соң отбасын құрған екен.
Санат әйелімен ажырасатынын, балаларына ғана жәрдемдесіп тұратынын, маған үйленгісі келетінін айтып мені сендірді. Екеуміз осы жағдайдан кейін де бір жылдай кездесіп тұрдық. Арасында ренжісіп қалған күндеріміз де болды. Өйткені ол мені қатты қызғанатын. Мен де оны бұрынғы әйелінен қызғанып, оған сенбейтінімді жиі айта бердім. Бірақ қанша ренжісіп қалсақ та екеуміз де шыдамаймыз. Ол қайта хабарласқанша менің тағатым таусылады, ол да ары кетсе екі күннен кейін не жұмысыма, не жалдап тұратын пәтереме іздеп келеді. Сөйтіп жүргенде бір күні ол әйелімен ресми түрде ажарсқанын дәлелдейтін неке бұзу туралы куәлігін әкеп көрсетті. Ол менің қыздармен бірге тұрғанымды қаламады. Өйткені жас қыздар болған соң оларға басқа жігіттер келеді дегендей. Санат маған бірге тұрайық деп ұсыныс жасады. Бірақ мен оған тек үйленгеннен кейін ғана бірге тұратынымды айттым. Осыдан кейін ол мені анасымен таныстырды. Көп ұзамай Санаттың ата-анасы, үлкен әжесі біздің ауылға құдалыққа баратынын айтты. Әрине, менің қуанышымда шек болған жоқ. Өйткені мен Санатсыз өмір сүре алмайтындай сүйдім оны. Сонымен тойымыз өтіп, сондай бақытты күндер кештік. Қазір ортамызда бір қызымыз бар.
Мені алаңдататын нәрсе Санат бірінші некеден туған балаларын жиі көргісі келіп тұрады. Олар қалада болмаса да ауылға іздеп барады. Менің оған ешқандай қарсылығым жоқ. Санаттың табысы аса көп болмаса да екі баласына жәрдемдесіп тұрады. Оған да келіспеске бола ма, ең бастысы біздің баспанамыз бар ғой деп шүкіршілік етемін. Бірақ кейінгі кезде ол үйімізді сатып, кішірек пәтер алып, бұрынғы әйеліне кіші-гірім бір бөлме алып бермек ойын айтты. Сонда әйелі балаларын қалаға әкеліп, Санат оларды жиі көріп тұрады. Мен Санаттың мені, қызымызды жақсы көретініне сенемін. Бірақ сонда да маған оның бұрынғы әйелімен жиі араласқаны ұнамайды. Бұрынғы әйелі қит етсе Санатқа хабарласып көмек сұрап жатады. Ол келіншек балаларын сылтауратып Санатты өзіне қайтарып алғысы келе ме деп күдіктенемін. Еркектер өте аңқау ғой. Жаным деп жабысқан әйелден бас тарта алмай қалады. Оның кейбір қылықтарына іштей жыным келсе де, күйеуімнің қас-қабағына қарап, оған барынша жағдай жасауға, ренжіспеуге тырысамын. Бірақ кейде ойлаймын, мен үндемеген сайын оның бұрынғы әйелі Санаттың басын одан сайын айналдырып алмай ма? Мұндай жағдайда не істерімді білмей әбден дал болып жүрмін. Маған ақыл қосыңыздаршы...
Динара, Алматы
Құрметті оқырман, егер Сіз де өз басыңыздан өткен тағдырды көпшілік талқысына салып, оқырманмен ой бөліскіңіз келсе мына электронды почтаға материалыңызды жолдай аласыз: info@alashainasy.kz
Редакция телефондары: 8/727/388-80-60; 8/717/2 54 27 30