Құрметті "Алаш айнасы" порталының оқырмандары, мен «Отбасы – ошақ қасы» айдарын үнемі жұмыстан тыс уақытта болсын, жұмыстың үстінде қолым қалт еткенде болсын оқып, ондағы жазба авторларына пікірімді білдіріп отырамын. Бүгін осы айдар арқылы жанымды жеп жүрген сан сауалдарды ортаға салуды жөн көрдім.
Мен Қарағанды қаласының тұрғынымын. Жасым 36-да. Тұрмыс құрғаныма 13 жылдың жүзі болды. Мектепте ағылшын тілі пәнінен сабақ беремін. Соңғы бес жылдан бері менің өмірім тозаққа айналып кетті, -десем артық айтты демеңіздер. Қазірдің өзінде не істерімді білмей, әрі-сәрі күй кешіп жаным жабырқап жүрмін.
Өзім 23 жасымда тұрмысқа шықтым. Жоғары оқу орнын бітіріп, бір жыл жұмыс істеп, қолыма табақтай дипломымды алып, жүк-жасауыммен, әке-шешемнің ақ батасын алып Қарағанды облысының, Шет ауданына тұрмысқа шықтым. Бастапқыда барлығы жақсы болатын. Күйеуім екеуміздің махаббатымызға, бір-бірімізге деген сый құрметімізге туған-туыс, дос-жаран қызыға қарайтын. Күйеуім де жігіттің төресі еді. Мұхиттың, Жаяу Мұсаның әндерін қалықтата орындағанда тойдың сәні болатын. Менің де бір көргенде өзіндік әдемілігім бар еді. Күйеуім «талай қыздың ішінен таңдап алғаным» деп отырушы еді. Ата-енем де көзі ашық, оқыған адамдар. Үш жыл ата-енемнің қолында тұрғаннан кейін ол кісілер бізді еншімізді беріп бөлек шығарды. Сөйтіп, жұмыс істеуді, өз бетімізбен аяққа тұруды жөн көріп, Қарағанды қаласына көшіп келдік. Менің әке-шешемнің, ата-енемнің қолдауымен Қарағандыдан екі бөлмелі үй алдық. Қалаға келген соң күйеуім жеке кәсіппен айналысуды жөн көрді. Мамандығы дәрігер еді. Бастапқыда қиналдық. Артынан несие алып, әйтеуір Алланың берген несібесі шығар күйеуім шағын жеке клиника ашты. Біртіндеп жағдайымыз түзеле бастады. Екі жақтап тапқан табыс үйіміздің берекесін енгізе бастады. Ол кезде үйленгінімізге бес жылдың жүзі болса да арамызда бала болмаған кез. Мен мазасызданып, күйеуім де сары уайымға салына бастады. Өзінің мамандығы дәрігер болғандықтан ол тіпті мені Ресейге дейін барып емдетті. Осылай нәресте күтумен жүрген күндердің бірінде мен бойыма бала біткенін аңғардым. Дереу толық дәрігерлік тексеруден өтіп, шынымен де жүкті екенімді біліп, біз аса бір қуанышты күндерді бастан өткізіп жаттық. Іштегі нәрестем бес айдан асқан кезде УЗИ аппаратына түсіп өмірге қыз баланы әкелетінімді білдім. Көптен күткен тұңғышымыздың қыз бала екенін білгенде күйеуім тіпті қуанды. Күн сайын кешкісін нәрестеге ат таңдау, оған қажетті заттарын таңдау, кіндік шешесі мен кіндік әкесін тағайындау тәрізді істерді талқылаудан екеуміз де жалықпайтын едік. Нақ қазір сол бір аяулы күндерімді ойласам көзімнен жас ыршып-ыршып түседі.
Барлық бейнет күтпеген жерден басталды. Тіпті «көптен күткен нәрестемнен ойламаған жерден айырылып қаламын» дегенді де миыма алмаппын.
Бір күні жұмыстан қайтып келе жатқан едім, жаяу жүргіншілер жолынан өте бергенім сол еді, алып қап-қара Джип көлігі мені қақты да кетті. Тіпті «адам қақтым» деп артына қайрылмады да. Бұл кезде ішімдегі нәрестеме жеті айдан асқан еді. Міне, «осы кезден бастап менің өмірімнің қара жолақтары пайда болды» десем де болады. Обалы не керек, ақ халаттылар ішімдегі баланы аман сақтап қалуға барын салды. Қызым бастапқыда тірі туды. Артынша екі сағаттан кейін өмірге 900 граммдық болып келген қызымның шетінеп кеткенін жеткізгенде, аспан айналып жерге түскендей күй кештім. Күйеуім басу айтып, туған-туыстар жұбатып, «бұл тағдырдың жазуы, бастарың жас, бірінші рет бала көтердің, келесі жолы да көтересің» деп жанашырлықтарын білдіріп жатты. Ақ халаттылар келесі күні сәбиімізді жерлеуге берді. Кіп-кішкентай қызыма Қарақат деп ат қойып өмір есігін ашпай жатып жер қойнына тапсырдық.
Арада біраз уақыт өтті, «уақыт емші» деген рас екен, бара-бара көңілдегі жара жазылып, бұл оқиғадан біраз жыл өткен соң екінші балаға жүкті болдым. «Тіл-көзден аман болайыншы» деп бұл жақсы жаңалығымызды туған-туыс дос жаранға жария етуге асықпадық. Жақын достарымыздың өзі менің құрсағым шығып, іштегі балама бес ай болған кезде біле бастады. Ағайындар қуанып, достарымыз да, құрбыларым да аман-есен дүниеге бала әкелуімді тіледі. Дәрігерлік тексеруден соң ішімдегі баламның ұл екенін білгенде «бұл бізге Алланың берген сыйы» деп есептедік. Сол жаратқанның берген сыйын көздің қарашығындай сақтауға барымызды салдық. Бірақ әттеген-айы, мен жүктіліктің алты айлық мерзімінде қан қысымым қайта-қайта көтеріліп, бүйрегім қысып бірнеше мәрте ауруханаға жатып шықтым. Бір жарым айда үшінші мәрте жедел-жәрдеммен ауруханаға түскенімде мен ұлымнан да айрылып қалдым... Қан қысымым көтеріліп, қан айналым дұрыс болмағандықтан іштегі балаға ауа жетпей тұншығып өліп кеткен. Өлі баламды дәрігерлер құрсақты тіліп алды. Ол баламыздан да осылай айрылып қалдық.
Бұл кезде біздің үйленгенімізге тоғыз жыл болған еді. Осы оқиғадан кейін күйеуімнің мінезі күрт өзгерді. Өзінен-өзі тұйықталып алатын болды. Биыл отбасын құрғанымызға 13 жыл болады. Ішімдікті аузына да алмайтын адам, ішімдікке әуестеніп алды. Өткенде бір халық емшісіне барған едік, сол кісі «бір жетім баланы асырап алып соған бар мейіріміңді төксең, Алла саған қос-қостан ұл береді» деген еді. Мен сол сөздерге қатты сеніп, балалар үйіне барып бір қазақ баласын асырап алғым келіп еді. Бірақ күйеуім маған «бала асырап алғанша, тоқал алғаным дұрыс, сен маған рұқсатыңды бер» дейді. Соңғы екі жыл бойы күйеуім осы сөздерді айтып жанымды қинауда. Оның айтатыны «ажыраспаймыз, тек тоқал алуға рұқсат бер» дейді. Ал мен «не бала асырап алайық, не болмаса суррогат ананың көмегіне жүгінейік» десем ол бұған құлақ асар емес.
Құрметті оқырман, мен Алладан көп нәрсе сұрамап едім, Тек бір перзентке ғана зар болып жүрмін. Не істеуім керек? Қазіргі әрі-сәрі күйден қалай құтыламын. Қандай шешім қабылдауым керек? Күйеуімді «тоқал аламын» деген ойынан қалай тоқтатсам болады? Ақыл қоссаңыздар екен?
Анар, Қарағанды қаласы