Күйеуім тастап кетті, жазығым – ана атанғым келгені...
Мен сәбидің жұпар иісін 8 жыл аңсадым. Алланың мейірімі түсіп, маған бөпе берер деген сеніммен барынша төзуге тырыстым. Іңгәлаған бір сәбиге зар болып жүргенде уақыттың қалай зымырап бара жатқанын сезбейді де екенсің. 22 жасымда тұрмысқа шықтым, қазір міне жасым отызға келді. Қазір менің бөпем бар. Бөбегімді тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп, толғатып жарық дүниеге өзім әкелмесем де, оның қаны басқа болса да, менің жаным онымен бірге. Кішкентай періштем қазір жанымда, бірақ 7 жыл отбасылық өмірдің ыстық-суығын бірге көрген сүйіктім бізден алыстап кетті. «Алаш айнасы» арқылы сіздерге өзімнің оқиғамды басынан бастап баяндап берейін.
Тұрмысқа шыққанға дейін қыздар сүйіктісіне бала секілді еркелеп, назданып, қалаған сыйлығын алдырып, жігітінің өзіне барынша көңіл аударғанын қалап тұратыны рас. Бірақ отбасын құрғаннан кейін уақыт өте келе кешегі сызылған ару күйеуінің де, өз балаларының да қамқоршы анасына айналып шыға келеді және отбасының үлкен жауапкершілік жүгін өз мойнына алады. Міне, әйел өмірінің мәні де осы секілді. Отбасының ұйытқысына, отанасына айналу. Менің бар арманым – сүйген жарыммен Алланың берген перзенттерін тәрбиелеу болатын. Өзім жеті ағайындының бесіншісімін. Ата-анамыз жетеумізді ешкімнен кем қылмай өсірді.
Мен өзімнің жолдасым Даниярмен студент кезімізде таныстық. Ол қаланың баласы, мен ауылдың қызымын. Екеуміз екі әлемнің адамы болғандықтан ортамыз да бөлек. Егер кездейсоқ жағдай болмағанда бәлкім таныспас па едік.
Бірде досым Айдана екеуміз емтиханға дайындалу үшін ұлттық кітапханаға бардық. Түскі асқа дәмханаға шыққан едік, мен өзім отырған үстелдің астынан әмиян тауып алдым. Әмиянның ер адамдікі екені көрініп тұр. Ішін ашып қарадық, ішінде біраз ақша, Данияр деген жігіттің жеке жүргізуші куәлігі, банкомат карточкасы бар екен. Иесі іздеп келсе береміз деп сөмкеме салып алдым. Бірақ біз түстеніп болғанша ешкім келмеді. Одан кейін дәмханадағы сатушы тәтеге: егер Данияр есімді жігіт әмиянын іздеп келсе 2 қабаттағы оқырман залына келсін деп ол кісіге есімімді айтып, телефон нөмірімді қалдырдым. Оқырман залында отығанымызға бір-екі сағаттай уақыт өткенде телефоным шырылдады, телефонымды көтере бергенім сол еді есік жақтан жылдам басып бір жігіт келді. «Кешіріңіз сіздің есіміңіз Ботакөз бе, мен әмиянның иесі едім. Сіздің жүзіңізді білмейтін болған соң, оқырман залының есігінен кіре бергенде өзіңіз қалдырған нөмірге хабарластым» деді. Жігітпен бірге еріп дәлізге шықтым да, бірден сөмкемнен әмиянды шығарып әлгі жігіттің қолына ұстаттым. Ол маған рахметін айтып, ең бастысы құжаттарының табылғанына қуанып, ризашылығын білдірді. «Сізге қалай алғысымды білдірсем екен, жүріңіз бірге шәй ішейік» деп бәйек болды. Менің бас тартқаныма қарамастан қолқалап қоймады. Сосын Айдана екеуміз Даниярмен дәмханаға барып шәй іштік. Ол біздің университеттің экономика факультетінде оқиды екен. Дипломдық жұмысын жазып жатқанын айтты. Осы жағдайдан кейін Данияр менің нөміріме жиі хабарласып, қал-жағдайымды біліп тұратын, кездесуге де шақырды. Сөйтіп жүргенде әңгімеміз жарасып, мен өзімнің оған ғашық болып қалғанымды сездім. Ол да мені жақсы көретінін, үйленгісі келетінін айтты. Біз танысқан жылы Данияр оқуын бітіріп, банкке қызметке тұрды. Ал мен соңғы курста оқып жүрдім. Оқуымды бітіргеннен кейін Данияр екеуміз отбасын құрдық. Алғашқы жылы ата-енеммен, қайныммен бәріміз бірге тұрдық. Тұрмысқа шыққанан кейін мен де мамандығым бойынша жұмыс қарастыра бастадым. Сөйтіп жүргенде жаңадан ашылып жатқан журналға корректор болып орналастым. Бастапқы кезде Данияр екеуміз балалы болуға қатты асыққан жоқпыз. Жаспыз ғой біраз жұмыс істеп, жағдайымызды жақсартып алайық деп шештік. Үйленгенімізге бір жылдан асты, бірақ мен еш сақтанбасам да бала көтере алмадым. Сол кезде аздап көңілім алаңдай бастады. Бірақ енем де, өзімнің мамам да: «өмірлерің алда, балаларың болады» деген сөзі маған кәдімгідей демеу беретін. Сөйтіп жүргенде тағы бір жыл өте шықты. Ең қызығы, Данияр ешқашан бала туралы әңгіме қозғаған емес. Мен оған дәрігерге барып қаралайық десем, менде бәрі жақсы, несіне алаңдайсың дейтін. Сосын оған қарамай дәрігерге өзім барып тексерілдім. Дәрігерлер денсаулығымның жақсы екенін, бедеуліктің ешқандай белгісі жоқ екенін айтқанда қуанып кеттім. Осыдан кейін біраз уақыт алаңсыз жүрдім. Бірақ еш нәтиже жоқ.
Бірде Даниярды қояр да қоймай жүріп дәрігерге апардым. Дәрігер Даниярға біраз емделу керектігін, ем алғаннан кейін міндетті түрде баламыздың болатынын айтты. Сөйтіп Даниярға дәрігер жазып берген дәрілерді уақытымен беріп, біршама уақыт емделдік, онда да нәтиже болмады. Осы уақыт ішінде менің бар ойымды тек балалы болуға деген арман ғана жаулап алғандай. Жатсам-тұрсам кішкентай нәрестені ойлаймын, түсімде өзімнің аяғым ауыр екен деймін. Қысқасы, баланы ойлап, ас батпай, жадырап күле алмайтын күйге түстім. Мені көрген құрбыларым көзімдегі мұңды көріп, аяушылықтарын білдіріп, менің көңілімді аулауға тырысады. Ал мені Даниярдың осынша алаңсыздығы сезіктендіретін, оған мүлде бала керегі жоқтай көрінді ол маған. Кейде онымен ашылып сөйлесейін десем: «Түу Ботакөз, тағы да әніңе бастың ба, Алла бізге бала бермей жатса, маған неғыл дейсің» деп бірден ашуланып шығатын. Балалы болуға неге әрекет жасағысы келмейді? Әлде мені сүймей ме? Ойым сан-саққа жүгіріп әбден шаршадым. Менің осындай күйге түскеніме алаңдаған ата-анам Даниярдың ата-анасымен сөйлесіп, құдалар өзара кеңесіп, бізге бала асырап алуға кеңес берді. Әдетте бала асырап алған отбасының кейін өз балалары туылып жататын жағдайлар да көп қой. Осыны ойлап, бір жетімекке аналық махаббат сыйласам, Алланың мейірі түсіп маған бала берер деген оймен бала асырап алуға бел будым. Данияр бала асырап алуға алғашында қарсы болғанымен, ата-анасының ақылын тыңдап келіскендей болды. Даниярдың бала асырап алуға деген құлшынысын байқамаған соң мен оған ажырасайық деп ұсыныс айттым. Мен оған бұған дейін де бірнеше рет ажырасайық дегенмін. «Ортақ баламыз болмаса, балалы болу үшін бірлесіп күреспесек, арамызда түсіністік болмаса несіне бірге тұрамыз? деп талай рет айтқанымда Данияр менен ажырасқысы келмейтінін, әлі де кішкентайымыздың болатынын айтып мені жұбататын. Сонымен Данияр екеуміз 7 жыл бірге тұрып, зорға дегенде бір сәбиге қолымыз жетті. Біз бір жыл бойы құжат жинап, бөбектер үйінен 1 жасар қыз бала асырап алдық. Есімін өзім Тұмар деп өзгерттім. Тұмарды алғаш қолыма алғандағы сезімді сіздерге сөзбен жеткізе алар емеспін. Осындайда жазушы болсам, ішкі сезімімді көркемдеп тұрып жеткізер ем. Менің қуанышымды көрген анам әбден жылады. Тұмарды асырап алған соң жарты жылдан кейін біз Данияр екеуміз бөлек шықтық. Бірнеше жылғы еңбегіміздің арқасында жинаған ақшамызға екі бөлмелі пәтер алдық. Оның үстіне Даниярдан кейінгі інісі де үйленетін жасқа жетіп қалған соң бізді ата-енем бөлек шығарды.
Мен Тұмарды өзім туған баладай жақсы көрем. Тіпті Тұмарды басқа ана туды дегенге сенгім де келмейді. Ол өзіме ұқсайтын секілді. Мен үшін оның әрбір қылығы, былдыры тәтті. Өмірімде Тұмар пайда болғалы бойымды сондай ғажап сезім билеп, нағыз отбасылық бақытты сезіне бастадым. Алайда менің бұл қуанышыма Данияр ортақтасты деп айта алмаймын. Ол Тұмарды қолына сирек ұстайды, түнде жыласа ренжіп, басқа бөлмеге кетіп қалады. Әрине, Даниярды да түсінуге болады, қанша айтқанмен ер адамның бөтен баланы өзінкіндей қабылдауы қиын ғой. Сондықтан мен Даниярдың әкелік сезімі оянар деген үмітпен онымен сөз таластырмауға, кейбір ерсі қылықтарына мән бермеуге тырыстым. Бірақ уақыт өткен сайын Данияр менен алыстап кетті. Үйде қонбай қалатынды жиілетті, қит етсе ұрыс шығарып, менің істеген тамағымды жақтырмай, әйтеуір тырнақ астынан кір іздейтін болды. Жақында кезекті ренжістен кейін ол киімдерін жинап кетіп қалды. Кетіп бара жатқандағы айтқаны: «Мен сен үшін ешкім емеспін. Саған мен емес, тек бала ғана керек болды. Айдаладағы біреудің баласын күні кешке дейін айналып толғанасың. Несіне бөтен баланы асырап алдық, мен саған бала тумадың деп бір ауыз бетіңе бастым ба» деп ашуланып, айғайлап, соңында кетіп тынды. Бұл жағдайды мен біразға дейін ешкімге айтқан жоқпын. Алайда Даниярдың ата-анасы келіп, ол кісілермен сөйлестік. Данияр қазір өзінің үйінде ата-анасымен бірге тұрып жатыр. Ал енем маған: «Қызым, мүмкін Даниярдың бөлек тұра тұрғаны дұрыс шығар, кейін түсініп өзіңе қайтып келер. Әзірге оны қинамайық» деді. Мен келіспегенде қайтем, күйеуім бізбен бірге тұрғысы келмесе оны қалай зорлықпен көндірмекпіз?
Қазір Данияр екеуміздің кездеспегенімізге 6 айдан асты. Осы уақыт ішінде хабарласпағанына, келмегеніне қарағанда ол бізді ұмытуға бел байлаған секілді. Мен де оны бір рет те мазалаған жоқпын. Мүмкін екеуміздің ажырасқанымыз да дұрыс шығар. Бар жазығым ана атанғым келгенінде болса, ол кішкентай періштені баласындай қабылдай алмаса, мен не дейін? Мүмкін ол басқа қызға үйленсе, өзінің туған баласы болатын шығар. Мен үшін қазір Тұмарым қымбат. Қазір өзім бала күтіміне байланысты үйде отырмын. Тұмарым кішкене өссе балабақшаға беріп, өзім жұмысқа шығамын. Өз күнімізді өзіміз көрерміз. Егер Данияр бірлесіп алған пәтерімізді бөліске салар болса, оның да бір мәнісі болар. Ең бастысы мен жалғыз емеспін, менің Тұмарым, ата-анам, бауырларым бар. Ал Даниярға бақыт тілеймін!
Ботакөз, Алматы
Құрметті оқырман, егер Сіз де өз басыңыздан өткен тағдырды көпшілік талқысына салып, оқырманмен ой бөліскіңіз келсе мына электронды почтаға материалыңызды жолдай аласыз: info@alashainasy.kz
Редакция телефондары: 8/727/388-80-60; 8/717/2 54 27 30