Серік екеуіміздің бас қосқанымызға үш жыл болды. Бірақ үйлене салысымен күйеуім мені жөн-жосықсыз боқтап, қол көтере бастады. Ашуланшақ, тітіркенгіш, сөз көтермейтін адам екен.
Күйеуім – оңбаған адам
Сөйлескім келіп, түсініспек болып қаншама рет әңгімеге тартсам да, онымнан түк шықпады. Шиден шикіл шығарып, соңы ұрыс-керіспен, мені аяусыз сабаумен аяқталатын. Жұмысым жақсы, жалақым жоғары, үйіміз тап-тұйнақтай, киімі таза, тамағы дәмді. Оның достары мені мақтап, қызыға қарайды. Бірақ Серік достарының көзінше де мені қорлап, кемсітетін. Құдай оңдағанда, бізге бала бермеді. Алғашында бала болса, шатақ мінезін қояр деп ойлайтынмын. Кейіннен ортақ баламыздың жоқтығына қуанатын болдым. Бірнеше рет одан кетіп те қалдым, бірақ, отбасымды бұзғым келмей, қайтып оралып жүрдім. Мүмкін, Серікті қатты сүйген шығармын, қылықтарын кешіріп жүрдім. Басқа әйелмен жүретінін де білдім. Бірде оған хабарласып едім, телефонын бір қыз көтерді. Оны сұрап едім, ұйықтап жатыр деді. Кім екенін білгім келіп еді, тұтқаны қоя салды. Үйге келгесін Серікпен сөйлеспек болып әңгіме бастап едім, ол жай танысым дегенді айтты. Ашушаң, қабағы әркез қатулы жүретін, томаға-тұйық мінезімен Серік сөйлеспей қойды. Жұмыстан келеді, тамағын үнсіз отырып ішеді, теледидар көреді, жатқан жерінде ұйықтап қалады.
Жылуды бөтен еркектен таптым
Мені ашу-ыза, жек көрушілік сезімі билеп, қызғаныш оты жанымды жегідей жеді. Мең-зең күйде бірнеше күнді әрең өткіздім. Бәр нәрсеге бейтараптық, немқұрайлық басып, бір күні «адал әйел қағидасынан» аттадым да кеттім. Жұмыста «осы сендей аппақ келіншекті бір құшсам арманым жоқ», — деп әзілдеп жүретін Марат есімді жігітпен бірнеше сағатқа пәтер жалдап, төсектес болдым. Ол да отбасылы жігіт. Еркектің қамқорлығын, махаббатын сезіндім. Басымды иығына қойып өкіріп жылап та алдым, ол шашымнан сүйіп, басымнан сипап отырды. Мен ондай жылылықты сезбегелі қашан? Сүйіп қосылған күйеуімнің мына бір бөтен еркек тәрізді қатынасының жоқтығы қатты қынжылтты. Өзімше, барлық ашу-ызамды қайтарғандай болдым. Серіктің көзіне шөп салып, кегімді алатындай сезіндім. Серікке деген ренішім одан сайын ұлғая түсті. Осындай жағдайға жеткізгені үшін оған ренжідім. Осылайша ішімде бір нәрсе сырт етіп сынғандай болды.
Дұрыс істедім бе?
Осы жағдайдан соң бір ай өтпей күйеуімді тастадым. Әке-шешемнің үйіне кетіп тындым. Енді міне, соңғы екі айда күйеуім келгіштеп, соңымнан қалмай, үйге қайт деп жүр. Көзінен жас шығарып, ант-су ішіп, енді бәрі басқаша болады деп жалынады. Бірақ оған сенуге бола ма? Бір рет сынған ыдыс қайта бүтіндеуге келе ме? Және оның көзіне шөп салған соң мен үшін оның қадірі де түсіп қалғандай.
Сіздер не дейсіздер?
Аяжан Төрехан