Күйеуден таяқ жеумен күнім өтіп барады

Күйеуден таяқ жеумен күнім өтіп барады

«Алаш айнасы» интернет-газетінің бетінде жарық көрген «Мен неге әйелімді ұрамын» атты мақаланы оқып, қолыма қалам алдым. Өйткені автордың жазғаны – өз басымда бар жағдай.
Автор хатта әйеліне толық мінездеме бермеген екен, ол қайда жұмыс істейді, қандай жақсы жақтары бар – көп нәрсені оқырманға жан-жақты жеткізуі керек еді. Егер айтқандары рас болса, әрине, ол жігіттің орнында мен де ол әйелді ұратын едім! Өзімнің де күйеуімнен таяқ жеп жүргеніме қарамастан мен осылай ойлаймын. Ал енді өз басымдағы жайтқа келейін.
Менің күйеуіммен отасқаныма 3 жарым жылдай болып қалды. Ол бұрын бірнеше әйел тастаған әрі біреудің жеті қыздан кейін туған жалғыз, ерке ұлы екен.
«Мен 6-класта оқығанда әкем маған ақ «Нива» алып берген. Ауылда ең бірінші боп машина мінген адам менмін. «Иномарканы» да ауыл жұртына ең алғаш таныстырған - мен! ...Мен! ...Мен!».
Бұл «цитатаны» мен неше рет естімедім десеңізші. Одан кейінгі әңгіме оның әкесінің бұны қалай еркелеткені, бір ауыз сөз айтып көрмегені, өте бай адам болғаны, ауылдағы әнебір пәленше-түгеншелердің кезінде бұлардың есігінде жалшы болғаны, тағысын-тағылармен жалғасып кете барады. Сөз арасында ол: «Өмірімде жұмыс істеп көрген жоқпын!» дегенді ерекше мақтанышпен айтады. Осындай «құнды» естеліктермен біздің өмір өріліп жатты. Содан, байқаймын, әлдебір басшы немесе беделді адам туралы ортақ әңгіме бола қалса, «Ол кісі мені жақсы біледі» деп отыратын болды күйеуім. Бастапқыда онысына қарап «танымайтын адамы жоқ екен» деген пікірде болдым.
...Жұрттың бәрі «күйеуіңді әу баста қатты ұстамай, басыңа шығарған өзіңсің» дейді маған. Рас та шығар. Менімен жолыққанда ол жұмыс істемейді екен. 90-шы жылдары рэкеттік, анау-мынау жолдармен күн көргенге ұқсайды. Қысқасы, өзінің айтуынша, өмір бойы шалқып тұрған. Бірақ маған кездескенде байлықтың ұшпағы да жоқ. Қосылған жылы бір жылдай жұмыс істеген жоқ. Жалақым жетіп тұрған соң, «жұмыс істе», «ақша бер» деп мен де мазалай қоймадым. Арасында бұрынғы көліктерін, оны-мұнысын сатып аз-маз табыс тауып жүрді. Онысы көбінесе бұрынғы әйелдерінде қалған балаларына бөлінетін. Қайта мен оған жаным ашып, киім сатып әперіп жүрдім. Өйткен себебім, бірде тойға баратын болдық. Бармайын десең, сыйлас адамдар, барайын десең, күйеуімде туфли жоқ. Амалсыздан әпересің. Одан бірде суық түсіп кетті, ал онда куртка болмады. Өстіп-өстіп жаман үйреткен болармын. Бара-бара менсіз көлігіне сайман алмайтын болды. Шай үстінде немесе жолда келе жатсаң, «Дөңгелектер тозып қалды», «Май бітті», «Алдыңғы граната тықылдап қапты» деген әңгімелерді маздата береді, маздата береді. Содан жалығып өзің қалай сатып әпергеніңді білмей қаласың.
Менің күйеуімнің жақсы да қасиеттері жоқ емес. Ол үсті-басын шытырдай таза ұстайды, сапалы киімдер киеді, тамақты да жақсы пісіреді. Тағы қандай жақсы сапалары бар еді?.. Ал енді үйде кран сынып немесе есіктің тұтқасы түсіп қалса, оларды жөндеу ешқашанда оның миына кіріп-шықпайды. Оны істету үшін алдымен кранды өз ақшаңа сатып әкелуің керек, болмаса ол ыстық суға күйіп әлде есікке саусағын қысып алуы керек. Қысқасы, өзі қонақ сияқты жүре береді.
Күйеуім етті жақсы көреді. Етсіз тамақты мүлдем жемейді. Кейде «Саған манты пісіріп берейінші» деп жалынам, басын шайқап, мұрнын тыжырынады. Ол піскен етті ұнатады. Және күніне 2-3 мезгіл ет талап етеді. Кейде қуырылған балық немесе басқа бір дәмді тамақпен ауқаттанып, енді демалайын дей берсең, жарты сағаттан соң күйеуім: «Енді қандай тамақ пісірсек екен?» деп уайымға басады. Өзім жаман ыңғайсызданатын болдым. Өйткені ет арзан тағам емес қой, үнемі тоңазытқышта толып тұра бере ме, ал күйеуім қарны ашса, қатты ашуланшақ.
Күйеуім біз үйленгенде арақ ішпейтін. Обалы нешік, алғашқы жылы арақатынасымыз жақсы болды. Әлде барлық шығынды мен көтеретін болған соң ба, білмеймін.
Ол маған «Сен менің арақ ішкенімді көрмей-ақ» дейтін арасында. Неге олай дегеніне мән беріп көрмеппін. Күндердің күнінде ол әлденені сылтауратып, арақ ішті. Арақ ішсе, ұйықтамайды екен. Бүгін таңғы сағат 10-да арақ ішуді бастаса, ертеңгі сағат 10-ға дейін тыныштықпен қош айтысуың керек. Мені қасынан жібермейді, не айтса да тыңдайсың да отырасың. Бір жаққа барса, бірге баруың қажет. Сондағы айтатын әңгімесі манағы 6-класта ақ «Нива» мінгенінен басталады.
Бұрын ішпей жүргенде қызғанатынын көп байқамайтын едім. Ішкен соң қатты қызғанатын болды. Маған, қысқасы, кластастарым, әріптестерім, еркек кіндіктіден ешкім телефон соқпауы керек. Бара-бара ондайлармен сөйлесуді доғардым. Бірте-бірте туыстардың тойынан, жаназалардан қала бастадым. Той десе, «Ақша жоқта қайдағы той?» деп отырып алады. Ал өзінің жағынан біреу той жасаса, «Ломбардқа сақинаңды тапсыра тұрайық, иә» деп, жол таба қояды. Жағдай ақырын-ақырын асқынып, ол мені бөле, нағашы ағаларыммен, құдаларыммен араластырмайтын, сөйлестірмейтін болды. Алда-жалда бір шаруамен әріптес біреу хабарласа қалса (олар менің күйеуімнің қызғаншақ екенін қайдан білсін?), оның арты айғай-шу, ұрыс-керіске ұласып кететін болды.
Біз сәбилі болатын болдық. Бастапқыда «бала керек емес» деп, баламен осыншама арпалысты. Одан кейін «бала тап та тап, қашан табасың» деп миды жеді. Қойшы, әйтеуір, жүкті кезімнен бастап небір концерттері көбейді ғой.
Бірде шұғыл түрде Алматыдағы құрбыма ақша салуым керек болды. Өйткені оған қарызым бар-тын. Жұмыста шопыр ағайға қолқа салып, ол кісі мені банкке апарып келді. Кешкісін күйеуім менен ақша сұрады. Мен қалған ақшаны банк арқылы жібергенімді айтып едім, әлгі мені аяғым ауырлығына қарамастан аяғымнан теуіп, «Сен жұмыс уақытында неге көшеде қаңғырасың, сен қыдырып жүрсің» деп, көзі алақ-жұлақ етті де қалды. Сол кездері ол құрылыс саласында біреулермен келісіп жұмыс істеп жүрді. Жұмыс істеді деген аты ғана, жұмысын қасындағы Манат деген жігіт істейді, бұл бригадир сияқты бірдеме ретінде ақша алып отырады. Көбінесе ішімдік ішіп, мас болып жүреді бірақ. Сол Манатпен қосылып наша шегетінін көргем. Әлгі ұрғанында шегіп алған болуы керек. Көлікпен бір жерге шығып кеткенін пайдаланып, шешемнің үйіне қашып кеттім. Қатты қорықтым. Соның өзінде «Қазір келген соң сен салдақыға сазайыңды тарттырам» деп, қоқан-лоққы жасап барады ұялы телефонмен. Бұдан бұрын үнемі таяқ жеп, көзім көгеріп жүретін. Үнемі бетім көк ала қойдай болып, жұмысқа бара алмай қалатынмын. Және жұмыстан қалуым жиілеп кетті. Әріптестерге де жеккөрінішті бола бастадым. Енді бірде қақаған қыста таңғы сағат 5-те көлікпен үйді айнала қуғаны бар. Ертеңгісін кінәсін мойындап кешірім сұраумен ісі болмайды. «Кеше ұрдың» десең, жайымен: «Мен адамды тектен-текке ешқашан ұрмаймын. Өзің маған жақпайтын бірдеме істеп жыныма тигенсің ғой» деп қарап отырады.
Менің ұялы телефондар нөмірлерін миымда сақтайтын бір қасиетім бар. Соны біліп алып, «мына басыңды сол үшін жек көрем» деп, басымнан соққылайды, «Сен жұмыста тығылып біреулермен сөйлесесің» деп, телефондарымды балтамен ұрып сындыратын болды.
Ылғи таяқ жейтініңді жасырын ұстау мүмкін емес қой, жағдайымды ағаларым естіді. Кезінде тәртіп батальонында болған, «дисбат» деген лақап атпен әйгілі ағам бар. Соның құлағына жетіп, ол күйеуімді көшеден ұстап алып, көк ала қойдай етіп ұрып тастады. Мен сол кезде «біздің отбасымызда енді не қадір қалды дейсің» деп ойлап, ажырасуға бел будым. Қайынапаларым қатты уайымдаған соң солардың көңілдеріне бола ауруханадағы күйеуіме сүлгі, оны-мұны апарып беруге барғам. Орнынан тұра алмай жатыр деген күйеуім мені көріп, «үйге қайтам да қайтам» деп, соңымнан ерді. Шешемдікіне кетем деген ойым быт-шыт болып, қайтадан үйге кеп, соның күтіміне кірістім. Дәрісін беріп, тамағын баптап, инесін салып дегендей... Ол ауруханадан келе сала, арағын ішіп алып, мені өлімші етіп сабады. «Сен бұзылғансың, өз ағаларыңмен жатасың» деп, көздері қызарып, үйдің есігін іштен кілттеп, менен өшін әбден алды. Оны аяп үйге келгеніме қатты өкіндім. Е-е-е-е, мен осыны аяп, неше рет кетіп, неше рет келмеді дейсің. Ол кезде ішімдегі бала 6 жарым айлық болып қалған еді. Екі аптадан соң қатты ауырып, мені облыс орталығындағы ауруханаға жіберді. Сөйтіп, баланы мезгілінен бұрын операциямен алуға тура келді. Содан күнде баланың амандығын тілеудің орнына, күйеуім: «Мен саған баланы таппа дегем, шешеңнің үйіне қашып жүріп баланы құрттың» деп әлек салып қоңырау соғатын болды. Өзі 1 келі салмақпен туған баланы уайымдап әрі наркоздан шала есті болып жүргенде жүйкем әбден тозды. «Бала сен ұрған соң ерте туды» деп едім, «Бұрынғы әйелдерімді де тепкілеп ұрғанда олардікі неге түспеді?» деген «дәлелді» жауап алып, аузымды жаптым.
Көшеде біреу менімен амандасып қалса да атырынып шыға келеді. Тіпті кейде интернеттен бір оқиға туралы оқып, «солай болыпты ғой» деп қалсаң, бітті, пәлеге қалғаның. «Оны саған кім айтты?» деп діңкеңді құртады. Біреумен тығылып сөйлесті, содан естіді деп ойлайтын көрінеді.
Мен перзентханадан әупірімдеп аман-есен, құшағымдағы сәбиіммен келгенімде, үйде бір кесе қант та жоқ, әлгі 7 әпкесі тым құрыса 7 бауырсақ та пісіріп қоймапты-ау. Шілдехана да, құрмалдық та, ештеңе де жасалмады. Баланың жөргекпұлына дәрі-дәрмектерін, тамағын өзім алып, өз күнімді өзім көрдім. Қоя ма десем, қайда-а-а-а... Ішіп алып ұрғанда, енді балаға қолы тиетін болды. Бірте-бірте бала оның айғайынан шошитын күнге жеттік. Енді бірде «Сен пәленшемен сөйлесіп жүргеніңді мойындамасаң, баланы жерге тастаймын» деп, қорқытатын болды.
Ақшадан тарыққан соң біреулердің қағаздарын басып берейін деп компьютер сатып алып ем несиеге. Оны күйеуім арақ ішіп отырып балтамен шапты да тастады. Екінші рет ұсталған компьютер алып едім, оны да екіге бөліп тастады. Өзімнің адал маңдай терім кететін болған соң, әлгілерге ішімнің ашығаны-ай...
Құрбыларымның айтуымен ұрып-соға берген соң полицияға арыз берген едім. Ондағы ойым аз болса да именіп жүрсін дегендік еді. Сот болып, ол менен кешірім сұрады. Мен оны кешірдім. Бірақ одан соң ұрудың жаңа тәсілдерін ойлап тапты. Бетім көгеретін болғандықтан енді бетімді шапалақпен ұратын болды. Құлақ шекеден және бүйректерімнен жұдырықпен соққылайтын болды. Ол жерлер көгермейді ғой өйткені, сот-медициналық сарапшылары ертең ол жерден ештеңе таппайды да. Анам менің таяқ жеген түрімді көргенде, «Мынадай қанішерді қай иттің баласы тәрбиеледі екен?» деп, қатты налиды.
Қазір мен күйеуімнен кетіп қалғам. Ол мені баяғы әдетінше, «арақты қойдым, аузымды ашпаймын, үйге қайт» деп, шақырып жүр. Рас, қимай қалам. Оны ойласам, ет-жүрегім езіледі. Бірақ психологтар да, құқыққорғаушылар да, достарым да «Әйелге бір рет қол көтерген адам еш уақытта түзелмейді» дегеннен танған емес. Оған сенуден қалдым. Онсыз да денсаулығым құрып бітті. Күні ертең ауырып жатып қалсам, ол мені керек қылар деймісің?!

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста