Туған інісіне өкпелі екен
Таяуда бір досымыз құдалық күтіп, соның қызықшылығын бірлесіп атқарған едік. Құда күту бірінші үйде, сосын қаладағы бір тойхананың шағын залында өтті.
Қазақтың дәстүрлі құда күтуі жақсы асабаның басқаруымен, әнші жігіттердің құйқылжыта ән шырқауымен, ұлағатты тілектермен, әдемі әзілдермен қызықты өтті. Дегенмен бұл жиыннан бір жағымсыз жай да менің есімде қалды.
Қысқасы, қызын ұзатқан құрдастың құдасы кекірейіп қалған жан екен. Естуімізше, тұрмысы бақуат көрінеді. Соны сездіргісі келгендей сызданып, мақтана сөйлеп, өзін бір өзгеше ұстаған жанды іштей онша жақтырмай қалғанымыз рас. Сәл әдеп сақтаса қайтеді екен деп ренжідік.
Қызықшылық аяқталып, құдаларды шығарып салған соң «бұл да бір біткен шаруа болды» деп қайтуға жинала бастадық. Сол кезде досымыз: «Өзімізше бір 5 – 10 минут отырайық та. Мынаның бәрін қалай тастап кетеміз?» – деп бізді дастарханға қайта отырғызды. Мен ішімдікке онша қызыға бермеймін, сондықтан таза ауаға шығып келуді сылтауратып сыртқа шықтым.
Бір кезде жол жаққа көзім түсті. Онда құданың ағасы такси күтіп тұр екен. «Бәрі кетіп, бұл кісі жалғыз қалғаны несі?» деп ойладым. Көлікке отырғызып жіберейін деп жанына барғанмын. Ол аздап «қызып» қалған екен. «Шешесін..! Қатынының арқасында талтаңдап жүр. Туған бауырымен араласпайды. Кеттік деп еді, алдына түсіп зытып берді. Адам сияқты қоштасқан да жоқ», – деді әлдекімге сырттай кіжініп. «Кімді айтасыз?» – дедім түсінбей. «Әй, інімді айтам да. Кедей деп менсінбейтін болыпты...» – деген құда тілін тістегендей болып, әңгімені шорт үзді.
Қысқасы, құданың ағасын таксиге отырғызып, жол ақысын төлеп жібердім. Сосын оның айтқандары есімнен кетпей қойды. Әсіресе бірге туған бауырын «шешеден» сыбағаны таңқалдырды.
Бүгінде жұрт ала-құла болып, тіліне, дініне, тұрмыс жағдайына қарай бөлініп кетті. Мысалы, өткенде атеист әкесі мен діндар ұлының бет көрместей ренжісіп кеткенін, араласпайтынын естіген едім. Енді бай інісі мен кедей ағасының бір-біріне суық екенін естіп көңілім құлазыды.
Осы біз кім болып барамыз өзі?
Қ. ТАСТАН.