Есікбай көкенің екі әйелі

Бауырым ауырып, жиі мазалай берген соң облыстық ауруханаға жатуға тура келген. Әрі мұнда таныс дәрігерім де бар еді. Сонымен уақтылы укол салып, ем-домды ретімен қабылдап тұрған соң бір аптадан кейін-ақ бойым жеңілденіп, адам қалпына келіп қалдым.

Біз төрт адамдық палатада үш адам жаттық. Ішіміздегі ең жасы үлкеніміз – қапсағай денелі, ақ сары жүзді, ұзын бойлы жетісайлық Есікбай деген кісі. Өзінің айтуы бойынша, жасы зейнеткерлік жасқа жақындап қалған. Нарттай қызарған өңіне, күректей жалпақ қарулы қолына, қара шашына қарап, Есекеңе ондай жасты бере қоюың да қиындау. Кезінде совхоздың тракторын да айдапты, құрылысшы болып талай үйлерді де салыпты, мал да бағыпты, темір ұстаның ауыр балғасын да ұстап көріпті… Әйтеуір, ауылда істемеген жұмысы қалмапты. Бірақ соңғы кездері денсаулығының сыр беріп жүргенін де бізден жасырмайды. Әйтсе де, қанша қиналып жүрсе де аузынан әзілі бір түспейтін оған біз көп ұзамай-ақ үйреніп кеттік.

Есікбай көкемнің сол жағындағы кереуетте шымкенттік Сергей деген жас жігіт жатады. Оның ауруханада жатыр деген аты ғана, ем-домын алып болған соң үйіне тайып тұрады. Бізге ешқандай зияны да, пайдасы да жоқ. Өзімен өзі жүрген жан. Айналып келгенде мұндайда сырласатын да, мұңдасатын да Есекең екеуіміз ғана. Әрине, «кемедегінің жаны бір» болғандықтан екеуіміз бірге тамақтанамыз. Ем қабылдауға да жұбымыз жазылмай бірге барамыз. Көкеміз жастық шағында, той-томалақта көп болғандықтан ба әйтеуір, сөзге жүйрік. Қай әңгімені айтса да мақалдатып, мәтелдетіп әдемі айтады. Дегенмен менен бірер аптадай бұрын келген ол кісінің соңғы кездері көңілінде бір кірбің барын байқап қалдым. Әсіресе түнге қарай мазасызданып, төсегінде жиі аунақши береді. Дәрі-дәрмекке төлер ақшасының да азайып бара жатқанын ішім сезеді. Кеше менен екі мың теңге қарыз алған. Осыған қарағанда артынан адам келмегенге іштей мазасызданатын да сияқты.

Күндегі әдетімізше азанғы ем-домды қабылдап болып, Есікбай көкем екеуіміз асықпай палатада шай ішіп алдық. Сосын мен жаңа газет-журнал сатып алып келейін деп, қалың киімдерімді киіп, сыртқа шықтым. Қаңтар айының аязды ызғары мені бейне бір жақтырмағандай, дене тітіркіндіре қарсы алды. Түні бойы үздіксіз жауған қалың қар жерді едәуір бүркеп тастаған. Ауруханаға жақын орналасқан газет-журналдар сататын шағын дүңгіршек ішінде бүрсең қағып отырған таныс келіншекке дірілдей амандаса отырып, керекті газеттерімді сатып алдым. Осылайша палатаға бір қап суық ауаны «тегін» арқалап кірсем, Есікбай көкем бір өзі емес екен. Жанында толық денелі, домалақ жүзді, қалың киінген апай отыр.

Шағын үстелдің үсті жайнап тұр. Алма, банан, бауырсақ, балық, тауық еті дейсің бе, бәрі… бәрі тізіліп тұр. Мені көрген Есікбай көкем тіптен қуанып кетті.

– О, кел, Айдар інім. Міне, көптен бері күткен Ұлар апаң да ауылдан келіп қалды. Шынын айтқанда, дәрі алуға да ақшам болмай қалып еді, тура заказбен келгендей бүгін келе қалғанын қарашы…

Ұлар апай менімен жылы амандасты. Олармен аз-кем отырдым да палатадан шығып кеттім. Содан аурухананың ұзын дәлізінде бір сағаттай жүріп, уақыт өткізіп келсем, Ұлар апай қайтқалы жатыр екен. Мен әдейі палатаға кірмей есік алдында бөгеле бердім.

– Енді қашан шығармақ болып жатыр сені? – дейді Ұлар апай сөмкесіне үйінен әкелген тамақтан босаған ыдыстарын салып жатып.

– Білмеймін. Анализім әлі тәуір болмай тұр ғой. Әлі бір-екі апта жататын шығармын. Жол жақсы болса тағы келесің бе? – дейді даусы жер астынан шығып жатқандай күңгірлеген Есікбай көкем.

– Мұз еріп, жол дұрыс болса, мүмкін келермін. Көктайғақ деген бәле болды ғой. Кібіртіктеп көліктің жүргені өнбейді.

– Алыстан ат арылтып келгенде… Еш нәрсе де болмай қалды-ау, бәйбіше. Қас қылғанда мұндай кезде адамдардың да шектен тыс көбейіп кететін әдеті емес пе? Келші, тым болмаса бетіңнен бір сүйіп алайын…

– Құрып кетші әрі. Жас бала құсамай. Сенің-ақ ойының қалмайды екен. Мені не қыласың? Тал шыбықтай майысып, жап-жас қылымсыған тоқалың тұрғанда. Осында адаспай келіп, күнде құмарыңды қандырып  тұратын шығар, – деп Ұлар апай сылқ-сылқ күлген болды. Бірақ ол күлкісі маған бір түрлі аяныштылау әрі жасандылау болып естілді.

– Сенің осы жақпас қылығыңа бола әдейі ерегістім емес пе? Қайтемін енді… Бірақ тоқалдың жөні бөлек, сенің жөнің бөлек қой. Қыздай алған өзіңдей қайдан болсын? Құдай қосқан қосағым менің…

Одан әрі палата іші дем арасында ұмар-жұмар болып кеткендей болды.

– Болды, тұршы енді. Біреу кіріп қалса ұят болар. Не болды соншама? Сағынып өліп қалыпсың ғой, шалым-ау… Құдай қосқан бас ием сол, – деп Ұлар апай кенеттен солқылдап жылап жіберді.

– Бұрынғы күніміз жақсы еді, қартайғанда өнер шығарғаның қай сасқаның? Ел-жұртқа әбден таба қылдың ғой мені. Еһ-еһ… Не жаздым саған? Бар айыбым, алтын асықтай өзіңе екі ұл, бес қызды сыйлағаным ба?

– Ой, қой жылағаны несі? Есің дұрыс па? Неге жылайсың сонша боздап… Әзірге өлген жоқпын ғой. Дайындап жүрген жоқтауыңды мен өлгенде айтарсың. Бекерге жаманшылықты шақыра бермей, көз жасыңды тый, бәйбіше! Тоқал алсам, бәріне кінәлі өзіңсің. Сен жақсы болғанда ондай жағдай болмас та еді ғой, – деп Есекең бір сәтте бұлқан-талқан болды да кетті.

– Рас, менен кінә болды. Кезінде қолда тұрған алтынның қадірін біле алмадым. Бірақ шамалы шыдасаң болмайтын ба еді? Өліп бара жатсаң өзім де рұқсат беретін едім ғой. Сонша ел-жұртқа масқара ететіндей менің жазығым не?

Одан әрі екеуі де үнсіз қалды. Ал мен өз құлағыма өзім сенбей мәңгіріп тұрып қалыппын. Ұлар апай неге жылады? Тоқалы несі? Сонда Есекеңнің екі әйелі болған ба? Түсінсем бұйырмасын… Көкеммен дәм-тұздас болып, бір палатада жатқаныма бір аптадай болыпты. Бірақ ондай әрекеттің нышанын байқамадым ғой.

– Мейлі, кешірші, бәйбіше. О баста кінә менен екенін ешкімнен де жасыра алмаймын. Тұр орныңнан, көз жасыңды тый. Қорықпа ұлдарым мен қыздарым тұрғанда мен сенен өлсем де кетпеймін. Тек, тәтті ауыздың дәмін кетірмей бекерге ұрыс-керіске бара көрмейік. Беліңді бекем бу да жолға дайындал. Қоштасарда жылағаның жақсы ырым емес.

Палатада тағы үнсіздік орнады. Бірақ бұл құбылыс та ұзаққа созылған жоқ.

– Ал, жақсы, елге сәлем айт. Мен сыртқа шықпай-ақ қояйын, – деп Есекең бәйбішесінің бетінен сүйіп қоштасты.

– Жақсы, өзің де тезірек сауығып шық, шалым-ау, – деп Ұлар апай да күйеуінен қалыспай шөлп еткізді. Палатаның сыртында жапалақтай жарбиып тұрған менің сол сәтте, ой, күлкімнің келгені-ай! «Ойпырмай мына Есекеңнің бәлесін қарашы. Қалай-қалай сілтейді өзі! Қой, одан әрі тұра бермейін. Бейне бір екеуін аңдыған адам құсап» деп тағы көрші палатаға кіріп кеттім.

Содан ол жерде жатқан науқас адамдармен карта-карта, ойнап түс кезінде келсем, Есікбай көкем төсегінде емін-еркін дем алып, газет оқып жатыр екен. Бір палатада емін-еркін жатқан Есекең мені көріп басын көтерді. Шамалауымша бір өзі жауды ойсырата жеңген хас батыр секілді, жүзі жылы, көңілі сондай көтеріңкі.

– Қайда құрып кеттің – ей, сен бала? Жалғыз өзім ішім пысып өлетін болдым ғой, – деп аузын барынша ашып, есінеп алды.

– Ешқайда да құрыған жоқпын. Осы маңда жүрмін ғой. Оның үстіне жеңгеммен оңаша отырып сөйлессін деп те ойладым, – дедім түк білмегендей мүләйімсіп.

– Жә, көп сөзді қой.Алдымен ауылдан келген тамақты жылытып жеп алайық. Артынан шай ішерміз, – деп Есекең тумбочкадан бір пакет толы азық-түліктерді шығара бастады. Мен етінен майы көп семіз қойдың етін жақсылап темір тостаққа турап, оны электроплитаға қойдым. Содан тамаққа тойып, көңіл жайланған соң мен Есікбай көкеме орынды-орынсыз тиісіп, әзіл-қалжыңға толып қалған көкейімдегі сұрақтарымды қарша жаудырдым. Қанша дегенмен өмірден көргені мол, тіс қағып қалған кісі емес пе? Есекең де оңайшылықпен жан бере қойған жоқ. Әйтсе де, ұрыны қарақшы қағыпты дегендей, жылы-жылы сөйлеп, астына көпшік тастай отырып, ақыры Есекеңнің жан сырын білуге қол жеткіздім.

– Мен бір үйдің жалғыз баласы болдым, – деп бастады әңгімесін Есекең бір жөткірініп алып. – Әкемнің қандай адам екенін, түр-түсінің қандай болғанын білмеймін. Өйткені, мен жарық дүниеге келген соң, алты айдан кейін қайтыс болып кетіпті. Менің бар ауыртпашылығымды шешем байғұс көтерді. Тәй-тәй басқан алғашқы қадамымнан бастап, әскерге барып келгенім, одан кейін үйленгенімнің бәрін шүйкедей шешем көтере білді. Әйтсе де немересін жаңа иіскеп үлгерген анам көп жасай алған жоқ. Алпыс бес жасында қайтыс болып кетті. Мен жастайымнан оқуға зерек болмасам да қара жұмысқа бейім болып өстім. Қырық жылдық еңбек тәжірибеме зер салған адам мен атқармаған жұмыстың ауылда қалмағанын оңай аңғарған болар еді. Жоғарыда айтып өттім ғой, мал да бақтым, үй де салдым, трактор да айдадым, темір ұстасы да болдым деп. Қандай бір ауыр жұмыс болмасын іркілмей істей беретінмін. Жаңағы өзің көрген Ұлар апайыңа жиырма жасымда қосылған едім. Біз тату-тәтті қырық жылдай өмір сүрдік. Шүкір, қазір де жаман тұрмаймыз. Бірақ арамызда көлденең тұрған бір қамал бар. Сол қамал әлі бұзыла қойған жоқ. Оған кім кінәлі? Енді мен саған соны тәптіштеп айта кетейін.

Екеуіміз тату-тәтті тұрған қырық жылдың ішінде өмірге екі қыз, бес ұл келді. Оларға барынша жақсы тәлім-тәрбие беріп, жоғары білім алуларына бар жағдайды жасадық. Бүгінде олардың бәрі үйлі-баранды болып кетті. Қазір өз ұрпақтарымыздан тараған немерелердің өзі отыздан асады. Әр демалыс сайын немерелеріміз үйге келіп, шаңырақты базар етіп жібереді. Ата, апа деп былдырап мойындарымызға асылған кезде өзімізді жер

бетіндегі ең бақытты адамдардай сезінеміз. Ондай кезде «О, Құдай, бергеніңе шүкір!» – деп ішімізден мың мәрте жаратқанға тәуба етіп жүреміз.

Осындай бақытты күндер жалғаса берді. Күндіз жұмыстан қол тимейді. Түнде немерелермен әлек боламыз. Оларды ұйықтатамыз, ойнатамыз, ертек айтып береміз. Әйтеуір мұрын сіңбіруге де уақыт табылмайды. Мұның бәрі әрине, жақсы ғой. Бірақ, сорым құрығанда, менің өз әйелім Ұларға жақындай алмайтын пұшайман халді бастан кешіруім өте ауыр соқты. Қанша дегенмен пенде емеспіз бе, ауыр жұмыстан шаршап келгенде Құдай қосқан қосағыңның жаныңда болғанын қалайды екенсің. Тең-теңімен, тезек қабымен, әркімдікі өзіне, ай көрінер көзіне дегендей, жаман әйеліңмен бір сәт оңашада шүйіркелесіп отырғанды да аңсайды екенсің.

Алайда оған мүмкіндік қайда? Күні бойы немерелерінің қасында болып, ит сілікпесі шыға шаршайтын Ұлар түнде басы жастыққа тие салысымен қор ете түседі… Жалғыз өзі жатса мейлі ғой, жанында топырлап немерелері жатады. Ал көңілім алабұртып, өз әйеліме өзім жете алмай жаралы жолбарысша арпалысып мен жатамын… Осылайша күндер зулап өтіп, айларға, жылдарға ұласты. Ақыры бір күні шыдай алмай оңашада:

– Не, мен осылай піштірілген қошқардай жүре берем бе? Неге түнде менің жанымда болмайсың? – дедім шыдамсызданып.

– Қалай келем, балаларды тастап, – деді ол міз бақпастан. Қысқа қарай қалада газ, свет жиі болмай қалады деп қыздарым балаларын біздің үйге әкеліп тастайды. Жұмыс көбейді. Бәріміз топырлап бір бөлмеде отырамыз. Бұрынғы тірлік-тірлік пе, енді мүлдем қиын болды. Әйелім байғұстың қолы тіпті босамады. Ал мен үшін Ұлар – мәңгі қол жетпес арманға айналды.

Арада екі жыл өткенде жоқ жерден жік шығарған Ұлар: «Ойбай, түсіме ата-бабаларым кіріп, таза әруақ жолына түсіп, тәуіп болмасаң болмайды. Саған атақты тәуіп бабаң Асадиннің бағы қонғалы тұр. Егер бабаңның жолына түспесең, аяқ-қолың жансызданып,өмір-бақи мүгедек болып қаласың деп аян берді» – деді де бәрін тастап, таза әруақ жолына түсуге бел буды.

Бұрынғы күнім күн екен, ендігісі тіпті сорақы болып шықты. Ақ киім, ақ дамбал киген әйелім өзі сияқты әруақ жолына түскендермен ілесіп, тау-тасты кезіп кетті. Түлкібас, Сайрамнан бастап Шәуілдір, Түркістанға дейін айлап, жылдап кететінді шығарды. Ақтөбеде тұратын атақты емшіден бата алам деп үш ай дегенде әрең оралды. «Өзі пұшық мұрынды ит қапқан соң не сорым» дегендей, бұрын әйтеуір әйелімнің жүзін сырттай көріп, қанағат тұтып жүруші едім. Енді оған да жете алмай сорлап қалдым. Айлап -жылдап келгенде жанына жолайын десем, немерелерімнен-ақ орын босамайды… Содан басыма қан шапшып, ашуға мінейін дедім. Кім деп жүр бұл мені? Қашанғы шыдай берейін? Ұлармен бір төсекте жатпағаныма екі жыл болған. Бір күні сәтін салғанда Ұларды сыртта ұстап алдым.

– Ұлар, кароче, сенімен сөзім қысқа. Не менімен бірге боласың, не бір-жолата тәуіп болып кетесің. Қайсысын таңдайсың? – деп оның алдына соңғы «ультиматумымды» қойдым.

– Құрып кетші, әрі… Не, мені бекерге ойнап жүр дейсің бе? Біле білсең мен арқалы адаммын, атақты әулие Асадин бабамның ісін жалғастырушымын. Мені қорғап-қолдап жүрген кісілер бар. Кетем десең, кете бер. Тыныштық бер маған, – деп Ұлар зілдене қарады да, қолымды қағып жіберіп, үйге кіріп кетті. Айтуға басқа сөз таппай жермен-жексен болып қала бердім. Сонда еді, менің Ұларға деген сезімімнің қылауына алғаш рет дақ түскені…

Адам қанша дегенмен темір емес қой. Уақыт өте келе дем алуым қиындап, демікпе ауруына ұшырадым. Дәрігерлерге көрінген ем, таза ауада көбірек жүруімді, мүмкін болса дене сауықтырар санаторияға жиірек барып тұруымды жөн деп тапты. Басты байлық – денсаулықтан аяйтын неміз бар, дереу Жаңақорғанға жолдама алдым. Бұл кезде Ұлар Сайрамға есімі көпке мәлім бір әулиенің кесенесіне зиярат етуге кеткен еді. Жолым болып санаторияға жақсы орналастым. Жататын жері де, тамақтанатын орны да ұнады. Бәрінен бұрын кешке сейіл құратын жердің әсемдігін айтсайшы!

Арада бір апта өткенде Түркістаннан келген Назым атты келіншекпен таныстым. Балпиған семіз де емес, тыриған арық та емес, орта бойлы, аққұба өңді, үнемі күлімсіреп жүретін, жасы шамамен 35-40-тардағы келіншекті алғаш жерлес қарындасым деп жүрдім. Басқа жақты қайдам, ол жерде демалып жатқандар бір-бірін бөлмелеріне шақырып, өзара сыйласатын жақсы дәстүрлері бар екен. Менен үш күндей бұрын ерте келген Назым мені бірде шайға шақырды. Қасындағы өзі секілді қысқа шаш, ат жақты келіншек үшеуіміз сол күні түнгі он екіге дейін тамақ ішіп, көңілді отырдық. Бір байқағаным, Назым арақты да жаман ішпейді екен. Санаториядағы күндер осылайша бір қалыпты өтіп жатты. Қыркүйек айының 20-сы күні Назымды шай ішуге енді мен шақырдым. Әрине, шай ішу деген аты ғана, болмаса ол күні дастархан дегенің жайнап тұруы тиіс. Қалтамдағы қомақты ақшаға тағам түрлерінің түр-түрін алып, біраз шығындалдым. Менің бұл әрекетіме бірге жататын Әкрам деген өзбек жігіті белсене ат салысып, жәрдем берді.

Кешкі сағат тоғыздан өте бере Назым өткен жолғы құрбысымен тербеле басып, біздің бөлмеге кіре берді… Одан әрі қарай бәрі өз үйлесімін тауып жүре берді. Тамақты да іштік, ұзын мойын бөтелкелердің де көңілдерін қалдырған жоқпыз. Біраз отырған соң « біз кино көріп келейік» деп Әкрам мен ат жақты келіншек бізді оңаша қалдырып шығып кетті. Бөлме ішіндегі терезеде тұрған магнитафоннан жүрекке жылы тиер әуендер бірінен соң бірі шырқалуда. Сазды әуен, ғажап дүние… Оңаша бөлме, сұлу келіншек… Біз Назым екеуіміз тар бөлмеде жабыса вальс билеп жүрміз. Әлденеге еліріп, көңілі шаттана түскен Назым құлағыма аузын тақап бір нәрселерді айтып жатыр. Сықылықтай күледі… Әйтсе де мен оның бірде-бір сөзін түсінген жоқпын. Көзге көрінбейтін бір құдірет иесі бейне бір еркімді алып, қол-аяғымды буып тастаған сияқты. Көзім жұмулы, көңілім ояу, тұла

бойым дуылдап бара жатқан мен Назымның ыстық деміне тұншығып өлердей ентігіп барам. Оның еркелей айтқан тәтті сөздері, наздана басқан әр қадамы, жалт-жұлт еткен қара көздері, иығыма асқан аппақ жұмыр білегі бәрі… бәрі маған ыстық көрініп кетті…

Содан қойшы, алғаш жерлес қарындастан басталған бұл хикая Назым екеуіміздің сезімге толы ғашықтық өміріміздің жалғасына айналды. Енді бұрыннан таныс адамдай жұбымыз жазылмайтын болды. Кешкісін тамақты бірге ішіп аламыз да айналаны тамашалауға шығамыз. Екеуіміздің арамыздағы жас шамамыз ( ол отыз бесте, мен алпыс бірдемін) кеш оянған махаббатымызға ешқандай да кедергісін келтіре қойған жоқ. Мен Назымға бар шындықты жасырмай айттым. Тіпті өзін шын ұнатып қалғанымды да жасырмадым. Егер қаласаң, бұдан былай бірге өмір сүрейік деп ұсыныс тастадым. Назым алғаш үн қатпады. Бірақ оның да іштей мазасызданып жүргенін байқадым.

– Сіз менің өмірімді жақсы білмейсіз ғой, – деді ертесіне ол өзі туралы кеңірек сөз қозғап.

– 1983-ші жылы мектеп бітіріп, Ленгірдегі медучилищеге түстім. Тұрмыстары қарапайым әке-шешем оқуға өз күшіммен түскеніме қуанып, ағайындарын шақырып, кәдімгідей той жасады. Зымыраған уақыт шіркінге дауа бар ма? Училищені ойдағыдай бітіріп, Жаңатас қаласындағы аурухананың Жедел жәрдем бөліміне жұмысқа орналастым. Осында еңбек етіп жүргенімде бір күні қаланың мөлтек ауданының бірінде тұратын қария кісі телефон шалды. Ол кісі баласының қатты науқастанып қалғанын, өзінің ауруханаға жеткізе алмайтынын асыға-аптыға жеткізді. Мүмкін болса келіп кетсеңіздер екен деді қиылып. Сонымен бас дәрігердің тікелей тапсырмасымен қоңырау шалған жаққа аттанып кеттік. Науқас екінші қабатта тұрады екен. Ішке кірсем, үйлері тола адам. Әйелдер бауырсақ пісіріп жатыр. Еркектер тізіле төрде шай ішіп отыр. Жаны қиналып жатқан ауру адамым көрінбейді.

– Келіңіз, жоғары шығыңыз, қарындас, – деп бәрі бәйек болуда. Содан не керек, күтпеген жерден басыма орамал салынып, сол үйдің келіні болып шыға келдім. ( Сөйтсем, менің ол үйге келін болып түсуіме өзімнің бас дәрігерімнің де ықпалы тиіпті ғой, оны кейін білдім). Алғаш жылап, көнбедім. « Бекер әуре боласыздар. Мен бәрібір бұл үйде тұрмаймын, кетемін. Менің әскерден келетін жігітім бар», – деп қиғылық салсам да илікпеді. «Шыққан қыз шиден тысқары деген. Қой, оның болмайды» деп кемпірлер ортаға алды. Одан кейін болмаған соң «Күйеуім қайда, көрсетіңдерші» десем, орта бойлы, қара сұр жүзді, сол бетінің тыртығы бар жігітті көрсетті. Бұрын мүлде көрген адамым емес. Мені көріп ыржың-ыржың етіп күледі. Бәрібір көнбей отырып алдым, кетемін де кетемін деп… Кейін бір кемпір алдыма көлденеңінен сұлап түсіп: «Ал, менің үстімнен аттап өт те, кете бер», – деді. Мен үлкен кісіні аттамай айналып өтпекші болып есікке ұмтылған ем… Табалдырыққа нандарды тізіп қойыпты. «Егер

дәм-тұзды сыйламасаң, аттап өт те кете бер!» – деді тағы кемпірлер. Мен ас атасы-нанды аттап өте алмадым. Амал жоқ, көнуге тура келді…

Күндер өтіп жатты. Алғаш күйеуім бетіме қарсы келмей, айтқанымды орындап зыр жүгіріп жүрді. Кейіннен білсем, күйеуім менің алдымда ғана түрмеден шығыпты. Жұмыс істемейді. Бар тапқаны, өзі сияқты бос жүрген достарымен жиналып арақ ішеді, одан қалса карта ойнайды. Уақыт өте келе, күйеуімнің мінезі де өзгеріп келе жатты. Жұмыстан сәл кешігіп келсем болды, бәлеге қалам. «Қай ойнасыңмен болдың, шыныңды айт!» – деп дікеңдейтінді шығарды. Шынымды айтсам, сенбейді. Ал ұрғанда бар ғой, адамды мүлде аямайды. Алғаш жұдырығына үйрене алмай жүрсем де, кейін үйреніп кеттім ғой. Кәдімгі ерлі-зайыптыларша шүйіркілесіп, сырласып отыру деген бізде атымен болған жоқ. Бір нәрсе десең қабаған итше бетіңнен ала түседі. Мұндайда төркініме біржолата кетіп қалайын десем, әке-шешеме сөз келеді ғой деп уайымдаймын. «Егер кетсең, ажалың менен», – деп тамағыма пышақ кезенген күйеуімнің сөзі және бар. Жұмабектің ( күйеуімді айтам) ең жаман әдеті, айызы қанғанша ұрып, сілейтіп алады да, сенің талып жатқаныңды пайдаланып ойына келгенін істейтіндігі… Адамның қиналып жатқанынан ерекше ләззат алатыны жанға батады. Ал ішіп алғанда тіпті жынды болып кетеді. Айтқан уәжіңді құлағына да ілмейді. Арақ бойына шауып құтырған кезде екі көздері қанталап, тістері өзінен-өзі шықырлап кетеді. Қатты мас болған кезде одан қашып, қанша жерді панамаладым десеңізші. Подвалда, бірінші қабатта тұратын көршінің гаражында жатқан күндерім де аз болмады. Осы ит мінезінен бе, әйтеуір туған әке-шешесі, ағайындары түгел Жұмабектен безіп кеткен екен. Үйге ат ізін салып, ешқайсысы да келмейді. Бәрі қорқады, ат-тондарын ала қашады…

Шыбын жаным шырқырап, көрген қорлығымды айтып тауыса алмай жылап жүрген бір жылдан соң өмірге Сәния атты қызымыз келді. Бірақ жас нәрестенің тәтті қылығы да Жұмабекке титтей әсер еткен жоқ. Қайта жағымсыз қылығын одан әрі үдетпесе азайтқан жоқ. Мені ұруға себебі де көп. Картадан ұтылса да, араққа ақша табылмаса да, бәріне кінәлі мен болып шығамын. Ауызды ашсам болды, Жұмабектің жуан жұдырығы дайын тұрады.

Бірде Сәнияны емізіп отырғам. Түн ортасында өлердей мас Жұмабек теңселіп келді. Әдетінше «Тамақ әкел»», – деп бұйырды. «Қазір мына қызды емізіп алайын», – дедім. Сол сол-ақ екен тез әкеле қоймадың деп қолымдағы Сәнияны жұлып алып, еденге лақтырды да жіберді. Шар ете қалған Сәния аузы-басы көгеріп, үні шықпай сілейді де қалды… Мен жанұшыра шыңғырып, балапанын қорғаған қарлығаштай сәбиімді қорғаштай бердім. Ондайда қарап тұратын Жұмабек пе, етігінің ұшымен қабырғамды қақырата бір теуіп өтті. Бақытыма орай, Сәния өлмей тірі қалды. Бірақ шошымалы ауруға ұшырап, талма болып қалды. Осылай жүргенде біреулермен төбелесіп, пышақ жұмсаған күйеуім жеті жылға сотталып кете барды. Одан көп кешікпей түрмеде асылып өлді деген хабар алдым. Бұл жағдайға шынын айтқанда, онша қайғыра қойған жоқпын. Бірақ одан кейін Сәниям дүниеден өткенде сай-сүйегім сырқырап көпке дейін өзіме-өзім келе алмай жүрдім. Осылайша соқадай басым сопайып жалғыз қалдым. Қазір бір өзім Түркістанда тұрып жатырмын. Анда-санда шешем байғұс келіп тұрады. Кейде бұлай жүргенің жарамайды қызым, тұрмысқа шық деп ақылын айтады.

«Қадіріңді білетін, ақыл тоқтатқан елу-алпыстардағы кісі болса да жарар еді. Жасқа тием деп көресіні көрдің ғой», – дейді күрсініп. Солай, аға, тұмысқа шығам деп талай бәлеге қалғам. Маған еркектердің бәрі бейне бір Жұмабек сияқты қатыгез болады да тұрады. Бірақ сіз ондайлардың сортына жатпайтын сияқтысыз. Сіздің жүріс-тұрысыңыз, салмақты мінезіңіз маған да ұнайды. Оның үстіне бала-шағаңыз, әйеліңіз бар екен. Маған үйленем дейсіз, сіз алдымен олармен ақылдастыңыз ба? Олар не дейді? Онсыз да тұзым жеңіл мен сорлы тағы бәріне кінәлі болып шықпаймын ба? Егер бәрі де ойдағыдай шешілсе, онда мен сіздің етегіңізден ұстауға әзірмін, аға, – деп Назым әңгімесін аяқтады. Алабұртып кеткен аққұба жүзіне қарасам, әлденеге мұңайып, көздеріне мөлдір тамшы тұнып қалыпты.

Содан қойшы, басты қатырмай некемізді мешітте мұсылманша қидырып, Назым екеуіміз үйлендік. Жетісай да емес, Түркістан да емес, шағындау үйді Сарыағаштан сатып алдық. Мен сол жердегі бір шеберханаға қарауыл болып кірдім, ал Назым ауруханаға медбике болып орналасты. Ісіміз бен сөзіміз жарасып, тура Қыз Жібек пен Төлегендей болдық та қалдық. Бірақ ауылдық жерде сөз жатушы ма еді. «Ойбай, не дейсің, қартайған шағында Есікбай қағынып, жас қатын алыпты. Екеуі Сарыағашта тұрып жатыр екен» деген сөз күллі Жетісайға тарап кетпей ме? Екі жеңіл машинаға мініп, «Әкеміздің ол қылығы несі?» – деп намыстанып, ұлдарым мен қыздарым, шашын жұла ойбайлап, әйелім Ұлар келді алдыма. Бәрі жабылып мені ортаға алып, ұялтпақшы болды. Әйтсе де мен де бәріне сақадай сай даяр отыр едім.

– Айналайын ұл-қыздарым, – дедім барынша салмақты сөйлеуге тырысып. – Құдайға шүкір, сендерді оқыттым, шоқыттым, шамам келгенше тәрбиеледім. Бәріңе жоғары диплом әпердім. Әрқайсыңда үй, астарыңда машина бар. Өз қолдарың өздеріңе жетті. Енді менде нелерің бар? Мен тағдырымды осылай шештім. Бұл жолдан мені қайтара қоюларың мүмкін емес. Бекерге әуре болмаңдар. Біз бір-бірімізден кетпейміз ғой. Сағынсақ, араласып тұрармыз. Онда тұрған не бар? Ал сен Ұлар, неге келдің мұнда? – дедім одан әрі әйеліме сынай қарап. – Асадин бабаңның жолын қуып, атақты тәуіп болып жүре бермедің бе? Не қыласың енді мені? Ақыры мен қартайдым ғой, қайта мендей қаусаған шалдан құтылғаныңа қуанбайсың ба?

– Ойбай, тәуібі де, басқасы да құрысын. Жұрттың өсегінен өлетін болдым. Жүр үйге, сенен басқа маған ешкімнің де керегі жоқ, – деп Ұлар ботадай боздады.

– Болды, бәрібір жылағанмен пайда жоқ. Уже, пойыз орнынан қозғалып кетті. Одан да, ауылға барып тәуіпшілік қызметіңді одан әрі жалғастыра бер. Мүмкін тиын-тебен көп түсіп, миллионер болып кетерсің, – дедім міз бақпай.

Балаларым мен әйелім қара бұлттай түнеріп, түк бітірмей қайтып кетті. Аз ғана жеңісіме малданып, мен қалдым. Бірақ қанша айтқанмен түсінігі жоқ надан емеспін ғой, олар маған, мен оларға барып тұрамыз бүгінде. Бәрінен бұрын Ұлар мен Назымның тез тіл табысып, достасып кеткенін айтсайшы! Екеуі құшақтасып көрісіп, шүйіркелесе кеткенде төбем көкке екі-ақ елі жетпей қалады. Екі әйел алғаныма алғашында қуыстанып жүруші ем, енді беделім көтеріліп келеді. Биыл Назым босанып, өмірге шекесі торсықтай ұл әкелді. Алпыстан асқан жасымда көрген баламыздың атын ырымдап Алпысбай деп қойдық. Осылай қуанышты күндерім жалғасып келеді, інішек. Енді бүгін-ертең Назым жеңгеңді де көріп қаларсың. Ойпырмай, ауруханаға жатқанымды ешкімге де айтқан жоқ сияқты едім. Жетісайдағы бәйбішем қалай біліп қойды екен? – деп таңданыспен әңгімесін бітірді Есікбай көкем.

Ертеңіне түске қарай, қымбат бағалы шет елдік қалың күртеше, басына су құндызының терісінен тігілген құлақшын киген, екі көзі тостағандай, аппақ әдемі келіншек палатаға кіріп, Есікбай көкемді сұрады. Мен ол кісінің ем қабылдауға кеткенін, қазір келіп қалатынын айттым. Көп кешікпей Есікбай көкемнің кіріп келіп, әдемі келіншекті бауырына басқанын, жүрегі жарыла қуанған жүзін көріп, «Е, бұл дәуде болса, Назым жеңгеміз болды ғой» – деп іштей шамаладым. Менің ойымды дөп басқандай Есікбай көкем де:

– Айдар, міне, Назым деген жеңгең осы кісі болады, – деп жас әйеліне қалбалақтай берді. Ал мен үйреніп қалған әдетімше екеуін оңаша қалдырып, палатадан жылыстап шығып бара жаттым…

О. КӨМЕКОВ,

zamana.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста