...Көзімді ашсам, ауруханада жатырмын. Құрсағымда 2 айлық бала болған екен. Ішпен құлап, қатты соққы алғандықтан, көп қан кетіп, түсік тастадым. Бұл жағдай маған жығылған үстіне жұдырық болды. Сол сәтте енемді...
…Омармен Қарағанды медицина университетінің 1 курсында таныстым, яғни ол менің курстасым болатын. Ол өте мәдениетті, көргенді, кезбер әрі сұлу сері болғандықтан бастапқыда ата-анама оның қай жердің тумасы екенін айтуға асықпадым. Себебі біздің жақтағылардың «Оңтүстік» десе төбе шаштары тік тұратын.
Біз бес жыл жүрдік. Бір-бірімізді жақсы танып білген соң түлектер кешінде Омар мені алып қашты. Әке-шешемнің қарсы боларын біліп, рұқсатымды бердім. Жігітім маған «Шымкентке барып, ата-анамның алдынан өтеміз, бір айдан соң той жасап, үш ай үйдегілердің қасында боламыз, кейін Астанаға көшеміз. Сол жақта жұмысқа орналасамыз. Елордада бір бөлмелі пәтерім бар», – деп алдағы жоспарларын айтып, уәдесін үйіп-төккен еді. Сол сәтте аңқау басым арандап қалғанымды сезбеппін де. Сөйтіп, біз Түлкібас ауданына да жеттік. Тұрмыстары жақсы, екі қабатты зәулім үй, арбаға танылған ене және қабақтары ашылмаған үш абысын қарсы алды. Көп ұзамай үйге Азамат есімді 5 жасар бала келді.
Нағыз қиындық бір айдан кейін басталды. Үйде төрт келін болсақ та (кейбірінің жасы менен кіші) мінезі қытымыр енем мені ғана таңғы 6-да тұруға мәжбүрлеп, ауланы сыпыртқызып, үйді жинатқызады, үйдегі 11 адамға күні бойы бір өзім тамақ дайындаймын. Абысындардан қайыр жоқ. Олар қолтықтасып, сәнді киіп кетеді де, үйге кеш батысымен ғана оралатын.
Енем күні бойы мені бақылап, аңдып жүреді, шаршаған уақытта демімді басып отырсам, таяғымен түртіп, «Мені жуындыр. Азаматты ойнат. Шай қой. Үйді жина» деп бос отырғызбайды. Омардың анасы аяйтындай-ақ жан емес, мүгедек болса да, бойында күш-қайраты мол жан. Шындығында мен ол кісіден қатты қорқатынмын, бірақ білдіртпедім. Тіпті «мама» деуге аузым бармай, «ене» деп атап кеттім. Ал Омар болса Азамат келгелі күрт өзгерді. Маған көңіл аудармайды да. Түнде қасыма да жатпай, сол баланы айналшықтап шықпайды. Бұл кімнің баласы деген сұрақтарым да жауапсыз қалды.
Түсік тастадым. Енем ұрады деп кім ойлаған…
Осындай күндердің бірінде Азамат далада ойнап жүріп, аяғын ауыртып алды. Енем болса, «балаға неге қарамайсың?» деп, тосыннан таяғымен арқамнан ұрып қалғанда мен жерге ішіммен сұлап түстім. Көзімді ашсам, ауруханада жатырмын. Құрсағымда 2 айлық бала болған екен… Сөйтіп түсік тастадым.
Сол күні Омар кешірім сұрап, өзінің некесіз туған баласы барын, жазғы демалыста ол біздің үйге, яғни ата-әжесінің үйіне келетіндігін айтып, Азамат жайында бар шындығын жайып салды. Бұл сәтте менің Омарға деген сезімім сөнгендей еді. Мен «баламыздың өліміне анаң кінәлі, мен түсік тастадым» деген сөзіме күйеуім сенбек тұрмақ, «Өзі арбаға таңылып отырып анам біреуді ұрады дегенге сенбеймін. Бұлай болуы мүмкін емес! Келгенімізге 2,5 ай ғана. Сен әлден анамнан шаршадың ба?» деп, өзімді сөге бастады.
Бір жұмадан соң емханадан шығып, үйге оралдық. Енем мен Азамат жоқ, Шымкенттегі туыстарына кетіп қалыпты. Ал мен ауруханадан енді шыққаныма қарамастан тұрмысқа қайта таңылдым. Араға тағы бір апта салып олар да үйге оралды. Мен енемнің алдынан шығып қарсы алмадым, оның түрін көрмек түгіл есімін де естігім келмейтін. Үйге кіре салысымен маған тиісуді бастады. «Немеремді сақтай алмадың?» деп онсыз да ашық тұрған жараның бетін тырнағандай болды. Мен де шыдамай: «Мен түсік тасадым. Оған сіз кінәлісіз! Мені ұрмағанда балам түспес еді. Осы үйге келгелі мені адам құрлы көрмейсіз. Тек жұмсауды ғана білесіз! Қанша тырыссам да бір ісімді қолдамадыңыз. Тіпті Азамат туралы шындықты да менен жасырдыңыздар. Мен сүйген Омардың анасы мұндай болады деп ойламап-ем. Ол туған балаңыз емес, бейне бір асыранды күшік сияқты. Бұдан артық мен бұл үйде тұра алмаймын» деп, ішімде жиналған бар ыза-кекті айтып салдым. Енем аузына құм құйылғандай тұрып қалды. Себебі Омарды шынымен асырап алған екен. Омарды алғаннан кейін ғана өзге 3 баласын көтеріпті.
Осылайша киімдерімді жинап, үйден шығып кеттім. Омар бұл кезде үйде жоқ еді. Артымнан «қал» деп ешкім айтпады. Ата-анам мен қашып кеткелі бері хабарласуды да, хабарлама жазуды да қойды. Хабарлассам, жауап та бермейді. Айналасы 2-3 айдың ішінде ешкімге керексіз болып қала бердім. Қарағандыға жеткен соң да өз үйіме баруға батылым жетпеді. Пәтер жалдадым. Қазір жағдайым қиын. Омардан кеткеніме 2 ай болды. Ол күнде хабарласады. «Үйге бармаймыз, Азамат маған анамның саған жасағандарын айтып берді. Қайта қосылып, Астанаға барып жұмыс жасайық», – дейді. Әрине, Омарды да қатты сағындым. Бірақ оның хабарламаларына не жауап берерімді білмеймін. Не істеймін? Оның сөздеріне сеніп, тағы бармақ тістеп қалмаймын ба? Әлде бәрін ұмытып, өз күшіммен жаңа өмір бастауым керек пе? Қазір екі оттың ортасында қалғандаймын… Өкініштісі, түсік тастадым – ал мұны ұмыта алмаймын.
Айғаным