Бұрынғы кездері «ажырасып кетіпті» деген жаман сөзді тіпті де естімейтін едік. Ал қазір жиі еститін болдық.
Тіпті екі-үш жыл бірге жүріп үйленсе де жарты жылға жетпей ажырасып жатқандар бар. Сондай-ақ бір-бірін ұнатқан жастарға ата-анасы кедергі келтіретін оқиғаларды да еститін болдық.
Таяуда маған жақын құрбым қоңырау шалды. Даусынан әбіржу, асығыстық білінеді. «Жақсы қыз болса тауып берші маған. Екі-үш күн арасында тұрмысқа шығатын қыз керек болып тұр», – дейді. Мен оның мұнысын онша түсінбей қалдым. Ойым сан-саққа кетті. Содан не болып қалды екен деп оның үйіне барғанмын.
Барсам, құрбымның үйінде көп адам жиналып, бір нәрсені қызу талқылап отыр. Сол жерде қыз іздеген жігіттің де барын білдім. Есімі Ерлан екен. Барлық мән-жайды маған сол айтып берді.
Ерлан осыдан екі жыл бұрын Нәзира есімді қызбен танысып, екеуі жақсы араласыпты. Кейін Ерлан оны өзінің үй-ішімен таныстырады. Нәзира жігіттің ата-анасына да қатты ұнап қалады. Содан әке-шешесі Ерланға биылдан қалмай үйлен, әйтпесе мынадай қыздан айырылып қаласың деуді жиілетіпті.
Содан екі жастың ата-анасы танысып, бір дәмханада «тәтті шай» ішкен. Бірақ Нәзираның әке-шешесі екі жастың үйленулеріне үзілді-кесілді қарсы болыпты.
Бірақ арада бірнеше күн өткеннен кейін Ерлан Нәзираны алып қашып кетеді. Өзінің келісімімен. Бұл кезде Ерланның үйі қызу дайындық үстінде екен. Анасы қатты қуанып, Нәзираның маңдайынан сүйіп, оң аяқпен табалдырық аттатқызады. Беташарға қызу дайындық болып жатқан кезде хабаршыға адамдар кетеді.
Алайда жиналған жұртқа тамақ беріліп, беташарға дайындалып жатқан кезде Нәзираның әкесі төргі бөлмеге ашулы күймен кіріп келіп айқайға баса жөнеледі. «Сотқа беремін! Мен сендерге қазақшалап айттым ғой қызымды бермеймін деп!» – деген ол Нәзираның басындағы орамалды жұлып алып лақтырып жіберіпті. Қызының: «Осы үйден кетпеймін. Ерланды жақсы көремін», – деп еңіреп жылағанына қарамайды. Ұрып-соғып, ауылына әкетіп қалады.
«Нәзираға обал болды. Обалына қалдым-ау! Ата-анасының ондай адамдар екенін қайдан білейін?..» – деген Ерлан мұңайып отырып қалды. Көзінен жас шығып кетті.
...Қысқасы, ата-анасы тойға дайындалып қойған Ерланға сол күні аяқ астынан біреуді алып келу керек болыпты. «Екі-үш күннің ішінде тұрмысқа шығатын қыз» іздеу содан басталған екен.
Бұл жерде мен әкенің өз қызының тағдырына соншалықты қатыгездікпен қарағанына таңмын. Перзентінің көз жасы селт еткізбеген ол кісінің сондағы арманы не екен? Бай жермен құда болғысы келді ме? Олай дейін десең, Ерланның отбасы да жерге қарап отырған жоқ, бір ауылға беделі бар отбасы екен.
Қалай болғанда да екі жастың жүрегіне жара түсті. Оған қыз ата-анасының себепкер болғаны өкінішті.
Р. ӨМІРЖАНҚЫЗЫ